13 Желтоқсан, 2013

«Гүлдер мен кітаптар»

92 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ жазушысының туындысы ағылшын тілінде жарық көрді

Өзіндік қолтаңбасымен қалам тербеп жүрген Дидар Амантайдың шығармаларын енді Амазон сайтынан ағылшын тілінде оқуға болады. «Гүлдер мен кітаптар» романын ағылшын тіліне Зәуре Батаева мен Angela Hakkila ханымдар аударды.

Қазақ жазушысының туындысы ағылшын тілінде жарық көрді

Өзіндік қолтаңбасымен қалам тербеп жүрген Дидар Амантайдың шығармаларын енді Амазон сайтынан ағылшын тілінде оқуға болады. «Гүлдер мен кітаптар» романын ағылшын тіліне Зәуре Батаева мен Angela Hakkila ханымдар аударды.

Дидар Амантайдың бірқатар әңгімелері бұған дейін де ағылшын тіліне аударылып, «The Stories of the Great Steppe: «The Anthology of Modern Kazakh Literature» жинағына енгізілген-ді. Шындығында, Дидар Амантайдың аталмыш жинаққа енген, ағылшын тіліндегі үш әңгімесі орыс тіліндегі аудармасынан тәржімаланған болатын.

Волохонская мен Пивер­­­дің шығармашылық (әрі линг­вис­тикалық) тандемінің табы­сы Зәуре мен Анджеланың бірле­сіп жұмыс істеуіне ықпал етті (Достоевский, Толстой және Че­хов шы­ғар­маларының ағылшын тілін­дегі жаңа аудармасының авторлары). Қазақ тілі – Зәуре Батаеваның туған тілі, ағылшын тілі – Анджеланың ана тілі. Анд­же­ла Вискон университетінің шығыс тілдері факультетінің док­торанты, бірнеше тілді мең­герген. Түркі тілдерінен – түрік және қазақ тілдерін біледі. Қос автордың бұл аудармалары – қазіргі қазақ әдебиетін ағылшын оқырмандарына түпнұсқалық аударма арқылы таныстыру ба­­ғытында жасалған алғашқы қадам.

Зәуре Батаева аударма туралы таратқан ақпаратында: «Дидарды аудару оңайға соққан жоқ. Гер-ағаның – Герольд Бельгердің сөзіне жүгінсек, «Дидарды оқу – үлкен еңбек. Бұл ермек те, рахат та емес». Жұмыс барысын Дидармен замандас болуым біраз жеңілдетті. Біздің замандастарымыз – КСРО-ның соңғы он жылындағы, яғни 80-жылдардағы, Горбачевтің кезіндегі көңілі сергек, көкірегі ояу, ерекше жас­тар болатын. Бұл буын – турашыл, әділдікті көк­се­­ген ұрпақ еді. Дидардың әңгі­ме­­лері осы жастар туралы» деп жа­­зады.

Бұған дейін де жазушы, кинодраматург Дидар Амантайдың «Қарқаралы басында» атты проза кітабының француз, түрік және моңғол тілдеріне аударылған тәржіме нұсқалары 2011-2012 жылдары Париж, Анкара және Ұлан-Батыр қалаларында басылып шыққан болатын.

Парижде шыққан кітапқа «Гүлдер мен кітаптар» романы еніп, оның алғысөзін ақын Олжас Сүлейменов жазды. Жалпы, бұл кітаптың Парижде жарық көруіне Олжас Сүлейменов зор қамқорлық жасады.

Аудармашы Қайша Тәбәрік­­қызы Дидар шығармаларын қытай тіліне аудара бастады. Алғашқы үш әңгімесі Қытайдың (天涯) («Tian Ya») «Қиян» атты әдеби журналына шығып та үлгерді.

Қазіргі таңда Дидар Амантай шығармалары орыс, испан, неміс, араб, итальян, парсы, грузин және корей тілдеріне тәржімаланып жатқанын айта кеткен жөн.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.