Аймақтар • 16 Қараша, 2020

Мүшәйра жеңімпаздары марапатталды

554 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде Гуманитарлық факультет Қазақ және орыс тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен Сəкен Сейфуллиннің 126 жылдығы мен Жұбан Молдағалиевтың 100 жылдығына орай «Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін...» атты ІІ республикалық жас ақындар жыр мүшәйрасы өтті.

Мүшәйра жеңімпаздары марапатталды

ЖОО студенттерінің арасында жас ақындар жыр мүшәйрасын өткізу өткен оқу жылынан бастап дәстүрге айналып отыр.

«Мүшәйраның мақсаты – жастар бойындағы тілге, шешендік өнерге деген шығармашылық талаптарын шыңдау, қабілеттерін баптап, өнер додасына қосу. Сол арқылы жаңаша көзқарасты, білімді, білікті, кез келген мәселені ой елегінен өткізе алатын ойлы, жан-жақты, ел болашағына дұрыс пайым жасай алатын бәсекеге қабілетті, өзара татулық пен ізгілік қасиеттерді бойына жинақтаған дарынды тұлғаларды айқындау. Мүшәйраны өткізу арқылы жастарға дұрыс бағдар беру, рухани азықтандыру», дейді шараны ұйымдастырушылар.

Жиын барысында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Басқарма төрағасының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары ф.ғ.докторы Ж.Құсайынова қатысушыларға сәттілік тіледі.

Мүшайраға еліміздің жоғары оқу орындарының талантты, қаламын ұштап жүрген елу студентінен өтінім қабылданып, талпыныс білдірген жас ақындардың өлеңдерін Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ақын Жұмағали Қоғабай, С.Сейфуллин мұражайының қызметкері, ақын Мұқият Қойшыбай және Әдебиет порталының редакторы, ақын Арман Шеризат қазылық жасап, өз бағаларын берді.

Гуманитарлық факультет деканы Б.Аяпбергенов, Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі А.Тілеулесова, Қазақ және орыс тілдері кафедрасының доценттері Ғ.Резуанова мен Т.Тоқсанбаева мүшайраның өтуіне ерекше үлес қосты.

Іріктеліп алынған жиырма жұмыстың ішінен оза шауып, тілімен де, мазмұнды терең ойымен де көрермендерді баурап алған жеті жұмыс жүлделі орындарға иеленді.

Қорытындылай келе Бас жүлдеге Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Журналистика және саясаттану факультетінің І курс студенті Мерсадық Алтынбек лайық деп танылды. Бірінші орынмен Л. Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ филологиясы мамандығының І курс студенті Құлшар Бекзат марапатталды. Екінші орынды С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, жерге орналастыру мамандығының І курс студенті Төлепберген Диас және Қазақ Ұлттық өнер университетінің Кинотеледраматургия мамандығының І курс студенті Еркін Жантас еншіледі. Ал ІІІ дәрежелі диплом үш адамға берілді. Олар, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инженеринг университеті, қазақ тілі мен әдебиет мамандығының 2 курс студенті – Рымбаева Әсел, Инновациялық Еуразия университеті, қазақ тілі мен әдебиет мамандығының 4 курс студенті Болатбек Шынаргүл және Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инженеринг университеті, қазақ тілі мен әдебиет мамандығының 3 курс студенті Оңғарбаева Айкерім. Барлық жүлделі орын алғандарға бағалы сыйлықтар табысталды.

Шараның жоғары деңгейде өтуіне ерекше үлес қосқан ҚАЗАТУ баспасөз орталығының басшысы Хабай Бердібекке, университеттің «Өнер және шығармашылық» факультеті деканының орынбасары Ақылбек Данабекұлына ерекше алғыс айтылды.

Шара соңында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері мерекелік концерттерін ұсынды.