Бар ізгілік балабақшадан басталса
Алаш ардағы Ахмет Байтұрсынұлының «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек» деген сүйекті сөзі бүгінде де маңызын жойған емес. Әр мемлекеттің болашағы оның жастарға берген білімі мен тәрбие деңгейіне байланысты екенін уақыт дәлелдеуде. Сол сияқты білім беру жүйесі үнемі жаңғырып, жаңашаланып, заман талабына сай дамып отыруы тиіс. Чилилік даңқты ақын Габриела Мистраль жазғандай, «балалар күте алмайды». Өкінішке қарай, еліміздегі балалар кітапханаларының ақпараттандыру деңгейі айтарлықтай артта қалып келеді.
Сарапшылар, қазіргі жас буынды – «цифрлы» ұрпақ деп түстеп, айдар тағуда. Оған көнбеске шара жоқтай. Неге десеңіз, сәби өмірге келгеннен бастап бірден электроника және мультимедиалық технологиялар әлеміне енеді. Нәрестенің былдырлап тілі шықпай жатып, тіпті серуенге ілеспей тұрып, қолына ұялы телефон ұстайды. Теледидардың пультіндегі немесе компьютер пернетақтасындағы батырмаларды басады. Бір жағынан, балалардың осылай дамығандығына қайран қаласыз. Бірақ таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Көптеген эмоциялық проблемалар, бесіктен белі шықпай жатып депрессияға душар болуы соның салдарынан. Оған қоса, жазуға, оқуға деген әдет жоғалады. Мұны әлем психологтары жыл сайын ескертіп, жаһанға жар салуда.
Ғаламторға жиі кіретін балалардың жас мөлшері жылдан жылға төмендеп барады. Мәселен, 5 пен 11 жас аралығындағы балалар интернетке тым әуес екен. Бұл қағаз кітап ескірді деген сөз емес, оларға апаратын жолдың әлдеқайда күрделене түскенін аңғартатындай. Әйтсе де біздің мемлекет балалардың оқу деңгейіне зерттеу жүргізген емес.
Мәселен, қазіргі уақытта балалар кітапханаларында жақсы кадрлық ресурстар бар дегенге ел сенбейді. Олармен толыққанды жұмыс істейтін сол саланың білікті мамандары жеткіліксіз. Бар болғанның өзінде де кішкентай оқырмандардың қызығушылығын арттырудың әдісін толық меңгермеген. Сондықтан мемлекеттік және мектеп кітапханаларында бұл проблема арнайы зерттеуді қажет етеді. Мәселен, Нұр-Сұлтан қалалық №14 «Ақбөпе» балабақшасының әдіскері Ардақ Тоқбергенова кітапхана саясатында балаларға қатысты әлеуметтік-мәдени аспектілер әзірленбегенін айтады.
– Балаларға арналған кітапхана қызметін дамытудың бірінші кезекте түзетуді қажет ететін тенденцияларын атап өту қажет. Осы салада жүзеге асырылған шешімдер толыққанды емес. Кітапханада балаларға қызмет көрсету мәселесі әлеуметтік топтар бойынша сараланбайды. Балалар кітапханаларын ортақ ақпараттық кеңістікке интеграциялау қазіргі саясаттың ең перспективалық бағыты ретінде қарастырылуы керек. Балабақшада арнайы кітапхана бұрышы болуы тиіс. Біз олардың танымын кеңейту үшін үлкен кітапханаларға ертіп апаруға мәжбүрміз. Ол маңнан қажетті кітаптарды әрең табамыз. 5-6 жастағы әріп танитын бүлдіршіндер жаңа дүниелерге әуес келеді. Білуге, оқуға құштарлығы орасан жасқа қажет материалдарды тауып бере алмайтынымыз, өкінішті, – деді А.Тоқбергенова.
