Руханият • 20 Желтоқсан, 2020

Алаш ұранды әдебиет және Рымғали Нұрғали ұстанымы

1315 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Өзінің көп қырлы талантының көрсеткішіндей болып қазақ әдебиеттану ғылымының ірі тұлғасына айналған аса зор білімпаз, ғылымның тылсым тұңғиығына еркін бойлаған оқымысты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және гуманитарық ғылымдар саласы бойынша берілетін Шоқан Уәлиханов атындағы бірінші дәрежелі сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткер, филология ғылымдарының докторы, профессор, тағы да көптеген атақ, лауазымдар мен марапаттарды иеленген Рымғали Нұрғали – қазақ әдебиеттану, әдеби сын саласында өзіндік стильдік өрнек әкелген, зерттеу тәсілінде өзгеше форма, жаңаша мазмұн, ұлттық рух қалыптастырған тұлға.

Ол –  Ұлы ұстазы Б.Кенжебаевтың ықпалымен, алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтарды көзі көрген, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезовтермен аралас-құралас болған әкесі Нұрғалидың әсерімен Алаш идеясы көкірегіне жастай ұялаған сирек талант.  Соның нәтижесінде студенттік шақ, аспирант кезінен-ақ олардың еңбектерімен жасырын танысып, алғашқы зерттеулерінің өзінде ғылыми айналысқа түсіруге ұмтылады. Кешегі коммунистік идеология қысымымен тиым салынып, саясат қамауында жатқан Алаш ұранды әдебиет өкілдерінің жоқтаушысы болуға талпыныс танытты. Оған дәлел – шовинистік көзқарас, тоталитарлық режимінің ызғарынан қаймықпай  Алаш мұрасын зерттеуде алашшыл ұстанымды негізге алып,  ұзақ жылдар бойы саяси «тұтқын» статусынан арыла алмай, алмағайып күн кешудегі «Қилы заман» романы жайлы тұңғыш пікір айтқан (1967) сол кездегі жап-жас аспирант Рымғали Нұрғали болуы. Ерлікке пара-пар әрекет демеске амал жоқ...

Зерттеушілік, қаламгерлік қадамын осылайша Алаш ұранды әдебиет бағытына қызығушылықтан бастаған ол коммунистік идеологияның қытымыр саясатына қарамастан күрделі дәуірдің күрмеулі шындығын ашуға деген көзқарасын орнықтыра түсті. Кеудесін жалын кернеп, бойында ұлттық рух ойнаған алашшыл азамат өзі өмір сүріп отырған қоғамның даму сипатына ой тастай отырып, қалайда құлайтынына үміт артатын. Алла жар болып сол үміті орындалды. Әуелі іс жүзіндегі қоғам дамуын басқа бағытқа бұруды мақсат еткен «Қайта құру» атты саяси талап үстемдік ете бастады. Мемлекетті басқаруда жаңа жүйе қалыптастыруды көздеген бұл идеяның ауқымында орасан зор мәселелер қамтылуы тиіс болып, мейілінше құлдыраған  мемлекеттік құрылымның  барлық саласы дамудың жаңа ырғағына көшу талабы қойылды. Сол идея аясында мемлекеттік деңгейде қолдау тауып, Р.Нұрғали тәрізді белгілі ғалымдар бір кезде жазықсыз жазаланып кеткен тұлғаларды ақтау іс-шараларына белсенді араласып кетті.

«Қайта құру» болып басталып, соңыра отарлықтың ошағы болған алып империяның құлауына әкелген, ғасырлар бойы азаттық аңсаған халықтардың  тәуелсіздік алуына ұласып кеткен бұл саяси бастама «Аспан айналып жерге түскендей» өмірлік өзгеріс еді. Сол сәттерден бастап-ақ қазақ әдебиеті тарихында бұған дейін болмаған көркемдік өлшем биігіне көтерілген кезең – Алаш ұранды әдебиет туындылары зерттеу нысанасына айнала бастады.

Р.Нұрғали бұрынғы ізденістерін жалғастырып, Алаш ұранды әдебиет өкілдерінің шығармаларын зерттеудің алғашқы үлгілерін жасады. Архив ақтарды, дереккөз жинады, алаш дәуірін көзі көрген тұлғалардің естелік, әңгімелерін тыңдады. қоршаған орта, идеологиялық қысымның қаһарын біле тұрып, уақыт ыңғайын барлауға негізделген өзіндік ойларын жасқанбай жариялауы оның берік ұстанымын көрсетіп отырғанын айғақтайды. Көптеген тұлғалардың сандықтарында, қалтарыс қабаттарда, елеусіз орындарда жасырын сақталған Алаш ұранды әдебиет  туындылары ел игілігіне қызмет ете бастады.

Мұның өзі «Совет өкіметі, партиялық органдар қаншалықты қаталдық жасап, қырағылық көрсеттім дегенмен, Алаш идеалары, ұлттық азаттық рухы, тәуелсіздік сарындары, әсіресе әдебиетте, өнерде, ғылымда жойылып» [1, 422 б.] кетпегенінің бір көрінісі еді. Рымғали Нұрғали «қайта құру» идеясы аясында Алаш ұранды әдебиет өкілдерінің ақталуы жолында белсенді іс атқарды. Ахмет Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев туралы алғашқы болып «Ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы»,  «Мөлдір сезім, биік парасат»,  «Сегіз қырлы, бір сырлы дарын»  атты мақалалар жазды.

Ел тәуелсіздігін алғаннан кейін құлашын кеңге сермеп  Алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылықтары туралы құлаш-құлаш мақала, зерттеу еңбектер жариялады, кітаптарын шығаруға көп еңбек сіңірді. Бұл орайда қазақ әдебиеті мен мәдениетінің қайталанбас тұлғалары  А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев,  М.Дулатов, Ж. Аймауытов, Ж.Шанин және М.Әуезов шығармаларын талдауға арналған өзінің «Әуезов және Алаш» (1997),  «Верщины возвращенной казахской литературы» (1998) монографияларын жарияласа, А.Байтұрсыновтың «Ақ жол» (1991) атты шығармалар жинағын құрастырып баспадан шығарды, Әлихан Бөкейханның қазақ және орыс тілдеріндегі еңбектерінің таңдамалы жинағына бас редактор болып, баспадан шығуына мүмкіндік жасады. Тек қана жағдай туғызып қойған жоқ, олардың шығармаларының көркемдік әлеміне терең бойлап, тума дарындардың қазақ сөз өнеріне тың серпіліс әкелгендігі, қаламгерлік қуаты, ұлттық әдебиетіміздегі орны жайлы ой тастайды. Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистік, қайраткерлік істері өз заманында аса жоғары бағаланғанын айта келіп, қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың маңыздылығына ғылыми тұрғыдан баға  береді. Ахмет Байтұрсыновтың көлемі жағынан әлденеше том болатын әртүрлі оқиғаларға, халықаралық жағдайларға, заң, құқықтану, ғылым-білімге, педагогикаға арналған мақалалары, тілші, әдебиетші ретінде жазған ғылыми теориялық еңбектері автордың көзқарас эволюциясын, тарихи білігін, ойшылдық деңгейін, журналистік қарымын көрсетіп, рухани даму кезеңдерімізден мол хабар беретін аса құнды дүниелер екені ғылыми пайыммен сараланады.

Қазақ әдебиеттануы мен тіл ғылымының теориялық негізі болып табылатын «Әдебиет танытқыш», «Тіл тағылымы» зерттеулерінің   әрқайсысына жеке-жеке сипаттама беріп, олардың тарихи орны, ғылыми маңызы туралы ой-толғамдарын ортаға салады. Бұрын-соңды болмаған, тыңнан түрен салып жазылған бұл еңбектер шын мәнінде қазақтың ғылым, ағарту саласында жасалған теңдесі жоқ ғажайып жаңалық екенін зерттеуші кітап мазмұнын құрап тұрған ереже, ғылыми түйіндеулерден келтірілген  мысалдар арқылы түсіндіреді.

