Әдебиет • 25 Желтоқсан, 2020

«Дала фольклоры антологиясының» 10 томдығы таныстырылды

521 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы бойынша дайындалған «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының 2-ші томын, сондай-ақ «Ежелгі дәуір әдебиетінің» бестомдығының 2, 3-ші томдарын көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Дала фольклоры антологиясының» 10 томдығы таныстырылды

Жоба құрастырушылары, редакциялауға атсалысқан ғалымдар, редакторлар мен әдебиет саласының сарапшылары қатысқан жиында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кенжехан  Матыжанов ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» жобасы аясында «Дала фольклорының антологиясы» мен «Ұлы даланың көне сарындарын» жасау керектігі туралы тапсырмасын институт қызметкерлері аса зор жауапкершілікпен орындағанын айтып өтті. Бұл туындылар – халықпен бірге жасасып келе жатқан үлкен мәдени, тарихи тағлымға толы танымдық рөл атқарушы рухани күш. Бұрынғы дәстүрлі қоғамда ол әдебиеттің, өнер мен педагогиканың қызметін атқарды. Сол себепті ұлттың дүниетанымы, философиясы, этикасы, эстетикасы, тарихы айшықты да анық көрініс тапқан.

Жұмыс барысында Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстаз-оқытушылары мен өнерпаздар, қажеттігіне қарай өңірлердегі дәстүрлі өнер мектептерінен де жыршы-орындаушылар тартылды. Аудиожазба мен цифрландыру жұмыстары арнайы студияларда жүзеге асырылды. Оның баспаға дайындау жұмыстарын Институттың ғалым-мамандарынан жасақталған арнайы шығармашылық топ жүзеге асырды және олардың жұмысына редакциялық алқа, жобаның ғылыми жетекшісі, ғылыми және жауапты редакторлар, ғалым-сарапшылар, сондай-ақ институттың Ғылыми кеңесі басшылық жасады. Басылымдарға белгілі отандық ғалымдармен қатар алыс-жақын шетел ғалымдары да сараптама-пікірлер жазды.

«Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының  жауапты редакторы –  «Қолжазба және текстология» ғылыми-инновация бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлбеков «Фольклорлық мұрамыздың жауһарлары іріктеліп берілген бұл антологияның алғашқы бес томы 2019 жылы жарық көрді. «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының алғашқы 5 томын баспаға дайындауда ұлттық эпостың таңдаулы үлгілері алғаш іріктеліп, олар түпнұсқаларымен, басылымдарымен салыстырылып, текстологиялық зерттеулерден кейінгі таңдаулы нұсқалары жіберілді. Оның бірінші томында көне эпос пен батырлар жыры, екінші томында «Қырымның қырық батыры» жырлар топтамасы, үшінші томында тарихи жырлар, төртінші томында ғашықтық жырлар, бесінші томында дастандар қамтылды. Биыл бұл жоба жалғасын тауып, қалған бес томы жарыққа шықты» деп атап өтті. Ал антологияның алтыншы томына магиялық фольклор, кәсіпке қатысты фольклор, маусымдық ғұрып фольклоры мен отбасылық ғұрып фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылды. Ал жетінші том прозалық фольклордың ертегі жанрына арналған. Томға хайуанаттар туралы, қиял-ғажайып, батырлық, новеллалық, сатиралық ертегілердің таңдаулы үлгілері жинақталды. Сегізінші том прозалық фольклордың аңыздық жанрларына арналған. Томға мифтердің, хикаялардың, аңыздардың, әпсаналардың, хикаяттардың, ауызекі әңгімелердің іріктелген үлгілері берілді. Тоғызыншы томға халық өлеңдерінің қара өлең, хат өлең, ән өлең, терме, толғау сияқты түрлері жинақталса, оныншы томға мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, шешендік сөздер, нақылдар, өсиет және қанатты сөздер секілді шағын жанрлар топтастырылды.

«Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының тұсау кесерін М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Фольклортану бөлімінің бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт  Қасқабасов, диктор, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері,  «ҚР Мәдениет саласының үздігі» Сауық  Жақанова, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат өткізді.

Мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылған тағы бір тың жоба «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының жетекшісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Қазтуғанова Айнұр баяндамасында антологияның 2-томының шығарылуына білікті кәсіби мамандар, күй өнерін тарихи-теориялық тұрғыдан зерттеген күйтанушы-ғалымдар, көне аспаптардың сақталуына ерекше үлес қосып жүрген белсенділер жұмылдырылып, домбыра күйлерінің аймақтық дәстүрлерін жалғастырған күй шеберлерінің тәжірибесі мен білімі ортаға салынды.

«Аспаптық көне сарындар»  бөліміне – шаңқобыз, саз сырнай, сыбызғы, жетіген, қобыз, үш шекті домбыра сарындары жинақталған. Антологияда фольклорлық аспаптар күйлерінің үздік үлгілерінің ішінде халық күйлерінің «Қыз мұңы» (шаң қобыз), «Балжыңкердің желісі» (саз сырнай), «Ертіс толқыны» (сыбызғы), «Қоңыр қаз» (қобыз), «Нар идірген» (шертер), «Толғау» (үш ішекті домбыра) және т.б. туындылар іріктеліп алынды. Сондай-ақ, 2012-2014 жылдардағы іс-сапар кезінде Қытай және Моңғолия республикаларын мекендеген қазақ диаспорасынан жазылып алынған сыбызғышылар Еңбек Абдоллаұлының, Арыстан Абдоллаұлының, Самырық Боғдаханұлының, Жұмағазы Бейілханұлының өнерлері таныстырылса, отандық сыбызғышылар Болат Сарыбаевтан бастап, Шанақ Ауғанбаевтың, Талғат Мұқышевтың орындауындағы күйлер берілді. Қазақтың аспаптық музыка өкілдерінің репертуары сараланып, аға буыннан жас өнерпаздарға дейінгі аралықтағы 175-тен астам күйшінің орындаушылық нұсқалары ұсынылды.

Аймақтық, тармақтық, нұсқалық түрге бөлінетін бай, әрі шексіз мұраның ішінен аспаптық музыканың 335 таңдамалы үлгісі іріктеліп алынды. Тұңғыш рет қазақтың төл мұрасы ұсынылған басылым заманауи форматта электронды құралдарға көшіріп алып пайдалануға қолайлы болатындай арнайы QR кодпен, CD дискпен бірге жарыққа шықты. Тұсаукесер рәсімін күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаев, күйші, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, «Мәдениет қайраткері», «Мәдениет саласының үздігі» Әбділхамит Райымбергенов; қобызшы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Саян Ақмолда; Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР білім беру ісінің үздігі Мұрат Әбуғазы, Құрманғазы атындағы Қазақ .ұлттық консерваториясы Халықаралық конкурстардың лауреаты Нұрбаева Динара өткізді.

Елімізде алғаш рет жүйелі түрде іске асырылып отырған «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясының» басты мақсаты – ұлы даланың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін жинақтап, жүйелеп, зерттеп, жас ұрпақ назарына ұсыну, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштерін неғұрлым толық жарыққа шығару. Жоба жетекшісі М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ежелгі дәуір әдебиеті және түркітанубөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қыдыр Төрәлі  «Ұлы дала жауһарлары» сериясы «Ежелгі дәуір әдебиеті антологиясының» екінші және үшінші томына енген әдеби жәдігерлер туралы айтып өтті.

Бірнеше томды құрайтын серияның әр томы редакциялық бас алқаның кіріспе мақаласымен ашылып, соңында жазылған түсініктемелерді қамтиды.