Әлем • 23 Желтоқсан, 2020

НАТО-ны қайта қалпына келтіру

290 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

СТЭНФОРД. АҚШ президенттігіне сайланған Джо Байденнің таяуда ғана зейнетке шыққан «төрт жұлдызды» генерал Ллоид Остинді Қорғаныс министрі ретінде көргісі келетіні көп нәрсені аңғартады. Яғни келер жылдың 20 қаңтарынан бастап Америка бұрынғы арнасына түседі, достарын жазалап, жауларын марапаттаудың жолын іздеуді доғарады. Бұл өзгерісті әлемге түсіндіру үшін Байден Ақүйге орналасқан соң, президент Дональд Трамптың биылғы шілдеде АҚШ-тың 12 мың сарбазын Германиядан шығару жөніндегі шешімін жоюы тиіс.

НАТО-ны қайта қалпына келтіру

Осылайша, Байден АҚШ-тың қалтасынан соқыр тиын шығармастан-ақ Трамптың оқшаулану саясатын мүлдем жоққа шығарып, Ресей президенті Владимир Путиннің Еуропаны «бөліп ал да, билей бер» стратегиясына сына қағады. Сондай-ақ сарбаздарды шығару шешімін тоқтату НАТО-ны, Гер­ма­нияны және канцлер Ангела Мер­кельді күшейте түседі. Меркельдің із­ба­сары алдағы қаңтарда Христиан демок­ра­тиялық ұйымы партиясында (CDU) таңдалмақ. Партия қазіргі таңда Путиннің ықпалымен және елдегі анти-батыстық көзқараспен күресіп жатыр.

Трамптың сөзіне сүйенсек, оның АҚШ сарбаз­дарын шығаруы Германия­ның НАТО-мен одақтасу барысында қор­ға­ныс­қа аз ақша бөліп, өтемін төлеу америка­лықтардың қалтасына түс­кеніне байланысты. Бірақ бұл мүл­дем дұрыс емес. Бұрын бұл шешімді қол­дасам да, қазір мақұлдай алмаймын.

Талай жылдан бері Республикашылдар немесе Демократтар партиясы атынан сайланған президенттер Американың НАТО-ға Германияға қарағанда көп ақша бөлгеніне мүлдем мән берген емес. Бір кездері мен де бұл мәселеге ерекше мән беру керек деп есептедім. Сөйтіп, 1986 жылы «НАТО Батысты қалай әлсіретеді?», деген кітап жаздым. Онда Германияның аз қаржы бөлетіні туралы айтылған. Осы идеяға қатты беріліп кеткенім соншалық, The Wall Street Journal басылымына «Атланттық одақтастықты өзгертетін сәт келді» деген баған да жаздым.

Бірақ Трамп менің көнерген стра­тегия­лық дәлелімді НАТО-ның ынты­мақ­тас­тығын бұзып, Путинді күшейтуге арналған құрал ретінде қолданады деп мүлдем ойланбаппын. Рас, Германия қор­ғаныс саласына жеткілікті қаржы бөл­меуі мүмкін. Франция дәл осылай ой­лай­ды. Әйтсе де, Германия АҚШ-ты ақы­мақ қылып, қорғанысқа мардым­сыз қаражат бөліп отыр деген аргумент – Трамптың айласы. Ол осылайша Путинді күшейтіп, Меркельге тиісіп қалмақ. Путин баяғыдан бері Еуропадағы АҚШ сарбаздарының азайғанын қалайды. Ол осы жоспарын жүзеге асыруға Трамптан асқан президент таппайтын еді.

НАТО мен Германияның оған бөлетін қаржысы туралы шынайы түсінігім кітабым жарық көргеннен кейін көп уақыт өткен соң қалыптасты. Өз ойымды дәлелдеу барысында президент Джордж Буштың кезінде АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы қызметін атқарған Лоуренс Иглбергермен сұхбат құрдым. Сондай-ақ қорғаныс саласынан хабары бар көптеген офицермен тілдестім. Содан кейін ғана АҚШ үшін Еуропадағы қорғаныстың шығынын емес, мақсаты мен құрылымын бақылау әрдайым маңызды болғанын түсіндім. Қазір де бұл өзектілігін жоғалтқан жоқ. АҚШ әскери сарапшыларының пайымдауынша, қырғи-қабақ соғыс кезінде қол жеткізген трансатланттық келісімнің мәні мынада. Америка НАТО шығынының көп бөлігін төлейді. Есесіне Еуропадағы қорғаныс саласында көшбасшылықты иеленеді.

Сөйтіп, тиімді трансатланттық одақ құру арманынан туындаған «немістер бізді алдап соқты» деген пікірден айнып қалдым. Осылайша, консервативті популистік көзқарасқа негізделген пікірім мүлдем өзгерді. Оған қоса, 1980-жылдары менің кітабымды сынаған әскери сарапшылардың пікірі дұрыс екенін уақыт көрсетті. Сол кездердегі трансатланттық пікірталас қаржы туралы емес, КСРО-ның баллистикалық зымырандарына тосқауыл болатын «Першинг-2» жүйесін Батыс Германияда орналастыру төңірегінде өрбіді. Тарихында талай соғысты бастан өткерген, сондықтан бейбітшілікке құмар Батыс Германия аталған мәселеде екіұдай пікірде қалған-ды.

Ұзақ уақыт бойғы үміт пен күдіктен кейін Социалистік-демократиялық партияның өкіліканцлер Хелмут Шмидттің ерік-жігерінің, сондай-ақ оның ізбасары Хельмут Кольдің ынтасының арқасында Батыс Германия 1983 жылы «Першинг-2» жүйесін орнатты. Зымыранға қарсы құрал өз міндетін адал атқарды. НАТО соның арқасында 1987 жылы КСРО-мен мәмілеге келіп, Орта қашықтықтағы ядролық қару келісіміне қол қойды. Бұл құжат – ядролық қару қаупін азайтудағы маңызды келісімнің бірі. Көп ұзамай «Першинг-2» жүйесі жойылды. Ұзынқұлаққа сенсек, оның кей бөлшегі Рональд Рейганның президенттік кітапханасына сыйлық ретінде берілген.

Германияның НАТО-ға бөлетін қаражатын АҚШ-тағы ең өзекті саяси тақырыпқа айналдыру жөніндегі Трамптың әрекеті сәтсіз аяқталғанымен, бұл мәселе Еуропада ұзақ талқыланды. Таяуда Le Grand Continent журналына сұхбат берген Франция президенті Эммануэль Макрон Германияның қорғаныс министрі Аннегрет Крамп-Карренбауерді Politico журналына «Еуропа әлі де АҚШ-ты қажет етеді» деген пікірін жариялағаны үшін айыптады. Франция президенті қорғаныс мәселесінде Еуропа елдерінің егемендігі сақталғанын қалайды. Макронның айтуынша, Германия қорғаныс саласына бөлетін қаражатын арттырса, Еуропаның АҚШ-қа мұқтаждығы азая түседі.

Бұл, әрине, НАТО мен Еуропалық одақтың ынтымақтастығы үшін зиян. Әсіресе, одақтағы ең үлкен екі мемлекет АҚШ-тың Еуропадағы орны туралы кереғар пікір ұстанғаны жағдайды күрделендіре түседі. Батыс одақтастығы АҚШ-тан Германия мен басқа да еуропалық елдер үшін қауіпсіздік кепілдігін қажет етеді. Дегенмен, бұл неміс-француз қатынасын бұзбауы керек. Әйтпесе, Путинге тағы да үлкен сый жасалады.

Франция мен Германия қазір талқы­ланып жатқан қорғаныс пікірталасын оңтай­лы шешуге тиіс. Ал Америка Еуро­паға қауіпсіздік кепілін ұсынуы қажет. Құр­лыққа АҚШ сарбаздары керек. Гер­ма­ния үшін ғана емес, Балтық жағалауы ел­дері де оған мұқтаж. Мұның бір шеші­мі – Германия қорғанысқа бөлетін қара­жатын көбейтеді. Осылайша, француздар қалаған тәуелсіздікке қол жеткізеді әрі АҚШ әскерін өз елінде ұстап қалады.

Байден бұл түйткілді Трамптың сарбаздарды шығару жоспарының күшін жойып, Франция мен Германияны татуластырудан, сондай-ақ ең бастысы АҚШ пен НАТО-дағы әріптестерін мәмілеге келтірумен бастай алады. Содан кейін басқару құралдары мен жеке таныстарын іске қосу арқылы Германияны Еуропаның қорғанысына көбірек қаржы бөлуге көндіруіне мүмкіндігі бар (Байден жыл сайын Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясына қатысып жүр және Германиядағы сыртқы саясатпен айналысатын лауазымды тұлғаларды түгелге жуық таниды). Бұл қадам Американы сабырға шақыру емес, Германияның нағыз досы – Макронның абыройын көтеру болмақ.

 

Мелвин КРАУСС,

Стэнфорд университеті

Гувер институтының аға ғылыми қызметкері

Copyright: Project Syndicate, 2020.

www.project-syndicate.org