Ахмет Байтұрсыновтың тіл білімі саласындағы еңбектері саралау, жүйелеу, оларға тарихи тұрғыдан баға беру тілші ғалымдардың еншісіндегі – зор жауапкершілігі бар іс екендігін еске сала отырып академик Р.Нұрғали «Тіл құралы» оқулығы туралы былайша сипаттама береді: «...тілдік ұғымдарға берілген анықтамалардың дәлдігі, ғылыми тереңдігі түрлі категорияларды сұрыптаған, жіктеген кезде оларға термин, атау берген кездерде тіпті айқын көрінеді.

Қазіргі қазақ тілі ғылымының түп қазық ойлары тіпті әріде жатқанын, оларды бірінші болып Ахмет Байтұрсынов тұжырымдағанын көреміз» [1,19 б.]. Сауаттылықты қалыптастырып, сауатты жазу мен сөйлеуді орнықтыруға  арналған «Тіл құралы» оқулығы білімді болудың алғашқы теориялық негізі екені кімге болса да түсінікті. Дәл осы сияқты әдебиет әлемін терең түсініп, оқу поцесіне  ауадай қажет әдеби теориялық ұғым қалыптастыруға арналған «Әдебиет танытқыш» оқулығын жазуда да ерекше сұңғылалық танытқан ғалым-ақынның қайталанбас тұлғасы ұлтымыздың даналық тарихында  келер ұрпақтармен бірге жасай беретіні салмақты ойлармен түйінделеді.

1926 жылы Ташкентте басылған «Әдебиет танытқыш» атты кітабы авторының шын мәнінде ғалым-теоретик, эстетик-сыншы тұлғасын айқындайтын күрделі туынды екені саралап көрсетіледі. Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түгелімен осы «Әдебиет танытқышта» қарастырылғанын еске сала отырып, Р.Нұрғали оны нақты мысалдармен дәйектейді: «Ғалым әдебиеттің  барлық жанрларына, көркемдік құралдарына қатысты европалық орыс әдебиеттануындағы ұғым, термин, категорияларға шып-шырғасын шығармай түгелдей  қазақша балама табады. Баспасөзде, кітаптарда, оқулықтарда, радио-теледидарда қазір кең де еркін қолданылатын сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл анықтығы, тіл дәлдігі, көрнектілігі, оның тараулары, көзнектеу, мегзеу, теңеу, ауыстыру, бейнелеу, алмастыру,кейіптеу, әсірелеу, арнау (сұрай арнау, жарлай арнау, зарлай арнау), қайталақтау, шендестіру, дамыту, үдету, түйдектеу, бүкпелеу, кескіндеу, сияқты ұғымдарды тұңғыш рет енгізіп, осы сөздерді термин дәрежесіне көтерген, дәл анықтап берген – Ахмет Байтұрсынып екенін айту – тарихи әділет» [1, 20–21 б.].

Сондай-ақ өлең  айшықтары, шумақ түрлері, тармақ толғаулары, бунақ, буындар, ағындар, тармақ кезеңдері, ұйқастар мен өлеңтану категориялары да осы «Әдебиет танытқышта» жасалғаны сарапталады.

Әмбебап ғұлама ел аузынан жазып алып, оны  мазмұндық ерекшеліктеріне қарай түрлі жанрларға жіктеуі  ұлттық әдебиеттануда тұңғыш рет зерттелуіне қарамастан ғылыми дәлдігімен сүйсіндіретіні байыпталады.

Ғалым зерттеулерінің қайсысында болсын ұлттық рух, отарлыққа қарсы идеяның көркем әдебиеттегі көрінісі, ондағы сюжет пен композициялық  құрылым ерекшеліктері өзара байланыста қарастырылады. Бұл орайда Рымғали Нұрғали өзінің көркем шығарма зерттеудегі тұрақты әдеби ұстанымы аясында әуелі көркем мәтінге, шығармалардың туу тарихына, түрлі нұсқаларына, әдеби дамудың ерекшеліктеріне назар аударады. Ахмет Байтұрсынов мұрасының түпкі мақсаты –  халықты ояту, оның санасына, сезіміне әсер ету. Осы идеяны жүзеге асыру жолын ідегенде педагог-ақын ұлы Абай соқпағымен жүруге ынталы болғаны көрінеді. Оған академик Р.Нұрғали былайша сипаттама береді: «Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсұнады» [1,10 б.]. И.А. Крыловтан аударған «Қырық мысал» кітабы – соның айғағы.

