Қаржы • 20 Қараша, 2020

Агенттік атой салғалы тұр

222 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Үкімет пен Ұлттық банк әу бастан «ауа жайылып», бақылаусыз кеткен микроқаржы ұйымдарына қатысты талаптарды күшейтуде. Әсіресе соңғы жылдары бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсті. Соның бір дәлелі – келер жылдан бастап микроқаржы ұйымдарына қатысты бірнеше талап заңды күшіне енбек.

Агенттік атой салғалы тұр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»

Басын ашып алатын бір дүние бар. Микроқаржы ұйымдары деген санат­қа микроқаржы ұйымдарынан бөлек, лом­бард­­тар, несие серіктестіктері, онлайн-не­­сие үлестіретін компаниялар жата­ды. Мі­не, осылардың бәрі 2021 жылдың 1 қаң­­­­тарынан бастап қызмет жүргізу­ге құ­­қық беретін арнайы лицензияны алуға мін­­­­детті. Лицензияны Қаржы нарығын рет­­­теу және дамыту агенттігі береді.

Атап өтерлігі, микроқаржы нарығын­да жүрген ойыншылардың барлы­ғын­да лицензия жоқ. Олардың ішінде рет­теушіден лицензия алмай жұмыс іс­теп жатқандар жетерлік. Енді жаңа та­лап нарықтағы ойыншылардың бәріне мін­детті болмақ. Демек, агенттік «көлең­кеде» жүрген ұйымдарды күн астына шығарады. Осылайша нарықтағы ахуал­ды толықтай өз бақылауына алмақ.

Осы орайда, миркоқаржы ұйымдары лицензия алуға өтініш берген кезде компания туралы толық ақпаратты ұсынуға тиіс. Оның ішінде ұйымның иесі туралы ақпарат міндетті түрде болуы керек. Мәселе лицензия алумен бітпейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі белгілі бір мерзімде нарықтағы ойыншыларды тексеріп отырады. Ондағы мақсат – ұйымның заң талаптарына қаншалықты сай екенін анықтау.

Сондай-ақ жаңашылдыққа сәйкес, миркоқаржы ұйымы басшылық ауыс­қан жағдайда орын алған өзгерістер туралы реттеушіге ескертуі керек. Осылай­ша ұйым туралы ақпаратты уақ­тылы жаңартуға тиіс. Сонымен қатар реттеуші нарық­тағы ойыншыларды олардың бір-бірімен қаншалықты байланысы барын да мұқият тексеретін болады.

Негізі микроқаржы ұйымдарына қатысты жаңашылдықтардың негізгі бөлігі осы жылдың шілдесінде заңна­маға енгізілген болатын. Енді міне, қосымша нормалар енгізіліп жатыр. Бұл нормалар негізінен ұйымдардың басшыларына, құрылтайшыларына және акционерлеріне қатысты. Бұл ретте микроқаржы ұйымдары басшыларының іскерлік беделі мінсіз болуы керек. Заңнамада дәл осындай талап бар. Бұл дегеніміз – өтелмеген немесе күші жойылмаған соттылықтың болмауы, оның ішінде қаржы ұйымының басшысы лауазымын атқару құқығынан айыру және қаржы ұйымының ірі қатысушысы болмау түріндегі жазаның, заңды күшіне енген сот шешімінің жоқтығы.

Қысқасы, реттеу нормаларына сәйкес, микроқаржы ұйымдары нарығын маңызды өзгерістер күтіп тұр. Капитал мен өтімділікке қатысты нормалар, сондай-ақ аудит пен есептілікті ұсынуға қойылатын талаптар белгіленді. Түптеп келгенде миркоқаржы ұйымдары банк секторындағы ойыншылармен теңес­тірілді десе де болғандай.

Жоғарыда жарғылық капитал тура­лы айтып қалдық. Өзгерістердің бір парасы бұл бағытты да айналып өтпеді. Мәселен, қазір микроқаржы ұйымдарының жар­ғылық капиталы 30 млн теңгеге тең. 2021 жылдан бастап олар­дың ең төменгі жарғылық капиталы 50 млн теңгеден кем болмауы керек. Ал 2023 жылдан бастап бұл көрсеткіш 100 млн теңгеге дейін ұлғаятын болады. Сол секілді келер жылдан бастап лом­бардтардың жарғылық капиталы 30 млн теңгені, несие серіктестіктерінің жарғылық капиталы 20 млн теңгені құрауы тиіс.

Микроқаржы ұйымдарының басшыларына, құрылтайшыларына және акционерлеріне қойылатын талаптарды ескерсек, Қазақстан нарығындағы ұйым басшыларының 10 пайызы және бұдан да жоғары үлесі микроқаржы ұйым­дарының атқарушылық органдарын басқара алмайды. Яғни микроқаржы ұйым­дарының қожайын­дары өз ұйым­дарының директоры немесе басқарма төрағасы атану құқығынан айырылады. Өйткені олар жаңа талаптарға сәйкес келмейді.

Осы орайда «Курсив» басылымы активі жағынан Қазақстандағы ең ірі бес микроқаржы ұйымының құрыл­тай­шылары туралы деректерді зерде­леп көрген екен. Олардың басым бөлі­гінің шетелдік акционерлері бар бо­лып шыққан. Мәселен, KMF компания­сының сайтындағы деректерге сүйенсек, оның ірі акционері – KMF Demeu Fund корпоративтік қоры (45,44%). Аталған қорды америкалық ACDI/VOCA корпорациясы құрған.

eGov сайтының деректеріне назар аударсақ, «Тойота Файнаншл Сервисез Казахстан» ұйымының құрылтайшысы – Toyota Financial Services (UK) PLС. Бұл компания Ұлыбританияда тіркелген. «ОнлайнКазФинанс» микроқаржы ұйымының құрылтайшысы екеу. Екеуі де шетелдік – ресейлік «Онлайн микрофинанс» және кипрлік IDF Holding LTD компаниялары.

Тағы сол eGov сайтында «Арнұр Кредит» ұйымының бірнеше құрылтай­шысы бары көрсетілген. Олар Кайман аралдарында, Люксембургте, Нидерланд пен Чехияда тіркелген. Қазақстандағы ірі микроқаржы ұйымдарының бестігін «МК-Финанс» компаниясы түйіндеп тұр. Компания сайтындағы дерекке сүйенсек, ұйым «Астана Моторс» қазақ мотор компаниясы» ЖШС құрамында құрылған.

Жоғарыда аталған бес микро­қар­жы ұйымының басшылары – қазақ­­стандықтар. Бірақ олар аталған компа­ния­лардың тікелей басшысы емес. Микро­қаржы ұйымы нарығындағы ойын­шылардың ішінде басшысы да, құрыл­тайшысы да бір ғана тұлғадан тұратын компаниялар өте сирек кездеседі.