Ғылым • 19 Қаңтар, 2021

Ақтаңдақты емдеудің жаңа әдісі

1989 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Поп музыканың патшасы Майкл Джексонды танымайтын жан жоқ шығар. Бірақ оның табиғи терісін неліктен ағартқанын көбі біле бермейді. Ол тумысынан қара нәсілді талант еді. Бертін келе Майкл витилиго (терідегі ақтаңдақтардың пайда болуы) ауруына шалдығып, соның салдарынан денесінде ақтаңдақтар пайда бола бастады. Поп музыканың королі қаражаты жеткілікті болғанымен, ғылымда ақтаңдақтарды жоюдың жолы, тіпті тоқтатудың технологиясы болмағандықтан, амалсыздан денесінің басқа бөліктерін де химиялық әдістермен ағартуға көшкен. М.Айтқожин атындағы Молекулярлық биология және биохимия институтының ғылыми қызметкері Жүсіпбек МҰҚАТАЕВ дәл осы витилиго, қарапайым тілмен айтқанда ақтаңдақтың алдын алу технологиясын тапты. Ғылымдағы осындай еңбегі үшін 29 жасқа дейінгі жас таланттарға берілетін «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының «Ғылым» аталымы бойынша иегері атанды.

Ақтаңдақты емдеудің жаңа әдісі

Кейіпкеріміз кез келгеннің тісі бата бермейтін мұндай күр­делі тақырыпқа кездейсоқ келмеген. Қазақстандық қана емес, халықаралық ұйымдар тарапынан грант қарастырыла қоймайтын, бюджет бөлінісімен айналысатын атқамінерлер немқұрайлы қа­рағанмен, науқастар үшін күй­зеліспен тең ауруды зерттеуге, бір нә­тиже шығаруға шынымен құ­­лықты болғандықтан бет бұрды. Өйт­­кені ол өзі де витилигомен ауырды.

«Оқушы кезімде терімде ақ дақ­тардың пайда бола бастағанын бай­қадым. Дерматологқа көріндім, дәрігер маған «витилиго» деген диагноз қойды. Бұл уақытта мұндай ұғымның бар екенінен де бейхабармын. Университетте оқып жүргенде денемдегі ақ дақтар көбейе бастады. Содан соң бұл ауру туралы интернеттен қарай бастадым. Шыны керек, менің білі­мім осымен шектелді. Себебі сол кезде Қазақстанда витилиго­ны зерттеумен айналысатын арнайы ғылыми орталықтар болма­ды. Витилигода қандай да бір ауыр­сыну белгілері жоқ, адамның сырт­қы келбетінде өзгерістердің пайда болатыны болмаса, бұл ауру адамнан адамға жұқпайды. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, витилиго аутоиммундық ауру түрлеріне жа­тады. Теріге түс беретін мела­ноцит жасушаларының өлуіне бай­ланысты ағара бастайды. Яғни ағзамыздағы аутоиммундық жү­йеміз осы меланоциттерді шабуылдап, жояды. Соның нәтижесінде адам денесінде ақ дақтар пайда бо­лады. Витилигомен ауырған адам­­дар, соның ішінде жастар кө­біне өзін өзгелерден кем санап, күй­зеліске түседі. Өйткені дене­сінде ақ­таңдақтары бар адамды қо­ғам көз­қарасымен шеттетеді, олар­ға үр­ке қарап, алыстағысы келеді. Қор­қынышын түсінуге де болады, көп халық витилигоны алапес­ке ұқ­сатады. Ал алапес жұқпалы ауру­­лардың қатарына жатады», дей­­ді «Дарын» сыйлығының иегері.

Оның биология ғылымына деген қызығушылығы мектеп кезінен басталды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курсында оқып жүрген уақытта бірінші рет М.Айтқожин атында­ғы Молекулярлық биология және био­химия институтына жұмысқа тұрды. Содан бері аталған инс­титутта еңбек етіп келеді. Негізі ғылымға деген алғашқы қадамы осы институттағы ғылыми-зерт­теулерге қатысу арқылы жасалды. Онда жүріп туберкулез, омырау безі ісігі секілді қатерлі ауруларға қатысты зерттеулер жүргізіп, био­логия саласындағы негізгі әдіс­терді меңгерді. Кейін білімін тереңдету мақсатында «Болашақ» бағдарламасына тапсырып, АҚШ-тағы 1848 жылы негізі қаланған Wisconsin-Madison университетіне биотехнология ғылымы бойынша магистратураға түсті.

«Магистратурада білім ала жү­ріп фармацевтика саласында жұмыс істедім. Өйткені магистрлік диссертациям да дәрілік препараттар өндірісіне қатысты еді. Сондықтан фармацевтикада қа­ла­мын деген ой болды. Бірақ кейін менің жолым ғылым екенін түсіндім. Сол себепті өзімнің ал­ғаш­қы университетіме оралып, «Био­логия және биотехнология» фа­культетінің докторанты атандым», дейді Ж.Мұқатаев.

Кейіпкеріміз докторантура­ның 1-курсын оқып жүргенде өз та­қы­рыбы бойынша зерттеу жүр­гізе­тін ғалымдарды іздестірді. Өкі­­­ніш­ке қарай Қазақстанда витили­гоны зерттеп жүрген ғалымдар қазіргі таңда жоқ. Осылайша ол Норзвестерн университетінің (Northwestern University) профессоры, PhD докторы, витили­го туралы әлемнің алдыңғы қа­тар­лы зерттеулерін жүргізген ға­лым Кэролайн Ле Пулға (Dr. Caro­line Le Poole) хат жазды. Док­то­ран­тураның талабы бойынша 3 айлық зерттеу тәжірибеге ба­руы керек болатын. Бірақ Кэро­лайн Ле Пул қазақстандық док­торантура­ның бағдарламасы бо­йынша бе­рілетін 3 айлық тағы­лымдама нә­тижелі ғы­лыми жұ­мыс­пен айна­лысу­ға жеткіліксіз екенін жет­кізіп, Жү­сіп­бекке қосымша 1 жыл­дық грант тағайындап, витилиго­ны зерттеумен айналысатын өзі­нің зертханасына жұмысқа қа­былдады.

Ондағы маңызды тәжірибесі мен жемісті жұмысы жөнінде: «Ақи­қатында мен дәл осы АҚШ-ғы Ле Пулдың зертханасындағы ең­бегіммен, жұмыс тәжірибем­мен толық­қанды ғылым жолына келгенімді сезіндім. Аталған зертханада витилигоны емдеуге арналған ДНК вакцина­ның (ген­дік терапия) тиімділігін тышқан және үлкен жануарлар­­да тексерумен айналыстым. Нәти­жесінде аталған технологиямен Кіші инновациялық зерттеу кәсіпкерлік грантын (Small Business Innovation Research) же­ңіп алдық. Ал кәсіпкерліктің қол­дауы бүгінде Старт-Ап, Temprian Therapeutics компаниясын құруға негіз болды. Сонымен қатар ең ма­ңыздысы – шетелдік жетекшім, доктор Ле Пулдың бастамасымен PhD докторлық диссертациямда жасушалық негіздегі иммунотерапияны қолдану арқылы витилигоны емдеу және алдын алу жолдарын қарастырдық. Яғни адам ағзасынан иммундық жү­йені реттеуші жасушаларды алып, оларға биотехнологиялық әдіс­термен химералық антиген рецеп­торын енгізіп, арнайы нысанға ба­ғытталған трансгенді жасушаларды қайта ағзаға жібереміз. Сонда өзгертілген реттеуші жасушалар аурудың ошағына бағыттала ала­тын қабілетке ие болып, сол аймақтағы аутоиммундылық­ты рет­теуге және тежеуге ықпал етеді деп тұжырымдалды. Осы тұ­жы­рымды тексеру үшін, нақ сол тәжірибені докторлық зерттеуімде алғаш рет витилиго ауруымен ауыратын тышқандарға жасап көрдім. Нәтижесінде жоғары жетістікке қол жеткізіп, тәжірибе туралы ғы­лыми мақалаларым Q1 (98%, 94%, 94%) жоғары импакт факторы (7,8; 7,2; 5,08) бар иммунология жә­не дерматология саласындағы халық­аралық беделді журналдарға жа­рияланды», деді жас ғалым.

Ғылыми жұмысының бары­сында жарыққа шыққан үш ең­бек­тің екеуі – бірінші авторлық ма­қала, ал біреуі – қосалқы автор ре­тінде жарияланған мақала. Бұдан бөлек 4 отандық мақала мен 7 тезис шетелдік және жергілікті конференция материалдарында жа­рық көрді. Аталған ғылыми жұмыстарды халықаралық конференцияларда баяндама және постер ретінде жасады. Айта кетеу керек, жас ғалым бұл жұмыстарын витилиго ауруының терапиясына орай АҚШ және Халықаралық PCT патентін алуға тапсырған.