Қоғам • 03 Желтоқсан, 2020

Балқарағай терген балақайлар

1368 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әбден қара күзде ұйытқи соққан жел қара жердің шаңын көтеріп, маңайды астан-кестен ететін. Ымырт түсе күшейіп, таң атқанша ұлитын. Әй, бірақ сол заманда бәленшенің шатырын ұшырып кетіпті дегендей оқыс оқиғаны естімейтінбіз. Әйтеуір Алтайдағы күн райы жылдағы осы құбылысынан жаңылған емес.

Балқарағай терген балақайлар

Суреттерді түсірген автор

Түнімен ышқынып, түске қарай дала түк болмағандай меңіреу күйге түсетін. Сонда қол арбасын сүйретіп көрші үйден Данияр жететін. Бөтен кірсе, шынжырын үзіп кете жаздап абалайтын мойнақ оған көз қиығын ғана салады. «Тұрдыңдар ма-ей? Кеттік тауға, балқарағайдың бәрі жерде жатыр», деп салдырлап кіреді үйге. Иә, жаздың күні самырсынның басынан түспей қалған балқарағайдың бәрін жел сілкіп, жерге түсірген. Қарға қадалып-қадалып жатқан балқарағайды жинау, жаздағыдай емес, әлдеқайда оңай. Бір көшенің балалары топтасып, самырсынды белдеуге қарай бет түзеп, жаяулатып келеміз. Өзге ағаштар жалаңаштанып қалған соң балқарағай самырсындар көгереңдеп көзге алыстан көрінеді. Даниярдың сүйреген қол арбасы өрге қарай көп-көрім жүк. Оны қойып, бос қаптарды нығыздап салып алған рюгзактың өзі салмақ салатын. Баратын жеріміз ауылдың іргесінде-ақ, Сарымсақты өзенін бойлай шыққандағы иық. Орман күзетшілерінің тікұшағы да Марқакөлге ұшқанда осы иық­пен асады. Әйтпесе тікесінен тік Алтайдың асқарын төменге тастап ұша алмайды.

1

Балқарағай бағасыз еді...

Көктем мен күзде аңдардың миграциялайтын соқпағы да сол маңда.

Бірінші самырсынның түбіне жеткенде-ақ шашылып жатқан бал­қарағайды жапа-тармағай жинай бастағанбыз. Қылқанды ағаштың са­лалы бұтақтарынан «қыстайғы азы­ғымыз» дегендей тиіндер жәудірейтін. «Жер біздікі» дегендей маңайды борша тышқан торуылдап жүретін. Шын-өтірігін білмедім, байқаусызда осынау жотасы тарғыл борша тышқанның жинап қойған азығын алып кетсеңіз, ыза болған аң аша тәрізді бұтаға асылып өледі екен-мыс.

Қоңырқай тартқан бүршіктер қардың суын бойларына сіңіріп үл­геріпті. Жарты қаптың өзінде көп-көрім салмақ бар. Өзіміз де су қарға малшындық. Қойын-қоны­шымыз шылқыды. Ертең күрк етіп жөтелгенімізді анамыз естісе, сазайымызды тарттырады. Сол үшін ауырмауға тырысатынбыз. Сана­мызды ауруға қарсы бағыттап қой­ғаннан ба, қыңқ етпейтін едік.

Кешке дейін он шақты қап­ты толтырдық. Бәрі зілдей. Не­ де болса, тастайтын емес. «Керек тастың ауыр­лығы жоқ» демек­ші, арқаласақ та жеткіземіз үй­ге. Дөңгелегі қиқа­лақтаған Данияр­дың қол арбасына әдістеп, төрт-бес қапты өңгерген бол­дық. Сый­мағанын иыққа лақтыра сал­дық. Сәл жүрген соң желкені қа­жады. Көз қызығып жинай беріппіз. Тиін байғұсқа қал­дырып кету керек еді деп қоя­мын. Қоя тұрып, демалып алайын десең, өкшелеп келе жат­қандар бар. Бала намысқа тыры­сып баққамыз. Білем, олар да намыстың қамшылауымен келе жатыр. Жалғыз келе жатса, ар­қалағаны алтын болса да бір сай­ға домалата салар ма еді?! Тө­менге түскенше, екі-үш рет тізе бүгіп, тыныстағанымыз бар. Үй жаққа жеткен соң теңдей етіп бөлдік. Бәрінің еңбегі бар. Ен­дігі жұмыс, тісті ағашпен үгі­ту еді. Ол жарты сағаттың шаруасы. Ең өкініштісі, бүршігін үгіп, дәнін алғанда бір қабыңнан бір-ақ дорба дән шығады ғой. Оны кешкісін теледидардың алдында отырып, тырсылдатып шағып, тауыса саласың. Дәмі таңдайдан кетпейді. Ал өзге жақтың адамдары мыжып ша­ға алмайды. Сүйегі шеміш­кені­кіндей емес, қатқыл. Тырс еткізіп тістегенде дәнін бөліп алмауың керек.

Ол заманда балқарағайда баға жоқ-тұғын. Өзіміз қыстың ұзақ кешінде ермек қылу үшін әкелетінбіз. Ол заман деп отыр­ғаным, тоқсаныншы жыл­дардың соңы-ау деймін. Одан бұрын да ешкім сату үшін соқпайтын.

