ПКСА-M – отандық әскери-өнеркәсіптік кешенінің кезекті озық үлгісі. Мұны автоматтандыру жүйелерінің далалық кешені деп те атайды. Өйткені мұнда стратегиялық, жедел-стратегиялық, жедел-тактикалық басқару бекеттерін автоматтандыруға арналған жүйе бар. Нақтылай айтқанда, ақпараттық жүйелердің жұмысын, ақпаратты автоматтандырылған, тіпті автоматтандырылмаған режімде де жинау мен өңдеуді, сақтауды қамтамасыз етеді.
– Әскери-бағдарламалық кешеннің құрамына спутниктік байланыс жүйесі енгізіліп отыр. Бұл кешенмен Қазақстан Қарулы Күштерінің қолданыстағы спутниктік желілермен үйлесімді жұмыс істеуге болады. Оның мәліметтерді алмасу жылдамдығы 2 МБ/с болса, антенна жабдығы –40°C-тан +50°C-ге дейінгі температура аралығында жұмыс істей береді, – дейді радио взводының командирі, лейтенант Әділет Құрмашев.
Оның айтуынша, жаңа әскери-бағдарламалық кешеннің кең ауқымды артықшылығы бар. Басқаша айтқанда, әлеуеті жоғары деуге болады. Өйткені ақпараттық-технологиялық мәселелерді шешуге, әскерлерді басқаруға оң ықпалын тигізеді. ПСКА-М байланыс арналарын қабылдап, шифрлауға, деректерді ашық, жабық байланыс арналарымен беруге, кем дегенде 50 пайдаланушының қосылуымен жергілікті компьютерлік желіні орналастыруға мүмкіндік береді. Барлық қажетті ақпарат командалық бекеттің визуалдау құрылғысында жедел көрсетіледі. Принтерлер мен плоттерде басып шығарылады.
Сонымен бірге, ультратолқынды диапазондағы радиобайланысты қамтамасыз етеді. Мұндай арнайы бағдарламалық қамтамасыз ету әскерлерді жауынгерлік әзірлікке шақыру жөніндегі дыбыстық белгідерді жедел қабылдауға, командалардың орындалуы туралы есеп беруге, командалық-басқару органдары, құрамалар мен бөлімдер арасындағы іс-шараларды бөлу, сондай-ақ жауынгерлік тапсырмаларды құрастыру мен орындалуын бақылауға жол ашады.
Атырау облысы