Естеріңізде болар, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Ұлттың жаңа болмысы» деген мәселеге ерекше тоқталған болатын. Мемлекет басшысы: «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу», деп атап көрсетті де. Кітап оқымай жаңа болмыс түзу, рухани кемелдену дегеніміз бос сөз. Ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттыру, бәсекелестік қабілетін күшейту, әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру ісінде – кітап оқу өте маңызды шаура.
Халықаралық PISA және PIAAC зерттеулерінің қорытындысы Қазақстандағы мектеп оқушылары мен ересектердің білім сапасы сын көтермейтінін айғақтады. Шыны керек, қазір тек бізде ғана емес, бүкіл әлемде кітап оқу үрдісі дағдарысқа ұшырауда. Соның салдарынан «екінші деңгейлі сауатсыздық» деген ұғым пайда болды. Әйтсе де, осы түйінді тарқату үшін 2014 жылы Ресей президенті Владимир Путиннің «Мемлекеттің мәдени саясатының негіздері» атты Жарлығы шықты. Көршіміздің қарекетіне көңіл сүйсінеді. Осы жарлыққа сәйкес «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу бағдарламасының тұжырымдамасы» қабылданып, құжаттық және ресурстық база, істің идеологиясы мен негізгі басымдықтары мен міндеттері толық айқындалды. Бүгінде балабақшадан бастап, жекеменшік кітапханаларға дейін зерттеу жүргізіп, мәселені оңтайландыруда.
Мақаламыздың басында Нұр-Сұлтан қаласының сол жағалауында балалар кітапханасының жоқ екенін тілге тиек еткен болатынбыз. Сол себепті де балабақша қызметкерлері мен бастауыш сынып мұғалімдері Ұлттық академиялық кітапхананың балаларға арналған бөліміне жиі бас сұғатын көрінеді. Десе де мұндағы кітап қоры топырлап келген кішкентай оқырманға толық жетпейді. Сондықтан кезекпен қабылдауға тура келеді. Осы орайда Ұлттық академиялық кітапхана оқырмандарға қызмет көрсету және тіркеу қызметінің жетекшісі Айман Құсайыноваға жолығып, мән-жайға қанықтық.
«Бұл шағын бөлім 2018 жылы кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаеваның бастамасымен ашылған. Кішігірім болса да заманауи технологиямен толықтай жабдықталған. Нақты айтқанда, бүлдіршіндерге барлық жағдай жасалған. Біз қаладағы балабақшалар мен білім мекемелерімен тығыз байланыстамыз. Кітап оқу мен оны дамытуда отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту ісіне баса көңіл бөлген дұрыс. Кітап оқуды қолдау және дамыту – жалпыұлттық міндет. Бұған мемлекет те, қоғам да бірінші кезекте мүдделі болмайынша алға өрлей алмаймыз. Ұлттың жаңа болмысын білімді, көзі ашық, қайратты қазақ жастары қалыптастырады. Осыны есте ұстау керек», деді А.Құсайынова.
Ескі ғимараттар етектен тартады
Орыстың атақты ақыны Бела Ахмадулинаның: «Кітапханаға тыныштық беріңізші...» деген атақты өлеңі бар. Қаламгер ғаламмен үнсіз сырласар мәдениет мекенінде у-шуға орын жоқ екенін тәпсірлейді. Әйтсе де бұл түсінік енді ескірген сыңайлы. Себебі заманауи балалар кітапханасы үнемі қозғалыста болуы керек. Еуропа мен Азияда солай. Кітапханалар да бала сияқты, тірі ағза, тікелей өзгеріп, үнемі дамып отыруы қажет. Біз солай есептемейінше, мәселе бір ізге түспейді. Онда шеберлік сыныптары, қолөнер бұйымдары, үйірме жұмыстары, бассейн тағы да басқа қызықты дүниелер орналасса нұр үстіне нұр болар еді. Бұл алдымен баланың ішкі өрісін кеңейтсе, екіншіден ізденуге жалықпайтын дәрумен сыйлайды. Әттеген-айы сол, еліміздегі балалар кітапханасы әлемдік стандартқа сай емес. Сылап-сипап қойған ескі ғимараттарда күнелтіп келеді. Іші тар әрі көбісінің көрнекілік құралдары көне форматта. Нұр-Сұлтан қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлбадан Мәдібаева ғимараттар кеңес өкіметінен келе жатқанын айтады.
«Балаларға арналған кітапханалар 70 жылдары іргесі қаланған ескі ғимараттарда орналасқан. Әрине, күрделі жөндеуден өткен. Десе де заман талабына сай жеке зәулім ғимараттар салынса деген ниеттеміз. Кішкентай оқырмандар еркін тыныс алатын, ойынын да, оқуын да қатар алып жүретін үлкен шаңырақ ауадай қажет. Оқушылар сарайы бұл міндетті толық атқара алмайды. Ақылы үйірмелер көп балалы ата-аналардың қалтасына әжептәуір салмақ. Біз, жас бүлдіршіндер таңнан кешке дейін уайымсыз жүретін, асханасы ішінде, жаңа технологияға толы мекеме болғаны дұрыс деп ойлаймыз. Яғни көпфункционалды орталық қажет», деді Г.Мәдібаева.
Осы орайда Парламент Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Айгүл Қаппарова, Алтынбек Нухұлы Қазақстанда әкімшілік құрылымдар мен кітапхана қызметіне, мәдени-ағарту мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға бағытталған Ұлттық бағдарлама қабылдау керек екенін айтып, Премьер-Министр Асқар Маминге арнайы сауалнама жолдаған екен. Сауалнамада мынандай міндеттемелер негізге алынған: Әлеуметтік маңызы бар кітаптарды сапалық тұрғыда жақсарту; Кітап саудасының прогрессивті формаларын енгізу; Кітап оқуға ынталандыру үшін грант-конкурстық жүйе енгізу; Білім беру құрылымдарының әлеуметтік әріптестігін дамыту; Азаматтардың ғылыми, әлеуметтік, техникалық, көркем шығармашылық қабілеттерін дамыту; Кітапханалар қорын қағаз және электронды басылымдармен толықтыру; Аудиовизуальды және мультимедиалық материалдарды көбейту; Түрлі әдеби конкурстар мен байқаулар өткізу; Кітап басу және кітап саудасы мамандарын даярлау; Ұлттың интеллектуалдық және адами әлеуетін арттыру шаралары қарастырылуы қажет. Біз осы қатарға арнаулы балалар кітапханасына арналған үлкен ғимарат салынса деген ойымызды қосып, толықтыра кетер едік. Ескі ғимараттар етектен тартып келе жатқаны жасырын емес. Ауыл мен аудандардың мәселесіне үңілсек, тіпті ауыр. Бұл ретте білім ордалары барға қанағат, жоққа сабыр етіп келеді.
Білім ордалары дегеннен шығады, осы орайда мектептегі кітапханашылардың статусына тоқтала кетсек. Өкінішке қарай, олар мұғалімдер құрамына кірмейді, жай ғана техникалық қызметкерлер есебінде. Шикілік осындайдан өрбитіндей. Мектепішілік жиналыстарға қатыстырылмағандықтан, балалардың білім деңгейін, қажеттілігін, тұрмыстық жағдайын толық бағдарлай алмайды. Оның үстіне олардың білім деңгейін саралап, тексеріп жатқан ешкім жоқ. Тіпті арнайы оқытып, білімін шыңдауға негізделген орталықтарды да естіген емеспіз. Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осы мәлелелерді шешудің жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді.
– Біз кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қайта қарастырып жатырмыз. Оларды педагогикалық кадрлар санатына енгізу бойынша бастаманы көтердік, – деді ведомства басшысы.
Оның айтуынша, бүгінде көптеген мектеп кітапханаларының жұмыс форматы ешқандай сын көтермейді. Қазіргі жастардың көбі ақпаратты цифрлы технологиялар арқылы пайдаланатынын ескере отырып, алдағы уақытта кітапханаларды цифрландыруды жоспарланған.
