Ең қысқа әңгіме • 16 Желтоқсан, 2020

Мен саған ризамын, «Егемен Қазақстан»!

513 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Халқымыз бас басылым ел газеті деп атайтын «Егемен Қазақстан» менің рухани жансерігіме айналғалы қашан. Алматы облысы, Қаратал аудандық «Коммунизм жолы» – «Путь к коммунизму» газетіне тілші болып қабылданған 1964 жылдан бері оқып келе жатырмын. Зейнет жасында да қол үзе алмадым. Сонан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Мамандығым журналист болғандықтан ба, әйтеуір аға басылымға әбден бауыр басып кетіппін. «Газеттің өзі бір күндік, сөзі мың жылдық» дейміз-ау. Шынында да газет сөзі – тасқа басылған тарих екені рас. Ал оқырманға ықпалы ше? Оны немен өлшейміз? Сөздің киесі де бар, иесі де бар ғой. Газеттің кейбір мақаласы өз оқырманының тағдырын өзгерте алады дегенге сенесіз бе? Сенбесеңіз менің басымнан өткен үш тосын оқиғаны айтайын.

Мен саған ризамын, «Егемен Қазақстан»!

Жұмыс берген демеушім

1986 жылы Алматыда Желтоқсан оқиғасы болды. Сонан кейін-ақ кейбір өңірлерде беделді, лауазымды қызмет атқарып жүрген ұлттық кадрлардың басына қара бұлт үйіріле бастады. Тал­дықорған облысы (қазіргі Алматы облысы), Қаратал ауданында қара тізімге бірінші болып іліккен мен едім. 1973 жылдан бастап қазақ-орыс тілдерінде шығатын аудандық «Коммунизм жолы» – «Путь к коммунизму» газетінің редак­торы қызметін 31 жасымнан бастап үзбей атқарып келе жатқан едім. 18 адам еңбек ететін редакцияның орыс бөлі­мінде таза орыс ұлтының өкілдері жұмыс істейтін. Қазақ бөліміне талантты қазақ жастары қабылданған. Газет материалдары қазақшадан орысшаға, орысшадан қазақшаға аударылып, 8000 тиражбен шығатын. Бекітілген көлігімнің жүргізушісі де Геннадий Лавренко деген орыс азаматы-тұғын. Мен нағыз интернационалист басшы едім. Тіпті үйімдегі кіші ұлымды бағатын, бізбен бірге тұра­тын Анна Антакова есімді әжей де орыс болатын. Бір-бірімізбен біте қайнасып кеткеніміз соншалық, жақын туыстай араласатынбыз.

Өкінішке қарай, Қазақстанды Колбин басқарған жылдарда КОКП Орталық комитетінің «қазақ ұлтшылдығын» айып­таған Қаулысы барлық баспасөзде жарияланғаннан кейін Қаратал аупарт­комының бірінші хатшысы Юрий Ива­нович Кузнецов бірден маған шүйілді. Ақиқаты сол, біздің ауданды қазақ ұлтының саны аз деген желеумен ұзақ жыл­дар бойы өзге ұлттың өкілдері басқарған. Алғашқы бюросына күллі ұжым мүшелерін қатыстырып, маған ақылға сыйымсыз жалалар жабылды.  Мені «ұлтшыл» деп таныған жаладан орыс ұлтының өкілдерімен орысша газет шығарып отырғаным да құтқара алмады. Ақыры үш рет бюроға түсіп, партиялық қатаң сөгіс алып, 1988 жылы көктемде жұмыстан қуылдым. Онымен қоймай, үш айда жұмысқа тұрмасаң «жатыпішер» болып сотталасың деген ескерту жасалды.

Мен біраз уақыттан соң жерлес інім Жанат Елшібеков жауапты хатшы қыз­метін атқаратын «Социалистік Қазақ­станға» (қазіргі «Егемен Қазақстан») мақалалар жаза бастадым (оған аудан басшыларының үкімі жүрмейді ғой).

