Бизнес ашуға байланысты тиімді мемлекеттік бағдарламалардың іске қосылуы, несиелеудің пайыздық мөлшерлемесінің азайтылуы, шағын және орта бизнес нысанын тіркеу кезіндегі құжаттардың азайтылып, тіркеу мерзімінің оңайлатылуы көптеген тұрғындарды өз істерін бастауға ынталандырды.
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратовтың айтуынша, қазір өңірде 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік нысандары жұмыс істеп жатыр. Салыстыра айтқанда, биыл өңірдегі шағын кәсіпкерлердің үлесі өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артқан. Көпшілік азаматтар «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары бойынша аз пайызбен ұзақ мерзімге несиелер рәсімдеп, бірден жұмыс бастап кетті. Көбінесе аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар, жұмыссыз жүрген азаматтар оқу курстарынан өтіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, аз пайыздық мөлшерлемемен несиелер алып, өз кәсіптерін ашып үлгерді. Тұрғындар құжаттарын рәсімдеуге несие беруші ұйымдардың қызметкерлері, халыққа қызмет көрсету орталықтарының мамандары жақсы атсалысып, дер кезінде және сапалы жұмыс атқарды. Соның арқасында кәсіпті тіркеуге және несие алуға құжаттарды рәсімдеу мерзімдері қысқарды.
Ақтөбе облысында былтыр «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге 2,4 млрд теңге бөлінсе, биыл осы қарастырылған қаржы көлемі 3,3 млрд теңгеге артқан. Үстіміздегі жылы осы бағдарлама бойынша 492 өтінім мақұлданып, былтырғы жылмен салыстырғанда жаңа жобалар саны 59 пайызға жоғарылады. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының ерекшелігі – жаңадан кәсіп бастаған бір азамат 5-6 пайыздық жылдық мөлшерлемемен 20 млн теңгеге дейін несие ала алады.
Қалада да, далада да кәсіп ашуға мүмкіндік беретін, нарыққа қажетті өнім өндірушілерді қолдайтын «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша былтыр 83 жоба, биыл 110 жоба қолдау алған. «Еңбек» бағдарламасы арқылы 960 жоба мақұлданып, жыл ішінде тұрғындарға 4 млрд теңгеден астам несие берілген. «Еңбек» бағдарламасы елді мекендерде тұрып, мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндер үшін таптырмас жоба. Осы жобамен қаржы алып, шаштараз, наубайхана, киім тігетін ателье ашып, мал-құс өсіріп, жылыжай салып көкөніс өсіретін қыз-келіншектер, көпбалалы аналар көбейген.
«Кәсіпкерлер палатасы көктемде пандемия басталғаннан бастап, жедел телефон және әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы кәсіпкерлердің барлық сауалдарына жауап беруге тырысты. Наурыз айынан бастап жұмыстарын тоқтатқан кәсіпкерлер несие төлеу мерзіміне жеңілдік сұрады, салықтың азайтылуы мен пандемиядан кейінгі бизнестің ахуалын сұрады», дейді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе облыстық филиалының сарапшысы Рахат Тәжібаев.
Ұлттық экономика министрлігінің сараптауымен елімізде ең көп зардап шеккен 29 кәсіпкерлік түрі бойынша салық жеңілдіктерінің берілуі, несие қарыздары бар кәсіпкерлердің 1 қарашаға дейін оны төлеу мерзімдерінің ұзартылуы, мемлекет меншігінен не квазисекторлық меншіктен жалға алып отырған кәсіпкерлерге жалдау ақысынан үш айға босатылуы – пандемия кезіндегі шектеулерге байланысты тоқтап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына жақсы қолдау болды.
АҚТӨБЕ