Аймақтар • 17 Қараша, 2020

Nur Otan партиясының Қарағанды филиалы кандидаттарды анықтады

277 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясының Қарағанды облыстық филиалының кезектен тыс XXXIV конференциясының делегаттары Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға үміткерлерді бекітті, деп хабарлайды Egemen.kz. облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Nur Otan партиясының Қарағанды филиалы кандидаттарды анықтады

Бірден айта кету керек, конференция жұмысы барысында санитарлық-эпидемиологиялық нормалар қатаң сақталды. Делегаттар әртүрлі залдарда отырды, олардың арасында онлайн-байланыс ұйымдастырылды.

Сонымен, пікірсайыс пен дауыс беру қорытындысы бойынша партияның XX съезіне өңірден ұсынылған партиялық тізімге алты адам енді. Сондай-ақ, облыстық мәслихатқа сайлауға Nur Otan партиясының тізімі түзілді.

Конференцияда сөз сөйлеген Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өңірде праймериздердің бірінші кезеңінің сәтті өткенін атап өтті.

– Облыс бойынша барлығы 857 кандидат тіркеліп, праймеризге олардың 730-ы қатысты. Үміткерлердің 61%-ы өзін-өзі ұсынушылар болды және 39%-ы бастауыш партия ұйымдары атынан түсті. Кандидаттар арасындағы әйелдердің үлесі 32% болса, 35 жасқа дейінгі жастар 26%-ды құрады. Барлығы 54 мыңнан астам адамды қамтыған 1350-ден астам іс-шара, 116 пікірталас өткізілді. Праймериздегі онлайн-дауыс беруге 50 мың партия мүшесі қатысты, – деген мәлімет берді өңір басшысы.

Конференция барысында Мәжіліске партиялық тізімге үміткерлер арасында дебаттар ұйымдастырылды. Қатысушылар бірінші раундта өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырса, екінші пікірталас кезеңінде бір-біріне сұрақтар қойды. Пікірталастан кейін дауыс беру «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өтіп, нәтижесінде 12 кандидаттың ішінен алты үміткер таңдалып алынды.

4564564

Атап айтқанда, Парламент Мәжілісінің қазіргі депутаты Гүлнар Бижанова, Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, ғалым-филолог, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев, Nur Otan партиясының Қарағанды қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Юлия Бадина, «Nova Цинк» ЖШС-нің Бас директоры Сүйіндік Асан және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның атқарушы директоры Вадим Басин ең көп дауыс алғандар қатарынан табылып, үміт артылған үздік алтылықтың құрамына енді.

Сонымен қатар конференция шешімімен Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттығына сайлау үшін партиялық тізім бекітілді. Оған праймеризге қатысушылардың ішінен ең жоғары рейтинг жинаған 57 адам кірді. Партиялық тізімнің құрамы айтарлықтай жаңартылып, кандидаттардың орташа жасы жасарғаны да атап өтілді.

Конференцияда партия мүшелері Елбасының бес институционалдық реформасы, Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы және Қарағанды облысының даму бағдарламасы негізге алынған аймақтық сайлауалды бағдарламаны бекітті. Айта кету керек, бағдарламаны талқылау барысында әрбір тұрғын онымен танысып, өздерінің ұсыныстары мен тілектерін білдіруге мүмкіндік алды.

Талқылау қорытындысы бойынша тұрғындар тарапынан 1553 тілек-өтініш келіп түскен екен. Олардың барлығының да бағдарламада ескерілгені айтылды. Жеті басымдық бойынша ТОП-6 мәселе анықталып, оларды шешу жолдары белгіленді.

Сондай-ақ аталған конференцияда Nur Otan партиясының кезектен тыс XX съезіне делегаттар сайланды.

 

 

Қарағанды облысы