Газеттің бас редакторы Шерхан Мұр­таза жазған дүниелерімді тоқтаусыз жариялап отырды. Штаттағы тілші сияқты қомақты қаламақы да төленіп тұрды. Аудандық газеттің соңғы бес жылдағы қаржылық құжаттары тексеріліп, тексеру жүріп жатқанда бас газет материалдарымды жариялап, еңсемді көтеріп, мәртебемді өсірді. Менің тілшілігім бірнеше жылға созылды.

Ел газеті Қараталда кеңінен тараған. Күллі мемлекеттік қызметкерлер, мұға­лімдер, басқа да зиялы қауым өкілдері жаздырып алып оқиды. Қазір де солай. Мақаламды оқығандар телефон соғып, құттықтайды-ай. Сөйтіп мен үшін жа­ңа әлем ашылды. Мақалам жиі-жиі жарияланған соң маған биліктің көз­қарасы жұмсарды да. Оның мысын басқан «Социалистік Қазақстан» (қа­зіргі «Егемен») еді. Жергілікті би­ші­геш Ю.И.Кузнецов мырза мені редак­торлықтан қуса да өз мақсатын орын­дай алмады. Аудандық газеттің басшылығына орыс ұлтының өкілін өткізе алмады. Кейін өзі де саяси сахнадан тайып тұрды.

Айналайын, «СҚ», мені сексен алты­ның сергелдеңінен осылай құтқарған еді. Соның беделінің арқасында құрдымға түс­пей, денсаулығымды сақтап, аман қалдым.

Осылайша мені «Қазақ ұлтшылды­ғының» кейіпкеріне айналдырмақ болған бірінші басшының жымысқы әрекетін «ЕГЕМЕНІМ» тойтарып тастағаны есім­нен кетпейді. Демеушімнің жанашыр­лығы мұнымен де бітпеді.

 

Күйзелістен де айықтырды

 2005 жылы наурыз айында Үштөбе қаласындағы «Шаңырақ» киіз үй жасау комбинатының бас инженері, жан-жарым Имаш Балабеков қатты ауырды. Өндіріс те тоқтап, 1500-ге жуық қазақ жұмыссыз қалды. Киіз үй шығаратын ұлттық кәсіпорын мүлдем жойылуға айналды. Отағасы көп ұзамай көз жұмды. Мен содан сүреңсіз әлемге ендім де кеттім. Жанарым бұлдырап, оқу қабілетімнен айырылдым. Газеттің әріптері секіріп, билей бастайтын сырқатқа шалдығып, төсектен тұра да алмадым.

Бұл аурудан айықтырған да «Егемен» еді. Ол кездегі басшы Сауытбек Адрах­манов болатын. Қазір ғой, бұған біреу сенер, біреу сенбес. Ұзақ жылдар өзім де бұл басылымның ерекше қуаты бар екенін түсіне алмадым. Ешкімге тіс жарып айтпадым да. Құдай-ау, «Еге­мен Қазақстан» емдейді дегенге кім сенеді? Онда жарияланған кейбір мақалаларда адамды күйзелістен арылтатын тылсымдық күштің қуаты бар екенін кім болжапты?

Республиканың бас газеті психолог міндетін де атқара алады екен. Оған менің басымнан өткен мына оқиға куә. Бірде академик Рымғали Нұрғалиевтің «Еншілер» деген туындысы жарияланды. Рекеңмен біз ҚазМУ-де бірге оқыған едік. Бір қызығы аты-жөніндегі әріптері секірген де жоқ, билемеді де. Сықиып тұр. Таңғалдым. «Еншілерді» қаншама рет оқығанымды білмеймін. Әйтеуір оқи бердім, оқи бердім. Бірнеше күннен соң көзім ашылып, бозғылт әлемнен шыққанымды байқадым. Кәрі анам Арғынтай мен балаларым қатты қуанды. Сол газет нөмірлерін әлі сақтап жүрмін.

