Руханият • 19 Қаңтар, 2021

«Курскіде» қызмет еткен капитан

1690 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Туған жерді, туған өлкені тану сол жерде туған, сол жерде тұрған, сол жерден түлеп ұшқан адамдарды танудан басталады. Атпал азамат, білікті маман қай жерде жүрсе де өзін таныта алады. Дегенмен, атом сүңгуір қайығы сияқты жүз жұмбағы, мың құпиясы бар қарудың маманы болу кез келген қазақтың маңдайына бұйыра бермеген.

Бұдан жиырма жыл бұрын Ресей елінің «Курск» К-141 атом сүңгуір қайығының апатқа ұшырағанын ел-жұрт әлі ұмыта қоймаған болар.

Біздің әңгімеміздің кейіпкері өзінің бар әскери өмірін осы «Курск» атом сүңгуір қайығына арнаған Болат Қыпшақбайұлы ЖҮСІПОВ деген азамат.

«Курскіде» қызмет еткен капитан

Теңіз сардары

Қарудың көкесі ядролық қару екені, бұл қазіргі кейбір мемлекеттердің айбат шегуге, қорқыту мен қоқан-лоққы құралына айналғанын мектеп оқушысына дейін біледі. Бұрын мұндай қаруын құ­пия ұстайтындар, енді ашықтан-ашық менде сондай тажал шоқпары бар деуге шықты. Біреуі әлімжеттік жасай алам деп дөңайбат көрсетсе, екіншісі өлсем де тұяқ серпіп қалам деп отыр. Қазір жердің үстінде де, судың астында да осы тажал қаруының неше атасының барын кім білген, дегенмен адамзаттың өз қолымен жасаған ядролық қаруы өзіне үлкен қауіп болып тұр. Жүз мыңдаған адамның өмірін жалмаған Хиросима мен Нагасакидің жарасы жазылмай жатып, Семейдің төбесіне қара бұлт төнді. АҚШ пен Кеңес Одағының текетіресі өз елінің де, өзге елдердің аумақтарын да ядролық қару сынағының полигондарына айналдырды. «Оқталған мылтық бәрібір атылады» дегендей, ядролық қаруды оқтамай-ақ алып жүрудің де қаншама күш пен шығынды қажет ететінін айтып жатудың өзі артық. Ядролық қару тұрмақ, бейбіт мақсатта пайдаланатын атом электр стан­саларының да қалтқысыз жұмыс істеуіне ешкім жүз пайыз кепілдік бере алмайды. Чернобыль және «Фукусима-1» атом электр стансаларында болған апаттар зардабы әлі жойылып біткен жоқ.

Осы орайда, Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде жасаған алғашқы бейбітсүй­гіш қадамдарының бірі, бұл әлемдегі қуаты тұрғысынан төртінші орын алатын ядролық қарудан бас тартуы, атом қаруы бар өзге елдерге үлгі болса, қанекей дегің келеді.

Ядролық қарудың нағыз тажал бір бөлігі сүңгуір қайықтарға орналас­тырылған. Жоғарыда айтқанымыздай, өкінішке қарай мұнда да оқыс оқиғалар, күтпеген апаттар болып жатады. 1989 жылғы 7 сәуірде болған кеңестік К-278 «Комсомолец» атом сүңгуір қайығының апаты туралы аз жазылған жоқ. 69 адамнан тұратын әйгілі кеме экипажының 42-сі қаза тапты. Олардың ішінде қа­зақ жігіті, І рангілі капитан Талант Әмит­жанұлы Бөріқұлақов та бар еді. Қай­тыс болғаннан кейін жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградталған тарлан теңізші Таланттың нағыз ержүрек командир болғанын ресейлік әріптестері әлі күнге дейін жазуда. Таланттың көзін көрген, бірге болған әріптестері ол туралы өздерінің естелік кітаптарында жы­лы лебізін білдіреді. Бұрын өзі де сүң­гуір қайықшы-теңізші болған ресейлік жазушы Николай Черкашин «Пламя в отсеках» атты кітабының бір тарауын Талант Бөріқұлақовқа арнаған. Та­лант­тың ерлігі жайлы әріптесіміз, бел­гілі жур­налист-ғалым Амантай Шәріп «Тол­қын жалындағы тағдыр» атты тамаша очерк жазды.

Иә, сүңгуір қайықтың маманы болу, атом қаруының маңында жүру кез кел­геннің маңдайына жазыла бермейтін тағдыр. Оны айтасыз, жүз жерден жасырын, қырық елден құпия ұсталатын ядролық сүңгуір қайыққа қазақ жігітінің маман болып баруы сирек жағдай. Ол үшін Талант сияқты талантты теңізші, білімді әскери, ержүрек азамат, осы қару­дың кәсіби маманы болуы керек екені түсінікті. Ендеше, Таланттай сайыпқыран теңізшінің ізін қуған бауырларымыз бар ма екен деген сұрақ оқырмандарымыз­ды қызықтырары сөзсіз. Сөйтсек, бар екен, Сыр бойының тумасы, екінші рангілі капитан Болат Қып­шақбайұлы Жүсіпов деген азамат болып шықты.

 

Теңізшімен танысу

Бір күні ел астанасында жерлесім әрі шығармашылық ұстазым, ағам деп сыйлайтын жазушы Сейітқұл Оспановтың шаңырағына жиналдық. Ағамыз арамыздан кеткелі біраз жыл болса да, жа­зу­шының жұбайы – Данагүл жеңеше­міз аға­мыздың атына арнап оқы­латын құ­ран-сауаптарын еш уақытта ұмытқан емес. Қолы қалт етсе дұғалық дастарқаны­на көрші-көлеммен қатар, ағаның көзін көрген әріптестерін жинай­ды. Бұл жолы да еске алу асына жазушының достары мен курстастарынан біраз адам жинал­ған екен. Олардың арасында бұрын мен та­нымайтын, жазушыдан гөрі әскери адамға ұқсайтын бір кісі отырды.

– Сәду, бұл өзің сияқты әскери маман, Сейітқұл ағаңның көзін көрген, өзіңнің жерлес інің Болат Қыпшақбайұлы деген болады. Жақында Ресейден келіпті. Астан соң жақынырақ таныса жатарсыңдар, ­деп жеңешем оны осы басқосуға арнайы ша­қырғанын айтты. Сөйтіп, те­ңіз­ші Бо­­латпен, теңізші болғанда да атақ­ты «Курск» атом кемесінің бөлімше коман­дирі­мен танысудың сәті түсті.

2000 жылдың 12 тамызы күні Баренц теңізінде жоспарлы жауынгерлік жат­тығуын орындап жүрген Ресей елі әс­ке­ри-теңіз күшінің «Курск» атом суң­гуір қайығы апатқа ұшы­рады. Су ас­ты­на жа­ратылған алып қайық 108 метр терең­дік­ке батып кетті. Бұл субма­рина мен оның экипажы Ресей Федера­ция­сының Сол­түстік флотындағы ең үздігі деп есеп­телетін.

 

Алапат апат

118 теңізшінің-сүңгуір қайықшының өмірін жалмаған апат туралы хабар сол мезетте Ресей елінің ғана емес, бүкіл жер жүзінің алаңдаушылығын туғызды. Ядролық қарумен мұздай құрсанған мұндай алып қайықтың апаттық зардабы неге апарып соқтырары әлі белгісіз еді. Оны басқа біреу емес, теңізші инженер-атомшы, осы қайықтың алтыншы бөлігінің командирі болған Болат Қыпшақбайұлы бес саусағындай білуші еді. Қайықтағы қызметтің бір жылы үш жылға есептелсе де, мұндағы қиындық пен кейіннен тартатын зардаптың өлше­мін кім өлшеген дейсің. Сондықтан қы­рық жасқа да жетпей зейнеткерлікке кете барасың. Болат қайық бортын тас­та­ғанда, яғни әскери зейнеткерлікке боса­тылған­да 37 жаста ғана екен-ау...

Туған елден жырақта жүрген жанға теңіз ғана жұбаныш болғанын Болат әскерден біржола босатылғанда ғана білді. Ол көп ойланып жатпастан елге – Қазақстанға қайту керек деп шешті. Сыр өңіріне келіп, ағайын-тумаларымен қауышқан соң, Теміртау қаласына келіп тұрақтады. 2000 жылғы 14 тамыздың кешінде, Теміртаудағы пәтерінде отыр­ған Болатты кенеттен безілдеп қоя берген телефон шырылы селт еткізді. Су астында жүр­генде бомба жарылып жатса да елең қыл­майтын сақа теңізшінің жүрегі алдамапты. «Курск» – өзінің «туған қайығы», әскери өмірге шыңдаған жауынгер ұясы жаттығудан оралмапты. Экипажбен бай­ланыс жоқ, екі күннен бері сүңгуір теңізшілердің тағдыры белгісіз. Олардың аты-жөндерін, әскери шендеріне дейін жатқа білетін Болат үйге сыймады. Өзі де сол қайықтың ішінде, өзінің жауын­герлік күзет бөлігінде жүргендей ала­сұрды. «Әлі үміт бар, тірі болулары тиіс!» Бір жағынан солай ойласа да, екін­ші жа­ғынан, кенеттен болған апаттық жағдайда қолға алынатын, міндетті түрде орындала­тын бұйрық барын түсінеді... Ескі таныстарына қайта-қайта телефон шалып жүріп, «Курскінің» 12 тамыз күні сағат 9.40-та жауынгерлік дайындыққа, сосын 11.40-тан 13.40-қа дейін кеменің авиа­тасымалдаушы тобының оқу шабуы­лын пысықтаулары керектігін білді. Эки­паж оқу-жаттығу нысандары бо­йын­ша қанатты зымырандармен және тор­педолармен атыс жасаулары тиіс-тұғын. Сағат 15.00-де корабль командирі, бірін­ші рангілі капитан Геннадий Лячин қол­­басшылық алдында есеп беруі керек бо­латын. Бірақ байланысқа ешкім шықпаған...

Суыт хабар әлемдік БАҚ арқылы жер жүзін сол сәтте-ақ аралап кетті. Теңізші-сүңгуіршілерге ешкім көмек бере алмады. Жауынгерлік бөлімшенің бұрынғы командирі, тәжірибелі теңізші, екінші рангілі капитан Болат Жүсіпов бірден-ақ әріптестерінің қатесіне сенген жоқ. Өз командасының кәсіби шеберлігін білетін ол, бұл экипаждың ешқашан қателеспейтінін түсінетін. Ол теңдесі жоқ субмаринаның мүмкіндігін алға тарта отырып, апаттың себебіне әкелген өзінің болжамдарын ойға алып, екшеп көрді. Бір жылдан кейін, үлкен апаттың себебі туралы ресми түрде қорытынды шыққан кезде, Болат өз күдігінің расқа шыққанына еш таңғалған жоқ.

– Ең алдымен, – дейді Болат, – мен өзім үшін дәптеріме қайықтың жобасын сыза отырып, экипаж мүшелерін қалай құтқаруға болатын бағыттарына болжау жасап көрдім. Иә, қанша болжау жа­сасаң да, атом қайығының өз тәртібі мен жауынгерлік жарғысы бойынша, ең алдымен құтқару құралдары, яғни торпедолық аппараттары дереу іске қо­сылуы тиіс. Олар қандай жағдай болса да, зымырандық жылдамдықпен атылу арқылы экипаж мүшелерін құтқара алады. Бірақ теңізшілер оны қолданбаған. «Неге?» деген сұрақ туады. Екіншіден, жеке құрам төтенше жағдай бола қалған кезде, екінші бөлікке жиналуға тиіс болатын. Онда ауыз судың, консервіленген, құрғақ тағамдардың, басқа да керек-жарақтардың бірнеше күнге жететін қоры бар арнайы құтқаруға арналған жүзу камерасы сақталған. Сондықтан торпедолық аппараттар істен шыққанда немесе оған бара алмай қалғанның өзінде барлық экипаж мүшелері жүзу камерасына сыйып кетуші еді. Сөйтіп, судың бетіне шығып, сырттан келетін құтқарушыларды күтуге болатын. Дегенмен, бұл да жасалмаған. Олай болса, қандай да бір себеппен барлық құтқару құралдары зақымдалған немесе жойылып кеткен.

– Кәсіби маман, сол атом қайығының бір мүшесі ретінде өз ойыңызды жалғас­тыра түскенде, басты себеп сонымен не болды деп ойлайсыз?

– Бұл жерде қайық жабдықтары­ның жай сынып қалуы деген мүмкін емес, – деп жалғастырды әңгімесін Болат. – Се­беп тереңде. Бүкіл әлемді аузына қарат­қан алып империя Кеңес Одағы тараған соң Солтүстік флотқа келетін нағыз мамандар да азайды. Бұрын біз кез келген ақау болған кезде зауыт-өндірушінің өкілдерін шақырып алатынбыз, кеңестік кезең кеткен соң теңізшілер мұндай нәрселерді өз күштерімен орындауға көшті. Бірақ теңізшілер техниканы жөндеумен емес, жауынгерлік күзетпен айналысуы керек қой. Ұсақ-түйекті өзіміз жөндеп аламыз, ал күрделі болса ше? Экипаждың әр­бір мүшесі апат кезіндегі қимылдың ал­горитмін жатқа білетін, біз санаулы се­кунд­тардың ішінде тап-тұйнақтай болып жиналып, ақауды түзетуге, қиындықтан шыға білуге, күрделі шешім қабылдауға дағдыландық. Теңіз сыртында да мұндай қиындыққа тап болған кезде тас-түйін болу үшін жаттығулардың неше түрі өтетін. Экипаждың әрбір мүшесі кеме бөлімі ішінде жүргенде тас қараңғы болса да, қандай жабдықтың қайда тұрғанын, қандай жүйені іске қосуды бірден таба алатын. Сондықтан қайталап айтқанда, адам қолымен жасалатын қатенің болуы мүмкін емес еді.

Маман ретінде айтарым, ең бірінші басыма келген ой – торпедоның жарылуы. Кеңес уақытында сүңгуір қайықтарды бүкіл одақтас елдер болып жасадық де­сек, артық айтқандық емес. Бір ел қару-жарақ жасады, екіншісі жабдықтар мен приборларды дайындады дегендей. Торпедолардың басым көпшілігі Алматы қаласындағы Киров атындағы зауытта жасалатын, бірақ Кеңес Одағы тараған соң, тәуелсіз елдер өз жолдарын таңдады. Алматы зауыты торпедо оғын жасауды тоқтатты. Енді оны алмастыратын кәсіпорын керек болды. Ақыры «Дагдизель» аталатын дағыстандық кә­сіп­орын таңдалды. Құрғақтағы полигон­дарда бұл торпедолар өздерін жақсы көр­сете білді, бірақ суға келгенде проб­ле­малар шыға бастады.

Болаттың ойынша, торпедолық аппаратта «жуан торпедо» деп аталатын жарылыс болған. Осы шықпай қалған «жуанның» кесірінен барлық торпедолар тұтанып кеткен. Ал олардың саны жиырмадан көп екенін көз алдыңызға елестетсеңіз, не болғанын бағамдай бе­ріңіз. Жарылыстың күші бірінші, екінші бөліктерді және торпедолық бөлікті, оған қоса барлық құтқару аппараттары мен апаттық жағдайға арналған жүзу камерасын жойып жіберген.

Екі мың градусқа дейінгі жарылыстың қуатынан, әсіресе аталған бөліктерде болған теңізшілер бірнеше секундтың ішінде жанып кеткен. Алғашқылар не болғанын түсінбей де кетті десек, кеменің соңғы – құйрық бөлігіндегі теңізшілер зымыранның тозақ отының нағыз азабын көрген. Бесінші, алтыншы, жетінші және сегізінші бөлік теңізшілері, жарғы тәртібі бойынша жиналып, тоғызыншы бөліктегі құтқару есігінің алдында жеткенде, жарылыс қуаты қуып жеткен.

– Егер олар есікті ашып үлгергенде де, құтылу мүмкін емес дейді, әңгімесін жалғастырған алтыншы бөліктің бұрынғы командирі Болат Қыпшақбайұлы, шыға­тын дөңгелек есік тым тар, одан бірер се­кунд ішінде бірнеше адамның өтіп кетуі мүмкін емес. Өрт болып жатқанда киілуі тиіс жеке-жеке ауа жұту аппараттары туралы айтпай-ақ қояйын, өйткені оларды қолданбақ түгілі, бір бөліктен екінші бөлікке өтуге ешқандай мүмкіндік болмаған.

Мүмкіндік демекші, қарулас достары жиналып баруға жете алмай алған тоғызыншы бөліктің командирі капитан Колесниковтің қалтасынан мынадай хат шығыпты: «Тас қараңғы, қалтамдағы мы­­на қағазға түртіп жазуға тырыса­йын. Құтқарыламыз деген үміт 10-20% ғана. Біреулердің осыны тауып алып оқи­тынына сенгім келеді. 9-бөліктің жеке құрамының тізімі осында. Шығуға тырысамыз. Бәріңе сәлем, үміттен басқа ештеңе қалмады... Колесников». Бұл капи­­танның соңғы хаты еді...

Кеменің атын қалай қойсаң, солай жүзе­ді деген бар. «Курск» сүңгуір кемесі де Курск қаласындай алға ұмтылды. Ұлы Отан соғысы кезіндегі Курск доғасы шайқасында ерлік көрсеткен ерлердің теңізші ұрпақтары да аяғына дейін шай­қасты. Жанқиярлық ерлікпен қаза тапты.

– Бұл менің жауынгерлік достарым, менің кемем, менің қайығым еді, – дейді Болат. – «Курск» атом сүңгуір қайығы Кеңес Одағының техникалық жа­рақтандырылуы жағынан ең сәтті жа­­салған кемелерінің бірі болатын. Апат­қа аз қалғанда, яғни 2000 жылдың 30 шіл­десінде «Курск» Североморск қа­ла­сын­да өткен Әскери-теңіз флотының күніне орай өткен мерекелік шеруге қа­тысқан. Ал 15 қазанда Жерорта теңізінде өтетін үлкен маневрлік жауынгерлік жаттығуға шықпақ болған екен. Тағдыр «Курскіні» оған жеткізбей, 12 тамыз күні Баренц теңізінің түбінде мәңгілікке қал­дыруды жазыпты...

 

Теңізші тағдыры

Достары мен «Курск» атом сүңгуір кемесін есіне алып отырған Болат алды­мызға әскери өмірдегі суреттерін жайып салды. Теңіз бен кеме туралы айтқанда, Болат теңізге құлдилаған альбатростай қомданып, ерекше көңілмен ашылып сала береді екен. Шынында да, өмірінің көбін отбасынан гөрі теңізге арнаған адамның басқаша болуы мүмкін емес. Сүңгуір қа­йықтың экипаж мүшелері су астында ап­талап емес, айлап, жылдап жүреді. Кеме олар үшін өз үйінен жақын десек, теңіз­шілердің өз сөзін қайталағанымыз ғана.

– Сүңгуір кемемізде қызмет етуге, жү­ріп-тұруға бар жағдай жасалған еді, – дейді Болат кеме мүшелерімен бір­ге түс­кен суреттерге қарай отырып. – Аф­рика елінің саванналары салын­ған пей­заждармен қатар, өз елімнің – Қазақ­станның көрікті жерлерінің суреттерін іліп қоятынмын. Асханамыз да жақсы еді. Сенесіз бе, дем­алыс, мереке күндері тамақты да өз қалауымызша ішуші ек, кімге украин борщы, кімге орыс пель­мені, ал маған әрине, қазақша ет. Сон­дықтан аспаздарымыз әр ұлттың тама­ғын дәмді етіп пісіре алатын өз ісі­нің шеберлері болды. Гүл өсіретінбіз, те­ңізде көріп жүрген балықтар аздай, каю­тамызда аквариумдар болушы еді. Сондағы кішкентай балықтарға қа­рап отырып, өзіміздің Сырдария еске түсе­тін. Бала кезімде Сырдың суына тү­сіп жүріп, теңізші болуды армандап едім. Сол арман мені Қызылордадағы орта мектепті бітірген соң, сонау Севастополь қаласына апарды. Барған бойдан бірден емтихандарға дайындалып, әскери-теңіз училищесінің ядролық-энергетикалық қон­дырғылар факультетіне оқуға түстім. Оны физик-атомшы мамандығы бойын­ша бітіріп, теңізші лейтенантының фор­масын кигендегі қуанышымыз әлі көз алдымда. Училищені бітірген бойда біз­ді Солтүстік флотқа жіберді. Сол 1983 жыл­­дан бастап талай жауынгерлік кеме­лер­мен жорыққа шығуға тура келді. Кейін «Курскіге» біржола ауысып, әс­кери өмі­рімнің бәрін осында өткіздім. От­став­кіге кетер алдында да менің соңғы мінген кемем осы «Курск» К-141 еді. Ол менің достарымның мәңгілік соңғы кемесі болады деп кім ойлаған? Ата-баба­ларымыздың дәстүрі бойынша қаза бол­ған адамға көңіл айтқанда, жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын деуші еді. Ал суда мәңгілікке қалғандарға не айта­рымды білмеймін. Су – бар тір­лік­тің бастауы, бар тірліктің қорегі. Айт­пақ­шы, теңізшілер арасында бағзы заман­дардан бері келе жатқан теңізде өлген теңіз­шіні теңізге ағызып жібереді деген жазыл­маған заң бар. Мүмкін, тағдыр... Суға жара­тылған жанның, теңізшінің тағдыры...

Мұхитта мұқалмаған, теңізде тоз­ба­ған, «Курск» атом қайығында болат­тай шыңдалған Болатты өз елімізге келген­де тағдырдың тағы бір қиындықтары күтіп тұр еді. Елім деп келген сирек маман­дық иесін, ядрофизик маманын, кәсіби теңізшіні құшақ жая қарсы алған ешкім болмапты. Бірақ суға да батпаған, отқа да жанбаған бауырымыздың тірліктен түңілмей, Теміртау деген қалада тұрып жатқан жайы бар. Талай сыннан сүрінбей өткен Болаттың нағыз темір мен болат шыңдалатын жерді таңдауына таңғалмай көріңіз. Дегенмен, ол туып-өскен өңірі – Сыр бойын еш ұмытқан емес. Теңізші болсам деген балалық армандарын са­ғын­ған шақта Қызылорда қаласында­ғы, Қар­мақшы, Қазалы аудандарындағы Жүсіп бабасынан, Қыпшақбай қарттан тараған ағайын-бауырларына ат ізін салып тұрады, Сырдың бойын жағалап қайтады...

Туған жерден түлеп ұшқан, шет жерде жүрсе де қазақтың намысын қолдан бермеген атпал азаматтың өмір жолын, теңізші тірлігін сөз етіп жатсақ, тілші ретінде қолға қалам алғандағы міндетіміздің бірін орындағанымыз ғана. Есімдері ел есінде жүретін ержүрек теңізшілердің ерліктері, Болат бауырымыздың әскери борышын адал атқарған жауынгерлік жорықтары, өнегелі жолы жас ұрпаққа үлгі болғай.

 

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,

запастағы полковник,

әскери журналист