Әлем • 01 Қаңтар, 2021

Жаһандағы жеті оқиға

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Пандемия

Жаһанды белгісіз індет жаулап, адамзаттың қалыпты өмірін бір сәтте өзгертіп жіберді. Біз білетін тіршілік жаңаша сипат алып, пандемия әсерін сезінбеген жан қалмады. Дүние жүзінде барлығы 82 млн-нан астам адам вирус жұқтырып, оның 1 млн 800 мыңнан астамы қайтыс болды. Вирустың белгісіз бұл түрі 191 елде тіркелді. UNESCO-нің мәліметіне сенсек, 264 млн бала мектепке бармай, үйінен сабақ оқыған. Бұл жаһандық дағдарыстың барлық салдарын анықтап, бағалау үшін бірнеше жыл кететіні анық.

Жаһандағы жеті оқиға

Экономикалық кризис

Пандемияның салқыны тиген ең ірі салалардың бірі экономика болды. Пан­де­мия табысы аз елдерден бастап дамыған алпауыт мемлекеттерге дейін әсер етті. Ұлы­британия экономикасын рецес­сияда деп мәлімдеді. Әлем халқының үштен бірінен көбі «үй қамақта» отыруға мәжбүр болып, жа­һандық экономика тұралап қалды десе де болады. Оған қоса «Брексит», АҚШ – Қытай текетіресі де ғаламдық экономиканы баяулатқан-ды. 2020 жылы елдердің ішкі жалпы өнімі де төмендей түсті. Мамандар бұл дағдарыстан қашан шығатынымызға нақты болжам айта алмай отыр.

 

Минскідегі шерулер

Посткеңес аумағы биыл саяси жан­жалдарға қатысты жиі аталды. Оның бірі – Беларусь Республикасында болған нара­зылық. Президент сайлауының нәтижесіне разы болмаған тұрғындар бейбіт шеруге шыққан-ды. Алайда соңы қақтығысқа ұласқан жанжалдан зардап шеккендер де бар. Бұл елдегі саяси ахуалдың күрделене түсіп, халық пен билік арасындағы байланыстың алшақтай түскенін анық көрсетті. Наразы халық әлі дегеніне жетпесе де, елдегі билікке деген салқын көзқарасты байқамау мүмкін емес.

 

Қарабақтағы қақтығыс

2020 жыл көптен бері жалғасып келе жат­қан күрмеуі қиын күрделі мәселелердің шиеленіскен жылы ретінде есте қалды. Әзер­байжан мен Армения арасында Таулы Қарабаққа байланысты жер дауы биыл қайта өршіді. Қарулы қақтығысқа ұласқан осы соғыста Әзербайжан өзінің Армения басып алған тарихи аумағының белгілі бір бөлігін қайтарып алды. 10 қараша күні тараптар келісімге келіп, аймақта атысты және барлық әскери әрекетті тоқтату тура­лы мәлімдеме жасалды. Осылайша, өтіп бара жатқан ­жыл Әзер­бай­жан мемлекеті үшін тарихи кезеңге айналды.

 

АҚШ-тағы сайлау

2020 жыл қай жағынан алсақ та оқи­ғаға бай болды. Биыл әлем елдері аса қы­зы­ғу­шылықпен бақылаған саяси жаңалықтардың бірі – Трамп-Байден бәсекесі болғаны сөзсіз. Сарапшылар жасаған алдын ала бол­жам­дардың бір-біріне керағар болуы мен қай кандидаттың жеңіске жететінін соңына дейін білмеу саяси бәйгені қыздыра түсті. Пандемия жағдайында өткен сайлауда дауыс беру тәсілдері де өзгерді. Тартысты бәсекеде жеңіске жеткен 78 жастағы Джо Байден – АҚШ тарихындағы жасы ең үлкен билеуші. Ал Камала Харрис болса тарихтағы вице-президент атанған алғашқы өзге нәсілді әйел.

 

Көрші елдегі кезекті  «төңкеріс»

Парламент сайлауын қайта өткізуді талап еткен наразылықтың соңы жалпыұлттық қақтығысқа ұласты. Нәтижесінде ел прези­денті Сооронбай Жээнбеков өз еркімен отставкаға кетті. Індетпен қатар жанжал­дың алдын алуға тырысқан билік қауіпсіз­дік шараларын сақтауға шақырумен болды. Бұл оқиға елдің экономикасына және инвестициялық ахуалына әсер етіп қа­на қоймай, көптеген заң бұзушылық фак­тілері де тіркелді.

 

Қиыр шығыстағы ереуіл

Ресейдің қиыр шығысында қала тұр­ғын­дары Хабаровск аймағының экс-губер­наторы Сергей Фургалды қолдау үшін алаңға шықты. Қатысушылар мұндай ірі жиындардың қалада бұрын-соңды болма­ғанын айтқан. Губернатордың тұт­қын­далуы, сот отырысының өзге өңірде өтуі және биліктен кетуі халықтың ашуын кел­тіріп, қоғамдық резонанс тудырды. Тергеу барысында саясаткер бірнеше адам өлімін ұйымдастырды деп айыпталған. Шілде-қыркүйек айларына созылған мыңдаған адам жиналған митингтер Ресейдегі биылғы айтулы оқиғалардың біріне айналды.