Барак Обама әкімшілігі ұйымдастырған, 47 елдің көшбасшыларымен бірге Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке қатысқан Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбат.
Клод САЛХАНИ,
Таяу Шығыс және Орталық Азия мәселелеріне маманданған саяси сарапшы.
– Орталық Азияда аймақтың табиғат байлығы және оған ықпалын жүргізу үшін Батыс, Ресей және Қытай арасында жаңа “үлкен ойын” жүріп жатыр дегенді естиміз. Сіз мұндай құбылыс бар деп санайсыз ба, егер олай болса, Қазақстанның бұл ойындағы атқарар рөлі қандай?
– Өзінің геостратегиялық орналасуы және бай шикізат ресурстарына орай аймаққа әлемнің көптеген мемлекеттері көбірек назар аударуда. Оған көптеген мүдделі елдер үкіметтері қамқоршылығымен жүзеге асырылып жатқан ірі бағдарламалар мен экономикалық жобалар дәлел бола алады. Қазақстанда АҚШ-тың, Еуроодақ елдерінің, Қытайдың, Ресейдің энергетикалық компаниялары белсенді жұмыс жасауда. Біз бұдан былай да олармен ынтымақтастықты қолдап отыруға ниеттіміз.
Қазақстан үшін сыртқы саяси стратегиядағы басты императив – барлық әлем мемлекеттерімен әріптестік қатынастарды дамытуға ұмтылу болмақ. Біз екшелген саяси тұрғының маңызын жақсы түсінеміз, сондықтан да Қазақстан аймақтағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық архитектурасын қалыптастыруға белсене қатысуда. Біз бірқатар аймақтық құрылымдардың қатысушысы болумен қатар, көптеген игі істердің де бастамашылары болып келеміз.
Бүгінде Қазақстан Еуразиядағы қауіпсіздік үшін маңызы зор аймақтың тұрақты және орнықты дамуының басты факторына айналып отыр.
Сондықтан да біздің еліміз АҚШ, Ресей және Қытай арасындағы Орталық Азиядағы өзара сындарлы іс-қимылға жәрдемдесе алады және қазірдің өзінде солай істеп отыр.
– Иран Вашингтондағы саммитке қатысқан жоқ. Ирандық басшылармен жүздесулерде Сіз оларға ядролық технологияларға ие болғысы келетін ниеттеріне қандай уәж айтасыз? Сіздің пікіріңізше, Иранның ядролық өршіл ниеттеріне алаңдаушылық білдіріп отырған Батысты, Еуропаны және АҚШ-ты қалай тыныштандыруға болады?
– Қазақстан ядролық қаруларды таратпау және ядролық қауіптерді азайту әлемдік үдерісінің белсенді қатысушысы әрі батыл жақтаушысы болып келеді. Біз бұл таңдауымызды сөзбен емес, нақты ісімізбен дәлелдеп отырмыз.
Қазақстан әлемдегі көлемі жағынан төртінші зымырандық-ядролық арсеналынан өз еркімен бас тартты және бұрын 500-ге тарта жарылыс жасалған Семей ядролық сынақ полигонын мәңгі-бақи жапты.
Сонымен бірге, Қазақстан ядросыз таңдауды КСРО ыдыраған өте күрделі жағдайларда жасады. Есіңізге сала кетейін, Қазақстанның негізгі аумағы Азияда, халқымыздың көбі исламды ұстанады. Бізді ядролық қаруды сақтап қалуға көндіруге тырысқан көптеген әртүрлі кеңесшілермен жолығысуыма тура келді, олар бұл жағдайда елеулі қаржылық қолдау көрсету жөнінде уәделерін үйіп-төкті және ядролық қаруы бар алғашқы және бірден-бір мұсылман елі ретінде халықаралық “беделге” ие болатынымызға иландырғысы келді.
Ал ирандық ядролық бағдарламаларға қатысты айтар болсақ, біз жағдайды дипломатиялық реттеуді ғана жақтаймыз және ымыралық шешім қабылданатынына сенеміз. Біз Иранның бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға ажырамас құқығын танимыз. Сонымен бірге, барлық жұмыстар МАГАТЭ-мен Кепілдіктер туралы келісімді бұлжытпай орындау арқылы жүргізілуі тиіс деп санаймыз.
Барлық мүдделі тараптар қолда бар үнқатысу тетіктерін және келіссөздер алаңдарын белсенді пайдалануы тиіс деп пайымдаймын.
Қазақстан Президент Барак Обаманың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммитті шақыру бастамасын қолдайды.
Менің жеке өзім Ядролық сынақтарға жалпыға бірдей тыйым салу туралы шартты тезірек ратификациялауға жаңа серпін беру жөніндегі оның шешімдерін үлкен құлшыныспен қабылдадым. Стратегиялық шабуылдау қару-жарақтарын шектеу және қысқарту туралы шарттың орнына жаңа уағдаластық жасау жөніндегі Ресей мен АҚШ-тың арасындағы келіссөздердегі ілгерілеушіліктің маңызы зор.
– Сіз МАГАТЭ қамқоршылығымен Қазақстанда ядролық отын халықаралық банкін салу қажеттігін немен негіздедіңіз?
– Өз аумағында Ядролық отын халықаралық банкін орналастыру жөніндегі біздің бастамамыз – бұл Қазақстанның таратпау режімін нығайтуға, бірқатар елдердегі ұлттық бейбіт атомды пайдалану бағдарламаларын дамытуға қатысты халықаралық-құқықтық кеңістіктегі “ақтаңдақтарды” жоюға нақты үлесі.
Қазақстан МАГАТЭ қамқоршылығымен Ядролық отын халықаралық банкін құру туралы “Ядролық қауіпті азайту жөніндегі бастама” қорының атынан 2006 жылғы қыркүйекте ұсынылған оның тең төрағасы Сэм Нанның ұсынысын қолдады. Біз Қазақстан Ядролық отын халықаралық банкін өз аумағында қабылдайтын елдің талаптарына толық сай келеді деп санаймыз.
Қазақстан Ядролық отын халықаралық банкін өз аумағында орналастыруға әзір екенін ресми жариялады және бұл мәселені МАГАТЭ-мен егжей-тегжейлі пысықтауға ниетті. Айтқандай, Иран президенті Махмуд Ахмадинежад 2009 жылғы сәуірде Астанада болған кезінде Банк құру идеясын құптады.
– Қазақстан тұрақтылық, экономикалық даму, сондай-ақ лаңкестікпен және есірткінің жасырын айналымымен күрес жағынан көшбасшы болып отыр. Сіздің ел жаһандық қаржылық дағдарысты да айтарлықтай тыныш өткерді және бүгінде Қазақстан норвег және фин модельдеріне негізделген қаржылық дамудың жаңа жоспарларын құруда. Бұл елдер шынында да тұрақты екенін ескере отырып, Сіз олардың даму моделі инвесторларды үркітеді деп мазасызданбайсыз ба?
– Шынында да Қазақстан лаңкестікпен күреске баса көңіл бөліп отыр. Біз халықаралық қылмыс, адамдарды саудалау, есірткінің заңсыз айналымы және халықаралық лаңкестік, бәрі түптеп келгенде, оларды шешуде бір-бірінен айыру мүмкін емес, өзара байланысты проблемалар кешені.
Біз лаңкестік ешқандай ұлтқа да, дінге де жатпайды деп кәміл сенеміз. Бүгінде аймақтық және халықаралық қауіпсіздік саласындағы ең шұғыл және өткір мәселе Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыру жайы болып отыр.
Сонымен қатар, Ауғанстанды қалпына келтіру және оңалту жөніндегі қолға алынған шаралар жеткіліксіз екенін және тұрақтылықты толыққанды қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтінін мойындау керек. Ауғанстандағы әскери-саяси жағдай өте күрделі болып қалып отыр және бәріміздің елеулі алаңдаушылығымызды туғызуда.
Экономикаға қатысты айтар болсақ, бүгінде біздің елімізде қолайлы инвестициялық ахуал туғызылған. Қазақстанда салық салу деңгейі өте төмен, корпоративтік салық деңгейі барлығына бірдей – 20 пайыз, табыс салығы 10 пайыз екенін атап көрсету қажет. Бұл – әлемдегі ең төменгі салық деңгейі. Бүкіләлемдік банктің “Doіng Busіness” инвестициялық ахуал рейтингісіне сәйкес Қазақстан 183 елдің ішінде 63-інші орында, біз бұл тізімдегі позициямызды одан әрі көтеруге батыл бет бұрып отырмыз.
Қазақстан 2002 жылы ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып АҚШ-та ресми түрде нарықтық экономикалы ел болып танылғанын атап өткен жөн. Жақында жасалған фискалдық реформа бизнес-сектордағы салық ауыртпашылығын төмендетті. Кәсіпорындарды тіркеу рәсімі оңайлатылды, бұл өз кезегінде шетелдік инвестицияларды тарту мүмкіндігін кеңейте түсті.
Сонымен бірге, Қазақстанда өндіру секторында салық салу деңгейі басқа мұнай өндіруші елдер арасында ең төменгі деңгейде болып отырғанын атап өткім келеді.
– Сіз исламшыл топтардың аймаққа өз ықпалын таратуға ұмтылысы күшейе түсуімен күресу үшін қандай шараларды қолға алып отырсыз? Сіздің пікіріңізше, бұдан елдің ұлттық қауіпсіздігіне, аймаққа қауіп бар ма? Ауғанстандағы жанжалдарға қатысты Сіз не күтесіз?
– Қазақстанда экстремистік идеяларды таратуға негіз жоқ.
Тәуелсіздіктің барлық жылдарында елде ұлтаралық және дінаралық келісім сақталып келеді, бұл – қазіргі Қазақстанның маңызды жетістіктерінің бірі.
2010-2018 жылдары біз қазақстандық жоғары оқу орындарында 1000 ауғандық студентті оқытуды жоспарлап отырмыз, бұл мақсатқа 50 миллион доллар қаржы бөлдік.
Бүгін біз америкалық және басқа да тараптармен Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізу мәселесін талқылаймыз, ондағы негізгі тақырыптардың бірі Ауғанстан жайы болуы тиіс.
“Вашингтон Таймс” газеті,
2010 жылғы 13 сәуір.