Адам капиталын дамыту
Жолдауда білім берудің жаңа түрін дамыту, кәсіби құзыреттілікті қалыптастыру мәселесіне ерекше мән берілген. Қарулы Күштерде бұл мәселе әрқашанда бірінші кезекте тұрады, өйткені жабдық пен техника қанша жерден жетілдірілген болса да кәсіби мамансыз олар химиялық элементтер мен микросхемалар жиынтығы болып қала береді.
Мемлекеттің қаржылық мүмкіндігін ескере отырып, армия құрылымына және жауынгерлік даярлық жүйесіне анағұрлым қажетті және қазіргі замандағы қарулы жанжал барысында қолданылатын компоненттер енгізілуде.
Әскери қызметшілер заман талабына сай кез келген жағдайда қарумен, қарусыз да қарсы келген қарсыласқа төтеп беруге дайын болуға тиіс. Жүргізілген талдауға сүйенетін болсақ, бүгінгі күні жақын ұрысты жүргізу кезінде жауынгердің дербес дағдылары дамыған болуы қажет. Армиялық қоян-қолтық ұрыс және атыс қаруын қолдану тәсілдерін үйлестіру кезінде жан-жақты зейін қою, ден қою жылдамдығы, бақылау және кеңістікке бейімделе білу дағдылары шыңдала түседі.
Сондықтан биыл алғаш рет жауынгерлік даярлық процесіне армиялық тактикалық оқ ату енгізілген болатын. Қазір әскери қызметшілер әртүрлі жағдайда, әртүрлі қарудан отырған, жатқан қалпында, жүріп келе жатып, бүркемеден, ойықтардан, қолды ауыстырып, қозғалып келе жатып қаруды қайта оқтаумен оқ атуды үйренуде. Жаттықтырулар қарусыз шабуылдау және қорғану үшін армиялық қоян-қолтық ұрыс кешенін қамтиды.
Қазіргі уақытта спорттың бұл түрінің танымалдығы артуда. Қарулы Күштермен қатар басқа да әлеуетті құрылымдар өкілдерінің қатысуымен жарыстар мен чемпионаттар өткізіледі. Бүгін көптеген бала мен жасөспірім спорттық клубтар мен секцияларда осы спорт түрімен айналысып жүр, бұл әрине әскери қызметке деген қызығушылықты арттырады.
Биылғы жылдан бастап оқу-жаттығулар мен жаттықтырулар алғаш рет қазіргі заманғы күштер мен құралдар болып табылатын ұшқышсыз ұшу аппараттарының, артиллерия топтарының, майдан және армиялық авиацияның, заманауи барлау мен басқару құралдарының өзара іс-қимылы кезінде бірыңғай кешенді стратегиялық міндет түрінде өткізіледі.
Әскери қызметшілердің сыни ой-өрісін дамыту, интеллектуалдық деңгейін арттыру және қалыптан тыс жағдайларда әрекет ете алуы үшін биылғы жылы әскерде жаңа оқыту түрі енгізілді. Бұл – әртүрлі тақырыптар бойынша шамамен 50-ге жуық оқыту модулі. Оларға нақты өмірден алынған мысалдарда әскери қызметшілер әрекет етуінің себеп-салдарлық байланысы мен дұрыстығын бағалау көзделген көрнекі құрал түріндегі ахуалдық кейстер қоса беріледі.
Арнайы операциялар күштерін (АОК) кезең-кезеңімен әрі жоспарлы дамытуға ерекше мән беріледі. Келесі жылы АОК-ты басқаруды үйлестіру моделінен операциялық моделіне көшіру жоспарланып отыр. Бұл үшін олардың құрамында арнайы бөлімдер мен бейінді даярлық орталықтары құрылады. Сонымен, АОК-ты дамыту жоспарлы да кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Коронавирустық пандемияға және әскери қызметшілердің төтенше жағдайды қамтамасыз ету шараларына тартылғанына қарамастан, армияның жауынгерлік әзірлігін талап етілген деңгейде ұстаудың барлық міндеттері толық ауқымда орындалды. Жауынгерлік машықтандыру бір секундқа да тоқтатылған емес.
