Бокс • 12 Қаңтар, 2021

Ертуғанның еңбегі еш кеткен жоқ

456 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтыр жыл соңында Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында ерекше көзге түскен боксшылардың бірі – Ертуған Зейнуллинов. 63 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен 23 жастағы жалынды жас барлық қарсыласынан басым түсіп, бас жүлдені олжалады. Осы жарыстың куәсі бол­ған білікті бапкерлер­ден бастап, көгілдір экранға көз тіккен көрермен­дердің барлығы да аталған былғары қолғап шеберінің өнерін жоға­ры бағалады.

Ертуғанның еңбегі еш кеткен жоқ

 

Е.Зейнуллинов өзінің туып-өскен жері Алматы облысы Қара­тал ауданының Үштөбе қала­сында бокс­тың қыр-сырына қанықты. Жер жәннаты Жетісуда Алмас Жың­ғылбаевтың қол астында жат­тығып, тырнақалды табыстарына қол жеткізді. Сол кездегі оның ең ірі жетістігі – Бангкокта өткен жас­тардың Азия біріншілігінің қола жүл­десі. Зейнуллинов өз құрдастары ара­сында басқа да додаларда дараланды. Есейе келе Ал­матыдағы Қазақтың спорт және туризм академиясына оқуға түсіп, ол жер­де Қайрат Кәрменовтен тәлім-тәрбие алды.

Оның алғаш рет жарқ етіп көзге түскен тұсы – 2016 жылы Тә­жік­станның бас шаһары Ду­шан­беде ұйымдастырылған сту­денттер арасындағы Азия бі­рін­шілігі. Сөз орайы келгенде, Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген жаттықтырушысы Дас­тан Сәдуақасовтың команда жа­сақтауда қырағылығын ерекше атап өткен жөн. Жас болса да бас болған айтулы маман есімі көп­шілікке беймәлім боксшыны ел құ­рамасына қосты. Памир тауының ете­гінде Зейнуллинов сенімді ақтап, күміс медальды олжалады. Арада екі-үш ай өткен соң Таиландтың Чианг-Май қаласында студенттер ара­сындағы әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл жарыста Ер­туған қола жүлдені қоржынға салды.   

Жоғарыдағы жағдай жас жігітті қанаттандырды. 2017 жылы Шымкентте ұйым­дастырылған ел чемпионатын­да ол өзін жақсы қырынан көр­сетті. Бастапқы бәсекелерде қар­сыластарын еш қиналмай ұтқан ол жартылай финалда Азия бірін­шілігінің күміс жүлдегері Зәкір Сафиуллинге есе жіберді. Бұл жеңі­ліске бола 20 жастағы жігітті ешкім сөкпеді. Өйт­кені қарсыласы тым азулы еді. 31 жастағы Зәкірдің 60 кило салмақта еліміздің бірінші нөмірлі бокс­шысы екенін жұрт жақсы біледі. Керісінше, оның сақа спортшыға лайықты қарсылық көрсеткеніне бапкерлері де, басқалар да риза болды. Шымкент сапарынан қола медальмен оралған Зейнулинов ұлттық құрама сапына қабылданды.

– Республикамыздың барлық өңірінен жиналған былғары қолғап шеберлері бас қосқан жарыста үз­діктер санатына қосылғаннан кейін жолым оңғарылатын шығар деп ойладым. Бірақ аяқастынан қырсық шалды. Абайсызда ая­ғымды сындырып алып, бір жылға жуық уақыт емделдім. Жаттығу мен жарыстар жайына қалды. Бірақ мен күдерімді үзбедім. Жазылған соң барымды салып дайындалдым. Ерен еңбектің еш кетпейтініне сендім. Осы орайда өзімнің жеке бапкерлерім Алмас Жыңғылбаев пен Қайрат Кәрменовке, Қазақтың спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов және осы білім ордасында еңбек етіп жүрген жаттықтырушылар Эдуард Габдулов, Бекен Бекмұхамедов, Жеткерген Малшиев, Бақыт Сәрсекбаев, Дастан Сәдуақасовқа өз ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Төле­ген Мақашев пен Серік Айдар­бековке де алғысым шексіз. Осы ағаларымның қолдауының арқа­сында ештеңеге алаңдамай, көз­деген мақсатыма қол жеткізуге мүм­кіндік туындады, – дейді Ерту­ған.

2019 жылы жарақатынан то­лық­тай айыққан Ертуған халық­а­ралық турнирлерде қайта атой салды. Алматыдағы Сағадат Нұр­мағамбетов, Атыраудағы Исатай мен Махамбет және Ақтаудағы Шоқыр Бөлтекұлын еске түсіруге арналған жарыстарда жүлдегерлер санатына қосылды. Жыл са­йын Алатау баурайында үздіксіз ұйым­дастырылып тұратын Қайрат Рыс­құлбековтің турнирінде алтын тұғырға көтерілді. Шымкенттегі Қара­көз Әбдәлиевтің дәстүрлі до­дасында да қарсылас шақ кел­тірмеді. Сол бәсекелерде небір мықтылармен күш сынасқан Зей­нуллиновтің шеберлігі әбден шыңдалып, өзіне деген сенімі арта түсті.

Жуырда Шымкентте өткен ел чемпионатында Е.Зейнули­нов 63 кг салмақта өнер көр­сет­ті. Бастапқы бәсекелерде тараз­дық Әлімжан Бескемпір мен елордалық Темірхан Тезекті тізе бүктірсе, ширек финалда маң­ғыстаулық Ділшат Нұрымды ең­серді. Бір өкінштісі, осы жекпе-жекте Алматы облысы өкілінің сау­сағы сынып кетті. Енді алда екі жол бар. Жарысты әрі қарай жал­ғастырып, чемпиондық тұғырға көтерілу үшін айқасқа шығу немесе қола медальды қанағат тұтып, қайта ем-дом қабылдау. Жағдайды бапкеріне айтып көрген еді, Қайрат Кәрменов «Қолың түсіп қалса да жұдырықтасасың» деп әңгімені шорт кесті. Боксшы басын изеп, келіскендей сыңай танытты. Ке­лесі күні Зейнуллиновті жартылай финалдық сайыс күтіп тұрды.

– Біздің одан басқа амалымыз жоқ еді, – деп бапкері Қ.Кәрменов әңгімені әрі қарай жалғастырды. – Себебі Ертуған 2018 жылы аяғын сындырып алғаннан кейін ұлттық құрамадан шығып қалды. Жаттығу процесін әрі қарай жалғастырып, жа­рыстарға шығу үшін өзіміз қар­жы іздеп әлек болдық. Тіптен, күл­лі әлемді дүрліктірген пандемия кезінде де бос жатпадық. Індет бас­талмай тұрып Алматы облысы, Ақсу ауданының Тарас ауылына аттандық. Сол жерде Төлеген Ма­қашев есімді диқаншы-кәсіпкер біздің алаңсыз жаттығуымыз үшін қолайлы жағдай жасады. Тіптен, ел чемпионатына барып-қайту үшін қажетті қаражатты да сол кісі өз қал­тасынан берді. Сөйтіп екі айға жуық уақыт бойы жақсылап тұрып жаттығып, Шымкентке нағыз бабымызда аттандық.

Жартылай финалда Зейнул­линовтің жолы Ділмұрат Мижи­товпен қиысты. Алматы қала­сының өкілі кейінгі жылдары ел бірін­шілігінде үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. Екі маусым бойы ол Дү­ниежүзілік бокс сериясы додасында «Астана арландары» сапында өнер көрсетті. Міне, осы сақа спорт­шыға қарсы сынық қолымен жұдырықтасқан қандасымыз так­тикалық тұрғыдан өте сауатты қи­мылдап, күмәнсіз жеңіске жетті.

Финалда Ертуған Зәкір Са­фиул­линмен күш сынасқысы кел­ді. Себебі осыдан үш жыл бұ­рын дәл осы боксшыдан ол ел чем­пионатының жартылай финалында ұтылған болатын. Содан бері талай дүрмекті көрген жас жігіттің шеберлігі әбден шыңдалды. Енді өзінің мықтылығын мойындату үшін Олимпиада лицензиясына иелік еткен саңлақты жеңу қажет еді. Бірақ бастапқы бәсекелерінің бірінде жарақат алған Зәкір жарысты жалғастырудан бас тартты. Енді финалда оны Болат Ер­сұлтан күтіп тұрды. Алайда кө­рер­­мендер дарынды жастардың айқасын көре алмады. Жартылай финалда жарақаттанған Ақмола облысының өкілі шаршы алаң­ға шықпады. Осылайша, Зей­нуллинов өзі көптен бері армандап жүрген Қазақстан чемпионы деген атаққа қол жеткізді.

Алда Токио Олимпиадасының алауы тұтанады. Оған Ертуғанның бара алмайтыны анық. Өйткені ғаламдық доданың лицензиясы 34 жастағы ардагер боксшы Зәкір Сафиуллинің уысында. Десек те, алда әлем мен құрлық чемпио­нат­тары және Азия ойындары секілді көптеген байрақты бәсеке бар. Міне, Алмас Жыңғылбаев пен Қайрат Кәрменовтің шәкірті осы жарыстарда жасындай жарқыл­дайды деп үміттенеміз.

 

АЛМАТЫ