Қоғам • 20 Қараша, 2020

Далаға шашқанша, балаға шаш

1116 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өмір болған соң сан түрлі тағдыр, алуан түрлі оқиға болады. Күні кеше айрылмастай болып қосылған жандардың уақыт өте келе көңілі жараспай, арманы ұштаспай ажырасып жататындары жанға батады. Басқасы басқа, мұндай кезде жаутаңдап қалған жазықсыз баланы аяйсың. Себебі, барын баласына шашып үйренген адамдардың өзі ажырасқан соң жауапкершіліктен жалтарып, алимент төлеуден бұлтарып жататыны бар.

Далаға шашқанша, балаға шаш

Еліміздегі елеулі істердің бірі – мемлекеттік қызметтер көрсетуді оңтайландыру, оны басқа бағыт­қа сала отырып, да­мыту. Бүгінде ха­­­лық­аралық тәжірибеге сүйе­не оты­рып мемлекеттің бірқатар функ­циялары жеке салаларға бе­­рілуде. Осыған орай, құқық қор­­­ғау саласында да бірқатар өз­­­ге­рістер орын алып жатқа­ны бел­­гілі. Бұл ретте «ANTIKOR LIVE» жобасы аясында «Шығыс – Адал­­дық алаңы» жобалық ке­ң­се­сінің ұйымдастыруымен Шы­ғыс Қазақстан облысы Әділет де­партаменті басшысының орын­­басары Ермек Қорабаев қа­­тыс­қан «Әлеуметтік маңызы бар мә­селелер: алименттер мен еңбек­ақы­ны өндіру» тақыры­бын­да ті­ке­лей эфир өтті.

«Алимент – «Неке және от­басы» Кодексіне сәйкес, бір адам­ның оны алуға құқығы бар бас­қа адам­ға ұсынылатын міндетті ақ­шалай немесе материалдық асырау қара­жаты. Бұл – заң жү­зін­де бекітілген төлем. Ата-аналар мен балалардың арасын­да туын­дайтын ең өткір сұ­рақ­тардың бірі – осы алимент төлеу. «Али­мент» деп біз көп жағ­дайда тек ажырасқан әкенің өз баласына төлеуге міндетті ақы­сын айтамыз. Алайда – бұл төлем тек әкеге ғана емес, соны­мен қатар ана­ға да жүктелетін міндет. Баланы асы­рау – ата-ана­сының заңмен бекітілген мін­­деті. Ал алимент өндіруге кел­­генде ата-анасының некеде бо­­луы, азаматтық некеде неме­се ажы­расқан болуы мүлде ма­ңыз­ды емес», дейді департамент бас­шысының орынбасары.

Оның айтуынша, қамқор­­лық­тағы немесе патронаттық тәр­биедегі балалармен қатар асырап алынған балалар да алиментке құқылы. Ажырасу барысында ерлі-зайыптылар баланы асырау мәселесін өздері келісуі керек. Алименттер сол келісім бойынша төленеді. Егер ондай келісім болмаса, онда Қылмыстық кодекстің 139-бабына сәйкес кәмелетке тол­маған балаларға алиментті ата-анасы сотпен төлетеді.

«Алименттер ай сайын ата-анасының еңбекақысынан неме­се өзге табысынан заңмен бел­гі­ленген мөлшерде төленуі тиіс. Атап айтқанда, 1 балаға – табы­сының төрттен бір бөлігі, 2 балаға – табысының үштен бір бөлігі, 3 және одан да көп балаларға – табысының тең жартысы төленеді. Жұмыс істемейтін борышкердің төлеуге міндетті алимент мөлшері Қазақстандағы орта жалақы мөл­шерімен есептеледі», деді Е.Қо­ра­баев. Сонымен қатар тікелей эфир барысында департамент бас­шысының орынбасары еңбек­ақыны өндіру мәселелеріне тоқ­талып, заңда көрсетілген талаптарды атап өтті.