17 Сәуір, 2010

ЫНТЫМАҚ КЕТКЕН ЖЕРДЕ ЫРЫС ТҰРМАЙДЫ

563 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: “Бизнестің жол картасы-2020” кәсіпкерлер үшін де, сол секілді банктер мен инвесторлар үшін де шикізаттық емес жобаларды қаржыландыру жөнінен жаңа мүмкіндіктер ашады. Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты бұқаралық ақпарат құрал­дарына мәлімдеме жасады. Онда Елбасы Нұрсұлтан На­зар­баев алдымен төсекте басы, төс­кей­де малы қосылған қырғыз халқына келеңсіз оқиғалар салдарынан аза­мат­тарын жоғалтқан қайғыларына ортақтасып, көңіл айтты. Қырғыз елі бізбен ежелден ауылы аралас, қойы қоралас ел. Сондықтан біз Қыр­ғызстанда осындай жағдайдың орын алғанына үлкен өкініш біл­діре­міз. Ынтымақ кеткен жерде ырыс тұрмайды. Елдегі басбұзар­лық пен тәртіпсіздіктің салдарынан бейбіт тұрғындар жапа шекті. Эко­но­микаға орасан зор шығын келді, қан төгілді. Мен осы оқиғалар ке­зінде қаза болғандарға қайғырып, олардың отба­сы­лары мен туған-туысқандарына, барша қырғыз хал­қына көңіл айтамын, деді Елбасы. Одан әрі Президент Вашин­гтон­да болған сапарында Қырғыз­стан­дағы оқиғаларды назар­дан тыс қалдырмай, барлық хабарды алып отырғанын, соның ішінде осы ел­дегі уақытша үкімет өкілдері және бұрынғы президент Құрманбек Бакиевпен телефон арқылы жиі сөйлесіп отырғанын айтты. Қырғызстандағы оқиғалар әлем жұртшы­лы­ғы­ның бәрін де алаң­дат­ты. Соның ішінде, әсі­ресе, жақын көршілері – бізді, Ресей, Қытай және онда мүддесі бар АҚШ-ты да қатты тол­ған­дырды. Германия, Франция, Италия ли­дерлері де оқиғалардың осылайша теріс өріс­теуіне алаңдаушылығын білдірді. Олардың бәрі де ЕҚЫҰ-ның жауап­кершілік аумағында болып жатқан келеңсіз оқиға болған­дық­тан, Ұйымның төрағасы ретінде біз­ден оның шешілуіне қандай ық­пал етуге болатындығы туралы ой­ла­рымен бөлісті және біздің пози­ция­мыз туралы сұрады. Осы мә­се­ле­де менімен кездескен лидер­лер­дің бәрі де АҚШ президенті Б.Обамамен және Ресей президенті Д.Мед­ведев­пен бірлесіп, оқиға­лар­дың бейбіт жолмен шешілуіне ық­пал ету қажеттігін ұсынған еді. Біз осы ұсынысты дұрыс санап, Б.Обама, Д.Медведев және мен үшеуміз бірлесе отырып, оқиға­лар­дың бейбіт жолмен аяқталуы үшін Қырғызстан басшыларымен келіс­сөздерді телефон арқылы жалғасты­рып отырдық. Вашингтон уақытының бізден 10 сағатқа айырмашылығы бар еке­нін білесіздер, сон­дық­тан біз күндіз саммит жұмысымен, ал түнде Қыр­ғызстан мәселелерімен айналысып, күндіз-түні жұмыс істедік. Шүу де­ген­де бұрынғы президент Құр­ман­бек Бакиев елдің оңтүстік өңірінде өзінің жақтастары көп екенін айтып, президенттік орынтақтан бас тартпай, соңына дейін таласа­ты­нын мәлімдеген болатын. Ал бұл елде азамат соғысының тұтануына әкеліп соға­тын шешім еді. Өзі де қан жұтып, қайғы шегіп әрі эконо­ми­калық жағдайдың қиындығынан бас көтере алмай отырған елді бұл одан сайын тұралатуға соқтыратын қадам болатын. Сон­дық­тан біз Бакиевті алған бетінен қайтаруға тырыстық. Оның елді аман-есен тастап шығуы туралы уақытша