16 Сәуір, 2010

ҰЛТТЫҚ ӨРЛЕУ БИІГІНІҢ БАСПАЛДАҒЫ

770 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Ғасырлар қойнауынан бастау алған адамзат тарихына көз салар болсақ, бүгінде әлеуметтік-эко­номикалық даму биігінің көш­ба­сында келе жатқан алдыңғы қа­тарлы елдер­дің талай-талай тағ­дыр сынына түсіп, небір дағ­да­рыстарды өткергенін байқауға болады. Міне, осындай сын­дар­лы шақ­тарда жүзден жүйрік шық­қан реформаторлар серпінді бағдар­ламалар қабылдап, елді дамудың тәуекелді бас­пал­дақ­тарына бас­таған. Бұл ретте ХVІ ғасырдағы Голландияның, ХVІІ ғасырдағы Англияның, ХІХ ғасырдағы Гер­манияның, екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Жапонияның экономикалық даму тәжірибесі мысал бола алады. Қазіргі жаһандық қаржы-эконо­микалық дағдарысынан кейінгі Қазақ­станның серпінді даму соқпағына түсуі де осы тарихи сабақ­тас­тықтың заңды жалғасы іспеттес. Заманауи реформатор, тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан На­зар­баевтың 2020 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инно­ва­ция­лық стратегиялық даму бағ­дар­ламасы шын мәнінде елімізді бә­секелестік биігіне шығарып, дәуір­лік даму дең­гейіне көтеретін ұлттық өрлеу баспалдағы екендігі ақиқат. Елбасы өткен жылы “Нұр Отан” ХДП-ның ХІІ съезінде сөйлеген сөзінде “2010 жылдың 1 қаң­тарынан бастап “Қазақстан-2030” Стратегиясының аясында біз ин­дустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығын бастаймыз. Біз әлемнің барлық мемлекеттерінде өткен ғасырдың басында болған ин­дустрияландыру туралы емес, ин­новациялық индустрияландыру ту­ралы айтып отырмыз. Біздің ин­дус­трияландыру әлемдік эконо­миканың қазіргі даму ғұрпына сәй­кес болуы тиіс” деп атап көрсеткен бо­латын. Иә, жаһандық дағдарыстан қиналыссыз шыққан Қазақстан ел экономикасын жаңа асуға шығару мақсатында батыл бас­тама – 2020 жылға дейінгі үдемелі индус­трия­лық-иннова­циялық даму бағ­дар­ла­масын қабылдады. Бұл стра­те­гия­лық бағдарлама индустриялық дамудың екі бесжылдық жоспары   бойынша іс жүзіне асы­рылатын болады. 19 наурызда Елбасының Жарлығымен 2010-2014 жыл­дардағы үдемелі ин­дустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағ­дарлама бекі­тілген болатын. Жақында Үкі­мет осы үдемелі индус­триялық-инно­ва­ция­лық дамудың (ҮИИД) мемлекеттік бағдар­ламасын іс жүзіне асы­рудың мынандай негізгі те­тіктерін белгіледі: Үкіметтің 2010-2014 жыл­дардағы ҮИИД бағ­дар­ла­масын іс жүзіне асыру жө­ніндегі шара­ла­рының жос­пары; өнді­рістік қуат­тарды ти­імді орна­ластыру кестесі; Қазақ­станның индустрия­лан­дыру кар­тасы; Бизнестің жол картасы-2020. Енді осы ма­ңызды мем­лекеттік бағ­дар­ламаның басты тұжы­рымдарын саралап көрейік. 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инно­вация­лық даму жөніндегі мем­лекеттік бағдарлама еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық дамуының бірінші индус­трия­лық бесжылдық жоспары болып табылады. Бұл жоспарды бел­гілеу мейілінше ашық және транс­­парентті түрде жүзеге асы­рылды. Бизнес қауым­дас­ты­ғы­мен негізгі мәселелерді тал­қы­лаған үйлестіру кеңесі құрылды. Үдемелі индус­триялдық даму жөніндегі мем­лекеттік бағ­дарлама еліміздің экон­омикалық саласындағы бес жылға ар­налған бірден-бір құжат болып саналады. Бұған дейінгі қол­даныста болған стратегиялар мен бағдарламалар (52 құжат) өз күшін жояды. Бесжылдық жоспарды жүзеге асыру бары­сында дамудың салалық бағ­дар­ламалары бекіті­летін болады. Бағдарламаның көздеген мақсаты бойынша Қазақстан 2014 жылға дейін мынандай жетістіктерге жетуге тиіс: – еліміздің ішкі жалпы өнімін 2008 жылғы деңгейден 50 пайыз арттыру; – қайта өңдеу саласында еңбек өнімділігін 50 пайызға, экономиканың жекелеген са­лаларында 100 пайызға өсіру; – шикізаттық емес экспорт үлесін 40 пайызға жеткізу; – ІЖӨ-нің энергетикалық шығынын 2008 жылғы дең­гейден 10 пайызға төмендету; – жұмыс істеп тұрған кә­сіпорындар ішінде инно­ва­циялық кәсіпорындардың үлесін 10 пайыз арттыру; Егемен елімізді әлеуметтік-экономикалық даму сатысының жаңа көкжиегіне көтеретін бұл стратегиялық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Мем­лекет басшысы 7 басым бағытты белгілеп берді. Олар: агро­өнер­кәсіп, металлургия, мұнай өңдеу, энергетика, химия және фарма­цев­тика, құрылыс индус­триясы, көлік және инфрақұрылымдық салаларды дамыту болып та­бы­лады. Сонымен бірге Елбасы тағы да бес бағытты, атап айт­қанда, мәшине жасау, уран, жеңіл өнер­кәсіп, туризм және кос­мос са­ла­ларын дамытуға да басым­дық беру қажеттігін еск­ерт­кен болатын. Жақында ел Үкіметі 2010-2014 жылдардағы ҮИИД жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іс жүзіне асыру жөніндегі шаралар жоспарын бекітті. Осы Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов “ҮИИД бағдар­ламасы негізгі мақсатқа жетудің нақты құралдары және механизм­дерімен айшықталған. Ол барлық қатысты салалардың өкілдерінің қатысуымен жан-жақты сарап­талып, талқыланған. Ішкі және сыртқы инвестициялар көлемін нақты ескеріп жасалынған. Ең бастысы ол – еліміздің тұрғын­дарының барлық топтары үшін жаңа мүмкіндіктер ашады”, деп атап көрсетті. Барлық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен және ұлттық компаниялармен бірлесе отырып белгіленген бұл шаралар жоспары ҮИИД бағдарламасын іс жүзіне асырудың үйлестірілген картасы болап табылады. Әрбір бағдарламаны іс жүзіне асыруға бір ғана мемлекеттік орган немесе ведомство жауап береді. Барлық шаралар жоспары негізгі 4 бағытқа топтастырылған. Бірінші, жалпы жүйелі шараларды қолдау, инфра­құрылымды, өнеркәсіптің басым салаларын дамыту бағдар­ламасы, екіншіден, ҮИИД бағ­дарламасын жүзеге асырудың өңірлік аспек­тілері – өңірлерді дамыту бағдар­ламасы, индустрия­ландыру кар­тасы, Бизнестің жол картасы-2020, өндірістік қуат­тарды тиімді орналастырудың кестесі, Қазақ­станның өңірлік-аймақтық дамуының болжамдық кестесі, үшіншіден инсти­ту­ция­лық қайта құру, төртіншіден, бағдарламаны іс жүзіне асыруға тиімді басшылық жасау. Қазақстанның 2010-2014 жыл­дарға арналған республикалық және өңірлік индустрияландыру картасы ҮИИД мемлекеттік бағдар­ламасының маңызды құ­рам­­дас саласы болып табылады. Ол мемлекетке бизнес қауымдас­ты­ғымен бірлесе отырып еліміздің ресурстық қуатын және инфра­құ­ры­лымын дамытуға, дұрыс ин­вес­тициялық шешімдер бел­гілеуге жағдай жасайды. Жалпы алғанда, “Индустрияландыру картасына” жалпы құны 7,4 триллион теңгені құрайтын 240 жоба енгізілген. Атап айтқанда, республикалық картаға жалпы құны 6,8 триллион теңгені құрайтын 101 ірі жоба кіреді. Бұл жобаларды жүзеге асыру бары­сында 130 мың уақытша жұмыс орны ашылса, жоба толық іске қосылғаннан кейін 90 мың қа­зақ­стандық тұрақты жұмыс орнымен қам­тылмақ. Өңірлік карта шең­берінде негізгі үйлестіру міндеттері әкімдіктерге жүктелген. Өңірлік кар­таларға жалпы құны 580,4 миллиард теңгені құрайтын 139 жоба енгізілген. Бұл жобаларды жүзеге асыру барысында 13,3 мың адам уақытша жұмыспен қам­тылса, жоба іске қосылғанда 18,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналас­тырылатын болады. Инвестициялық жобаларды сараптау және мониторинг жасау мақсатында инвестициялық үрдіс­терді басқару жүйесін ақпарат­тандыруға ерекше мән берілмек. Бұл жобаларды жүзеге асыру мақсатындағы шараларда мем­лекет және жеке салалардың арасындағы тиімді үйлесімдікті қамтамасыз етпек. Ақпарат­тандыру жүйесі арқылы отандық және шетелдік инвесторлардың қатысуы туралы жан-жақты деректер беріледі. Карта жөніндегі ақпараттық жүйеге бизнес қауым­дастығының кеңінен тартылуы қамтамасыз етіледі. Үкімет басшысының тапсыр­масымен жобаларға мониторинг жүргізу міндеті Сауда- өнеркәсіп пала­тасына және оның өңірлік филиалдарына жүктеліп отыр. 2015 жылға дейін өндірістік қуаттарды тиімді орналастыру кестесі ҮИИД бағдарламасын іс жүзіне асыруда өндірістік қуат­тарды тиімді орналастыру кестесі ай­рықша маңызды болмақ. Бұл кесте “Ин­дустрияландыру ка­р­тасын” ескере отырып еліміздің инфра­­­құры­лымдық және ресурс­тық базасын дамытудың ұзақ мерзімді жос­парын үйлестіреді. Ол бірі­ншіден, мемлекетке бизнес қауымдас­ты­ғымен бірлесе отырып, дұрыс инвестициялық шешімдер бел­гілеуге, екіншіден, еліміздің инфрақұрылымдық және ресурс­тық қуатын дамыту негізінде жеке меншік саланың жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмысын ретке келтіреді. Бұл кестеге мынандай маңызды салалар енгізілген: Кестені белгілеу барысында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қажетті жағдайлар, атап айтқанда еліміз­дің және өңірлердің эконо­микалық даму деңгейінің негізгі параметрлері, табиғи монопо­лия­лық субъек­тілердің 2015 жылға дейінгі тарифтерінің деңгейі ескерілуі қажет. Мем­лекеттік жобалау құры­лымында бұл кестелердің тиімді орна­лас­тырылуы төмендегі кесте бойын­ша орын алмақ: Сонымен аталмыш кестелер “Индустрияландыру картасына” байланысты өңірлік-салалық дамудың алғышарты ретінде биз­нестің инвестициялық шешім­дерін жоспарлауда бағдарға алынады. Өңірлерді дамыту жоспарларын белгілегенде болжамдық бағдар ретінде қолданылады. Мәселен, белгілі бір кәсіпкер өңірлік (об­лыстық) рынокқа кіру алдында сол өңірдің жағдайымен, атап айт­қанда, бұл өңірде осындай қанша өндіріс орны бар екендігі, сату рыногының дәрежесі туралы, жылу және су құбырларының жағдайы туралы, маман кадрлар жөнінде жан-жақты дерек алатын болады. Бұл бизнес үшін де, Үкімет үшін де өте тиімді. ҮИИД бағдар­ламасын жүзеге асыру шаралары барысында кесте толықтырылып, жаңартылып отырылады. Болашақта бұл кесте еліміздің 2020 жылға дейінгі өңірлік-аймақтық даму көрсеткіштерінің құрамдас бөлігі болып табылмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында мемлекет тарапынан кешенді көмекті қажет ететін 4 маңызды міндетті атап көрсеткен болатын. Олар: – өңірлердегі кәсіпкерлікті дамыту; – жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындардың өндірістік қуатын арттыру және жаңа өндіріс орын­дарын ашу; – экономиканың шикізаттық емес салаларына инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай қалып­тас­тыру; – отандық өнім өндіру­шілердің тауарларын сыртқы рынокқа шығару. Қабылданған мемлекеттік бағдарламада Елбасы басымдық берген осы міндеттерді іс жүзіне асыруға негіз қаланды. Қазақ­станның 2010-2014 жылдар­дағы үдемелі индус­триялық-инно­вациялық дамуы жөніндегі мемлекеттік бағдарлама еліміздің экономикалық өрлеу биігінің алғашқы тұғыры болып табылады. Бұл өміршең жоспардың толық жүзеге асырылатындығына қа­зірдің өзінде берік негіз қалануда. Мәселен, биылғы жылдың өзінде жалпы құны 713,6 миллиард теңгені құрайтын 144 индус­трия­лық жобаның құ­рылысы аяқ­талмақ. Қазіргі таңда осы мақсатқа тартылған инвес­тицияның 583 миллиард теңгесі игерілді. Бірінші жар­тыжылдықта жалпы құны 396 миллиард теңге болатын 72 инвестициялық жоба пайдалануға берілмек. Бұл орайда сәуір айындағы деректер бойынша Павлодар облы­сын­дағы нысандар 97,5 пайыз, Маңғыстау облы­сындағы инве­стициялық жобалар 96 пайыз, Ақмола облысындағы нысандар 90,2 пайыз дайындық сапына келіп қалған. Екінші жарты­жылдықта жалпы құны 440 миллиард теңге болатын тағы 72 нысан пайдалануға берілмек. Еліміздің экономикалық да­муының локомотиві болатын 2020 жылға дейінгі үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасының шең­берінде биылғы жылдың өзінде бірқатар ірі құрылыс нысандары қатарға қосылды. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында керамо­гранит өндірісі жөніндегі зауыт, мақта материалдарының сортты тұқымын өндіру жө­нін­дегі зауыт пайдалануға берілсе, Қызылорда облысында қиыр­шықтас зауыты іске қосылды. Осы сәуір айының соңына дейін Ақтөбе облы­сындағы “Рамазан” ЖШС құс өсіру фабрикасы қайта құрудан өткізіліп, “Маң­ғыстау облысы кеме жөндеу зауыты” ЖШС-ның шағын ке­ме­лерді жөндеу жөніндегі за­уыты пайдалануға беріледі. Ал мамыр айында үде­мелі индус­трия­лық-инно­вация­лық даму бағдар­ламасы негізінде Пав­лодар облысында үш ірі зауыт, Қарағанды, Ақтөбе және Қы­зылорда облыстарында тағы үш ірі инвестициялық нысандар іске қосылады. Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаев өзінің ел хал­қына арнаған биылғы Жол­дауында еліміздің алдағы онжыл­дық даму стратегиясының негізгі тұғырларын нақты айқындап берді. “Бұл бағдарла­ма­ның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мә­дениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”, деп атап көрсетті Елбасы. Еліміздің ин­дустриялық-инновациялық дамуының алғашқы бесжыл­дығын іс жүзіне асыру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама өмірге жолдама алды. Іске сәт! Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.