Білім • 20 Қаңтар, 2021

Балабақшаға екі жастан барса...

1889 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тараз қаласында тұратын Әсел Сәмбетбаева – 4 баланың анасы. Жұбайымен бірге 5 жасар қызын, 3 жастағы егіз ұлдарын және 1,5 жастағы кіші ұлын тәрбиелеп келеді. Кенжесінен басқасы балабақшаға барады. Кейіпкеріміз қазір декреттік демалыста сол кішкентайымен отыр. Күйеуінің кірісіне ғана қарап қалған ол жақында жұмысқа шыққысы келеді. Бірақ оны балабақша мәселесі күтіп тұр. Себебі елімізде 1-3 жастағы балалардың бәрі толық мектепке дейінгі ұйыммен қамтамасыз етілмеген. Ал министрліктің балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту туралы қуанышты дерегі 3 пен 6 жастағы бүлдіршіндерімізге қатысты екенін көбіміз біле бермейміз.

Балабақшаға екі жастан барса...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Білім және ғылым министрлігі осыдан аз уақыт бұрын «Қазақстанда 10 712 мектепке дейінгі ұйым бар, оның 6 109-ы – мемлекеттік, 4 603 ұйым – жеке­мен­шік. Онда 864 900 бала немесе 1-6 жастағы балалардың жалпы санының 75,4 пайызы қамтылған» деген ақпарат та­рат­ты. Осы жерде мәселеге қарай «Соның ішінде 1-3 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші қандай?» деп сұрадық. Жауапты ведомстводан жедел жауап болмады. Соған қарағанда, дайын дерек жоқ. Демек, мұндай зерттеу жүргізілмеген сыңайлы.

Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылғы 10 қаңтардағы Қазақстан халқына жол­да­ған «Төртінші өнеркәсіптік ревалюция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кін­дік­тері» атты Жолдауының жетін­ші ба­ғытында білім сапасын арт­­ты­руға тоқ­талды. Осы мәселенің бір шешімі ретінд­е 2019 жылдың 1 қыркүйегінен мектепке дейінгі білім беру ісінде бала­лар­дың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандартын енгізуді тапсырған еді. Міне, осыдан соң министрлік Балалардың ерте жастан дамуы үшін олардың әлеу­мет­тік дағдыларын және өз бетінше оқу дағдыларын дамытатын бағдарлама әзірледі. Экс-министр Ерлан Сағадиев қол қойған құжаттың мақсатында бағ­­дар­­ламаның балаларды 3 жасқа дейін оңтайлы әлеуметтендіру және мә­дени-әлеуметтік нормаларға, отбасы, қоғам мен мемле­кеттің дәстүрлеріне бау­лу, оларда әлеу­меттік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын да­мы­­туды көздейтіні көрсетілген. Сөз жоқ, мақсаты жақсы жазылған, бірақ бұл қаншалықты орындалып жатыр? Жоғарыда көрсетілген мүддеге қол жет­кізу үшін баланы солай жан-жақты тәрбиелейтін ортаға беру керек. Ал мұн­дай орын – сөзсіз балабақша. Балабақ­шамен 3 жасқа дейінгі балаларды толық қамтамасыз ете алмай отырып бірде­ңе айту қиын. Бұлай деуімізге де сөз ба­сын­да­ғы кейіпкеріміздің жайы түрткі болды.

«Қызым мен егіз ұлым жекеменшік балабақшаға барады. Енді 4-ші балам­ды берсем, тегін болады деген. Үйде бәрін біліп, сайрап тұрса да тобындағы тәрбиешілері қызымның түстерді ажырата алмайтынына күн сайын шағым­да­нады. Қызым балабақшаға барғысы келмей жүр, үйренуге ынтасы жоқ. Осыдан да кіші ұлымды жекеменшік бала­бақшаға бергім келмейді. Ал мемле­кет­тік мектепке дейінгі ұйымдарда орын бола бермейді, орын болса да 1,5 жастан қабылдамайды. Бұйырса аз уақытта үлкенім мектепке барады. Ал оны 1-сыныпқа дайындайтын топқа беру үшін 25 мың теңге сұрады. Оны қал­там көтермейді. Сондықтан жұмысқа шығуым керек, солай істейін десем кіші ұлыма алаңдаймын», дейді көп балалы ана Ә.Сәмбетбаева.

Мемлекет мұндай мәселеде қандай шара қабылдап отыр? Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының директоры Манара Ада­мова балаларды балабақшамен қамту мәселесінің күн тәртібінен түспегенін айтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпы­ұлт­тық іс-шаралар жоспары, Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағ­дар­ламасы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сін­де берілген Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес, Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың моделі дайындалды. Аталған модель қазір бекітіліп жатыр. Жобасы бар, сол жоба 2025 жылға дейін мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды жан-жақты дамыту жайын қарастырады. Сіздер көтеріп отырған мәселелердің бәрі осы модельде қамтылған. Бұл жерде ең бірінші міндет – балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту. Бүгінде статистикалық мәліметтер бойынша 3 пен 6 жас аралығындағы балалардың балабақшамен қамтылуы 98,5 пайызды құрайды. Осыған қарамастан, Білім беру мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында балабақшамен қамту мәселесі қалып отыр. Неге? Себебі жо­ға­рыда айтылғандай, 1-3 жастағы бала­лар­дың бәрі толығымен мектепке дейінгі ұйыммен қамтамасыз етілмеген. 3 жасқа дейінгі балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші төмен. Ұлттық білімдік деректер қорындағы статистикалық мәлі­мет­тер 1-3 жастағы балаларды мектепке дейін­гі ұйыммен қамту 42 па­йызды ғана құрай­тынын көрсетіп отыр. Сондықтан модель­ді іске асыруда бұл мәселе бас­ты назарға алынды», дейді орталық дирек­то­ры.

М.Адамованың айтуынша, модельді іске асыру үшін кешенді жоспар әзірленіп жатыр. Жоспарда ерте жастағы балаларды балабақшамен қамтуды шешу жолдары айқындалған. Ең алдымен 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйыммен қамтамасыз етуде бұрынғы тә­жіри­бе қолданылады. 3-6 жастағы бала­ларды балабақшамен қамтуды 100 па­йызға жеткізу міндеті мемлекет-жеке­меншік әріптестігі бағытының нәти­жесін­де орындалды. Мұндағы мақсат – жеке­меншік балабақшалардағы бағаны қат­ты өсірмей, ата-аналардың қалтасын қақ­пайтындай жағдай жасау болатын.

«Бұдан бөлек, біз модельді іске асы­руға арналған кешенді жоспары­мыз­да ата-аналарға көмек болатын­дай ұсы­ныстарды беруді қолға алдық. Мәсе­лен, аталған мемлекеттік бағ­дар­ламада «Үй тәрбиешісі», «Үй жағ­да­йын­­­дағы әлеуметтік күтуші» жобасы әзір­ленді. Сол жобаны биыл апробация­дан өткізіп, 2022 жылдан бастап енгізу көздел­ген. Аталған жобаны жергілікті атқа­рушы органдар ұйымдастырады. Яғни жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың есебінен балабақшаларда тәрбие­шілерден бөлек арнайы бір штат қарас­ты­рылады. Үй тәрбиешісі немесе үй жағдайындағы әлеуметтік күтуші мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың негізгі әдістемелерін, балалардың жас ерек­шелігіне қарай педагогикалық тұр­ғыда жұмыс істеу жолдарын білуі керек қой. Сондықтан олар мектепке дейінгі ұйымдардың штатында бол­уы тиіс, сонда ғана іс-тәжірибе бары­сында бәрін арнайы мамандардан көріп, үйренеді», деді «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының басшысы.

Біз осы мақаланы жазу барысында ел аумағындағы бірнеше мектепке дейінгі ұйыммен хабарластық. Көпшілігінде 3 жасқа дейінгі балаларға арналған топтар жоқ. Болған күннің өзінде дерлігі тек 2 жастан бастап қабылдайды. Айталық, балаларды балабақшамен қамту мәселесі қашанда өзектілігін жоймайтын миллионнан аса тұрғыны бар елордадағы №71 «Мөлдір» балабақшасында 2 жастан бастап бүлдіршіндерді қабылдайтын 1 кіші топ бар. Онда 30 бала тіркеуде тұр. Қазіргі карантин талаптарына сәйкес 15 бала келіп жүр. «Қалған 15 баланың ата-анасы жұмыс жайын қалай қылды екен?» деген сұрақ туады. Енді қараңыз, аталған мектепке дейінгі ұйымның әдіскері Айнұр Амангелдіқызының айтуынша, 3-4 жастағы балалар тәрбие­ле­нетін 3 ортаңғы топ бар екен. Әр топта 30 тәрбиеленушіден 90 балаға орын қарастырылған. Ұйым өкілі ата-ана­лар­дың көбіне балаларын ерте жастан балабақшаға бергісі келетінін жеткізді.

Жапондық инженер, әйгілі бизнесмен, жапон дарынды балаларын тәрбиелеуші, Sony корпорациясының негізін қалаушы Масару Ибука балаларды ерте жастан дамытуды көп зерттеген. Оның осы зерттеу нәтижесінде жазылған «Үштен кейін кеш» (Kindergarten Is Too Late by Masaru Ibuka) кітабында баланы 3 жасқа дейін тәрбиелеудің қаншалықты ма­ңызды екені ғылыми-тәжірибелік тұр­ғы­да көрсетілген. Бала өмірінің алғашқы 3 жылы интеллектісінің қалыптасуына ерекше ықпал ететін көрінеді. Масару Икубаның ойынша, біз балаларды бойы өсіп, бұғанасы қатқаннан кейін жанталаса беретін үйірмелердегі қажетті дағдының бәрін адам есейген шағына қарағанда 3 жасқа дейінгі кезеңде игеруге анағұрлым бейім, қабілетті келеді екен. Кітаптың қысқаша мазмұнын жи­нақ­тап жазсақ, мидың физиологиясын зерттеу, екінші жағынан 3 жасқа де­йінгі бүлдіршіндердің психологиясы көр­сет­кен­дей, баланың ақыл-ой қабілет­терін дамытудың бас­ты кілті – адам өмі­рінің алғашқы үш жылдық танымдық тәжіри­бесі, яғни ми жасушаларының даму ке­зеңінде екенін көрсетті. Ешбір бала данышпан, болмаса ақымақ болып тумайды. Мұның бәрі бала өмірінің негізгі әрі шешуші жылдарында мидың даму деңгейі мен оны ынталандыруға байланысты. Бұл – туғаннан үш жасқа дейінгі жылдар.

Әлемді шарламай-ақ ұлттық тәрбие­нің тереңіне бойласақ та баланы ерте жас­­тан дамытудың қандай маңызды екенін түсінуге болады. Қазақ 1-3 жастан емес, тіпті құрсақтан тәрбиелеуге ерекше мән берген. Иә, бірақ халық педагогикасын да, шетел тәжірибесінде қолға алу үшін ең алдымен тәрбие мен білім беретін ұйымдар жайын шешіп алуымыз керек. Бұл түйткілдің түйінін түбегейлі тар­қат­пайынша, 3 жасқа дейінгі балаларды да балабақшамен 100 пайыз қам­та­масыз етіп алмайынша, ондағы тәрбие мен білім тура­лы сөз ету мүмкін емес. Өйткені «ата-әженің мектептері» күннен-күнге жабылып жатыр, ал әке мен ана жұмыстан босамайды. Бар үміт – балабақшада...