Министрдің мәліметіне сүйенсек, кітапхана заманауи жабдықталып, бала үшін ыңғайлы әрі қызықты болуы тиіс. Оқушы онда кітап оқумен қатар нетворкинг немесе шығармашылық даму дағдыларын игере алуы қажет.
Деректерге сүйенсек, қазіргі таңда кітапханалардың қорлары цифрландырылып, оқырмандарға заманауи технологиялық форматтарда ұсынылуда. Өңірлердегі кітапханаларда аудиовизуалды және мультимедиялық басылымдар, 3D, 5D кітаптар саны артып келеді екен. Краудсорсинг платформалары енгізіліп, мобильді кітапханалар іске қосылуда.
Мәселен, 2007 жылдан бері 60 мыңнан аса кітаптың электронды нұсқасын сақтайтын Қазақстан ұлттық электронды кітапханасы қызмет жасайды. Онда 153 мың бірлік құжат жүктелген. Бұл былтырғы нәтижемен салыстырғанда 3 есе артық.
Жас ұрпағымыздың ой-өрісі мен қабілеттерін дамыту үшін Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында оқушылар сарайларында балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісін кеңейту көзделген. Бүгінде 150 мыңнан астам баланы қамтитын 40 технопарк және 20 бизнес-инкубатор жұмыс істейді. 33 мың оқушы үшін 2001 кабинет және 1 626 робот-техника үйірмесі қолжетімді. Оқушылардың жан-жақты дамуы үшін Білім және ғылым министрлігі жыл сайын сыныптан тыс оқуға ұсынылған әдебиеттердің тізімін бекітеді. Биыл оған 932 туынды енген.
Әрине, мұның бәрі көңілге қонарлық бастамалар. Әйтсе де өзгерісті түп тамырдан бастау алмай, істің өнуі екіталай секілді.
Қазақ тіліндегі ертегілер қалыс қалуда
Бағзыдан келе жатқан ертегі кітаптары ғаламторға бейім оқушыларға тіптен қызық емес. Санасына сіңіру үшін жаңаша әрі жеңіл нұсқасын әзірлеу қажет. Әзірленіп те жатыр ғой, бірақ барлығының қолы жете бермейтінін қайтеміз. Бұл қадам зерек те зейінді кішкентай оқырманға ұлт жауһарларына баланған аңыз-әпсаналарды сүйіп оқуға жол ашады. Мәселен, республика бойынша оқу орындарындағы кітапханалардың жалпы қоры 201 млн бірлікке тең екен, соның ішінде көркем әдебиеттер − 38 млн. Енді қараңыз, кітаптардың дені орыс тілінде жазылған. Балалардың сұранысын қанағаттандыра алмайды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жаңайқайы орынды. Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылға жуықтады, біз әлі рухани құндылықтарымызға атүсті қарап келеміз.
– Білім және ғылым саласына қарасты 7 096 кітапхана жұмыс істейді. Мектептерде – 6 461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Ал білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры –
267 325 289. Саны, әрине, көңіл көншітерлік. Дегенмен олардың қаншасы көркем әдебиет? Сол көркем әдебиеттің қаншасы қазақ тілінде? Мектеп кітапханалары жаңа кітаптармен қаншалықты жиі толықтырылады? Э.Берроуз, А.Азимов, М.Твен, Ж.Верн және басқа авторлардың еңбектері қазақ тіліне аударылған ба?, – деді А.Аймағамбетов.
Кітапханашыларды да қазақ тілінде жазылған қазіргі заманғы көркем әдебиеттің аздығы мазалайды. Кеңес идеологиясының шекпенінен шыққан кітаптар жас оқырманның санасын улауы мүмкін. «Балалар қорда жоқ кітапты сұрап келгенде, «жоқ» деп айтудың өзі ыңғайсыз», дейді Ұлттық академиялық кітапханасы балалар кітапханасының сектор жетекшісі Нұргүл Әміржанова.
«Оқушылардың тапсырмасына Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» шығармасын оқуға берді делік. Бір сыныпта кемінде 20 оқушы бар. Кітапханадағы 5-6 кітап кімге жетеді? Қазіргі балалардың ойлау өрісі мүлде бөлек. Кейде «Гарри Поттерді» сұрап келеді. Ғаламтордан көрген шетелдің танымал ертегілеріне сұраныс жоғары. Олар балаларға өте қызықты. Қазақ тілінде кітап табылмағандықтан, орысша нұсқасын беруге тура келеді. Шындап келгенде, қазақ тіліндегі ертегілер қалыс қалуда».
Қазақ тілінің мәртебесін қалай көтерміз деп жүргенде, кішкентай оқырмандарымызға ана тілінде рухани азық болатын қазыналы дүниелер тауып бере алмағанымыз көңілге көлеңке ұялатады. Бұл рухани жаңғыруға бет алған мемлекетіміздің идеологиясына үлкен сын. Осы салада биліктің атқарып жатқан жұмыстары салмақты болғанымен, нәтиже өзгеріссіз.
Жоғарыда айтқан депутаттық сауалға Үкімет басшысы Асқар Маминнің жауабында мынандай деректер келтірілген. Мемлекеттік кітапханалардың қоры жыл сайын шамамен 73 млн кітаппен толықтырылады. Былтыр елімізде 4,6 млн оқырман тіркеліп, 89 млн кітап сұратқан.
Мемлекеттік кітапханалардың қорлары тұрақты түрде әлеуметтік маңызы бар әдебиетпен қамтылып отырады. Мәдениет және спорт министрлігі бұл мақсатқа 2,9 млрд теңге жұмсап, 395 кітапты 1,3 млн данамен басып шығарған. Кейінгі екі жылда мемлекет есебінен авторлық құқықтарды сатып алуға 556 млн теңге бөлініпті.
2016 жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында Халықаралық Eurasian Book Fair кітап көрме-жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Көрмеге еліміздің кітап шығарушы ұйымдары және әлемнің 20 елінен келген 80-нен астам компаниялар қатысады. Бұл бастама отандық баспалар мен авторларға халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді.
«Қазақстандық әдебиеттің танымалдылығы мен сапасын арттыру үшін министрлік әлеуметтік маңызы бар кітаптарды іріктеуге оқырмандарды қатыстыруды көздеп отыр. Бұл мақсатта «Мәдениет туралы» заңға тиісті өзгерістер енгізілуде. Оқырмандар қолжазбаның үзіндісімен арнайы онлайн-платформада танысып, дауыс береді. Ең көп дауыс жинаған қолжазбалар сарапшылардың қарауына ұсынылады. Қазіргі уақытта Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы онлайн-платформаны әзірлеуде. Кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты үйлестіру және қадағалау мақсатында Ұлттық бағдарламаның орнына кешенді іс-шаралар жоспары қабылданады. Оның әзірленуіне баспалар, кітапханалар, кітап дүкендері, авторлар, білім мекемелері мен мүдделі үкіметтік емес ұйымдар қатысатын болады. Кешенді жоспарда сіздердің кітап байқауларын көбейту, отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту, кітапханалардың қорын толықтыру және т.б. ұсыныстарыңыз ескеріледі» деп жазылған Премьер-Министрдің ресми жауабында.
Алдияр оқырман, біз қолда бар мәліметтерді негізге ала отырып, шама-шарқымызша балалар кітапханасының базынасын жеткізуге тырыстық. Атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды болғанмен, кейбір өткір мәселелер қағаберісте қалып қойып жатыр. Соның ішінде балалар кітапханасы әртүрлі мекемелердің бір бұрышын паналап отырғаны жанды ауыртады. Әріп таныған әрбір бүлдіршін ұлттық колоритке байымай, одан ертең елдің жоғын түгендер азамат шығуы екіталай. Ойланайық...