Оқиға былай болыпты. Осы жылы 11 қарашада сағат 22.35-те Орал стансасындағы Желілік полиция бөліміне «Пепел» разъезінде жүк пойызының машинисі темір жол үстінде жайылып жүрген төрт түлікті байқап, пойызды шұғыл тежемек болады. Соған қарамастан, 8 бас жылқы жүк пойызының астында қалыпты.
Бұл жайтты «аталған факті бойынша оқиға орнына Орал стансасындағы Желілік полиция бөлімін жедел-тергеу тобы шықты. Дереу шара қолданылып, нәтижесінде үй жануарларының иесі анықталды. Ол – Батыс Қазақстан облысының тұрғыны болып шықты. 43 жастағы құқық бұзушы әйелге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 559-бабының 1-бөлігі, яғни темiр жол арқылы ат-арба көлігімен (шаналармен) өту және жүк артылған, мініс малды және табынды айдап өту, темiр жолдардың бөлінген жолағында мал жаю қағидаларын бұзу фактісі бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», деп растап отыр Көліктегі полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Байкенов.
Полиция подполковнигінің айтуынша, жыл басынан бері темір жол үстінде қараусыз жүрген төрт түліктің кесірінен пойыздарда шұғыл тежеудің 1628 фактісі тіркеліпті. Темір жолдардың бөлінген жолағында мал жайғаны үшін жалпы 1124 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Сондықтан көлік полициясы үй жануарларының темір жолға шығуы пойыздардың қозғалысына қауіп төндіретінін тағы да ескертеді. Шұғыл тежеу жолаушылардың денсаулығы мен өміріне, сондай-ақ тасымалданатын жүктерге залал келтіруі мүмкін. Жануарлармен соқтығысқан кезде локомотив зақымданады, жол шығынға ұшырайды. Пойыздардың қозғалыс кестесі бұзылады.