1

 

Жаңғақ жинау кәсібі

Кейін ғой, балқарағай шық­­қан жылдары әр ауылда­ бір­­ден, екіден қабылдау пунк­тері ашыл­ған. Кейбіреу басқа істерін ысы­рып қойып, балқарағаймен ай­налысып кетті. Тауда қона жатып соғады. Бірақ кез келгені елпілдеп, басын жел тербеп тұрған самырсынға шыға алмайды. Жіңішкелеу келген шымыр жігіттер болмаса, бітік өс­­кен бұтақтардың ара-арасымен ұшар басына өрмелей алмайды. Бүршіктер де сол, бас жағында өседі емес пе?! Биігіне көтерілген соң бұтақтарды тепкілеп жүріп жемісін түсіреді. Аяқ киім дұрыс болмаса, табаның күп болып ісіп кетуі де ғажап емес. Алақанға қап-қара болып самырсынның шайыры жабысады. Оны сары маймен ысқылап кетірмесе, сабын­ды су­ға аршыла қоймайды.

Жерге топырлап түскен бүр­шік­терді жинап алу да оңай шаруа емес. Қай бір самырсынның түбі алаң-ашық болып жатар дей­­сіз. Бұ­та-қараған, жыңғыл. Со­ның арасынан еңбектеп жү­ріп бір-бірден тереді. Жақсы шық­­қан жылдары бір самыр­сын­нан бір, бір жарым қапқа дейін түсетін. Әйтпесе жартыдан ас­пайды.

Ұлттық парк қызметкер­лері­нің айтуынша, жергілікті тұрғындарға 10 килоға дейін рұқсат, ал шеттен келгендер өз еріктерімен барып ала алмайтын көрінеді.

Кейінгі жылдары балқара­ғайды мезгілдік кәсіптеріне ай­налдырғандар қона жататын шатырларын, ет тарт­қышқа ұқсатып, темірден жасалған заманауи балқарағай үккіштерін, қалбырларын алып бірақ шыға­ды тауға. Тауға шыққанда да, іргедегі емес, анау жақтағы адам аяғы баса бер­мейтін жон-жай­лау асып кетеді. Тіпті бұл кәсіп­тері үшін асты биік ескі-құсқы көлікке дейін сатып ал­ған. Күн ұзақ жүріп табиғаттың бер­ген байлығын жинап алған соң кешкісін үгітіп, дәнін қалбырлап қаптайды. Содан үйіне жеткізген соң желдеткішпен артық-ауыс қоқымын ұшырып тазалайды. Бұрын ғой, шатырға шығып алып, ысқырып, жел шақырып ұшыратын. Қазір халық бәрін оңтайландырып алған.

Килограмдап емес, тонна­лап жинау қаншалықты заңды, бей­мәлім бізге. Бір байқағанымыз, бұрынғыдай ағаштан ағашқа секіріп жүретін тиіндер көзге көп түсе бер­мейді. Ауып кетсе ке­рек, кім білсін?! Балқарағай са­мыр­сынның өзі де үш-төрт жыл­да бір жеміс береді.

Сөйтіп, тырнаштап жинаған дән­дерін әбден кептіріп, қапқа салады да қабылдау пунктеріне өткізеді. Килосы 800-1000 тең­геден. Қара базардағы литрлі бан­кідегісі 1500-2000 теңгенің ма­ңайында болатын.

 

Қызығын Қытай көреді

Ал қабылдау пункттерінен қа­лаға, одан әрі Қытайға жөнел­тетін көрінеді. Қытай бал­қа­рағайдың дәнін сығып, майын алады да қабығын ұнтақтап, ұн жасайды екен. Одан дәмді тоқаш, бәліш пісірілетін көрі­неді. Мейрамханаларында жаң­ғақ қосылған сыра бағалы мә­зір­лердің бірі деседі. Қытайда ғана емес, Еуропаның көптеген мем­ле­кет­терінде балқарағай дә­нінен жа­салған дәрілерге сұраныс көп. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Иван Грозный патшаның тұсында балқарағай жаңғағын Ресей жылына 300 мың пұтқа дейін Швеция мен Англияға экспорттапты. Ал ака­демик П.Паластың XVIIІ ғасырдағы жазбаларында Шве­­цияның дәріха­наларында омы­­рау бездерінің ауру­ларына қар­сы балқарағай майынан дә­рі­лер сатылатыны жазылған. Тағы бір деректерге зер салсақ, орыс ем­шілері бұл жаңғақтың майын гипертония, атеросклероз, асқазан жарасына қарсы пай­даланыпты. Терінің күйген жер­­лерін де тез жазады екен. Адам­ның иммундық жүйесін кү­­шей­тетін де қасиетке ие. Ма­йында түрлі микро, макро эле­­менттер бар. Құрамында кө­мірсу, ақуыз, фосфор, кобальт, йод кездеседі. Демек көз жа­на­рының көруіне, баланың өсіп-жетілуіне таптырмас дәру­мен­дерді шетелдіктер бағзы заманнан бері тұтынып жүр.

Бізде ше?! Бізде еріккеннің ермегі сияқты. Одан қалса, сәлем-сауқатқа қосып, балқара­ғай – брендіміз деп құр мақта­намыз. Сондай әуремен келетін Алтайдың жемісін неге өзі­мізде өндірмеске?! Балқарағайды қабыл­дайтын пунктерге қадаға­лау болмаған соң да есіл байлық шекара асып жатыр. Қазаннан қақпақ кеткен соң аса береді де.   

  

P.S. Катонқарағайдың қақ ортасында майын сығып, қабығын кәдеге жарататын зауыт салып, игілігін неге өзіміз көрмейміз?! Шекаралық аймақтарды дамыту керек болса, сондай ауқымды жобалардан бастаған дұрыс шығар. Әйтпесе, «ауылға су тарттық, жарық тарттық, жолын жөндедік» деген жаңалық XXI ғасырға тән емес. Қыл аяғы, ол деген мемлекеттің міндеті емес пе?!

 

Шығыс Қазақстан облысы