Отыз жылда еліміз мемлекеттік нышандарын белгілеп, билік жүйесін қалыптастырды, ұлттық валютамыз айналымға енді, Қарулы Күштеріміз құрылды, Ата заңымыз қабылданды, шекарамыз шегенделді, еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақ елі ұлттық салт-дәстүрін, тілін, дінін, ділін жаңғыртып, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық.
Осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығы мен халқымыздың даналығы мен парасаты, бірлігі мен ынтымағы, отандастарымыздың қажырлы еңбегі жатқанын атап өтті. «Сондықтан Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік» деп тұғырлы тұлғаның ел тарихында алар орнын айқындап берді.
Мемлекет басшысы алдағы он жылдағы міндет – қуатты елдің иесі және кемел халық болу екенін баса айтты. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет.
Ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек. Ол үшін өскелең ұрпақ тәуелсіздіктің қадірін білуі қажет. Азаттық бізге оңайлықпен келген жоқ. Тәуелсіздік тағдырдың бере салған сыйы емес. Түптеп келгенде, қазақтың тарихы – азаттық жолындағы күреске толы тарих.
«Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс», деді Президент өз мақаласында. Шынында да, ел азаттығын, ұрпақ бақытын ойлап, толарсақтан қан кешкен кешегі бабаларымыз:
Кеуде бір жерді жол қылсам,
Шөлең бір жерді көл қылсам,
Құрап жанды көп жиып,
Өз алдына ел қылсам, – деп армандаумен өтті. Ата-бабамыз армандаған азаттық бүгінде айнымас ақиқатқа айналды.
Тәуелсіздікке қол жеткізу ғана емес, оны ұстап тұрудың әлдеқайда қиын екендігіне мемлекеттердің бұрын-соңғы тарихтары дәлел. Осыдан үш ғасыр бұрын азаттықты аңсаған Ақтамберді бабамыз да «Осынша берген дәулетті көтеріп тұра алар ма екенбіз?» деп толғаған екен. Иә, тәуелсіздік – асыл бабаларымыз жетсек деп армандаған ерекше байлық, ен дәулет. Ендеше, Президент атап өткендей, ол «дәулетке» қол жеткізбек бар да, оны сақтап қалу бар.
Сонымен қоса, ел Президенті өзінің мақаласында маңызды тапсырма жүктеді, ол – Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау. Ол үшін талай ақтаңдақтардың бетін ашып, бұрмаланып келген деректерді түзету қажет. Бұл іске еліміздің ең мықты тарихшылары тартылмақ. Сонымен қатар Қазақстанның қысқаша тарихы әлемнің негізгі тілдеріне аударылатын болады.
Мемлекет басшысы осы мақаласында Қазақстанның егемендігіне, аумағының тұтастығына күмән келтіруші жат ниетті саясаткерлердің арандатушылық сандырақ әңгімелеріне нақты жауап қайтарды.
«Қазаққа осы ұлан-ғайыр аумақты ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дәуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек», деп баса айтты.
Қазақ үшін ежелден Жер,Тіл, Ел бірлігі – ең қастерлі ұғымдар дейтін болсақ, Мемлекет басшысы осынау мақалада: «Жерге байланысты бәріміз айқын білетін және бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны әр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мәселе. Сондықтан биыл Жер мәселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн. Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын» деп қадап айтып, нық сенімде болу керектігін ұғындырды.
Уақыт ұттырмай қолға алып, дәйекті түрде іске асыратын өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе – халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылдарда, әсіресе, шекара маңындағы елді мекендерде тұрғындар саны күрт азайып кеткендігін де тілге тиек етті. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты басты назарда ұстауымыз керектігін атап өтті.
Президент қазақ тілінің мәртебесі жайында да сөз қозғады. Ел азаматтарын мемлекеттік тілді меңгеруге үндей отырып, мәселе ниетте екені атап көрсетті. Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының парызы деп те айтуға болады. Осы орайда барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарымызға үндеу тастады. Жаһандану мен ақпараттық технологиялар жас ұрпақтың тек болмысына ғана емес, тілдік таңдауына да қаншалықты теріс ықпал ететінін бүгінгі буынның бойынан аңғарудамыз. Сол себепті де ұлттық тіліміздің қолдану аясын кеңейтіп, жас ұрпақтың ана тіліне деген құрметін арттырамыз десек, балалар әдебиетін қолға алып, цифрлы кеңістікте қазақ тілді контентті дамытуға тиістіміз.
Президенттің «Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны әлдеқашан біліп шығар еді. Ең бастысы, ынта болуы керек» дегені де тіл мәселесіне тиісінше көңіл бөлмейтін азаматтарымызға ой салар деп үміттенеміз.
Соңғы кезде қазақстандықтар қоғамдық өмірге, саяси үдерістерге белсенді араласып келеді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осының айғағы.
Салиқалы саяси реформалар Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келе жатқандығын көрсетеді. «Бізде саяси көзқарастары әртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист және тағы басқа болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға және нығайтуға мүмкіндік береді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бірақ елімізде, ең алдымен, адамның Ата заңмен бекітілген құқығын қорғауға негізделген тәртіп керек. Елімізде әралуан саяси партиялар бар болса да, баршасының басын біріктіретін және бәріне ортақ құндылық – қастерлі тәуелсіздік екенін естен шығармауымыз керек.
Расында да, тәуелсіз ел болу оны жариялаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Мемлекет басшысы айтқандай, біз қуатты тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз.
Мемлекет басшысының ой толғанысы мені тереңнен тербеді. Кезінде қазақтың арқалы ақыны Қасым Аманжолов: «Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ, Қараймын келбетіңе мен таңырқап», деп жазған еді. Сол замандарда көрегендікпен айтылған осынау қастерлі өлең жолдары санама орала берді. Бүгініміздің бекем, келешегіміздің кемел болатынына бек сенімдімін.
Әли БЕКТАЕВ,
Сенат депутаты