Өткен оқу жылында Қарулы Күштерде 60 мыңнан астам маман әртүрлі даярлық деңгейінен өтті. 200-ден астам оқу-жаттығу, жауынгерлік машиналар мен автомобиль техникасын жүргізуден 16 мың сабақ, 20 мың жауынгерлік оқ ату өткізілді. Сабақтар уақыт мезгіліне қарамай, күндіз де, түнде де ұйымдастырылды.
Әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын сақтау үшін Қарулы Күштер жеке құрамының біршама бөлігі үй жағдайында жұмыс істеуге ауыстырылды, әрине бұл жағдайда да әскери қызметшілер уақытты босқа өткізбеді. Олар үшін үйде орындауға арналған арнайы мамандықтарды оқыту бағдарламалары және дене шынықтыру жаттығулары кешені әзірленді.
Карантиндік шаралар біршама жеңілдетілген кезеңде ірі ауқымды, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер деңгейінде іс-шаралар өткізілді.
Армия халық басына күн туған заманда, яғни төтенше жағдай, табиғи зілзала болсын ешқашан шетте қалмай, ішкі істер, денсаулық сақтау органдарына және жергілікті атқарушы органдарға барынша көмек көрсетуге тырысады.
COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай (ТЖ) режімі енгізілген кездегі іс-шараларға 13 мың әскери қызметші тартылды. Осылайша, осы іс-шараға тартылған әскери қызметшілер саны мен Қазақстан халқы санының арақатынасын алатын болсақ, Қазақстан әлемде бірінші орында тұр.
Радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері бөлімшелері ТЖ енгізілген алғашқы күннен бастап, еліміздің 29 елді мекенінде дезинфекциялауды жүргізді.
Әскери ұшқыштар төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, 90 тоннадан астам жүкті тасымалдап, Түркия, Кипр, Беларусь, Сауд Арабиясы, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан және Ресей Федерациясы сияқты басқа да елдерден эвакуацияланған 3000-нан астам жеке құрам мен азаматтарды елге жеткізді.
Әскери медицина қызметі де отандастарымызға барынша қолдау көрсетуде.
Таразда далалық госпиталь, Ақтөбеде медициналық кешен, әскери лазареттерде екі мобильді бөлімше және 23 дәрігер-мейіргерлік бригада құрылды. Бұл бөлімшелер адамдарға көмек көрсету үшін еліміздің кез келген өңіріне жедел баруға дайын.
Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында бюджет қаражатын жұмсамай екі ПТР-зертханасы іске қосылды. ИФТ-диагностикалаудың екі мобильді зертханасын жеткізу жоспарлануда. Бұның барлығы инфекция жұқтырған адамдар есебінің нақты болуын арттыруға және сапалы вакцинациялау үшін қажетті антиденелердің болуына тест жүргізуге мүмкіндік береді.
Президент Жолдауында жақын уақытта бюджетті нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлеріне ынталандыру үстемеақыларын төлеуге 150 миллиард теңге бөлуге тапсырма қойылды. Ол бұл жұмыстың жүйелі түрде жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
Министрлік Қарулы Күштерде медициналық қамтамасыз етуді жетілдірудің жүйелі шаралар спектрін кеңейту бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Медицина мамандарына үстемеақы төленуде, әскери дәрігерлерді әскери қызметке даярлау және шақыру жоспарланды, олардың резидентураларда және интернатураларда, оның ішінде шетел оқу орындарында біліктілігін арттыру үшін барлық жағдай жасалған.
Жаңа әлеуметтік саясат парадигмасы
Мемлекет басшысы Жолдауында Қазақстанда мемлекет жауапкершілігінің айқындалмауына және азаматтардың өз құқықтарын жете түсінбеуіне жол бермей, жаңа әлеуметтік саясат парадигмасын әзірлеу қажеттігін атап өтті. Қарулы Күштерде әскери қызметшілерге тиесілі жабдықталым, азық-түлік, тамақтану, жолақысы, заттай және медициналық қамтамасыз етілу нормаларын толық әрі сапалы жеткізуді қоса алғанда, олардың тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Бұл мәселе қорғаныс қабілетін тиісті деңгейде ұстаумен қатар әскери қызмет беделін арттыру және армияға барынша білікті мамандарды тарту үшін өте маңызды. Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесі әскери қызмет өткерудің барлық жағдайы мен ерекшелігін қамтиды.
Биыл әскери қызметшілерді әлеуметтік қамсыздандыруға Қорғаныс министрлігінің жалпы жылдық бюджетінен 67 пайыз бөлінді.
Әкімшілік реформа туралы Президент Жарлығы негізінде және жүргізілген функционалдық талдау нәтижесінде басқару органдарына емес, әскерлерге тоқсан сайын сыйақы беру тәжірибесі алғаш рет қолданылды. Бұл ретте сыйақы мөлшері әрбір әскери қызметшінің қызмет ету нәтижесіне орай сараланады.
Ішкі резерв есебінен анағұрлым тапшы мамандық иелері – жауынгерлік және ауыр-жүк машинасының жүргізушілері, атыс қаруы мен оқ-дәрілер қоймаларының және сақтау орындарының бастықтары болып қызмет өткеретін 4 мың әскери қызметшінің тарифтік разрядтары ұлғайтылды.
Әскери қызметшілер тегін медициналық қамтамасыз етіледі. 2019 жылы әскери госпитальдарда, лазареттер мен емханаларда 21 148 науқас емделді. Сонымен қатар жыл сайын 1 000-нан астам әскери қызметші мен Қорғаныс министрлігінің зейнеткері санаториялық-курорттық ем алады. Биылдан бастап олар климаттық-географиялық аймақты ескере отырып, бірнеше санаторий арасында таңдау жасауға мүмкіндік алды. Әлеуметтік пакетке күнделікті, далалық, салтанатты, арнайы киім нысаны және киім-кешек заттары да кіреді. Орта есеппен бір офицердің немесе келісімшарт бойынша әскери қызметшінің киім-кешегі 377 мың теңгені құрайды.
Жеке құрам басқа жергілікті жерге жаңа қызмет орнына ауысқан, әскери оқу орындарына оқуға жіберілген, стационарлық емделуге барған жағдайларда және кері оралу үшін жолақымен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысының бастамасымен келесі жылдан бастап әлеуетті құрылымдар үшін азық-түлікке қаржы бөлу мөлшері ұлғайтылады, сондай-ақ келесі 3 жыл ішінде әскери қызметшілердің қаржы төлемдері орта есеппен 30 пайызға арттырылады.
Бюджет қаражатын жұмсау тиімділігі
Бюджеттік тәртіпті сақтау әрқашан Қорғаныс министрлігі қызметінің басым міндеті болған және солай болып қалады. Биылдан бастап ай сайын көрсеткіштерді орындауға талдау жүргізіп, проблемалар мен кемшіліктерді көрсетумен жоспарланған бюджеттік бағдарламалар индикаторларының орындалуына мониторингтеу жүргізіледі. Әрбір көрсеткішке қорғаныс министрінің орынбасарлары мен құрылымдық бөлімшелер бастықтары қатарынан жауапты адамдар бекітілген.
Қалыптасқан экономикалық ахуалды ескере отырып, Қорғаныс министрлігі баламалы қаржыландыру көздерін іздестіруде, мемлекет-жекеменшік серіктестік тетігін пысықтауда, Қарулы Күштер құрылымын оңтайландыру есебінен үнемдеуге қол жеткізуде.
Мемлекеттік сатып алу кезінде анағұрлым айқындық пен ашықтықты қамтамасыз ету, сондай-ақ заңнаманы мүлтіксіз орындау және конкурстық рәсімдерді жетілдіру есебінен қорғаныс ведомствосы 9 миллиардтан астам теңгені үнемдеуге қол жеткізді. Олар Қарулы Күштерді дамытудың басым бағыттарына бөлінді.
Қарулы Күштер құрылысы мен даму тұжырымдамасын әзірлеу кезінде бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында ұйымдық-штаттық құрылымды, әскери бөлімдер санын және әскери инфрақұрылым объектілерін оңтайландыруға, оқ-дәрілер мен әскери техниканы ұтымды пайдалануға ерекше назар аударылды.
Әскерлерге жаңа қару-жарақ келіп түсуде. Осы жылы 370-тен астам бірлік әскери техника сатып алынды, 200-ден астам бірлік күрделі жөндеуден өтіп жаңғыртылды. Қазіргі заманғы әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарына және ұшқышсыз ұшу аппараттарына ерекше назар аударылуда.
Биыл Қазақстанның Қарулы Күштеріне алғаш рет «Бук» зениттік-зымыран кешендері сатып алынды. Одан басқа, еліміздің әуе кеңістігін бақылауды төмен биіктікте ұшатын нысаналарды анықтайтын «Роса» радиолокациялық стансалары және отандық өндірілген «Нұр» РЛС жүзеге асырады.
Әскерлерге Су-30СМ ұшақтары, Ми-35 тікұшақтары, барлау ұшқышсыз ұшу аппараттары да сатып алынды. Артиллериялық барлауды дамыту жөніндегі шаралар шеңберінде қарулануға жылжымалы нысандарды барлау және батареяға қарсы күрес «Платформа» радиолокациялық стансасы қабылданды.
Электрондық көрсетілетін қызметтерді дамыту
Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында цифрландыруды барлық реформалардың базалық элементі деп атап көрсетті. Мемлекет басшысы: «Цифрландыру – бұл сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы», деп атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халыққа электронды сервистерді қолдануды ыңғайлы ету үшін мемлекеттік қызмет көрсету ісінде де, бизнесте де биометрияны кеңінен пайдаланған жөн. «Деректермен» жұмыс істеуді жаңа деңгейге көтеру керек. Мәліметтер базасының бірыңғай жүйесімен қамтамасыз ету және оны әрі қарай дамыту – Үкіметтің басты міндетінің бірі», деген еді.
Өткен жылы азаматтардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі халыққа көрсетілетін 14 мемлекеттік қызметтің ішінен 13-ін электрондық форматқа көшірді, бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылуда. Алғаш рет Қорғаныс министрінің цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі орынбасары лауазымы енгізілді.
Жуырда өткен аппараттық кеңесте мен автоматтандырылған басқару жүйесін (АБЖ) қолдану аясын кеңейтуді тапсырдым. АБЖ-ға электрондық құжат айналымы, сонымен қатар әскерлер қызметі үшін қажетті мәліметтерді цифрлық есепке алу да кіреді. Әскери басқару органдарында арнайы бөлімшелер құрылған, ал әскери бөлімдерде лауазымдар енгізілген. Олардың міндеттеріне АБЖ жұмысын ұйымдастыру кіреді.
Жалпы Қарулы Күштерде әртүрлі мақсаттағы 16 ақпараттық жүйе енгізілген. Олардың 11-і өнеркәсіптік пайдалануға қабылданды. Басқару процесін автоматтандыру жауынгерлік міндетті алғаннан бастап оның орындалуын талдауды аяқтағанға дейін басқарушылық қызмет циклын қысқартуға бағытталған. Цифрлық технологияны енгізу күштер мен құралдарды аз жұмсаумен әскерлердің мүмкіндігін ұтымды пайдалануға ықпал етеді.
Ел Президенті Жолдауда нәтижеге қол жеткізіп жұмыс істеу қағидатын айқындап берді және де бұл ұран әскери қызметке, қасиетті борыш – Отанды қорғау ісіне қатысы бар барлық адамдардың күнделікті қызметінде айқындаушы фактор болып табылады.
Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ,
Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант