Елбасы • 30 Қараша, 2020

Көреген көшбасшы

567 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Елімізде Тәуелсіздіктің алғашқы ақ таңы атқан тұстан бастап-ақ білім саласының өркендеуінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өлшеусіз еңбегі ерекше танылды. Әсіресе жоғары оқу орындарындағы білімді әлемдік деңгейге көтерудегі қамқорлық аясы ұшан-теңіз. Мен оған Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің элиталық білім алудағы алғашқы қадамын жасаған кезде куә болдым.

Көреген көшбасшы

Нұрсұлтан Әбішұлының жаңашыл­дығы оның өзіне ғана тән қайталанбас мінезінің асыл қырларынан көрінеді. Астана қаласында бой көтере бастаған халықаралық деңгейдегі жаңа университет білім мен ғылымның жаңа биігіне, сапасы бөлек ғылым теңізіне айналарына өзі де сенді, бізді де сендірді. Сөйтіп, бізге берген тапсырмасын қадағалап отырды. Сонау жылдары әлемдік деңгейдегі Массачусетс технология институты, Гарвард, Оксфорд, Колумбия университеттерімен иық тірестіруді алдымызға мақсат етіп қоюы көзсіз ерлік болатын. Мұның бәрі Тұңғыш Президенттің дүниежүзілік құбылыстың алдын орай білетін ерекше қасиет иесі екенін байқататын. Сезім де, сенім де алдамады, іске белсене кіріскен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұжымы межеден көріне білді.

1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкіл­халық­тық сайлау нәтижесінде еліміз Тұң­ғыш Президентін сайлады, сол күннен тәуел­сіздік тарихы басталды. 2011 жылғы 14 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақ­стан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына толықтырулар енгізу туралы» Қа­зақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда 1 желтоқсанда аталып өті­летін жаңа мемлекеттік мереке – Қ­азақстан Рес­публикасының Тұңғыш Пре­зиденті күнін белгілеу көзделген болатын.

Елбасы ел тұтқасын қолға алған сәт­тен бастап, әлем тарихында жар­қын із қалдыратын қыруар іс атқарды. Со­ның бірі – 1991 жылдың 29 тамызында 60 жылға жуық уақыт бойы Абай, Шәкәрім сынды даналар дүниеге келген Семей топырағындағы ядролық сынақтарды тоқтату туралы Жарлыққа қол қоюы ерлікпен пара-пар еді. Әри­не, мұндай қадамға бару жолында кедергілердің көп болғандығы сөзсіз. Мемлекет басшысының жеке бастамасы­мен тәуелсіздік жылдарында эконо­микалық, саяси, әлеуметтік реформалар батыл жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегендігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Елбасының сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылығы артты. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, зерттей келе, жа­саған тұжырымы – «Қазақстандық жол» яғни «Назарбаев моделі» деп бағаланды.

Мемлекет басшысының басты қағи­дасы – қандай жағдайда да өмір сүру принципі мен білімді жетілдіруді үздік­сіз үйреніп, ұдайы жетілдіру қажет. Ол үшін намысыңды қамшылап, әлем білім­ділерінен талмай іздене отырып, халқыңа керекті тұстарын талғампаздықпен үй­рену, жинаған біліміңді, өмірден түйге­ніңді қанаттас әріптестеріңе, әсіресе жас­тарға үйрету, сол арқылы қоғамды алға сүйреу болғанын кештеу болса да ұқтық.

«Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына кіру стратегиясы» – адам факторын алдыңғы межеге шығудың дәлелі болды. Іскерлік пен білімділік талап етілді. Соны ескерген Елбасы Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, ең бір қиын кезеңде, білім саласына баса назар аударды. 1993 жылы мемлекеттің ертеңін ойлап Халықаралық «Болашақ» стипендиясын тағайындады, білім беруді жетілдірудің Қазақстандық моделі жасалды. Білім беру саласында үздіксіз білім алу, саналы түрде ғылыми жаңалықтар ашу, іздену, оқу-білімнің жаңашылдығы жолын жетілдіру Тұжырымдамасы алғы межеге шыққанын көзіміз көрді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық идеяны жетілдіру теориялық жаңартуға қол жеткізу екеніне жұртшылықтың назарын аударды. Кеден одағы Қазақстан, Ресей және Беларусь толыққанды Еуразиялық одаққа жақындады. Бұл – Назарбаев идеясының шыншылдығын көрсетті.

Жеке халықаралық қоғамдастыққа кіру – ол тұста орындалмайтын міндет болатын. «Сондықтан халықаралық қоғамдастықта Назарбаевтың «Дағдарыстан шығудың кілті» деп аталған жаңа жаһандық бастамасы – әлемдік қаржы-валюта жүйесін ұйымдастыру, әлемнің жаңа геосаяси құрылымын құру оң қабылданды», – деп бағалады М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий. Ол дөп пайымдады, өйткені «Назарбаев феномені» – көп қырлы құбылыс.

Елбасының саясаткерлігі ел тағдырын болжауда анық байқалады. Саяси өркен­деудің сабақтастығын, әлеуметтік-эко­номикалық бағытымыздың жүйелілігін әлемге жаңа қырынан көрсету мақсатында Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа президенттікке үміткер ретінде Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен төңірегінен табылған сенімді шәкірті, қайраткер, дипломат, әлемдік қоғамдастыққа танымал тұлға Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды. Осылайша, Елбасы мен жаңа Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев арасындағы ел бірлігін нығайту жолындағы жаңа Қазақстан қоғамы жаңа қадамды дамытуда белсенділік таныта түсті. Шынында да Елбасының ұзақ жылғы тәжірибесі, білімі мен біліктілігі тәуелсіз мемлекетімізді жандандыра түсуге қызмет етері анық. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2019 жылдың 12 маусымындағы ұлықтау рәсіміндегі сөзінде орынды атап өтті: «...Біз үшін ең маңызды міндет – заңға сай адал қызмет ету. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Тағдырымыз бір. Біз халқымыздың жарқын болашағы үшін бәріміз бірге еңбек етеміз. Ақиқатын айтуымыз керек, бұл сайлауда біздің азаматтарымыз Елбасының стратегиялық бағдарын қолдап дауыс берді. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл әлем мойындаған даму моделін жасады. Қазақстанның көк туын дүние жүзінің түкпір-түкпірінде жел­біретті. Осы күндері менің атыма азаматтары­мыздан көптеген өтініш-тілек­тер келіп түсуде. Олардың бәріне ортақ бір ғана тілек – Елбасымыздың жолын, стратегиясын сақтау және оны одан әрі нығай­ту. Шын мәнінде, халықтың дәл осын­дай өтініш-тілек айтуы заңды, орынды. Себебі қазіргі замандағы дамыған Қазақстан – бұл ең алдымен Елбасының арқасы».

Ғасырлар тоғысында Елбасының арқа­сында мың тарау толқындардың жетегіне ілеспей, ерекше дараланып алға оза шыққан бүгінгі қазақ елінің өзін­дік қалыптасқан сара жолы іргелі мемле­кеттердің біріне айналдырды. Әлем мойындаған ақиқат: Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев білгір саясаткер ретінде қандай қиын кезеңде де тәуелсіз Қазақстанды гүл­дендіруді ойлады, әлемдік озық елдердің қатарына қосылуды мақсат тұтты.

Елбасының мұраты – зияткер ұрпақ тәрбиелеу, саяси тұрақты мемлекет құру, Тәуелсіздікті ұрпақтан ұрпаққа ама­нат ету, білімді ұлт қалыптастыру, экономиканы көтеру.

Сонау қиын кезеңде Арал теңізінің солтүстік бөлігін құтқару үшін Елбасы нақты шаралар атқарды. Семей полигонын жабу туралы маңызды шешім қабылданды. Ол жайында Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті – Елбасы: «... мені бірнеше рет, Мәскеуге шақырып Горбачев мырза «жабуға болмайды» деп, «Америкадан қалып қоямыз»... деп. Бір күн талқыладық. Семейді «жарқыратамыз» деді, бірақ мен олай болмайтынын түсіндім. Одақта ол кезде ақша жоқ. Сондықтан Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойдым», – деп еске алады. Мұның астарында қаншама сыр жатқанын пайымдау қиын­ға соқпас деп ойлаймын.

