Баршамызға белгілі, келесі жыл қазақ халқы үшін – тағылымды кезең. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басып, межелі датаны атап өтеді. Ел Президенті өз сөзінде айтып өткендей, пандемия салдарынан еліміздің ең ұлық мерекесін кең ауқымда атап өте алмадық. Алайда Тәуелсіздік мейрамының рухы әр азаматтың жүрегінде лаулап тұр, ал құндылығы – талайға баға жетпес мұра. Расында да, біз бетпе-бет келген қиындыққа мойымай, тек алға берік сеніммен қадам басамыз. Осы отыз жылда қалыптасқан елдігіміз бізді адастырмайды. Тәуелсіздік – біздің басты бағдарымыз бен темірқазығымыз.
Бізге үлкен конференциялар, симпозиумдардан гөрі, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты дәлелі бола алатын әлеуметтік-экономикалық іс-шаралар маңызды. Бұл туралы ел Президенті де нақты айтып өтті. «Біз халқымыз үшін аса қастерлі мерекені нақты істермен және жаңа жобалармен атап өтеміз», деді Қ.Тоқаев. Ел билігінің ірі науқандар мен пафосқа құрылған іс-шаралар форматынан бас тартатыны, барлық жұмыс барынша прагматикалық түрде, үнемді болатыны қуантады. Басымдық экономика, әлеуметтік сала мен экологияға беріліп, жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асыру жалғасын таппақ. Халықтың барлық топтарының, әсіресе жастардың, әйелдердің, мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыздың мұқтаждығы мен қажеттіліктеріне жіті назар аударылатыны шынында әлеуметтік мәселелердің күн тәртібінде екенін көрсетеді. Халықтың жағдайын түзету, демократиялық институттарды одан әрі жетілдіру, аз қамтылған отбасыларды, көп балалы аналарды, жастарға деген қамқорлыққа бағытталған іс-шараларды өткізу келесі жылдың басты міндеттері деп белгіленді.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында мемлекеттігіміз бекіп, елдігіміз нығая түсті. Тәуелсіздік – біз үшін мейрам ғана емес, идеологиямызды, күш-жігерімізді бағыттай отырып, тыңғылықты дүние атқаратын үлкен мәні бар астарлы ұғым. Тәуелсіздігіміз нығайған сайын, кейбір шетелдік саясаткерлердің орынсыз пікірлеріне ұрынып жатамыз. Мұндай қате, толық зерттелмеген мәлімдемелер Қазақстанның егемендігін ел басындағы тұлғалар ғана емес, барлық халық болып қызғыштай қорғап, қастерлеуіміз керек екенін көрсетеді. Әр азамат үшін тәуелсіздік киелі ұғым болып қалыптасуы керек. Осы ретте Президенттің тұрғындардың ынтымағын, халықтың бірлігін, елдің егемендігін көтереміз деген ойлары көңілге қонады. Ал барша қазақстандық осы идеяны жүзеге асыруға жұмыла кіріскеніміз дұрыс.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,
Е.Бөкетов атындағы университет ректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор