Білім • 20 Қаңтар, 2021

Өзгерістер өзгеріс әкеле ме?

348 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының тиісті заңға қол қойғанын, соның негізінде білім беру мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін хабарлады. Бұл қандай өзгерістер?

Өзгерістер өзгеріс әкеле ме?

Сонымен бұдан былай бала­­бақ­­­­ша­лар, ­мек­тептер ­мен кол­ледж­­­­­­дер мем­­ле­­кеттік аттестат­тау­­дан өтеді. Минис­трд­ің мә­лім­­деуінше, бұл – ұзақ уақыт тал­­қы­­ла­нып қабылданған норма.

– Аттестаттау – сыртқы мони­торинг және білім беру ұйым­да­рының бел­гі­ленген стандарттар бойынша орын­даған жұмыстарын бағалайтын құрал. Ең бастысы, аттестаттау тек проблемаларды айқындаушы репресивті құрал емес, анықталған проблемаларды жоюға бағытталған нақты ұсы­ныстар беру тетігі болады. Аттес­таттау бес жылда бір рет жүргізіледі. Осы арқылы білім беру ұйымдарында берілетін білімнің сапасы анықталып, ата-аналар, оқушылар мен педагогтер арасында сауалдама жүр­гізіледі, материалдық-тех­ни­­калық база, кадр құрамы және басқа да аспектілер бо­йынша белгіленген талаптарға сәй­кес­­тігі бағаланады, – деді А.Аймағамбетов.

Осыған дейін оқулықтардағы олқы­­лық­тарға қатысты проб­леманы көтерген мақа­ла­мыз­да кітаптар, жалпы, рефор­ма­­лар дұрыс болуы үшін алдымен соған негіз болатын бағ­дар­ламалар мен стандарттарды сынақтан өткізу керегін жаз­ған­быз. Сол мәселе енді заңмен нақ­ты ше­шілген секілді. Бұл туралы ведомство бас­шысы:

– Үлгілік оқу жоспарлары мен оқу бағ­дарламалары білім беру процесіне енгізілгенге дейін мін­детті түрде сараптамадан және апробациядан өткізіледі. Осы­лайша орын алуы мүмкін кемшіліктер анықталады. Бұл – өте маңызды норма. Жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге байланысты жұмыстарда асығыстық жасамау керек. Әрине мұндай норма министрлікті шектейді, алайда осы ар­қылы жан-жақты ойлас­тырылған, ғы­лыми негіз­дел­ген және сынақтан өткізілген бағдарламаларды енгізудің ме­ханизмі жұмыс істейді. Бұдан бө­лек оқулықтардың сапасын одан әрі жақсарту, оқу материалдарын әзірлеу кезінде бірізділікті белгілеу үшін минис­тр­ліктің мектеп оқулықтары және оқу-әдістемелік кешендерінің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды белгілеу құзыретін айқындайтын түзету қабылданды. Аталған маңызды норма оқулықтардың сапасын арттыруға бағытталған, – деді.

Ал келесі өзгерісті заңға ен­гізуге пан­­демия түрткі болған сыңайлы. Бұған дейін білім беру саласының сарап­шы­­лары онлайн оқыту (қашықтан оқы­ту­мен шатастырмау керек) форматын «Білім беру туралы» заңда арнайы пункт ретінде қарастырылуы қажеттігін, ақыл-есі сау, бірақ белгілі бір себептермен мектепке қатынай алмайтын балалар да білім алуы тиіс екенін көп көтерді. Сол сөз ескерілгендей. Биылдан бас­тап енгізілген өзгерістер мен толық­ты­руларға сәйкес, қашықтан білім беруге қатысты талаптар айқындалады. Қа­шық­тан оқыту процесінде онлайн білім беру де қолданылады.

Айтпақшы, министрлік білім беру ұйымдарына алып кіруге және онда пайдалануға тыйым салынатын зат­тар­дың тізімін бекітпек. Бұл норма оқу орнында білім алушылардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы үшін және алдын алу шараларын күшейту мақсатында енгізілген. Осыдан соң қоғамда білім алушыларға смартфон ұстауға тыйым салынатыны туралы сөзі тарады. Бірақ министр А.Аймағамбетов оны жоққа шығарды.

Ендігі кезекте жоғары білім­ге қа­­тыс­ты енгізілген өзге­ріс­тер мен толық­ты­руларға тоқ­талсақ, енді жоғары оқу орын­дарында оқу жетіс­тіктерін сырттай бағалау процедурасы жүргізілмейді. Өйт­кені елі­мізде жоғары оқу орын­да­рына академиялық ер­кін­дік берілген. Әр ЖОО оқу бағ­­дар­ламаларын өз бетінше әзір­лейтіндіктен мұндай бағалау түрін жүргізудің қажеті болмай қалды. Мұның бәрі өз кезегінде университеттердің жеке моделін қалыптастыруға бағытталған сияқты. Себебі келесі өзгеріс те соны меңзейді. Бұдан былай мемлекеттік үлгідегі дип­­лом берілмейді. 2021 жылдан бастап әрбір ЖОО білім алған азаматтарға жеке үлгісі бойынша диплом береді. Демек, дипломдар біркелкі болмайды. Бірақ ортақ талап (Мәселен, білім берілгенін растайтын құжатты есепке алу және сериялық нөмірлері бойынша бір жүйеге келтіру үшін дипломдардың маз­­мұнына қатыс­ты бірыңғай мини­малды талаптар қарас­тырылған. Ми­нис­тр­ліктің ақ­параттық жүйесінде беріл­ген дипломдардың депози­тариі, реквизиттері болады, сондай-ақ Болон процесінің талап­тарына сай Diploma Supllement беру қарастырылады) болады. Себебі заңсыз немесе жалған құжат айналымына жол бермеуге тиіспіз.

Жоғары білімге қатысты енгі­зілген ең маңызды өзгеріс – Мем­ле­­кет­тік грант ар­­қылы оқуға түс­кен студенттердің грант­­ты жұ­­мыс­пен өтеуіне қатысты бол­­­­ған­дай.

– Мемлекеттік грант арқылы оқуға түскен студенттердің грант­ты жұмыспен өтеу шарттары жеңілдетілді. Түлектер тек мемлекеттік мекемелерде ғана емес, енді жекеменшік ұйымдарда да жұмыс істеп, гранттарын өтей алады. Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл мәселені түлектер жиі көтеретін. Жаңа норма түр­лі ұйымдардағы кадр мәселесін шешуге де септігін тигізеді. Сондай-ақ тү­лек­тер­дің жұмыспен қамтылу мүм­кін­діктерін кеңейтуге жол ашады. Қазір мемлекет-жекеменшік әріптестігі дамып келеді және мем­лекеттік тапсырыс жеке­мен­шік балабақшаларда, мектептер мен ауруханаларда орналас­­ты­рылып жатыр. Айтпақшы, кей­бір грант иегерлері мемлекет шы­ғы­нын жұмыспен өтеуден құты­лу­дың жолын тапқан. Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, үш жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын. Бұдан былай студент қан­ша жыл грантта оқыса, сонша жыл грантты жұмыспен өтеуге міндетті болады. Дәл осы норма, ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты болады, – деді А.Аймағамбетов.

Тағы бір маңызды өзгеріс бо­йынша енді қарамағында коллед­ждері бар жоғары оқу орындары да мем­лекеттік тапсырыс алып, грант иегерлерін оқыта алады. Бұрын мұндай колледждерде аталған құқық болмады.