Тарих • 17 Қараша, 2020

Майдангерлер әулеті

444 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың қасіретті жылдарына айналған гитлерлік фашизммен күресте сан мыңдаған қазақтың қыз-жігіттері ерліктің асқан үлгісін көрсете білді. Солардың қатарында бұрынғы Бақсай ауданы Фурманов атындағы колхоздан (қазіргі – Махамбет, Есбол ауылы) майданға аттанғандар аз емес. Олардың қатарында Киікбай Жолмақов, Бәшібай Өрбісінов, Жәрдем Күлетов, Қайролла Досқалиев, Аманбай Жалғасбаев, Мүрсәлі Құрақбаев, Ізімберген Егізбаев және Шайырман Бөлековтер бар еді.

Майдангерлер әулеті

СУРЕТТЕ: Бөлеков Шайырман. 1947 жыл 6 желтоқсан. Мәскеу қаласы; Марапат­тау парағы Ресей Қарулы Күштері­нің «Дорога памяти» сайтынан алынған.

Ауылдың шағылды құмында ойнап, Ақжайықтың күмістей суына шомылған жігіттер қатарларынан қалмай өз еріктерімен Отан қорғауға аттанады. Бұл 1944 жылдың 11 қарашасы болатын.

Соғыс өрті тұтанған сәтте кол­хоздың малын бағып отырған Бө­ле­ковтер әулетінен үш жауынгер майданға аттанады. Алдымен әкесі Бөлек Байжанұлы 1941 жылы қызыл вагонмен күнбатысқа жол тартса, келесі жылғы көктемде ағасы Қадіржан да сапар шегеді. Сөйтіп, бар ауыртпалық 16 жастағы Шайырман мен шешесінің мойнына түседі. Қанды шайқастан ауыр жараланып Бөлек, кейін бір аяғын майдан даласына тастап, Қадіржан елге оралады. Ендігі Отан қорғау кезегі Шайырманға келеді. Осы тұста отбасылық архивте сақталған ағамыздың естеліктерінен үзінді келтіруді жөн санадым. Мына бір хат 1945 жылдың 3 сәуірінде жазылыпты, оқып көрелік:

Амандық хат.

Ардақты артық көруші ағамыз Рахметжанға (Рахметжан Мұ­қа­шев, көп жылдар облыстық Ішкі істер бөлімінде саяси бөлімді бас­қарды – Қ.С.) тағы басқа жол­дас­тарыңа інің Шайырманнан сағы­­нышты сансыз сәлем. Бөтен айтар сөз жоқ, тек қана амандық білдіру, амандық білу. Ал ағай өзің де аман боларсың. Бұл жақта біз де аманбыз, деніміз сау деп, одан әрі ауыл­дан майданға кеткен аға-іні­лерін сұрап, үй-ішінен хат-хабар кел­мегеніне алаңдаушылық білдіреді.

Шайырман көкеміз кейінгі бір әңгімесін былайша өрбітеді:

– Қырық төрттің күзінде мен де Қызыл Армия қатарына шақы­рылып, Гурьевке дейін өгіз арбамен жеттік. Сол жерден бізді қанша ызбарлы болса да көз үйренген қызыл вагондарға тиеп, Орынборға аттандырды. Сол жерде 365-полктің сапында төрт ай бойы соғыс өнеріне үйретті. 1945 жылғы наурыз айы­ның аяғында бүкіл полкті сапқа тұр­ғызып, өз еркімен алғы шепке барғылары келетіндердің саптан екі қадам алға шығуын сұрады. Мықты болсаң шешім қабылда! Бұл кезде жаудың беті қайтып, кеңес әскерлері Берлинге жақындап қалған. Әне-міне соғыс бітеді деген сенім әркімнің жүрегін жаулаған кез. Бара сала оққа ұшып, ертесі күні соғыс бітсе, қандай өкініш! Бірақ қандай құдіретті күштің итер­генін білмеймін, мен барам деп саптан екі аттап шықтым. Сол-ақ екен, өзіміздің Фурмановтан бірге шыққан жанымдағы алты жігіт те саптан шықты.