үкі­метпен де өте ауыр келіс­сөздер жүр­ді. Олар Бакиевті жауапқа тартып, оның жасаған істеріне баға берулері қажеттігін айтты. Бірақ бұл елдің екіге жарылып, соғысу мүм­­кіндігі екенін біз де, Ресей Фе­де­рациясы тарапы да түсіндірген соң кеше, 15 сәуір күні кешке әй­теуір бір келісімге келгендей бол­дық. Сөйтіп, Бакиевтің Қырғыз­станды тастап шы­ғуы­на зорға деп қол жеткіздік, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Одан әрі Н.Назарбаев өзінің бұйрығымен кеше Қазақстан Қор­ғаныс министрлігінің Әскери әуе күштері “04” борты Қырғызстанға бұрынғы президент Қ.Бакиевті алып шығуға жібе­рілгенін жеткізді. Ұшақтың ішінде оны күзету үшін арнаулы әскери бөлімнің жауын­гер­лері отырды. Борт 18.30-да Алма­тыдан ұшып шығып, 19.15-те Жалалабад қаласына қонды. Ал 20.15-те Қ.Бакиев пен оның отба­сын мінгізген ұшақ аман-есен ұшып шығып, Қазақ­стан аумағына келіп қонды, деген Елбасы осы­нау жауапты тапсырманы мүлтіксіз орындаған әскери ұшқыштарға өзі­нің алғысын білдіретінін және олардың Үкімет наградасына ұсы­ныла­тынын айтты. Мен осы әрекетімізбен біз Қыр­ғызстандағы азаматтық қақты­ғыс­тың, “оңтүстік-солтүстік” бо­лып бөлінудің алдын алдық деп са­наймын. Бұл әрекетті біз ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы ретінде Ұйым­ның және барлық алаңдаушылық біл­дірген елдердің атынан жасадық. Енді уақыт­ша үкіметке елдегі жағ­дай­ды тұрақтан­ды­рып, оны бейбіт арнаға көшіруге жағдай туды, деді Қазақстан басшысы. Одан әрі Н.Назарбаев Қырғыз­стандағы саяси дағдарыстың себеп­тері­не тоқталды. Мен сіздерге бұ­рын да Виктор Гюгоның “Төңкеріс қайыршылыққа, ал қайыршылық қайтадан төңкеріске әкеледі” деген сөзін айтқан едім. Қазір соны қай­талауға тура келіп тұр. Төңкеріс өзі­нің бастамашыларын бәрібір құртады, ал оның салдарынан ең алды­мен қарапайым халық жапа шегеді. Міне, сол жағдай бүгінгі Қыр­ғызстанға айнымай келіп тұр. Осылай деген Елбасы төңкерістің салдары ауыр екенін, оның 2005 жыл­дан кейін енді ғана жандана бастаған экономиканы төменге құлдыратып жібергенін көлденең тартты. Уақытша үкімет би­лікті қо­лына нықтап алып, оның вертикал­ды­ғын қатаңдату қажет. Тәуелсіз­дік­ті алу оңай емес, ал алғаннан кейін оны нығайту одан да қиын. Осы қатарда тәуелсіздік алғаннан кейін оны нығайта алмай, дінара­лық және ұлтаралық араздыққа жол беріп алғанның салдарынан екіге бөлініп кеткен Үндістанды мысалға кел­тіруге болады. Сондықтан тәуелсіздікті ең ал­ды­мен елдің ішін­дегі татулықпен ғана нығайта аласың. Ал Қырғызстанның жағ­дайында, ең алдымен, экономи­каны көтеріп, халықтың әл-қуатын жақсарту керек еді. Бірақ бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар нәтижелі бол­мады, ол өз кезегінде осындай ке­лең­сіз жағдай туындатты, деді Қа­зақстан басшысы. Сөзінің соңында Н.Назарбаев қазіргі төраға ретінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның әлеуетін Қырғыз­стан­ның бейбіт дамуына көмек­тесуге, экономикасының тұрақ­тануына бұруға ұмты­ла­тынын айтты. Жақсыбай САМРАТ.