Саясат • 08 Желтоқсан, 2020

Кибершабуылға қайтсек төтеп береміз?

95 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада «Киберқауіпсіздік Нұр-Сұлтан-2020» оқу-жаттығуы жарияланды. Бұл туралы кеше Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Кибершабуылға қайтсек төтеп береміз?

Ұялы телефонға Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан келіп түсіп жататын СМС хабарламалар қатарына осыдан бірер күн бұрын Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жолдаған хабарлама қосылған еді. Елді елең еткізген де осы хабарлама болды. Бұл хабарламада кейбір шетелдік интернет-ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігін сақтау үшін қауіпсіздік сертификатын жүктеп алу қажеттілігі айтылады. Мәселенің мән-жайын баспасөз мәслихаты барысында осы саланың мамандары түсіндірді.

– Биыл дүние жүзі жаңа бір қауіппен бетпе-бет келді. Ол – covid-19 пандемия­сы. Індетпен күрес тәжірибесі көрсетіп отырғандай, вирус адам ағзасына залал келтіріп қана қоймай, жаһандық экономикаға және әрбір жекелеген мемлекетке айтар­лық­тай зиянын тигізіп отыр. Өкінішке қарай, індет біздің мемлекетті де айналып өтпеді. Жа­қындарымыз бен таныстарымыздан айырылдық. Кәсіпкерлер шығынға батып жатыр. Тұрғындар карантиндік шаралар кезінде ыңғайсыздыққа тап болды. Алайда біздің еліміз пандемияның жағымсыз салдарын жою бойынша барлық қажетті шаралар­ды қолға алып, тұрғындар мен жеке кә­сіпкерлікке қолдау көрсетілуде. Бұл мәсе­лені Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрлігі неге қозғап отыр демеңіз. Белгілі болғандай, әлеуметтік саладан бөлек, пандемия кезінде елдің цифрлы инфрақұрылымы да ауыр соққыға ұшырады, – деді Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов.

Комитет төрағасының айтуынша, мем­лекеттік интернет-ресурстарға қатысты проб­лемалар цифрландыру саласын­дағы ұйымдас­тырушылық пен технология­лық база­ның кемшіліктерін көрсетті. Ал киберқауіп­сіздіктің негізгі принциптері – құпиялық, тұтастық және қолжетімділік саналады. Мәселенің мәнісі де осында.

– Түсінікті болуы үшін айтайын, электронды үкіметтің әрбір ірі ақпараттандыру нысаны (бұл қаржы секторына да қатысты), үнемі түрлі кибершабуылдардың ықпалында болады. Жыл сайын ақпараттық қауіпсіздіктің миллиардтаған оқиғасы тіркеледі. Биылдың өзінде шамамен 4 млрд оқиға орын алып, 200 млн кибершабуыл жасалды. Бұдан басқа пандемия кезінде және қашықтан жұмыс істеуге көшу кезеңінде цифрлы инфра­құрылымға түскен жүктеме күрт артты. Біз бұған дайын болмай шықтық, – деді спикер.

Оның айтуынша, киберқауіпсіздік оқу-жат­ты­ғуларының негізгі мақсаты – мемле­кеттік органдардың, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімшелерінің және жедел орталықтардың, аса маңызды нысандардың туындаған қауіп-қатерлерге қарсы тұруға әзірлігін тексеру болып отыр.

– Оқу-жаттығулар барысында шартты бұзушы діни экстремистік пиғылмен электронды үкіметтің ақпараттандыру объекті­леріне, ақпараттық-коммуни­ка­ция­лық инфра­құрылымның аса маңызды объектіле­ріне жаппай шабуыл жасайды, мемлекеттік интернет-ресурстарды бұзуға, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратуға, фишинг және зиянды бағ­дарламалық қамтамасыз етуді таратуға әрекет етеді. Соңғы іс-шара кибержаттығулар жоспары бойынша сәл ертерек басталды және көптеген мемлекеттік қызметші өз жұмыс орындарында тестілік зиянды бағдарламалық қамтамасыз етуге (БҚ) фишингтік таралымға тап болды, – деді комитет төрағасы.

Аталған ведомство ұйымдастырған оқу-жаттығуларға Ұлттық қауіпсіздік комитеті, «Мем­лекеттік техникалық қызмет» АҚ, Заңды тұлғалардың қоғамдық бірлестігі, «Кибер­ша­буылдарды талдау және тергеу орталығы» өкілдері қатысуда.