Өнер • 17 Қараша, 2020

Өнер фестивалі онлайн режімінде өтті

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тобыл өңірінде тұңғыш рет «Жібек жолы» деген атпен шығыс мәдениетінің фестивалі өтті.

Өнер фестивалі онлайн режімінде өтті

Достық үйінің қызметкерлері жыл басында елімізде тұрып жатқан шығыс мәдениеті өкілдерінің ұлттық өнерін насихаттайтын ауқымды шара өткізуді жоспарлап қойған. Алайда көктемде пандемия басталып, кедергі көбейді. Карантин режімі қайта күшейген соң, ұйымдастырушылар фестивальді онлайн байланыс көмегімен өткізуді жөн көріпті.

– Көпшіліктің қатысуымен өтетін ша­­раларға тыйым салынған соң, ұйым­дас­тырушылар да, шақырту алған қонақ­тар да фестивальден күдер үзе бастаған. Бірақ ойға алған дүниені не де болса өз уақы­тында өткізейік деген ниетпен, биыл алғаш ұйымд­астырылып жатқан шараны онлайн режім­де өткізуді ұйғардық, – дейді Достық үйін­дегі қоғамдық-бұ­қа­ралық шараларды ұйым­дастыру бөлі­мінің жетекшісі Юлия Поно­марева.

Осылайша, еліміздің барлық аймақ­тарына шақырту жіберілген. Шараға он шақ­ты өнер ұжымы қатысты. Онлайн фес­ти­вальде Иранның «Бахрам» биін мың бұ­ралтқан ақтаулық «Экзотика» би тобының өнері көрерменді бірден баурап алды. Өзбектің «Хорезм» биін орын­даған оралдық өнерпаздар да көп­шілік көңілінен шықты. Дәл осы биді Қостанайдағы «Алтынай» халықтық үлгі­дегі би ансамблі де сәтті орындап шықты. Мәдени шара аясында көп­шілікке «Қазақстан ұйғырларының респуб­ликалық мәдени орталығы» қоғам­дық қорының Пав­лодардағы филиалы­ның атынан шыққан «Эвришим» би ансамблінің әртістері ұй­ғыр халқының «Гуль­дак жананла» биін, тараздық «Инфи­нити» хореографиялық ұжымы өзбек биін тарту етті.

Қостанайлық әншілер шығыс әнде­рін нақышына келтіре орындап, би керуенінің сән-салтанатын асыра түсті. Көрер­мендер әсіресе өзбек әнін тамылжыта шырқаған «Шарқ» тәжік-өзбек бірлестігінің белсендісі Анвар Оспанов пен «Әсем-Бэнд» вокалдық тобының әншісі Кәмила Жүнісованың дуэтін ерекше ыстық ықыласпен қабылдады.

Онлайн фестивальдің толық нұсқа­сын облыстық ассамблеяның You Tube-арнасынан тамашалауға болады. 

 

Қостанай облысы