Бейбітшілік пен тұрақтылықты ту еткен Қазақстанның бұл ұстанымы әлемдік аренадағы беделінің артуына себеп болды. Еуразиялық экономикалық одақ, ШЫҰ, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес сынды ұйымдардың құрылуына мұрындық болған еліміздің елеулі істерін түрлі жи­ынға қатысқан шетелдік сарапшылар атады.

Елорданың Тәуелсіздік сарайында өткен Қазақ хандығының 550 жылды­ғына арналған салтанатты жиында Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіздік – қазақ халқының өшкенін жандырып, өлгенін тірілтті. Алматы мен Астанада, ірі елді-мекендерде Керей мен Жәнібек, әйгілі хандарымыздың, батырларымыздың еңселі ескерткіштері бой көтеріп, олардың есімдері елді мекендерге беріле бас­тады. Бабаларымыздың ерлік пен кү­реске толы өнегелі өмір жолдары жай­лы том-том шығармалар жазылды. Тәуелсіздікпен бірге, ұрпағына ұлан-ғайыр қоныс қалдырған батыр бабаларымыздың биік рухы қазақтардың, әсіресе, жаңа буынның арасында аса зор патриоттық өрлеу туғы­зып, ұлт тарихына деген мақтаныш сезімдерін оятты. Қасқа жолды Қасым хан хандықтың іргесін бекітіп, керегесін керді. Оның ұрпағы Хақназар хан шекарасын Еділдің бойына дейін кеңейтсе, Тәуекел хан Түркістан өлкесін түгелдей Қазақ хандығына қаратты. Ең­сегей бойлы Ер Есім елдің іргесін бекіту жолындағы күресте қолбасшылығымен танымал болды. Салқам Жәңгір хан Орбұлақ түбіндегі шайқаста жоңғарларға ойсырата соққы берсе, Әз Тәуке «Жеті жар­ғыны» енгізді. Ел билеген хандардың өмірі майдан шебінде өтті. Қазақтың алғашқы 14 ханының 7-еуі майдан даласында қаза тапты. Бүгінгі ұрпақ оларға ризашылығын білдіреді», – деген болатын. Біздің санамызда ел билеген, батыр, би десе, қатыгез жандар бейнесі елес береді. «Қазақтың алғашқы 14 ханының 7-еуі майдан даласында қаза табуы» жүрек тебірентпей ме? Сондықтан өзгеге құлақ түріп елеңдемей, өз санаңдағы ақыл-еспен пайымдауға үйреніп, ақ пен қараны айырып, құндылықтарды саралай білу парыз.

Ата-бабамыз ат үстінде жүріп елін қорғамаса, бүгінгі ұрпақ елім деген ұла­ғатты сезімді жүрегіне дарыта алар ма еді? Ен­деше, тарихқа есесі кетіп, қиындыққа төзг­ен халқымыздың бүгінгі тағдыры туралы тебіреніс – Президентіміз туралы толғаныспен сабақтас болуы заң­дылық. Қазақты қабырғалы ел етіп, бабалар түсіне енбеген осыншама кереметке толы құдіретті жасаған Елбасының кемеңгерлігі туралы қалай айтсақ та жарасады. Тек­тілік деген тегіне тартқызбай қоймай­ды екен деген рас. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының арғы тегі қазақ тарихында қолбасшылығымен, билігімен, ше­шен­дігімен өшпестей із қалдырған қай­раткерлердің ұрпағы. Бабалары – еңсегей бойлы Есімханның туын ұстаған қол­басшы Қарасай батыр, Қарасайұлы Көшек батыр, Назарбай би деп тізбелене бермек.

