Руханият • 16 Желтоқсан, 2020

Тәуелсіз Қазақстанға тәуелді болайық

859 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мен он сегіз жылдан бері зейнет демалысындамын, бұл әрине аз уақыт емес. Он сегіз жыл бұрын дүниеге келген ұлдарымыз бүгін ер жетті, қыздарымыз бой жетті. Бүгінде өзім ыңқыл-сыңқыл­мен сексеннің сеңгіріне шығып, бейбіт заманда мемлекет қамқорымен күн кешіп жатырмын.

Тәуелсіз Қазақстанға тәуелді болайық

Ел экономикасының тығырыққа тірелген шағын бастан кештім. Одан шығу үшін өтпелі кезеңде Үкімет халық мүддесіне сай жедел шешімдер қабылдап, ел тұрмысын оның сұраны­сына сай жақсартуға тырысты. Бірақ ол шешімдерді тез арада жүзеге асыру оңай болған жоқ. Тәуелсіздігімізді баянды ету жолында қаншама ізденіске барып, қаншама қиындықты бастан кешіруге тура келгенін ел тізгінін ұстап, осы мәселелермен тікелей айналысқан жауапты лауазымдағылар жақсы біледі.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары бұрынғы социалистік жүйеге бейімделген кадрлар халықтың күнкөріс мәселелерін тез арада шешуге қауқарсыз болды. Алайда Тұңғыш Президент аз уақыт ішінде маңайына тәуекелге бара алатын, өзіне өзі сенімді, ынталы мамандарды іріктеп, ел мүддесіне қызмет етуге бағыттай алды. Елбасы бастамасымен жоғарыдан басқарылатын жос­парлы шаруашылық жүргізу тәсілдері тез арада жойылып, тауар өндіруші кәсіпорындар мемлекет меншігінен алынып, жекенің меншігіне берілді. Осы­лайша, капиталистік жүйеге негізделген тәуелсіз мемлекет құру үшін нарықтық экон­омика әрекеттеріне барсаң да бара­сың, бармасаң да барасың деген үзілді-ке­сілді талап қойылды. Сол кезден бас­тап, меншікті мемлекет иелігінен алу, жеке­шелендіру және меншікке дербестік беру деген жаңа терминдер қолданысқа енді.

Оған дейін одақтық жоспарлау, яғни «Госплан» деген органның халықтық шаруашылық кешені таратылып, Мәскеу ендігі жерде одақтас республикалар ор­та­­лыққа қол жаймай, өз күндерін өз­дері көрсін деуге мәжбүр болған еді. Осы­­ның нәтижесінде одақтық өнді­ріс орын­дары жойылып, күнделікті өмір­ге қа­жет тауарлар өндірісі тоқтап, дүкен сөре­лері қаңырап бос қалды. Осын­дай эко­но­микалық дағдарыста біз одақ­пен қош­­тасып, тәуелсіз Қазақ мем­ле­кетінің қабыр­ғасын қалауды баста­дық, айтуға әрине оңай, тәжірибелік тұрғы­да оған кедергілер аз болған жоқ. Ел экономи­касының тез арада тығырықтан шығып, өркендеп дами бастауында Тұңғыш Президенттің батыл әрекеттері шешуші рөл атқарды. Ол кісінің көш бастауға лайықты тұлға екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді.

Тәуелсіздікке бетбұрыс басталған кезде Елбасы осы жағдайларды халыққа дәлелді түрде түсіндіріп: «Тәуелсіз мемлекет құру бұрын-соңды біздің тәжірибемізде болған жоқ. Ол үшін енді қыруар жұмыстар атқару қажет. Сондықтан алда әлі талай қиындықтар болады. Қателіктер де болуы мүмкін», деп ашық айтты. Осылайша, Мемлекет басшысы халықты өтпелі кезеңнің небір қиындықтарына төзе білуге шақырды. Алғашында біз «бұл кешегі кеңес заманындағы жалаң ұрандар сияқты болып қалмас па екен?» деп те ойладық. Бірақ көп кешікпей ол кезеңнің қиындықтарын әр адам жан-тәнімен сезді, әркім бұрынғыдай мемлекетке қол жаюдан арыла бастады. Содан кейін мемлекет меншігіндегі кәсіпорындар банкротқа ұшырап, олардың мүліктері жекешелендірілді, борыштары жойылды. Меншік иелері экономикалық бостандық алып, сұранысқа сай өнім шығаратын шағын кәсіпорындар ашып, өздерінің позицияларын күшейтті. Шағын және орта кәсіпкерлікпен айна­лысуға үкімет тарапынан көптеген жеңіл­дік жасалды. Бұл жұмыстардың бүгін­ге дейін жалғасып жатқанын көзі­міз көріп отыр. Осы игі істердің басы-қасында өзім де жүргендіктен, Тәуелсіз­дік мерекесі қарсаңында көрген-білгенімді айтып, өткен тарихты еске алғанды жөн көрдім.

Баршамызға Тәуелсіздік күні мере­кесі құтты болсын! Елде тыныштық, бірлік болса, алынбайтын қамал, асу бермейтін асқар жоқ, мен оған кәміл сенемін! Тәуелсіз Қазақстанға тәуелді болайық, ағайын!

 

Мырзағали ҚҰРМАНОВ,

зейнеткер

 

Қостанай облысы,

Тобыл қаласы