Туризм • 24 Қараша, 2020

Белсенді туризмнің берері мол

680 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әлемнің түрлі еліндегі табысты және бақытты адамдар «стресті қалай жеңуге болады?» деген сұраққа физикалық-белсенді өмір салтын ұстану деп жауап береді. Кейінгі жылдары Қазақстанда белсенді өмір салтын ұстанатын адамдардың саны артып келеді. Бүгінгі мақаламызда еліміздегі белсенді туризмнің ең кең таралған және қолжетімді бес бағыты, яғни тау және жаяу туризм, атпен жүру, велосаяхат және маунтинбайкинг туралы әңгімелейміз.

Белсенді туризмнің берері мол

Таудан артық тек тау ғана

Туристік фирмалардан, сол сияқты жекелеген-гидтерден тауға саяхат ұйымдастырушыларды Алматы облысынан еш қиналмай таба аласыз. Өйткені бар жоғы жар­ты сағаттың ішінде мегаполис­тен тау етегіне топ ете қаласыз. Сондықтан да Алматыға жақын шетелден тәжірибесі мол альпинистер мен тау саяхатшылары көптеп келеді. Ал алматылық тұр­­ғын үшін тауда серуендеу бұл – саяжайға бару сияқты қалыпты жағдайға айналып кеткелі қашан. Елімізде тау туризмі спорттық және әуесқойлық болып бөлінеді.

Тау туризмі – Алматы маңын­дағыдай ауқымды болмаса да, Шы­ғыс Қазақстан мен Түркістан об­лыс­тарында да танымал. Шы­ғыста әлемнің кез келген бұры­шынан келген туристерді Алтай мен Сібірдің ең биік шыңы – жұм­баққа толы Мұзтау бірден баурап алады. Мұнда қарапайым, категориясыз жаяу серуендеуден бастап, арнайы альпинизм жабдықтарын пайдалану арқылы күрделі санатқа жататын сапар жасауға болады. Риддер қаласы да туристер арасында аса танымал. Бұл жақта негі­зінен Үш ағайынды және Воро­шилов шыңына шығуға болады. Тек аймақтың қашықтығы ғана туристер ағынының көп болуына аздап кедергі келтіруі мүмкін, алай­да кейінгі бірнеше жылда Шы­ғыс Қазақстан облысында тау са­парларын ұйымдастыруға ба­ғыт­талған бірнеше демалыс орын­дары ашылды.

Түркістан облысында Сайрам-Өгем мемлекеттік табиғи паркінің шатқалдарына туристік сапарлар ұсынылады. Қызмет көрсетумен айналысатын турфирмалар және бақса да ұйымдар негізінен Шым­кент қаласында орналасқан. Сапарға шығу орындарын таң­дауға Ontustik Tourism Center ақпа­раттық бюросының мамандары да кө­мектеседі. Айтпақшы, тау туриз­мі сіз үшін уақыт өте келе альпинизм­ге ұласуы мүмкін.

 

Жүре берсең – көре бересің

Жаяу бағыттар – әдетте әлемнің түрлі елдерінде жабайы, адам аяғы баспаған аумақтар арқылы өтеді. Адамдар өркениеттен алыс­тап, табиғатпен жақындасып, біртұтастай өмір сүріп көргісі ке­леді. Елімізде мұндай алыс, әдемі, жабайы орындар айтарлықтай көп. Ал бұл бағытта маманданған кәсіби гидтер немесе туристік фирмалар өкінішке қарай жеткіліксіз. Дегенмен бұл сізді қызықтырған табиғат объектісінің немесе ланд­шафтың орналасуына байланысты.

Еліміздің барлық облыстарында мәртебелеріне сәйкес көп, не аз мөлшерде (қорықтарда аз, ұлттық парктерде көп) туристік бағыттар жүргізілетін айрықша қорғалатын табиғи аумақтар бар (бұдан әрі – АҚТА).

Егер Қазақстанда 13 мемлекет­тік ұлттық саябағы және 10 мемле­кеттік табиғи қорық бар екенін ескерсек, онда жаяу сапарыңызға қайда баруыңызға болатыны жөніндегі таңдау өте ауқымды. Әрине, АҚТА-ларда туризмнің бас­қа да түрлері бар, алайда бәрі­нен бұрын жаяу турлар танымал, себебі олар қоршаған ортаға ең аз зиян тигізеді және мемлекет қор­ғауындағы аумақтарда жүруге ең қолайлы болып келеді. Дәл сондай танымал объектілердің барлығы орналасқан Айқай құм, Қатутау таулары, Ақтау ( «Алтын Емел» ұлттық паркі, Алматы облысы), Көл­сай көлдері, Қайыңды көлі («Көл­сай көлдері» ұлттық паркі, Алматы облысы), Шарын шатқалы және оның «Шетен орманы» (Ша­рын ұлттық паркі, Алматы облысы), Баянауыл ұлттық паркінің әдемі аласа таулары, жартастары мен көлдері (Павлодар облысы), «Жұмбақтас», «Оқжетпес», айналасын қарағайлы орман қоршаған көлдер – бұл Ақмола облысының табиғи байлығы – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Мұзтау, республиканың ірі ұлттық паркі – Катонқарағайдың (ШҚО) көптеген сарқырамалары, Сайрам-Өгем паркінің әсем шатқалдары (Түркістан облысы).

Мемлекеттік табиғи қорықтар­дан бірінші кезекте мыналарды атап өтуге болады: Марқакөл көлі (Марқакөл қорығы, ШҚО), Батыс Алтай қорығындағы «Тастағы ертегі» (ШҚО), Ақсу-Жабағылы қо­рығының шатқалдары да Дүние­жүзілік мұра объектісі.

Жоғарыда аталған барлық мемлекетпен қорғалатын аумақтарда бірнеше (бестен онға дейін) турис­тік бағыттар бар. Ұлттық парктер мен қорықтардың деректерін табу еш қиындық туғызбайды, өйткені олардың әрбірінің өз вебсайттары бар.

Айтпақшы, парктегі немесе қо­рық­тағы кез келген ба­­ғытқа сіз міндетті түрде гид­пен бірге барасыз, өйткені сіздің саяха­тыңызды ұмытылмастай әрі қауіп­сіз етеді. Егер басқа аумақтарға жол тарт­саңыз, өзіңізбен бірге спут­никтік телефонға дейін барлық түрлі байланыс құралдарын алға­ныңыз жөн, еліміздің шалғай өңір­лерінде, сіз, шынында да өрке­ниет­тен алыс, инфрақұрылым мен ұялы байланыс жоқ жерлерде бо­лып қалуыңыз мүмкін!

 

Атпен серуендеу

Жаяу бағыттардан атпен жү­ру сапарларына ауысу ақылға қонымды. Себебі айрықша қор­ғалатын табиғи аумақтарда атпен саяхаттау да кең таралған. Бұдан басқа бұл жерде туризмнің жаңа бағыты – агро-немесе ауылдық туризм туралы айта кеткен орынды. Ауыл-аймақтардағы бірінші қонақ үйлер Қазақстанда 15 жыл бұрын пайда болды десек те, кейінгі жыл­дары бұл бағыт қарқынды даму үстінде. Алматы, Түркістан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында жаңа қонақүйлер салынып қана қоймай, бұл үйлердің қонақжай иелері ұсынатын қыз­меттер түрі де кеңейе түсуде. Ал ауылдық жерді атсыз елестетуге бола ма? Әрине, болмайды! Атпен саяхат – агротуризмнің ғажап түрлерінің бірі.

Бұдан басқа, атпен жүрудің бағыттарын түрлі туристік фирмалар ұсынады. Жетісу жайлауларында атты турлар сұранысқа ие. Қаладан алыс емес жерлерге де саяхат құруға болады. Мысалы, Үшқоңырға, сондай-ақ Қаскелең, Ақсай шатқалдарына. Егер уақыт мүмкіндік беретін болса, онда Алматыдан 200-300 шақырым алысқа баруға да болады, атпен сая­хаттау бағыты басталатын жерге дейін автокөлікпен барып, әрі қарай атқа мініп кету­ге бола­ды. Ассы немесе Шал­кө­де жай­лауларының керемет көрініс­терінен ләззат алуға болады.

 

Велосаяхат

Велосипед саяхаттауға ар­налған көлік түрі ретінде Қазақ­станда танымал бола түсуде. Еліміздің кез келген өңірінде жергілікті қоғамдастықтар, вело­әуесқой клубтары бар. Алайда олар­дың басым көпшілігі қала­да немесе қала маңында велоси­пед «тебумен» шектеледі. Қа­лауыңызша солардың қатарына қосыла аласыз. Өмірге қажетті барлық жабдықтарды өзімен алып жүретін спорттық велотуристер бар. Бірақ біріншісі де, екіншісі де автомобильмен ілесіп жүріп, гидпен ақылы, толық қызмет ұсы­натын тур ұйымдастыруға бейім­делмеген. Мұндайға қабілетті ком­паниялар елімізде, өкінішке қарай көп емес, бірақ бар. Соның бірі Алматы қадасында орналасқан – «Велосипедпен саяхаттаушылар клубы». Десе де ұйым тек Алматы емес, Қазақстан бойынша да турлар ұйымдастырады.

Велотуризм тақырыбы ауқым­ды және шексіз. Атап айтқанда, оның бағыттарының бірі – маунтинбайкинг. Темір тұлпардың еріне мініп тауға тартып отырудың ең сенімді жолы турфирмаларды іздеу емес, өзіңіз тұратын өңір­дегі велоқызығушылар қоғам­дастықтарын тауып, солармен дос­тасып әрі қарай бірге саяхаттау! Осылайша «Экстремальды атлетика» қоғамдық ұйымы (Алматы) тау велосипеді бойынша жарыстарды тұрақты түрде ұйымдастырып тұра­ды. Шындығында, мұндай старт­тар табиғаттағы белсенді дема­лысқа емес, оқиғалық туризмге жа­тады.