Қоғам • 15 Қаңтар, 2021

Әлемдегі 10 баланың 4-еуі ғана анасын емеді

313 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ананың ақ сүтін ештеңе де алмастыра алмайтынын бүгінгінің көзі ашық қыз-келіншектеріне айтып, түсіндіріп отырудың өзі артық. Уызына жарымаған баланың денсаулығында да, мінез-құлқында да бір кінәрат қалатынын баяғылар арнайы зерттемесе де ішкі түйсікпен білген ғой. Ендеше Қазақстанның әйелдері күштерінің альянсы жұмыс берушілерді өз қызметкерлеріне бала емізетін орындар ұйымдастыруға үндеп отыр.

Әлемдегі 10 баланың  4-еуі ғана анасын емеді

Оған қоса, өсіп келе жатқан жеткіншектердің денсаулығын зерт­теумен дендеп айналысатын Дүниежүзілік балалар қоры жет­кіншектерді дұрыс тамақ­тан­ды­руға байланысты пайымдарын дәйек­тей түсті.

Ұйым сарапшыларының пі­кірінше, баланың денсаулығы дұрыс болуы үшін нәрестені туған­нан бастап 6 айға дейін міндетті түрде емізу қажет.

Өйткені, ана сүтімен өсіру 5 жасқа дейінгі балалардың өлім-жітімін төмендетуге бірінші кезекте септесе алады. Омырау сү­­тінің құнарын ештеңе алмастыра алмай­ды. Жұқпалы аурулар өлімі белең алған елдерде емшек емізу айтарлықтай насихат пен қорғауды қамтамасыз етеді. Тіпті ана сүті дамыған елдерде де некротикалық энтероколит, нәрестелердің кенеттен қайтыс болу синдромынан болатын шетінеуді азайтады.

Уызына жарып өскен бала ақыл-есі жоғары тіршілік иесі ретінде адам капиталын арттырып, артық салмақ пен семіздік, қант диабеті және балалардағы лейкемия кеселдерін кеміте алады. Сонымен қатар әйелдер арасында сүт безі мен аналық бездің қатерлі ісігі, қант диабеті қаупін азайтады.

Екі жастан кейін ата-аналар баланың азық-түліктің сапасы мен алуан түрлілігі бойынша толық тамақтану рационын, сондай-ақ жеткілікті мөлшерде және та­мақ­тану жиілігін қамтамасыз етуі керек.

Мәселен, 2016 жылы Ұлт­тық экономика министрлігі емізу­лі жастағы балалардың тамақ­тануына зерттеу жүргізіп, оның нәтижесінде сәбилердің 38 пайызы ғана алты айға дейін емгенін алға тартқаны есімізде.

Сонымен бірге, сәбилердің үштен бірі (33%) А дәрумені, темір және мырыш сияқты ма­ңызды дәрумендерді дер кезін­де алмайтыны, уақтылы тамақ­танбайтыны белгілі болған. Сон­дай-ақ тамақтану нәтижесінде 5 жасқа дейінгі 168 мың баланың бойы дұрыс өспей жатқаны анық­талыпты.

Сондықтан анасын еметін бала­лардың санын арттыру үшін Қазақстанның әйелдері күш­терінің Альянсы мемлекеттік теле­ар­наларда, радиода және интернет-порталдарда емшек емізуді қолдау үшін белсенді түсіндіру жұмыстарын жүр­гізуді ұсынып отыр.

«Бүгінде балалар таға­мы мен емшек сүтін алмастыратын басқа да азық­­тардың маркетингін рет­теу шараларын қа­бы­л­дау қажет, барлық сау­да орталықтарында, сон­дай-ақ, көпшілік орын­­дарда баланы тамақ­танды­руға арналған оңаша бөлме­лер ұйымдастыру қа­жет», дейді Қазақстанның әйел­дер күштері Альянсы ба­сшы­сының орынбасары Азиза Шужеева.

Ана орталықтарында және барлық емханада емшек сүтімен емізудің 10 қадамын жүзеге асыру жаңа туған нәрестелерді емшек сүтімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Әйелдер күштері Альянсының сарапшылары әкелерді де бұл бас­тамадан қалыс қалмай, перзенті дүниеге келгеннен бастап дұрыс тамақтануын қадағалауға және 6 айға дейін тек емшек сүтімен қамтамасыз етуге ерекше назар аударуға шақырады.

Себебі – жалқы. Бала туғаннан кейінгі алғашқы үш жылда анаға әкесінің көмегі мен қолдауы баға жетпес мәнге ие.

 

АЛМАТЫ