Телегей теңіз білім мен қажеттіні таң­дай білетін аса сезімтал зеректік қа­сиет­­тің арқасында Елбасымыз АҚШ-тың өткен ғасырдың отызыншы жылда­рындағы Рузвельттің «Ұлы дағдарыстан шығу» жолын, Қытайдағы Дэн Сяопин жүргізген  «Айдаһардың секірісін», Малайзия жос­пары сынды іркілістен жетелеп алып шыққан әлемдік тәжірибелерді орынды ескерді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зиденті Н.Ә.Назарбаев – халқы­ның бағына туған дара, дана тұлға, кө­реген көшбасшы, сарабдал саясаткер. Тәуелсіздіктің көк байрағын биікте желбіреткен Елбасының өмірі мен ең­бек жолы көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге екені айдан анық. Елбасының: «Отандастарымнан бөлек уайымым да жоқ, олардан бөлек қайғым да жоқ. Нені болса да елмен бірге көремін, елмен бірге төземін, елмен бірге жеңемін»  деген сөзі ешкімге шүбә келтірмейді. Мұндай қарапайым, халықтық әрі жан тебірентерлік сөзді Елбасымыз күнде айтумен келеді. Ісімен де, шешімімен де, әрбір тың бастамасымен де, қызмет барысындағы қамқорлығымен де айтты. Өйткені бұл сөз оның мәңгілік серігі болған адамдық, азаматтық, қайраткерлік кредосы, Көшбасшылық тұжырымы!

Қытай еліне барған сапарымның бірінде: «Дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме» деген қытай мақалын естіп, ішімді жиып алдым. Неткен сұмдық сөз! Өйткені өткен ғасырдың соңы ғасыр мен ғасыр алмасып, заман өзгеріп жатқан тұсқа тура келген-ді. Біз осы күнге кедейшіліктің тақсыретін тартып, санамыздан айырыла жаздап әрең іліккен едік. Нарықтың қос бүйірден қадалғаны тағы бар, өзге елдер де қолдау көрсетерлік деңгейде емес-ті. Соншалықты ауыртпалықты мойнына алуының сырын кейінірек білдік. Ол елге сенді, болашаққа үміт артты. Оны Елба­сының: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Ота­нымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан» деген жү­рекжарды сөзінен-ақ біле берсе болады.

Ұлт көшбасшысы жайлы әңгіме толастамайды. Ол мұхит көкжиегі тәрізді арнасын кеңге сала беретін болады. Нұрсұлтан Назарбаев жасампаздықтың шынайы көреген тұлғасына айналған теңдессіз тұлға.

Әлем халықтары әлі күнге тәуел­сіздіктің алғашқы таңында қазынасында көк тиыны жоқ мемлекеттің нарық қыспағынан қалайша сытылып шығып, әлемдік деңгейдегі қисапсыз жетістікке көтерілу құпиямызға көз жеткізе алмай келеді. Мұның еш құпиясы жоқ. Дарынды басшы елі үшін теңдессіз тағылым мектебі болатын өткеніміздің құпиясын жаңа қырынан аша білді. Қазақ тарихы тұрмақ, түркі әлемінің мемлекеттілік тарихының барлық кезеңдерінің бүге-шігесін жетік меңгеріп, қай тұста қате жіберіп, қай кезеңде өрлеуге беттегенін ғылыми дана­лықпен дамыта отырып, табиғатында қан­менен туа біткен кемел көсемдігінің арқа­сында санасында саралайтын ғұ­ла­ма саясаткер болғандықтан, жаңа қоғамда терең тамырлы тұжырымдамалы еңбек­тердің авторына айналды. Ол сонысымен де қайталанбас талант ретінде мәңгі жасайды. Өйткені қазақ елін тәуелсіз мемлекет ретінде жаңғыртып құрудың ұшар басында тұрғаны халық жадынан кетпек емес. Ұлтының бағына, кемел ұрпақтың болашағына туған дарынды Ұлт көшбасшысының туған елі үшін істейтін жасампаз еңбегі әлі талай жалғасын таба бермек! Халық айтса, қалт айтпасы мәлім, ол – елі үшін туған ерен азамат. Сондықтан Ұлт көшбасшысын туған халқы бір ауыздан қолдаумен келеді.

Сәрсенғали Әбдіманапов,

Қазақ экономика, қаржы және

Халықаралық сауда университетінің ректоры,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері