Жаңа жыл таяғанда отты ойыннан күйіп қалып ауруханаға түсіп жататындар жоқ емес. Сондықтан да құзырлы органдар сертификаты жоқ пиротехникалық өнімдерді сатуға рұқсат жоқтығын алға тартып, рейд ұйымдастыруды қолға алды. Егер арнайы лицензия болмаған жағдайда «Тауарлар мен өзге заттарды заңсыз сату» ҚР ӘҚтК 196-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал әкімшілік сотқа жолданады.
Рейдтік іс-шаралар кезінде Бородулиха ауданында заңсыз сауда анықталған. Құқық бұзушы Семейдің тұрғыны. Оған қатысты 196-бап бойынша хаттама толтырылып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
«Аталмыш құқық бұзушылық үшін 25 АЕК айыппұл салу көзделген. Ақшаға шаққанда, 69450 теңге», деді Өскемен қалалық Полиция бөлімінің ӘПБ азаматтық және қызметтік қару айналымына бақылау бойынша тобының аға инспекторы Талғат Искаков.
Құтқарушылар мен полиция қызметкерлері халыққа пиротехникалық өнімдерді арнайы орындардан ғана алуға кеңес береді. Ал облыста пиротехника сатуға рұқсат алған 4 орын ғана бар екен.
«Өрт қауіпсіздігі ережесіне сәйкес пиротехникалық өнімдерді сатуға арнайы дүкендерге немесе бөлімдерге рұқсат етіледі. Ондай өнімдер өртке қарсы қалқамен бөлінген бөлме ішіндегі металл шкафтарда сақталуы керек. Оны жертөлеге сақтауға мүлдем тыйым салынады», деді Төтенше жағдай департаментінің өрт бақылау басқармасының бастығы Ринат Қондыбаев.
Ескерте кетсек, өткен жылы отты ойынның салдарынан жаңа жыл қарсаңында 14 өрт оқиғасы тіркелген.
Шығыс Қазақстан облысы