17 Сәуір, 2010

ЯДРОЛЫҚ ҚАРУСЫЗ ӘЛЕМ ҚҰРУ ІСІНДЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЛКЕН АБЫРОЙҒА ИЕ БОЛЫП ОТЫРҒАНЫ КҮМӘНСІЗ

840 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда атом қаруын азайту мәселесі – әлем назарында. 2 сәуір күні Ресейдің “Известия” газетінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Алып ауқымды әлем және ядролық қауіпсіздік” атты көлемді мақаласы жарық көрді. Осы орайда Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, генерал-полковник, “Нұр Отан” ХДП фракциясының мүшесі Сәт ТОҚПАҚБАЕВ Елбасының мақаласында көтерілген мәселелер бойынша өз ойларын ортаға салады. – Сәт Бесімбайұлы, Елбасының Ресейдің “Известия” газетінде жарияланған мақаласынан қандай ой түйдіңіз? Атом сынағының адам баласына тигізіп отырған залалы туралы не айтасыз? – Атом қаруын сынау елімізге, халқымызға үлкен қайғы-қасірет әкелді. Оның зардапта­рынан әлі күнге арыла алмай келеміз. Сынақ аймағының алып жатқан жер көлемі Бельгия секілді елдер аумағының екеуіндей. Радиация­лық у жерге, суға, тасқа сіңіп кеткен. Ол жерге жеміс-жидек өсіруге болмайды. Енді ғана аз аумақтың топырағын ауыстыру жұмыстары жүр­гізіле бастады. Биыл бір мың гектардай жерді тазалап, өнім алу үшін пайдалануға берілмек. Ал Елбасы мақаласынан алар тағылым көп. Ол бүгінгі күннің ең өзекті болып табылатын проблемасы туралы нақты істелуі керектігін көрсетуімен құнды деп санаймын. – Семей өңіріндегі Жер-Ананың дертін қалай жазуға болады? – Сәуірдің 6-сы күні Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Шығыс Қазақстан облысындағы Семей ядролық полигонына өзі барып, сынақ аймағындағы күйіп кеткен даланы, болған қасіреттердің фотосуреттерін, бейнетаспаларын көріп, тебіре­ніп тұрып сөз сөйледі. Жантүршігерлік жары­лыстар өткенін жүрегімен сезіне білді. Қазақ­станда болған атом қаруының зардаптарын әлемге жария етті. Отандық БАҚ-тармен қатар, әлемнің әйгілі ақпарат агенттіктері, газеттері мен радио және телеарналары БҰҰ Бас хатшысының сөзін дүние жүзіне таратты. “Қазақстан ядролық қарусыздануда ерекше  артықшылығын аңғартуда. 1991 жылы Президент Н.Назарбаевтың Семейдегі ядролық полигонын жауып, ядролық қарудан бас тартуы – үлкен ерлік. Бұл қадам көрегенділік, нағыз тәуелсіздікті жариялау”,– деді Пан Ги Мун. Сонымен қатар мәртебелі мейманның: “Мен барлық мемлекеттер басшыларын, оның ішінде ядролық державалардың басшыларын, Қазақстаннан үлгі алуға шақырамын! Рухтану үшін олар Қазақстанның үлгісін байқауы керек”, – дегені елімізге берген үлкен бағасы деп білемін. Бізге Пан Ги Мунның сапары өте маңызды екені анық. Осы уақытқа дейін біз қанша айтсақ та, өзге елдің адамдары “Семей сынақ ай­мағында сон­шама қайғыра­тындай ештеңе жоқ шығар” де­ген ойда болып келді. Оған көкейкесті мәселе деп қараған жоқ. Енді жойқын қарудың қаншама зардап әкелетінін тіптен біле түсетін болады. Сәуірдің 12-13-і күндері Вашингтонда өткен саммитте ядролық қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақ­станда көріп, көңіліне түйгенін ортаға салды. Бұл басқосуға әлемнің 50-ге жуық елінің басшылары қатысты. Баяндама жасаған алдыңғы бес басшының бірі  Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев болды. Президентіміз осы алқалы басқосуда дүние жүзіне атом қаруынан бас тарту жөніндегі өз үндеуін жария етті. Сол маңызды жиында атом қаруын сынаудан зардап шеккен Семей сынақ аймағын қалпына келтіруге байланысты нақты ұсы­ныстар айтылды. Бір кезде құнарлы өлке бол­ған Абыралы аумағының топырағын тазартуға инвестиция бөлінсе, сол өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға жол ашылар еді, үлкен қолдау болар еді. Мәселен, 1945 жылы Жапонияның Хиро­сима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасының жарылысынан жер бедері өртеніп, уға бөгіп қалды. Содан бері радиация зарда­бына ұшыраған жерлерді қалпына келтіру үшін бірнеше жыл бойы Жапония үкіметінің өзі қан­шама қаржы бөлді, дүние жүзінен қаншама ин­вестиция берілді?! Уланған жерлерді тазалады. Салыстыру үшін айтсақ, ұлы Абай туған өңір­де барлығы 456 ядролық сынақ өткізілсе, олар­дың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе артық екен. – Ядролық қарусыз әлем құрудағы Қазақ­станның рөлі туралы айтып өтсеңіз. – Семей өңірінде соңғы ядролық сынақ 1989 жылғы қазанның 19-ы күні жасалды. Елбасының күш салуымен, халықтың қарсы тұруымен 1989 жылы Семей полигонында жоспарланған 18 ядролық сынақтың 11-і тоқтатылды. 1991 жылы тамыздың 29-ы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей сынақ полигоны жабылды. Бұл әлем бойынша атом қаруын ауыздықтауға жасалған алғашқы қадам болды. Ол – еліміз тәуелсіздік алмай тұрған кездің өзінде Елбасы қабылдаған тарихи шешім. Келесі жылы тамыздың 29-ы күні Семей сынақ полигонының жабылғанына 20 жыл толады. Бір қуантарлығы, бүгінгі таңда яд­ролық қауіпсіздік мәселесінде Қазақстан Пре­зидентінің жақтастары күн санап көбейе түсуде. – Ядролық қауіпсіздік мәселесі алдағы уақытта қандай бағыт алуы мүмкін? – Әуелі бір мәселеге тоқтала кетейін. Біздің ел ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Осы орайда айта кететін бір жәйт бар. Кейде мұның мағынасын терең түсінбеген кейбір азаматтар: “Өзгелерді мойындату үшін қажетті ядролық қарудан неге айырылып қалдық? Алпауыт елдер өздерінде сақтап отыр әрі дамытып жатыр емес пе?” деген пікір айтады. Бұл – теңіздің тереңіне бойламай, астында не бар екенін долбармен айтқан адамның сөзі. Халқымыз “Сотқар шоқпар жинайды” дейді ғой. Сондықтан Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы  Елбасының үлкен ерлігі мен көрегендігін көрсетеді. Бұл – елдің адамзат дамуын қорғаудағы, денсаулығын сақтаудағы нақты қадам. Елімізде орнаған бейбітшіліктің арқасында 18 жылдың ішінде Қазақстан ТМД елдерінің алдыңғы қатарында болып, экономикалық та­быстарға қол жеткізді. Елбасы алғашқы кезден бастап бірінші кезекте экономика, одан кейін саясат тұратынын айтты. Өйткені, экономи­каның дамуы дегеніміз –  халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруы, елдің өркендеуі. Жуырда Ресей Президенті Дмитрий Медве­дев пен АҚШ Президенті Барак Обама Прагада атом қаруын азайту мақсатындағы маңызды құжатқа қол қойды. Келісімге сәйкес Ресей және АҚШ елдері атом қаруларын 1500-ге дейін азайтты. Бұл да өте маңызды бастама. Оған атом қаруы бар өзге елдер де қосылып, ядролық қауіпсіздікке қол жеткізсек, келешек ұрпақ алдындағы басты парызымыздың орындалғаны деп санаймын. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Муннан кейін Курчатов қаласына МАГАТЭ өкілдері барып, “Атом қаруын жасайтын құрал-жабдықтар жоқ па?” деп тексеру жұмыстарын жүргізді. Оның бәрі бекер емес, апта басында өткен Вашинг­тон саммитінде Қазақстанның бейбітшілік­сүйгіш ел екені, іргелі істер атқарып жатқаны әлемдік қоғамдастық алдында мәлім етілді.  БҰҰ Бас хатшысы  Нұрсұлтан Назарбаевты бүкіләлемдік ядролық атом қаруына қарсы күрестегі қозғалыстың басшысы болуға шақырды. Себебі, моральдық, этикалық құқық тек біздің Елбасында бар екенін, халықты қиындықтан шығарып, бейбітшілікке бастап келе жатқанын айтты. Бұрын, Кеңес Одағының құрамында болған кезімізде Қазақстанды шетелде ешкім де білмейтін еді. Елбасының әлемде бейбітшілік орнату жолындағы бастамалары мемлекет қайраткері ретінде тек өзін ғана емес, біздің елімізді, қазақ халқын дүние жүзіне танытты. Ойымды қорыта келе айтарым, ядролық қаруды ауыздықтау, әлемдік қауіпсіздікті қорғау ісінде Қазақстан халықаралық қоғамдастықта үлкен абыройға ие болатынына деген сенімім мол. – Кешенді мәселе бойынша келелі ойла­рыңыз­ды ортаға салғаныңыз үшін рахмет. Әңгімелескен  Айбатыр СЕЙТАҚ, журналист.