Осылайша, ауылдастар бір полк құрамында немістердің ұясы Бер­лин үшін соғысқа кіріседі. Ал­ғаш­қы шайқасты жас жігіттер сәуір­дің 21-і күні Бірінші Беларусь май­данына қарасты Қызыл тулы Ку­тузов орденді 120-гвардиялық атқыш­тар дивизиясы құрамында­ғы 334-гвардиялық атқыштар полкін­де бастан өткереді. Жазық алаңқай­­да бұта арасына жасырынған неміс­­тер соңғы демдерінің таусылаты­­нын сезді ме, минометтен, пулеметтен то­лассыз оқ жаудырып, кеңес әс­кер­лерін бас көтертпей қояды. Бұр­қыраған оқтан қансыраған, оққа ұшқандар екі жақтан да көп. Солардың арасында Шайырманның ауылдастары Киікбай мен Жәрдем де қаза табады. Келесі күні күші әлсіреген немістерге қарсы атой салған жауынгерлер олар бекінген Фридерсдорф селосын да, орманды да жаудан тазартады. Жеңіс үшін алға ұмтылған Қызыл Армия Берлинге қарай ұмтылады, ал оның сапында Шайырман да бар еді.

Өкінішке қарай, сол ұрыста қасындағы ауылдастары Қайролла, Аманбай, Мүрсәлі, Ізімберген және Бәшібайлар ауыр жараланып гос­питальге түседі.

Осы шайқастарда көрсеткен ер­лігі үшін Шайырман Бөлеков мара­патқа ұсынылады. 1945 жылғы 6 мамыр күнгі 334-гвардиялық ат­қыш­тар полкінің командирі, гвардия полковнигі Фесенконың қол қойған марапат парақшасында мынадай жолдар бар:

«1945 жылғы 25 сәуірдегі Фри­дерс­дорф селосы үшін болған шай­қаста немістердің шабуылына тойтарыс берудегі ерлігі үшін ұсы­нылады. Ол гитлершілерге қарсы бірінші болып шабуылға шығып, автоматпен 7 немістің көзін жойды, 1 пулемет үнін өшірді. Үкімет наградасы «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайықты деп есептеймін».

Бір күні қала ішінде қатты шай­­қас болады да, сол күні түстен ке­йін бір сәт өлі тыныштық орнай­ды. Кеңестік Жоғарғы Армия шта­бы­ның «Жеңіс» деген хабары да бе­ріледі. Көптен күткен сан мың­даған адамның өмірін жал­маған сұм соғыс аяқталады. Әйтсе де, Ша­йырман ағамыздың Қы­зыл Ар­мия­дағы қызметі одан әрі жал­ғасып, елге тек 1953 жылы оралады. Ауылға келгесін өмірлік жары Әсима анамызбен 8 ұл мен қыз тәр­биелеп өсіреді.

Неміс фашис­теріне қарсы шай­­­­қаста көрсеткен ерлігі үшін гвар­­дия жауынгері Бө­леков Ша­­йыр­ман «Қызыл Жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ор­ден­дерімен, «Бер­лин­ді алғаны үшін», «Кеңестер Ода­­ғы­ның маршалы Г.К. Жуков», «1941–1945 жыл­дар­дағы Ұлы Отан со­­ғы­сы Же­­ңі­сіне – 20, 40, 50 жыл» жә­­не «КСРО Қа­рулы Күштеріне – 50, 60, 70 жыл» мерекелік, «1941 – 1945 ж.ж. соғыс ардагері», «Еңбек ар­­да­гері» ме­дальдарымен, көптеген мақ­­тау қағаз­дарымен марапатталды.

Мінезі қарапайым, жаны таза Шайырман Бөлеков соғыстан ке­йін ақтық демі біткенше, Есбол ауы­­лындағы байланыс жүйесінде ха­лыққа мүлтіксіз қызмет көрсетіп, пош­таны басқарды. Шайырман аға­мыздың соғыстан жазған 2 хаты үл­кен ұлы Бауыржанның төріне ілін­ген. Соғыстан қалған ескерткіш ре­тінде болашақ ұрпақты Отанын, ту­ған жерін сүюге шақырғандай, сары қағаз біраз сырды ішіне бүгіп тұр.

 

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі