Технология • 20 Қаңтар, 2021

Цифрлы келешек және ұлттық құндылықтар

668 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда ел Үкіметінің цифр­лы кеңістікті дамыту бағдар­ламасының өз мақсат-мін­деттері бар, оның түпкі негізі – халық­тың өмір сүру деңгейін көтеру, мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін арттыру. Әри­не, заманауи цифрлы техноло­гиялардың озық үлгілерінің (IT-бағдарламалар, IT-құралдар және т.с.с.) өркениетті елдерден біздің қоғамдық өмірімізге кірігуінің жылдамдығы көз ілес­тірмейді: кеше ғана таныстырылымы өткен туындылар бүгінде қоғам колданысында. Ал оның бүкіл әлеуетін немесе залал-зар­дабын зерделеуге уақыт та, мүм­кіндік те жоқ.

Цифрлы келешек және ұлттық құндылықтар

Цифрлану дәуірінде қоғамда туындайтын араздықтан, өшпенділік пен жалған ақпараттан сақтана білу өте маңызды, ал әлеуметтік желілер бүгінде сан қилы үгіт-насихаттың тайталас алаңына айналғанын көріп отырмыз. Мысалы, Еуропа елдері әлеуметтік желілердегі ақиқаттан алшақ жатқан, түрлі саяси мүдделерді көздеген жалған ақпараттарға қарсы тұрудың сындарлы стратегиясын жасақтауда.

Біз талпыныс жасап отырған ға­ламдық цифрлы келешекте басқа мем­лекеттің байлығына (табиғи және адами) деген қызығушылық, яғни көз сұғын қадау еш бәсеңдемейді, керісінше күшейе түседі. Ендеше, еркіндігі мен егемендігін еншілегеніне биыл бар болғаны отыз жыл ғана толғалы отыр­ған дамушы жас мемлекетіміз әрдайым өзгелердің экономикалық, саяси немесе діни қызығушылықтарының нысанында болатыны анық. Ғаламдық ақпарат айдынындағы шабуылдардан құндылықтарыңды жоғалтып алу қаупі күшейе түседі. Сондықтан локалды, әр салада қорғану бекеттерін құрғаннан гөрі, біртұтас ұлттық қорғану страте­гия­сын жүзеге асыру қажет. Бұл стратегия ұлттық құндылықтарға негізделуі тиіс.

Өзінің тілі, тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, салт-дәстүрі мен ұлттық бол­мы­сын қызғыштай қорғап, ұрпағын биік рухта тәрбиелемейтін ел өзгенің құн­дылықтарына бағынышты болады. Бұл қағида цифрлы даму мен цифрлы күрес дәуірінде өзекті. Сондықтан ұлттық құндылықтарды кіршіксіз сақ­тау жолында ұлт пен ұрпақ санасын тәрбиелеу ғана келешекте ұлтты қор­ғайтын қалқан болып қала бермек.

Жаһанданудың бір ерекшелігі, еңбек мигранттарының мемлекеттер арасында емін-еркін қозғалуында, олардың экономикалық дамуға тікелей оң әсерін экономист-ғалымдар өткен ғасырда-ақ дәлелдеп қойған. Жылдан-жылға бұл процесс күшейетін болады, оның ішінде елімізде жұмысшы, қызметші мамандарға деген тапшылық айқын сезілуде. Ал сол қоныс аударушылар өздерімен бірге өзге жұрттың, орта­ның әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін ала келеді. Сайып келгенде, олардың ел­дегі қалыптасқан ұстанымдар мен қо­ғамдық өмірге тезірек кірігуі орынды болар еді. Әйтпесе, мемлекет құ­рау­шы жетекші ұлттың салты мен дәс­түріне «өзіндік өзгеше көзқарасы» бар екінші жақтың қалыптасуы (отбасы құндылықтары өзгеше, біржынысты некелерді қолдаушылар және т.с.с.) «дүниетанымдық дағдарыс» әкелуі әб­ден мүмкін. Мұндай үдеріс қазір Еуропа елдерінде жүріп жатыр.

Президент Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында ұлт­тық құндылықтар – елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің бірден-бір тұғыры, ұрпақтан ұрпаққа қалатын ең асыл аманатымыз деген өрелі ойды ортаға салады. Ұлттық құндылықтарды дәріп­теуге келсек, әр аймақ жадында қал­ғанын жаңғыртып, тұлғаларын өзінше әспеттеп жүр. Ал ұлы Абайдың туындыларына қосымша Мәшһүр Жүсіптің, Бекет атаның, Шәкәрімнің, Қожаберген жыраудың, Қашағанның және т.б. дала даналарының ұлағаты мен мұрасы бар­ша қазаққа ортақ дүние екенін, оны өңірлік сипаттан ұлттық деңгейге көтерсек ұтатынымыздың көп болатынын ескермей жүрміз.

Ендеше қазақ халқының ата-бабалардан мұра болып қалған шынайы, гуманистік идеяларға толы филосо­фиясы, бірлік пен ынтымақты меңзеген, адалдықты ту еткен салты мен дәстүрін, бүгінгінің «жаһандық қабықтарынан» тазартып, таза күйінде, яғни қазақ­тың шынайы менталитетіне сай ешбір этностың мүддесін кемсітпей үгіттеуді, түсіндіруді күшейту керек (Қазақ хал­қы қалай қалыптасты? Мінезі мен өмір­лік философиясы қандай? Салт-дәс­түр­лерінің мәні мен мағынасы және т.б.).

Қазақ халқы – Алтай мен Маңғыс­тауға, Алатау мен Қызылжарға дейін­гі кең-байтақ даладағы біртұтас ұлт (тілі, діні, ділі бір) екендігі қалыптас­қан ­мен­талитетінен көрініп тұруы тиіс. Елі­міз­дегі бүгінгі этностар санасын­да да бұл шаралар нақтылықты орнатып, сыйластық пен достық сезімді күшей­тіп (бәріміздің тегіміз бір, біртұтас тарихы бар бауырлас халықтармыз деген ойды тереңдете түседі), кең ақпа­раттық мағлұмат алу көзіне айналары сөзсіз. Осылайша ғаламдық цифрлы келешекте (global digital future) өз орнымызды айшықтап, барлық этностар мемлекет құраушы қазақ ұлтының жанына бірігеді, біртұтас ұлттың қа­лып­тасуы жүзеге асады. Жалпы білім беретін пәндерді оқыту бойын­ша мемлекеттік білім стандарттары сияқты, ұрпақ тәрбиесінде де қазақ­стандық тәрбие стандартының қажет­тілігі сезіледі.

Осы айтылғандардан тоқетер ой – жас ерекшелігіне қарай бейімделген Ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тұжырымдамасын дайындау қажет. Айталық олар, мектепке дейінгі тәр­бие сатысы, бастауыш білім деңгейі, негізгі-орта білім деңгейі және жоғарғы білім беру деңгейлерін қамтитын 4 дең­гей­лі дәрістен тұрады. Ғалымдар қа­зақ халқының шынайы келбеті, салты мен дәстүрі қай деңгейде оқытылуы тиіс екенін ескере отырып, 11-сынып­ты бітірген және университетті аяқтап, ма­мандық иесі болып шыққан азамат­тың ұлттық құндылықтармен дәріптелген, толыққан заманауи болмысын ғылы­ми тұрғыдан белгілеп, дайындалған концепцияның негізінде әр деңгей үшін қосымша курстың бағдарламасы (4 бағ­дарлама) жасақ­талады. Нәтижесін­де, оқыту тіліне қа­ра­мастан 3-21 жас ара­лығындағы қазақ­стандықтар ұлттық құн­дылықтар негізінен үздіксіз жүйелі дәріс алады, жаһандық дәуірдің сын-қатерлеріне дайын жастардың қатары көбейеді.

Егілген дәннің сабағы көтеріліп, жа­­сыл желекке айналып, шырынды же­мі­сін беруі ұзақ уақытты қажет етеді. Сол сияқты ұлттық құндылықтар­ды дәріптей отырып, өркениет көшінен қал­­май дамудың алғышарттарын қа­лып­тастыруды да бүгіннен бастаған абзал.

 

Қаныбек ЖҰМАШЕВ,

Білім беру ісінің үздігі