Жоғарыда есімдері аталған спортшылар «Тур де Франс» бәсекесі барысында түрлі алаяқтық әрекеттерге барған екен. Мәселен, Морис Гарен алға шыққан бетте артына шеге мен әйнектерді қасақана түрде лақтырған. Соның салдарынан оны өкшелеп келе жатқандардың дөңгелектері жарылып, біраз әбігерге түссе керек. Люсьен Потье белгіленген қашықтықтың біраз бөлігін көлікпен жүріп өтіпті. Ипполит Окутюрье балық ұстайтын қармақ жіптің бір шетін алдындағы көліктің бамперіне байлайды. Екінші жағын тісіне қысып алады. Осылайша мәреге жаны қиналмай жетеді. Ал Сезар Гарен байқатпай қарсыластарының киіміне қышыма ауруын қоздыратын ұнтақтар сепкен.
ХХ ғасырдың басында «Тур де Франс» түнгі мезгілде де өте беретін. Сол себепті де көп жағдайда спортшылардың арамза әрекеттерін қазылар да, басқалар да байқамай қалатын. Осы жайттың барлығы толықтай дәлелденген соң алғашқы төрт орынды иеленген велошабандоздың нәтижелері есепке алынбады. Сонымен қоса алаяқтар бірер жыл бойы жарыстарға қатысу құқығынан айырылды. Сөйтіп екінші мәрте ұйымдастырылып отырған айтулы көпкүндіктің бас жүлдесі бесінші орынды иеленген Францияның өкілі Анри Корнеге бұйырады. Бір ғажабы, дәл осы күнге дейін Корнеден басқа бірде-бір велошабандоз 20 жасында «Тур де Франста» топ жармаған. Яғни бұл көрсеткіштің мұрты бұзылмай тұрғанына 116 жылдан аса уақыт болды.
Жалпы, спорт саласында арамза әрекеттерге баратын алаяқтар аз емес. Арзан жолмен абырой жиып, мол олжаға кенелуді көздеген кейбір пенделер түрлі қитұрқылық істейді. Олардың ойы – жалпыға бірдей қойылатын талаптарды бұзып, сақталуға тиіс ережелерді айналып өтіп, «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүру арқылы жеңіс тұғырына көтерілу. Бірақ көп ұзамай ондай арамзалардың әрекеттері әшкереленіп, сан миллион жанкүйердің алдында абыройдан жұрдай болады. Енді осы тақырыпқа байланысты бірнеше деректі алға тартайық.
Дәл сол 1904 жылы АҚШ-тың Сент-Луис қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындарында америкалық желаяқ Фред Лорц алдына жан салмады. 20 жастағы жалындап тұрған жігіттің мықтылығы мен өжеттігі барша жанкүйерді сүйсіндірді. Себебі 42 шақырымдық марафонды ол еш қиналмай жүгіріп өткендей әсер қалдырды. Тіптен бет-әлпетінен шаршағандықтың еш нышаны байқалмады. Мәре сызығын қиып өткен бетте ол көрермендердің құшағына еніп, құрметке бөленді. Гүл шоқтарын алып, АҚШ президенті Теодор Рузвельттің қызымен суретке түсіп те үлгерді. Енді бірер минуттан кейін Лорцтың мойнында Олимпиаданың алтын медалі жарқырауға тиіс еді...
Іле-шала төрешілер мінген көлік стадионға келіп тоқтады. Асыға-үсіге жеткен қазылар жеңімпаз жігіттің «ерлігін» жалпақ жұртқа жария етті. Сөйтсе Лорц 15 шақырым жүгіргеннен кейін қатты шаршап-шалдығады. Белгіленген меже былай тұрсын, одан әрі жарысты жалғастыра алмайтынын түсінген ол айлаға жүгінеді. Желаяқ жолда келе жатқан машиналарды алма-кезек тоқтатып, өзінің «жұмысын» біраз жеңілдетіп алады. Осы жайттан құлағдар болған қазылар оны жарыстан қуады. Нәтижесінде, Олимпиада чемпионы атағы 28 жастағы АҚШ марафоншысы Томас Хикске бұйырады. Ал оның отандастары Альберт Кори мен Артур Ньютон екінші және үшінші орындарды иеленеді.
Байыптап қарасаңыздар, марафоншылар сайысында даулы жағдайлар жиі болып тұрады. Оларды желаяқ дегеннен гөрі, алаяқ деген жөн шығар. Сондай оқиғалардың бірі Оңтүстік Африка Республикасында (ОАР) дәстүрлі түрде өтіп тұратын «Комрадс» ультрамарафонында болған... Жарыс Питермарицбургтен басталып, Дурбанда өз мәресіне жетеді. Квазулу-Натал штатында орналасқан аталған қос шаһардың арасы 90 шақырымды құрайды. 1999 жылы Серхио Мотсоненг есімді желаяқ осы додада тоғызыншы орынға табан тірейді. Ол жеңіс тұғырына көтеріле алмаса да, осы нәтиженің өзіне қатты қуанады. Өйткені «Комрадста» алғашқы ондыққа енген спортшыларға қомақты сыйақы беріледі. Алайда көп ұзамай Серхионың былығы ашылады. Белгіленген қашықтықты ол өзінің егізі – Фик екеуі алмасып жүгірген екен. Бейнетаспаны қайта көру барысында комиссия мүшелері спортшының сағаты біресе сол қолында болса, біресе оң қолында екенін байқаған. Бірде аяғында тыртық болса, бірде жоқ. Сол әрекеті үшін Серхио Мотсоненг 11 жылға спорттан шеттетіледі.
Дәл осындай жағдай 1984 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасында да орын алған. Пуэрто-Риконың спортшысы Мадлен де Хесус жеңіл атлетиканың бірнеше түрі бойынша өнер көрсетеді. Десек те ұзындыққа секіру барысында жарақат алып қалады да, эстафеталық сайыста оны өзінен аумайтын сыңарымен алмастырады. Бұл жағдай да қырағы қазылардың назарынан тыс қалмайды.
2011 жылы Монреаль марафоны барысында күш-қуаты таусылған жергілікті спортшылардың бірі велосипедке мініп, біраз жүріп өтеді. Соны байқап қалған фототілшілердің бірі бейбақты суретке түсіріп алыпты. Дәл сол фото арқылы велошабандоздың «қылмысы» әшкере болады. Сол секілді марафоншылар бәсекесінде метро, такси, автобус және тағы басқа көлік құралдарына мініп, өз жұмыстарын біраз «жеңілдетіп алуға» тырысқан желаяқтардың қатары қалың.
Алаяқтар қатарында КСРО-ның әйгілі бессайысшысы Борис Онищенко да бар. Ол өз дәуірінің теңдессіз спортшыларының бірі саналды. Ол 1968 жылы Мехико Олимпиадасында бір күміс алса, 1972 жылы Мюнхенде бір алтын мен бір күміс медальды иеленді. Одан бөлек әлемнің төрт дүркін чемпионы, екі мәрте күміс және төрт дүркін қола жүлдегері деген атақтары тағы бар. Дәл сол бессайысшы 1976 жылы Монреальда алауы тұтанған Олимпия ойындарында да өнер көрсетті. Командалық сайыста Онищенконың айдарынан жел есіп, қарсы келгендердің барлығын қоғадай жапырып келе жатты. Семсерлесушілер сайысында оның жолы Ұлыбританияның беткеұстары Джереми Фокспен қиысты. Тартысты айқас барысында Борис өз семсерін қарсыласына қадауға талпынады. Фокс дер кезінде тайқып үлгереді. Алайда британдықтың артындағы шамы жарқ етіп жанып, соққының дәл тигенін көрсетеді. Осы оқиғаның куәсі болған көпшілік аң-таң. Төрешілер қандай шешім қабылдау қажетін білмей дал болады. Қазылар алқасы ақылдаса келе, Онищенконың семсерін экспертизаға жіберуді жөн көреді. Сол кезде ақиқаттың беті ашылады. КСРО спортшысы өзінің қаруына қондырғы орнатып алған екен. Егер соның түймешегін басып қалса болғаны. Бағыттаған соққысы тимесе де, шам жарқ етіп жанады.
Алаяқтар жайында әңгіме қозғалғанда 2000 жылғы Паралимпия ойындары еріксіз еске оралады. Баскетболшылардың Сиднейдегі сайысында Испания құрамасы бас жүлдені олжалады. Иә, сол кезде жанкүйерлер жеңімпаздарға орындарынан тік тұрып құрмет көрсетті. Тағдыр тәлкегіне түссе де жігерлері жасымай, қайраттары қажымаған адамдардың ерлігіне тәнті болды. Олардың жеңіске жету жолындағы жанкештілігі мен өмірге құштарлығына сүйсінді. Кейіннен арнайы комиссияның тексеруі барысында аталған команда сапындағы 10 ойыншының он екі мүшесі сау екені анықталды. Олардың денсаулығынан ешқандай ақау табылмаған. Міне, сол алаяқтар өзге мемлекеттердің мүмкіндігі шектеулі адамдарынан құралған командаларды ойсырата ұтып, бас жүлдені иеленеді. Осыдан асқан сорақылық бола ма?!
ХХІ ғасыр табалдырықтан аттаған тұста шахматшылар сайысында Умаканд Шарманың атағы шыға бастады. Бұрын-соңды көпшілік көзіне түсе қоймаған Үндістан өкілі қысқа ғана мерзім аралығында керемет нәтижелерге қол жеткізді. Тіптен шахмат әлемінде орасан зор беделі бар ойыншылардың өздерін састыратындай дәрежеге жетті. Бірақ 2006 жылы барлық былықтың беті ашылды. Сөйтсе Умаканд кездесуге шағын ғана құлаққап киіп шығады екен. Оны жалбыр шашы жасырып тұрады. Сол арқылы үйінде жатқан әріптесі Шармаға ақыл-кеңес беріп отырған.
2010 жылы Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен шахматшылар олимпиадасында орын алған оқиғаның ақыры да үлкен дау-дамайға ұласты. Тарқатып айтсақ, Франция құрама командасының мүшесі Себастьян Феллердің жарыс барысында компьютердің көмегіне жүгінгені мәлім болды. Шаршы тақтаға үңілген бетте ол бапкері Арно Ошар арқылы Парижде тұрып жатқан, аталған мемлекеттің тағы бір белді ойыншысы Сирил Марцолоға ұялы телефонмен «sms» жібереді. Өз кезегінде Марцоло компьютердегі арнайы бағдарламаны пайдалана отырып, барлық комбинацияны дереу талдайды. Осылайша отандасын қажетті ақпаратпен қамтамасыз етіп отырады. Олимпиаданың қорытындысы бойынша Феллер 10 мүмкіндіктен 6 ұпай жыяды. Бұл 19 жастағы ойыншы үшін өте жақсы көрсеткіш еді. Ал Франция құрамасы үздік 10 команданың қатарына қосылады. Бұл жағдай көпшілікке белгілі болған соң құзырлы органдар Себастьян Феллер, Сирил Марцоло және Арно Ошарды түрлі мерзімге үлкен спорттан шеттетеді.
Қарт тарихқа үңілсек, спорттық сайыстар бағзы заманда да алаяқтарсыз өтпегенін аңғару қиын емес. Бір ғана мысал, біздің дәуіріміздің І ғасырында өмір сүрген Рим императоры Нерон да атаққұмар болған деседі. Бірде Олимпия ойындарында топ жаруды мақсат тұтқан ол жарыс жолына шығуға бел буады. Барлық қазылар мен қарсыластарын қорқытып тастаған император спорт сайысының барлық түрі бойынша жеңімпаз атанады. Ал ат арбашылардың жарысы тіптен ерекше өтеді. Неронның арбасына 10 сәйгүлік жегілсе, өзге қатысушыларда үш-ақ тұлпардан болған. Міне, спортшылар сайысындағы бағзы заманда басталған алаяқтық күні бүгінге дейін жалғасып келеді...