Оқиға • 09 Желтоқсан, 2020

Студенттердің сессиясы қалай өтеді?

396 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жоғары оқу орындарындағы күзгі сессия алдыңғы тәжірибеге сүйеніп қашықтан өткізілмек. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Студенттердің сессиясы қалай өтеді?

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтің мәлімдеуінше, еліміздегі студенттердің басым бөлігі қашықтан оқыту форматында білім алып жатыр. Дегенмен, штаттық режімде оқып жүрген ізденушілер де бар.

– Еліміздегі студенттердің 84 пайызы қашықтан оқып жатыр. Олар – негізінен гуманитарлық сала­да даярланып жатқан кадр­лар. Ал қалғаны ішінара штаттық режім­де білім алып жүр. Қашықтан оқыту қолайсыз болғандықтан меди­циналық, инженерлік-техникалық мамандықтардың студенттеріне аралас форматта білім беруге шешім шығарылған. ЖОО күзгі семестрге дайындығы мен білім беру сапасын қамтамасыз ету мақсатында ми­нистрлік шектеу шаралары кезең­інде жоғары оқу орындарында оқу процесін ұйымдастыру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Әдістемелік ұсынымдарға сәйкес жоғары оқу орындары аралық және қоры­тынды аттестаттау процедураларын прокторинг жүйесімен қам­тамасыз етеді, сондай-ақ студент­тердің барлық жазбаша жұмыстары антиплагиат жүйелері арқылы тексеріледі, – деді вице-министр.

Ведомство өкілі студенттердің барлық жазбаша жұмысы «SEB», «Aero», «Examus», «Proctopus», «Oqylyq», «OES», «Live.atu.kz», «Hesperus» секілді прокторинг жүйелері және көшіріп алуды анық­тайтын «Антиплагиат», «Plagiat.pl», «Strikeplagiarism.com», «Turnitin», «Unihub» жүйелерімен тексері­летінін жеткізді.

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету коми­тетінің төрағасы Гүлзат Көбе­нованың сөзіне сенсек, жоғары оқу орын­дарындағы білім беру жағ­дайы, ондағы сапа тек сессия ке­зінде ғана емес, ұдайы бақы­лау­да болады.

– Негізінен жоғары оқу орын­дар­ындағы білім сапасына сессия уақытында ғана емес, жалпы оқу процесі кезінде де мониторинг жүр­­гізіліп отырады. Прокторинг жүйе­сінде министрлік пен университет тарапынан емтихандарды да, күн­­делікті сабақтардың өткізілу ба­ры­сын да бақылауға болады. Сон­­дық­тан нәтижелерді ұдайы көріп оты­руға мүмкіндік бар, – деді Г.Көбе­нова.

Министрліктің мәліметіне қара­ғанда, прокторингтің автопрокторинг, синхрондыпрокторинг секілді бірнеше деңгейі бар. Бұл кезең­дерден өткенде студенттердің алдымен жүйеге өзінің кірген-кірмегені бет-әлпетін сәйкестендіру арқылы анықталады. Содан кейін емтихан тап­сыру кезінде басқа бір жерден көшіріп отырмағанына назар ауда­рылады. Бөлме 360 градус деңгейінде қаралып, бөгде адам­ның студентке көмектесуіне жол берілмейді. Ондағы ахуал осы жүйе арқылы толық қадағаланады.