Саясат • 23 Қараша, 2020

«Қазақ Республикасы» атауын қайтаруды ұсынды

495 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада «Ақ жол» демократия­лық партиясының XVI сайлауалды құ­рылтайы өтті. Аталған құрылтай еліміздегі эпидемиялық жағдайға ­байланысты онлайн режімде ұйымдастырылып, онда партияның сайлау­алды бағдарламасы, сайлауалды дайындықтың өзекті ба­ғыт­тары, сондай-ақ Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімі талқыланды.

«Қазақ Республикасы» атауын қайтаруды ұсынды

Құрылтайды шақыру туралы ше­шімді партияның Орталық Ке­ңе­­сінің президиумы осы жылы 2 қа­­ра­шада қабылдады. Өңірлерден өкіл­дік нормалары бекітілді. Барлық фи­лиалға партия конференцияларын өт­кізу тапсырылды. Конференциялар бел­гіленген мерзімдерде өткізілді. Осыл­айша, құрылтайға 250 делегат сайланыпты. Соның 130-ы шешуші дауыспен делегат атанса, қалғандары ке­ңесші дауыспен сайланып отыр. Эпидемиялық жағдайға байланысты құрылтай өткен ғимаратта бас-аяғы 47 делегат қана болды. Қалғандары партияның аймақтық филиалдарында құрылтайға онлайн режімде қатысты. Олардың барлығы тиісті тіркеуден өткен.

– Соңғы кездегі бірқатар оқиға­лар тізбегі – былтыр Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті мемлекет билігін өркениетті түрде жаңа басшыға тапсыруы дер кезінде болғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың пре­зиденттік жүйесі еліміздің тәуел­сіздік бастауында мемлекеттік инс­титуттардың қалыптасуындағы, тү­бегейлі нарықтық және қоғамдық ре­формаларды жүргізудегі және басқа елдермен қарым-қатынас орнатудағы тарихи миссиясын орындады. Келесі кезеңге Қазақстан қалыптасқан мем­лекет ретінде аяқ басты. Ал ен­дігі мәселелерді шешу үшін жаңа тәсіл­дер керек. Мемлекет басқару ісіне қоғам жан-жақты араласуы және оны бақылауы қажет, – деді «Ақ жол» демократиялық партиясының төр­ағасы Азат Перуашев.

Оның айтуынша, елімізге әлеу­меттік-экономикалық салада да, саяси жүйеге де түбегейлі өзгерістер қажет.

– Аталған өзгерістерді тым соза бе­рудің қауіптілігі сонда, бұл Украи­на, Беларусь пен Қырғыз еліндегідей мем­ле­кеттік дағдарысқа әкеп соғуы мүм­кін. Ал Тәуелсіздіктің ең басты кепілі – қару емес, өз мемлекетін сый­­лайтын, бағалайтын азаматтық қоғам болуы керек. Сондықтан қазіргі билік моделіне бір ғана балама бар. Ол – терең әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық және саяси реформаларды қа­был­дап, жүзеге асыру қажет. «Ақ жол» демократиялық партиясы жаңа және әділ Қазақстанға апаратын өз­герістер бағдарламасын ұсынады. Сол бағдарламадағы басты басымды­ғымыз – Тәуелсіздік және Алаш ұлт­тық идеясы, – дейді партия төрағасы.

А.Перуашевтің пікірінше, елі­міз­дің тәуелсіздігі мен ұлттық мүдделер – мемлекеттің негізгі басымдықтары. Сондықтан ел егемендігін қамтамасыз ету және оның ұлттық мүдделерін қорғау – өзін республика азаматы санайтын кез келген адамның парызы.

– Тәуелсіздік – біздің еліміз, же­рі­міз, тіліміз бен діліміз. Тәуел­сіз­дік – біздің өз жолымызды таңдау мүм­кіндігіміз, келешек ұрпақ­тың бо­лашағы үшін біздің жауапкер­ші­лі­гіміз. Тәуелсіздік пен еліміздің тұ­тастығы – әрбір адамның өмірі, құ­қығы және бостандығымен қатар тұ­ратын басты құндылық. Тәуелсіздік бас­тауында қазақ халқының еркіндігі мен елдігінің тарихи мұраты ретіндегі Алаш ұлттық идеясы жатыр. Қазақ еліне Алаштан артық идея жоқ. «Ақ жол» демократиялық партиясы мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуді қолдайды. Тілімізді эко­номика мен қаржы саласына, мем­лекеттік басқару мен шетелдік инвес­торлар жұмысына мемлекеттік дең­гейге сай енгізуіміз керек, – дейді А.Перуашев.

Партия төрағасының айтуынша, биыл «Алаш» автономиясынан бастау алатын және қазіргі Қазақстанның негізін қалаған Қазақ Республикасына 100 жыл толып отыр.

– Алдымен қателесіп, «Қырғыз» Автономиялық Республикасы деп ата­лып, 5 жылдан кейін Сұлтанбек Қо­жанұлы, Сәкен Сейфуллин, Жа­лау Мыңбайұлы және де басқа тұл­ғалардың арқасында респуб­ликамызға ұлтымыздың төл атауы қайтарылды. Өткен жылы «Ақ жол» демократиялық партиясы үкі­метке бұл тарихи датаны ресми атап өтуді және «Қазақстан» аты­мен қатар, тоталитарлық кеңес билі­гінің өзі мойындаған «Қазақ Рес­пуб­ликасы» атауын қолдану туралы мәселені көтерді. Бұл бастаманы Ш.Уәли­ханов атындағы тарих институты да қолдады, бірақ біздің шенеуніктер үнсіз қалды. Сонда да біз тарихи бірегейлігімізді білдіретін Қазақ Республикасы мемлекеттік атауын қайтаруды жөн деп санаймыз, – дейді партия төрағасы.