Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, соңғы екі тәулікте қауіпті індетті 169 адам жұқтырып отыр. Оның ішінде 30 науқас Атырау қаласында тіркелген. Коронавирусты жұқтырушылардың дені бұрынғыша Теңіз кенішіндегі жұмысшылар екені анықталған. Өткен екі тәулікте аталған кен орнында жұмыс істейтін 123 жұмысшы қауіпті індетке шалдықты. Сондай-ақ Мақат, Махамбет, Индер, Құрманғазы аудандарының тұрғындарынан да Сovid-19 инфекциясының белгісі табылды.
Тек соңғы бір тәулікте 112 науқас коронавирус инфекциясынан емделіп шығыпты. Қазір 249 адам үй жағдайында емделуде. Облыстық инфекциялық стационарда – 78, аудандардағы стационарларда 13 пациент жатыр. Ал Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда ем қабылдап жатқан науқастардың саны 321 адамға жетіп отыр.
«Теңізшевройл» ЖШС-ның Үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, Теңіз кенішіндегі жұмысшылардың қауіпті індетті жұқтыруының мынадай бір себебі бар. «Мердігер мекемелердің кейбір қызметкерлері санитарлық бекеттерден жалған ПТР-тест анықтамаларды көрсету арқылы өткен фактілер анықталды. Осындай қызметкерлерге берілген рұқсаттар дереу жойылды. Өрескел фактілер туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабарланды. Ресми тергеу жүргізіледі деп күтілуде», дейді ол.
Мұндай деректің айтылуы негізсіз емес. Тіпті өзінің де, өзгенің де саулығын ойламайтын кейбір пысықайлар кен орнындағы блок-бекеттерді айналып өтуге тырысады екен. Дәл осы деректі полиция қызметкерлері жоққа шығармайды. Өйткені Жылыой аудандық полиция бөлімі Теңіз полиция бөлімшесінің қызметкерлері кен орнындағы блок-бекетті айналып өтпек болған бір топ адамның жолын кесіп, тосқауыл қойды. Жақында аталған бөлімшенің патрульдік полиция инспекторы, полиция капитаны Тілеуке Құмаров блок-бекетті айналып, кен орнына қарай бағыт алған «Lada Granta» автокөлігін байқапты. Полицей бұл туралы басшылыққа хабарлап, өзі тоқтату үшін аталған көлікке бет алған. Сол сәтте оған көмекке әріптестері көмекке келді.
– Полицейлер Құлсары қаласында тұратын 31 жастағы азаматтың басқаруындағы көлікті вахталық кентке кіреберісте тоқтатты. Көлік салонында жүргізушіден өзге төрт ер адам болған. Олардың екеуі Орынбор қаласында тұратын Ресей Федерациясының азаматы болып шықты. Құжаттарды тексеру кезінде үш жолаушының, оның ішінде бір ресейлік азаматтың қолында ПТР-тесттен өткені туралы анықтама болмады. Көліктегілер «Теңіз» вахталық кентінің аумағында орналасқан компаниялардың біріне баруды көздеген, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Облыстың мемлекеттік бас санитар дәрігері Амантай Жұмағалиевтің айтуына қарағанда, қауіпті індетті жұқтырушылардың 80 пайызын вахталық ауысыммен өзге өңірлерден жұмысқа келген азаматтар құрағаны анықталды. Демек, кей компаниялар карантиндік шектеу шараларын сақтауға мән бермейді. Соның қатарында «Матен Петролиум» ЖШС бар.
– Биылғы 7 желтоқсанда қалада індетке шалдығудың жоғары деңгейі – 19 жағдай тіркелді. Ал облыс бойынша – 61 жағдай. Оның ішінде 19 науқастың екеуі – Атырау қаласының тұрғындары, қалған 17-сі – компаниялардың бірінің вахталық ауысымға келген қызметкерлері. Қалалық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасының қызметкерлері жүргізген эпидемиялық тексеру кезінде «Матен Петролиум» компаниясының қызметкерлері вахтаға бару үшін ПТР-талдауын тапсырғаны анықталды. Сонымен қатар жұмысқа кірісу үшін қызметкерлер карантиндік стационарда 7 күн жатуы керек. Ал 7-ші күні ПТР-талдауды тапсыруы тиіс. Егер ПТР-талдауы теріс болса, олар жұмысқа жіберіледі, – дейді Атырау қалалық санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасының басшысы Қанат Ғайнеденов. – Компания қызметкерлері орналасқан қонақ-үйлердің жағдайы санитарлық нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкес келмеді. Сонымен бірге басшылар да, қызметкерлер де жұмысшыларды карантинге орналастырғаны туралы хабардар етпеді. Өйткені келісімшартта жай тұру туралы көрсетілген. Ал қызметкерлердің жағдайын бақылау үшін медициналық қызметкерлер болған жоқ.
Оның айтуынша, қонақүйге орналасқандарға арналған жеке қорғаныс құралдары шектеулі мөлшерде берілген. «Матен Петролиум» жұмысшыларының өздері қонақүйде еркін қозғалып, бірге тамақтаныпты. Тіпті оқшаулау талаптарын бұзып, бір бөлмеде екі-үш адам тұрған. Ал науқастармен байланыста болған сегіз адам қонақүйден мүлдем кетіп қалған. Шектеу шараларын бұзған осындай дерекке байланысты «Матен Петролиум» компаниясына әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 1600 АЕК (3 644 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Міне, осындай себептер Атырау облысының «қызыл аймаққа» енуіне ықпал етіп отыр. Бұған қоса облыстың мемлекеттік бас санитар дәрігері А.Жұмағалиевтің қаулысымен карантиндік шектеу шаралары қайта күшейтілді.
– Атырау облысының аумағында эпидемиялық жағдай тұрақталғанға дейін шаруашылық, өзге де қызметпен және халықтың тыныс-тіршілігінің ерекше жағдайларымен шектеу шаралары енгізілсін. Шектеу іс-шараларының режімі мен мерзімдері облыс аумағында COVID-19 коронавирус инфекциясының таралуы бойынша ахуалдың өзгеруіне сәйкес қайта қаралуы мүмкін, – делінген қаулыда.
Бас санитардың қаулысына сәйкес Теңіз кен орнында карантиндік және шектеу шаралары эпидемиялық жағдай тұрақталғанға дейін ұзартылды. Ал өңір тұрғындарына респираторлық инфекцияның алғашқы белгілері пайда болған кезде (құрғақ жөтел, қызба, тыныс алудың қиындауы, ентігу және т.б.) медициналық ұйымдарға бармай, 103-ке қоңырау шалу арқылы үйден медициналық көмекке жүгіну, қоғамдық тамақтану орындарында тамақтану кезінде әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып және 5 (бес) жасқа дейінгі балаларды коспағанда, қоғамдық орындарда, баруға және демалуға арналған орындарда, қоғамдық көліктерде медициналық немесе мата бетперделерін кию міндеттелді. Жасы 65-тен асқан адамдарға азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ қажетті тауарларды сатып алуды және медициналық мекемелерге баруды қоспағанда аса қажеттілік болмаса, тұрғылықты жерінен шықпауға ұсынылды. Сонымен бірге тұрғындар халық көп шоғырланатын жерлерге бармауы, әлеуметтік арақашықтықты, бетперде тәртібін, жеке бас гигиенасын сақтауы тиіс.
Бас санитар дәрігердің қаулысымен жергілікті әкімдіктерге көпшілік іс-шараларды (мерекелік, ойын-сауық, көпшілік мәдени, спорттық, білім беру іс-шараларын, көрмелерді, корпоративті, форумдарды, конференцияларды, сондай-ақ отбасылық, естелік іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және т.б.), оның ішінде үйде және жаппай адамдар жиналатын өзге де іс-шараларды өткізуге тыйым салу ұсынылып отыр. Мұның қатарында ойын-сауық объектілерінің, банкет залдарының, барлық түрдегі ойын алаңдары (аулаларды қоспағанда), түнгі клубтардың, барлар, караоке, компьютерлік және ойын клубтарының, кальян, букмекерлік кеңселердің, мерекелерді ұйымдастыру бойынша кейтерингтік қызметтердің, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі балалар мекемелерінің (кезекші топтарды қоспағанда), мәдени нысандардың, жеке, топтық дайындықтарды қоса алғанда кинотеатрлардың, театрлардың қызметін тоқтата тұру да бар.
Соңғы тәуліктерде «қызыл аймақта» қалған жалғыз өңір – Атырау облысындағы тұрғындарды алаңдатқан эпидемиялық ахуалдың беталысы осылай қатталып отыр. Карантиндік шектеу шараларының қайтадан күшейтілуі қауіпті індеттің бетін қайтара ала ма? Әзірге бұған болжам жасауға ешкімнің жүрегі дауалар емес.
Атырау облысы