Алаш ұранды әдебиетті жасаған қаламгерлердің жеке басына, шығармаларына тән ортақ, сапалы белгілер олардың тағдырын, мұрасын бір тұтас құбылыс ретінде қарауға болады деп түсінеді. Р.Нұрғали өз зерттеулерінде ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қазақ интеллигенциясының қайшылыққа толы бағыт ұстауына қайсы біреулер сияқты біржақты баға бермейді. Алаш ұранды әдебиетті жасаушылардың да, Кеңес үкіметін жақтаушылардың да басты мақсаты түптеп  келгенде азаттыққа қол жеткізу, дербес мемлекет болуға ұмтылу екенін сұңғыла зердемен байыптайды. Р.Нұрғали бұл көрініс туралы былайша сипаттама береді: «Партия қаулы-қарарларымен ой нысанасын, тақырып жүйесін, бейне бағытын, әдіс тәсілін белгілеп берген Совет дәуірі әдебиетінің алғашқы өкілдерінің бәрі де Алаш  ұранды әдебиет шығармаларымен ауызданған, жазу-сызу әліпбиін солардан үйренген, - дей келіп олардың арасындағы желісі үзілмеген жеке адамдар арасындағы ұстаздық-шәкірттік, ағалық-інілік, туыстық-бауырлық қарым-қатынастарды» [1, 422] тәптіштеп түсіндіреді.

Бұл орайда Мағжан мен Сәкеннің семинарияда қатар оқуы, Жүсіпбек пен Мұхтардың «Абай» журналында бірге істеуі Смағұлдың Әлиханға күйеу бала болуы, Ахметтің Кеңесбаевты, Жүсіпбектің Мәулен Балақаевты, Мағжанның Бейсенбай Кенжебаевты оқытуы – Алаш қозғалысы рухын кейінгі  ұрпақпен жалғастырған мың сан тамырлар екенін алға тартады.

Сондай-ақ, Әди Шәріпов Ахметтің «Әдебиет танытқыш», Бауыржан Момышұлы Ахметтің «Маса», «Қырық мысал», Бейсембай Кенжебаев Жүсіпбектің «Психология», «Әдебиет танытқыш», Құрманбай Толыбаев Міржақыптың «Оян, қазақ!», «Бақытсыз Жамал» кітаптарын сақтап келгендігі ұлы арманның үзілмегенінің айғағы ретінде көрсетіледі.

Бүгінгі уақыт талабына, Тәуелсіздік тұғырына, демократия принциптеріне сәйкес идея, пікір айтуға сонау тоқырау заманы толарсақтан қағып, саяси ұстанымдардың ұсқынсыз бұғауы   үстемдік етіп тұрған кезеңнің өзінде  Рымғали Нұрғалидың батыл қадам жасағанына  көз жеткізуге болады. Әсіресе оның ғылыми объектісінің ең күрделі, маңызды, арналы саласына айналған Мұхтар Әуезов өміріне, творчествосына қатысты, оның тұңғыш романы «Қилы заманның» зерттелу, жарық көру тарихына байланысты деректері, жылдар қатпарында қалған қызық қиырларға жетелейді.

Осы орайда бүгінде әдебиеттанудағы жаңа бір мектепке, тұтас бағытқа айналған Алаш ұранды әдебиет концепциясын тұңғыш рет академик Р.Нұрғали ұсынғанын, оның орнығып қалыптасуына зор ықпал еткенін  еске салғымыз келеді [2, 6 б.].

Тұңғыш кітабы «Трагедия табиғатынан» бастап, өзінің көзі тірісінде жарық көрген соңғы туындысы – «Толғауы тоқсан қызыл тілге» дейін жарияланған сын, зерттеу, монографиялардан тұратын мол мұрасының қай-қайсысын оқысаңыз да суреткерлікпен сабақтасатын сараптау, сырлы да сұлу сөздермен өрнектелетін талдау үлгісінің, азаматтық рух пен алашшыл ұстанымынан ауытқымаған әрлі әлеміне еніп кетесіз. Бұл орайда, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарынанан бастау алатын, қазақ әдебиеттану ғылымы мен мен әдеби сынына жаңа өрнек,  тың пайым бағытын алып келген сыншы-зерттеушілердің ішінде Рымғали Нұрғали еңбектерінің оқшау отаудай алыстан көз тартатындығын байқайсыз. Оның ұлттық драматургияның даму тенденциялары мен теориялық мәселелеріне арналған еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымына соны сапалық белгілер әкелді.

«Трагедия табиғаты» монографиясы М.Әуезов мұраларын зерттеуде жаңа бағыт қалыптастырып, тың идеялар ұсынды. Ұлы жазушының отызыншы жылдардың ортасына дейінгі өміріне қатысты деректерді мұрағаттардан тауып, қолжазба нұсқаларын қопара зерттеп, алғаш рет ғылыми айналымға енгізді. М.Әуезов шығармаларын зерттеу барысында Рымғали Нұрғалиұлы жазушының публицистикасы, драматургиясы, прозасын Алаш ұранды әдебиетпен байланыстыра қарап, «Абай», «Сана», «Сарыарқа», «Ақ жол» сияқты саясат бұғауына қамалған басылымдарды негізге ала отырып, «Хан Кене», «Қилы заман» тәрізді шығармаларының алғашқы нұсқаларын жаңа көзқарас тұрғысынан саралады. Ал алпысыншы жылдары саясат кеңістігіне «жылымық» кезеңнің келуіне байланысты «сабақты ине сәтімен» келген уақытты пайдалана білген жас толқын – ғылым мен әдебиетке жаңадан келген буын өкілдері батыл да батымды пікірлер айта бастады. Сол тегеуірінді толқын өкілдерінің бірі де бірегейі, санасына алашшыл ұстаным, ұлттық рух  берік орныққан Рымғали Нұрғали болды.

Қазақ әдебиеттану ғылымының аса көрнекті тұлғасына айналған Рекеңнің ғалымға тән зердесі, зертеушілік қабілеті, сыншылық өресі өз алдына бір төбе. Оның жарқын айғағы – сонау студент кезінің алғашқы жылдарында-ақ, ғылым-білімге деген ынта-жігері мен қабілет дарынын бірден байқатып, ұстаздар назарын өзіне аудара білген ол, қазақ әдебиеттану ғылымының қайсар қайраткері, бойында балғын шағынан тұтанған алаш рухының алауын бір сәт те сөндірмеген дана ұстаз Бейсекеңмен, профессор Бейсембай Кенжебаевпен бірігіп, сонау 1961 жылы «Сабыр Шарипов. Өмірі мен творчествосы» атты монографиялық зерттеу еңбегін жарыққа шығаруы.

Сөз өнері жайлы ой қозғалғанда әдебиет жеке дара алынбай, өнердің өзге салалары – сұңғат, сәулет, музыка, театр, би, кино т.б. түрлерін қатар атап, әрқайсысының өзгешелік сипаттарын сабақтастыра, салыстыра түсіндіреді. Бұл тұрғыда жаһандық мәдени мұралардың озық үлгілерін, көркемдігі аса жоғары туындыларын мысалға ала отырып ойына тұғыр етеді.

Өсіп-өрлеуі Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Жұмат Шанин, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев, Әлжаппар Әбішев, Шахмет Құсайынов, Қалтай Мұхаметжанов, Тахауи Ахтанов есімдерімен байланыстырылатын қазақ драматургиясы әлемдік өнердің үздік туындылардының контексінде алынып, оны поэтикалық тұрғыдан жан-жақты қамти отырып талдайды .

