Қазақстан • 23 Желтоқсан, 2020

Ғылымды ілгерілету маңызды

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біздің әрбір күніміз, әрбір сағатымыз тәуелсіз болуы тиіс. Егеменді ел болғанымызға келер жылы 30 жыл толады. Бұл уақыт санамыздың, түйсігіміздің тазаруы туралы әңгімеге айналуы шарт.

Ғылымды  ілгерілету маңызды

Азаттық, әсіресе, жас буын санасына серпіліс беруі керек. Ал біз, аға буын жастарды жетелемей, керісінше солардың жете­гінде келе жатырмыз. Өскелең ұрпақ – сауатты. Тек үлкендер жастарға тәуелсіздік туралы кеңіс­тікті кеңейте алмай отыр. Біз жас­тарға: «Менікі дұрыс, менің айт­қаныммен жүр», деп үнемі қы­сым жасаймыз. Бұл қате. Жас­тар саналы сараптап, жағдайды өздері өзгертуі керек. Ол үшін тәр­бие, білім, мәдениет және ғы­лымды ілгерілетуіміз қажет. Осы дүние­лерді көтерсек, әр нәрсе өзінің қанық бояуына енеді.

Бүгінде Тәуелсіздіктің 30 жыл­дық мерейтойы қарсаңында тұр­мыз. Бұған қоса ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150, ал хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы қатар келді. Әбу Насыр әл-Фараби осыдан он ғасыр бұрын өмір сүрген. Ал Абай Құнанбайұлы одан тоғыз ға­сыр кейін қазақ даласын мекен етті. Осы 900 жыл аралығында та­рихта небір жағдай орын алды. Әлем­нің екінші ұстазы он ғасыр бұрын айтып кеткен дүниелерді то­ғыз ғасырдан кейін ұлы Абай қай­­талап отыр. Бұл ұрпақтар сабақ­тас­тығының үзілмегендігін көр­сетеді. Неге үзілмеді? Бірін­шіден, мұсылмандығымыз, екінші­ден түркі тілі. Осы екі фактор Әбу Насыр әл-Фарабидің айтқандарын Абай заманына, Абай біздің заман­ға жеткізді. Бұл рухани байлық қазақ халқының көрегендігі мен даналығының арқасында сақталып қалды. Бұның барлығы – тұғырлы тәуелсіздігіміздің жемісі.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

ҰҒА академигі,

философия ғылымдарының докторы, профессор