Астана қаласының Мемлекеттік мұрағатына таяуда Атырауда тұратын Бекес Сұпығалиев ақсақалдан қомақты хат келіп түсті. Ол жарты ғасырға жуық әкесі Жәрдем жөнінде тірнектеп жинағандары мен өзіне тым кешігіп жеткен соңғы жылы хабарға қатысты құжаттарды да қоса жолдапты.
Бекеңнің айтуына қарағанда, әкесі Жәрдем 1936 жылы әскер қатарына алынады. Ол жапон милитаристеріне қарсы Г.Жуков қолбасшылық еткен №57 ерекше корпус құрамында Халкин-Гол маңындағы шайқасқа қатысады. Ал Ұлы Отан соғысы басталған тұста тәжірибелі жауынгер ретінде ол “Смерш” тобына қабылданады. Мойындарына ауыр міндет артылған өзге жолдастарымен бірге бұдан кейін Жәрдем Сұпығалиұлы Мәскеу, Ленинград, Смоленск, Сталинград қалаларын қорғау жолында ата жаумен нағыз ерлерше арпалысады. Жан алысып, жан беріскен ұрыс қимылдарының бел ортасында жүреді.
Соғыс жылдарында Сұпығалиевтар отбасына Жәрдемнің қаза тапқандығын естірткен үш мәрте “қара қағаз” да келді. Бірақ оларда оның қай жерде, қашан опат болғандығы жөнінде ештеңе айтылмайтын. Бұл күндері ақсақалдыққа қол артқан Бекес болса, кезінде өзінің алдына әкесінің қай мекенде жерленгендігін анықтау міндетін басты мақсат етіп қояды. Ресейдегі Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына бірнеше қайтара сұраулар да салады. Бірақ ол талабы кезінде күткендегідей нәтиже де бермейді.
Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында, үмітінің нағыз үзіле түскен шағында Ресейдің Орлов қаласына қарасты Должанск ауданының басшысы В.Семеновтан Бекестің атына хат келеді. Онда Жәрдем Сұпығалиевтің сүйегі Калиновка деревнясында жерленгендігі тайға таңба басқандай етіп жазылып, іздеушінің асыл арманына жол ашқандай болады. Шұғыл сапарға аттанып, Бекес бауырластар зиратындағы әке басына тағзым етеді. Осында ерекше ерлік жасаған төрт жауынгерге жеке тасбелгі қойылыпты. Онда: “Супигалиев Джардем. Казах.1914 года рождения. КазССР. Западно-Казахстанская обл. Джанибекский район. Красноармеец. Погиб 27.01.1943 г. Захоронен Орловская обл., Должинский район. Село Родники” деп жазылған.
Көзі тірісінде ержүрек жауынгер “ІІІ дәрежелі Отан соғысы”, “ІІ дәрежелі Отан соғысы”, “ІІІ дәрежелі Даңқ”, “ІІ дәрежелі Даңқ” және үш мәрте “Қызыл жұлдыз” ордендерімен марапатталады. Ал қаза тапқаннан кейін “І дәрежелі Даңқ”, “І дәрежелі Отан соғысы” ордендерін беру жөнінде жарлық шығады. Аталған наградалар жерлесіміздің Кеңес Одағының Батыры атағына тең болып есептелетінін кім-кімге де айқын ұғындырғандай.
Республиканың елордасы атанған Астананың Мемлекеттік мұрағатына майдангер әкесіне қатысты құжаттарын жібере отырып, Бекес қария оны тұрақты сақталатын қорға қабылдауды сұрайды. Батыр жайында кейінгі жас толқынның хабардар болуына оның аз да болса септігі тиер деп үміттенеді.
Ұлы Жеңістіің 65 жылдығы кеңінен атап өтілетін айтулы тұста біз аталған өтінішке түсіністікпен қарап, оны “Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қорына” қабылдадық. Ал Ресей жерінде орынды құрмет көрсетіліп жатқан Жәрдем Сұпығалиев есімін мәңгі есте қалдыру мәлесін республикалық, облыстық деңгейдегі құзырлы органдардың еншісіне қалдырып, жарты ғасыр тостырған сүйінші хабардан басқалар да құлағдар болса деп ойладық.
Ерлер есімі – ел есінде. Ерлік ешқашан ескірмейді. Ол жылдар өткен сайын ұрпақ зердесінде бар болмысымен жаңғырыға беретін болады.
Көшкінбай КЕНЕБАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жоғары санатты мұрағатшы.
Астана.