Екіншіден, қайғының үлкені – өлім. Ал өлім әділетсіздікпен, зорлықпен келсе, еш кінәсі жоқ жазықсыз жандар, ұрпақтары, туған-туыстары қудаланса, қылмыстың ауырлығы арта түспей ме! «Үлкен террор» тұсында Қазақстанда 125 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады, олардың 25 мыңы атылды деп жүрміз. Шынтуайтына келгенде, Сталин билеген дәуірде тірідей немесе өлідей қудаланғандар саны бұдан 40-50 есе көп. Себебі әрбір «халық жауының», шаруалар көтерілісіне қатысушының 15-20 жақыны сергелдеңге түсті. Бұларға зорлықпен жер аударылғандарды қосыңыз. Демек, толық ақтауға жататындар саны Қазақстанда 5-6 миллионнан кем емес. Ендеше күн тәртібінде өтелмеген ұлан-ғайыр міндет тұр.
Үшіншіден, қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша бұған дейін де аз жұмыс атқарылған жоқ. Оның үш толқынын білеміз. Бірінші толқынды Берия туындатты. Бірақ ол ұзаққа созылмады, құқықтық рәсімделмеді. Хрущев пен Горбачев дүниеге әкелген екінші және үшінші толқындар Қылмыстық кодекстің 58-бабымен атылғандар мен сотталғандарды қамтыды. Үшінші толқын аясында Алаш арыстарының ақталуы қазақ қоғамының рухын көтергенін, санасын жаңғыртқанын ерекше айтуымыз керек. Бірақ түрлі саяси себептермен ақтауға жатпайтын баптар сақталып қала берді.
Биылғы жыл қиыншылықтарға толы болып тұр. Соған қарамастан ерте көктемде ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың жазықсыз жазаланғандарды толық ақтау ісін жалғастыру керектігін күн тәртібіне қоюы – ерлік пен көрегендіктің нағыз өзі. Қазірдің өзінде президенттік бастаманың екі ерекшелігі көзге түсуде: біріншісі – фашизмнің қылмысымен пара-пар кеңестік тоталитарлық қылмыс ақиқатын ашуға еш жалтақсыз, саясиландырмай кіріскеніміз. Тәуелсіздігіміздің қымбат қыры – осы; екіншісі – ақтаудың қазақстандық толқыны толық ауқымда жүретіні. Бұрындары «контра», «контрреволюция» айдарларымен жүзеге асқан таптық, идеологиялық шектеулер жұлынып тасталды. Жалпыадамзаттық құндылықтар алға шығарылды.
Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша құрылған мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы Мемлекеттік хатшы Қ.Көшербаевтың төрағалығымен өтіп, күн тәртібі мен міндеттер пысықталды. Көп мәселе айтылды, бірақ айтылмай қалған дүниелер де баршылық. Мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде солардың кейбіреуіне назар аударуды жөн санадым.
- Қазақстанда орын алған қуғын-сүргіннің кем дегенде екі ғасырлық тарихы бар. ХІХ ғасырдағы Исатай мен Махамбет те, Кенесары мен Наурызбай да, ХХ ғасырдағы Аманкелді мен Бекболат та, Қайрат пен Ләззат та қуғын-сүргін құрбандары. Небір алапатқа төтеп берген, мың өліп, мың тірілген қазақтың жоғалып кетпегенін немен түсіндіруге болады? Ендеше, ғаламдық қасіреттің ақиқатын ашатын мемлекеттік мекеме қуғын-сүргін мәселелері ғылыми зерттеу институтын құру өмір талабы. Институт ашаршылық, бұзылған демократия мен экология, орталықтың саяси-идеологиялық өктемдігі зардаптарымен де айналысары сөзсіз. Мұнсыз ұлттық кодты қалыптастыру, құрбандарды толық ақтау қиынға соғады.
- «Толық ақтау» ұғым-түсінігі заңды тұлғаның адал есімін қайтарумен шектелмеуі керек. Соның аясында қуғын-сүргінге жол ашқан ресми құжаттарды (партиялық, үкіметтік, құқықтық, т.б.) заңсыз, адамзатқа қарсы деп танып, күші жойылғанын жаһанға жариялау болашақ үшін тірілер үшін аса маңызды. Бұл істі тиянақтаудың екі жолын көріп тұрмын. Бірі – үдерісті бастауға рұқсат іспетті базалық шешімді анықтап, күшін жою, одан туындаған нұсқаулар, ережелер жеке-жеке аталмаса да, заңсыз екенін ескерту. Екіншісі – қуғын-сүргінге қатысты әрбір құжатты сараптамадан өткізу міндетін мойынға алмау. Ойымыз түсінікті болу үшін нақты мысалға жүгінейік. 1928 жылғы 27 тамызда Қазақ Орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесі «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» заң қабылдады. Науқан 2-3 ай ішінде аяқталды. Бірақ түрлі деңгейде қабылданған құжаттарда қисап жоқ. Соның әрбіреуін сараптап отыратын болсақ, кемі он жыл уақыт керек болар, сірә. Ең маңыздысы – бас құжат та, кейінгі қосымша құжаттар да тоталитаризмнің табиғатымен үндесіп жатқандықтан қуғын-сүргінді уағыздайды. Шоқай айыптаған легитимді емес большевиктік билікке шаң жұқтырмайды. Түптеп келгенде, кәмпеске аграрлық экономиканы қарыс-сүйем ілгерілеткен жоқ. Мыңдаған отбасын ойрандады.
- Белгілі тарихшы-ғалымдар Т.Омарбеков пен Ф.Қозыбақова жазғандай, қазақ байларын тәркілеу 1929 жылы басталған күшпен ұжымдастыру саясатының алғышарты болды. Ұжымдастыру тұсында зорлық-зомбылық шектен шықты. Үлкен эксперименттің авторы да, қоюшысы да Кремльде отырғанын, қазақстандық билікке қуыршақ мәртебесі ғана берілгенін 30-жылдарғы қасірет толық әшкереледі, 1986 жылғы желтоқсанда тағы көз жетті. Бұған кім шыдап отырсын. Ұлт азаттығы мен намысы үшін қолына қару алғандар, көтеріліске, қарсыласуға шыққандар, ұйым немесе бірлестік құрғандар, үгіт-насихат жүргізгендер, олардың ұрпақтары мен жақындары, егер қуғын-сүргінге тап болса, толық ақталғаны жайлы заңмен рәсімделгені жөн.
- Қуғын-сүргінмен, ашаршылықпен, тағы басқа қысыммен таяу-алыс шетелге кеткен, сонда НКВД-ның қанды шеңгеліне іліккен қазақтарды толық ақталғандар санатына жатқызатын уақыт келді. Бұл қазақ диаспорасына тарихи Отанына шақырған шешімнің заңды жалғасы болып табылады. Өзін сыйлағанды өзгелер де сыйлайды.
- Қуғын-сүргін қазаққа ғана қатысты емес. Ол ұлттық бағдар – таңдаумен жүргізіле қалғанда, тоталитаризмнен асып түсетін нацизмге айналар еді. Қазақстандағы қуғын-сүргіннің мәнді ерекшелігі көпұлтты сипатта өрбігенінде. 50-жылдар соңындағы Теміртауда, 60-жылдардағы Шымкентте, 70-жылдардағы Целиноградта орын алған көтерілістер әлеуметтік әділетсіздіктің асқынуының нәтижесі. Олар да жаппай жазалаумен, кінәлі-кінәсізді сотқа сүйреумен аяқталды. Ақ-қарасын анықтап, қосақ арасында кеткендер енді ақталуы керек.
- Мәселенің үлкені – Ұлы Отан соғысы жылдарында тұтқынға түскендер мен «Түркістан легионында» болғандар. Бұларға жағылмаған жала, тағылмаған кінә жоқ. Әлі күнге дейін айыптаушылар бар. Шындығында солай ма? Жоқ! Өйткені тоталитаризм мен фашизмнің арасына теңдік белгісін қою керектігін қазір ұғындық. Бір емес, екі тозаққа күйген жандарды айыптау әділдікке жатпайды. Сол себепті бұлардың бәрі, егер қуғындалғандары болса, ешқандай шарт қоюсыз толық ақталуы керек. Қазақстанға, оның аумақтық тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігіне сатқындық жасағандар ақтала алмайды. Тап осындай күрмеуі күрделі істің шешімі бар екенін Ресей жағы көрсетіп отыр. Орыстың әйгілі шахматшысы, әлем чемпионы А.Алехин соғыс жылдарында фашистік нәсілдік теорияны қолдаған мақалалар жазғаны белгілі. Оның бәрі ендігі дау-дамайсыз ұмытылды. Ресей тарихына Алехин жағымды кейіпкер бейнесінде енді.
- Қазақстаннан тыс аймақтарда қабылданған шешімге сәйкес қазақ жеріне депортацияланған, қоныс аударған, күш қолдануға ұшыраған басқа ұлт өкілдері сол шешімді қабылдаған елдің құзыретті органдары арқылы ақталады. Кейбір мәліметтер бойынша, көрмеген қорлығы жоқ бұлардың ұзын саны 1.5-2 млн адам шамасында. Қазақстан бөтен елдің ішкі ісіне ешқашан араласпайды. Бірақ осы бағыттағы әлемдік тәжірибені игермей де тұрмаймыз.
Түйіп айтсақ, кеңестік қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау – тоталитарлық режім мен мұрасынан біржолата қол үзген сәттің салтанаты. 1991 жылғы 16 желтоқсанда басталған ұлы бетбұрыстың жұлдызды жалғасы. Ол жыл өткен сайын тереңдей түсуін, күн тәртібінен түсіп қалмауын тілейік. Арандатушылар да бар. Ақыл мен қайратқа сүйенейік.
Ханкелді ӘБЖАНОВ,
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшесі,
ҰҒА академигі