Дипломын алғаннан соң, Өзбекстанға, туған ауылына оралған. Жергілікті кен байыту комбинатында мамандығы бойынша жұмысқа тұрыпты. Бірінен соң бірі дүниеге келген екі қыз, бір ұлды аяғынан тұрғызу үшін өндірістің ауыр жұмысында жан аямай еңбек еткен.
Ал Арқа төсіне қоныс аударғаннан кейін, ата кәсіпті қолға алған. Зады, ол бұл өнермен жасынан айналысыпты. Атадан дарыған кәсіп екен.
Бүгінде шебердің кеншілер астанасындағы «Оймақ» атты отбасылық шеберханасы аяғынан нық тұрған. «Қарағанды қаласында ұлттық бұйымдар сататын дүкеніміз бар. Мұнда киізден, қайыстан, теріден, ағаштан, темірден жасалған ұлттық нақыштағы бұйымдарымыз сатылады. Төрт қанаттыдан он алты қанаттыққа дейінгі аралықтағы киіз үйлерді жасаймыз. Оның ішкі құрал-жабдықтарын әйелім және қыздарым дайындайды», дейді шебер.
«Оймақ» шеберханасында жасалған киіз үйлер еліміздің барлық өңіріне, сонымен қатар әлемнің оннан аса мемлекетіне сатылған екен. Ал осы істің ұйытқысы болып жүрген Ғабит Қанатбаев алдағы уақытта қазақ халқының үй жиһаздарына қатысты жаңа үлгілерін жасауды ойластырып жүр.
Қазіргі уақытта қолы алтын һәм іскер жан құрған шеберхана қанатын кеңге жайған. Майқұдықтағы тігін цехында алты шебер еңбек етеді, бұл іске зайыбы бас-көз болып жүр. Ал баласы Алтай жанына үш жігітті алып, ұлттық нақыштағы түрлі бұйымдар жасаумен айналысады.
Қарағанды облысы