О, Алла! Содан бері өзіме ұнаған мақалаларды сақтап қойып, қайта-қайта оқып жүремін. Мұның қандай құбылыс екенін білмеймін. Білетінім, Рекеңнің «Еншілерін» жариялап, газет мені өзге әлемнен қайтарып алды. Содан кейін Алланың нұры жауып, маусым айының 6-сында мені сол кездегі ауданның жас әкімі Қайрат Досаев «Қаратал» газетіне қайтадан редактор етіп тағайындады. Зейнетке 2012 жылы қаңтар айында ғана шықтым.

Бірақ «Егеменнен» ешқашан қол үзген емеспін. Байырғы оқырманына бұл басылым тағы да сый жасайды-ау деп ойламаппын. Қазіргі Дархан Қыдырәлі төраға болып отырған төре газет тағы да тосын қырын танытты.

 

Жалғыздықтан құтқарды

Ел газеті – «Егемен Қазақстанды» үйге жаздырып алып, үзбей оқып келе жатқанымның жемісі ме, әлде өзіне адалдығымның жеңісі ме, биыл 2020 жылы алпыс жастан асқандардың бәрі үйден шықпасын деген бас санитар дәрігердің нұсқауы келгенде періште болып тағы сүйреді-ай.

Биыл шілде айында газетті ала алмай қалдым. Онсыз ең қымбатымды жоғалтқандай болып, қиналғаным-ай. Қарап отырсам газетсіз бір күн де өмір сүре алмайды екенмін. Дереу жағдайды түзедім. «Егемен Қазақстан» үйден шық­пай жападан жалғыз отырған мені рухани азықпен қамтамасыз етіп, көңілімді көтеріп, жалғыздықтан құтқарды.

Баспасөздің көбі бүгінде апталыққа айналғаны белгілі. Тек «Егемен» ғана аптасына бес мәрте шығып, үйіме бұрқырап келеді-ай. Көк қақпамның жоғарғы тесіктеріне сыймай, қаз-қатар тізіліп тұрғанын көргенде қуанып, құсқа айналып ұша жөнелетіндей күй кешемін. Қашанғы теледидарға телміресің. Ұялы телефонға да үйір емеспін. Ал «Егемен» беттерінде рес­пуб­ликамыздың жүрегі соғып тұра­ды, қозғайтын тақырыбы да әр алуан, мазмұны терең, оқырманға ұнайтын материалдар өте көп. Бір баған­ға берілетін журналистер Дархан Қы­дыр­әлінің, Мирас Асанның, Қарашаш Тоқсан­байдың, басқа да қаламгерлердің сұхбаттары мен пайымды пікірлері әрі сүй­сіндіреді, әрі санаңды жаман пиғыл­дан, үрей мен қорқыныштан тазартады.

Маған ұнаған материалдардың бәрін тізбектеп жаза алмаймын, мақала аясы көтермейді.

Ендеше бұл газет өзінің мыңдаған оқырмандарының ішкі әлеміне күн болып шұғыла шашып, ай болып нұрын төгіп тұр. Адам жаны үшін күрес дегеніміз осы емес пе?

Иә, өз өмірімдегі оқыс оқиғалардан түйгенім: «Егемен» жеке адамның тағды­рына ықпал жасайды екен. Үш басшы: Шерхан Мұртаза, Сауытбек Абдрах­манов, Дархан Қыдырәлі тұсындағы үш тосын оқиға газеттің өте сапалы, маз­мұнды, аса қуатты болып шыққанын айғақтайды. Оның тұрақты оқырманы болу да бір бақыт!

Біз – аға ұрпақпыз. Кеңес заманында туып, мектепте – орта, университетте жоғары білім алып, кітаппен тәрбиеленіп, газет-журналмен рухтанып, арманымызға жеттік. Мен газетсіз өмірімді елестете де алмаймын. Сондықтан да ел газеті – «Егемен Қазақстанды» келер 2021 жылға да жаздырып алып, әр нөмірін сағына күтетін боламын, иншалла! Мен саған ризамын, «Егемен Қазақстан»!

 

Мәкен ӨСЕРБАЕВА,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 

Алматы облысы,

Қаратал ауданы