Сыншы-ғалым  ұлттық театр өнеріндегі алғашқы арнаны халықтық қайнарлардан, ұлыстық ұстанымдардан іздейді. Оны алғашқылардың қатарында жүзеге асырған ақберен дарын иесі, қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шанин жөнінде алғаш рет зерттеу жүргізіп, тың деректер жинаған Рымғали Нұрғали болғандығы да белгілі. Оның 1969 жылы жарық көрген «Талант тағдыры» атты еңбегі исі қазақ режиссурасының, оның төлбасы Жұмат Шанин творчествосының «тар жол – тайғақ кешулеріне» арналған тұңғыш зерттеу, алғашқы зерделеу екендігін де еске сала кеткенді жөн көреміз.

ХХ ғасыр басындағы Алаш идеясы бағытын ұстанған әдеби-көркем шығармалар туғызған қаламгерлердің азаматтық ұстанымы, қайраткерлік болмысы, дара машығы, шеберлік өрісі туралы әлемдік аяда қарастырады. Қазақ әдебиетіндегі азатшылдық рух, азаматтық ұстаным, ағартушылық бағыт, авторлық дара қолтаңба, оның көркемдік өріс түзудегі мәні мен маңызы ғылыми зердемен пайымдалады. Қазақ әдебиеті тарихындағы жекелеген шығармашылық тұлғалардың алаштық мұраттар ауқымындағы өзіндік ұстаным-бағыттарына тарихи-әдеби контексте баға береді. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде алашшылдық мұраттардың көркемдік шешім табуын қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының жаңа бағыттары ауқымында пәндік зерделеу, жеке автордың азаматтық-азатшылдық ұстаным, жазу машығындағы даралық сипаттарды ХХ ғасыр басындағы саяси ахуал, көркемдік өріс ауқымында тарихи негіз, дәстүр, жаңашылдық сипаттар, жалпы ұлт тағдырындағы тарихи-рухани әлуеті мәнінде жүйелі ғылыми зерделеу болып табылады. Түркі тектес халықтар әдебиетіндегі басты идеялық-көркемдік ұстанымдарды, қазақ поэзиясындағы ел бірлігі, жалпытүркілік құндылықтар идеясының көркем бейнеленуін ғылыми негіздейді. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің даму бағыттары ауқымында азатшылдық, ағартушылық мұраттарға нақтылы шығармашылық дара тұлғаның әдеби мұрасын талдау, жинақтай саралау арқылы назар салып, рухани, көркемдік ықпалын айқындайды. 

Қазақ әдебиеті тарихының елеулі кезеңі ХХ ғасыр басындағы әдеби дамудың көркемдік өрісі, әдебиеттегі алаштық идея жоғарыда айтып өткен А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов т.б.  қаламгерлердің  мұралары ауқымында талданады. ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде басты ұстанымның бірі – алашшылдық мұраттар болуы сол кезеңнің тарихи-әлеуметтік болмысынан туындаған ұлт-азаттық күрес жолындағы нақтылы құбылыстың бірі есебінде жүйелейді. Тарихи дамудың елеулі арнасы болған ағартушылық мұраттарды ХІХ ғасырдағы тарихи алғышарттарымен сабақтастықты ашуға мән береді.      

Қорыта айтқанда, академик Р.Нұрғалидың Алаш ұранды әдебиет жайлы  зерттеулерінде әдеби дамудың ағартушылық бағыты көркемдік, шеберлік, дара машық, авторлық ұстаным, азаттық мұраттар мәнінде, алашшылдық идея ауқымында зерделеніп, алашшылдық көзқарас тұрғысынан сараланады.

 

Құныпия АЛПЫСБАЕВ,

Филология ғылымдарының докторы, профессор

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Нұрғали Р. Әуезов және алаш. – Алматы: Санат, 1997. – 432 бет

2.Әбділдин Ж. Академик  Рымғали Нұрғалидың ғылыми-шығармашылық өмірбаяны. // Академик  Рымғали Нұрғалидың ғылыми мектебі. – Астана:  Фолиант баспасы, 2010. – 160 бет.