Оқиға • 20 Қаңтар, 2021

Қолжазбаны оқитын қосымша

234 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кезінде машинкамен жазылған архивтердегі құжаттардың мәтін­дерін компьютерге қайта түсіру ауқымды іске айналғалы қашан. Әсіресе қазақ тіліндегі мәтіндерді компьютерге түсіргенде ана тілі­мізге ғана тән тоғыз әріпті танымай, әбігерге салады. Ал қол­жаз­балардың электронды нұсқа­сын жасау тіпті азап. Себебі қай­тадан компьютерде теріп отыру керек. 11-сынып оқушысы Алар Берікұлының арқасында осы жұ­мыс жеңілдейтін секілді. Өйткені ол қолмен жазыл­ған мәтіндерді оқып, электронды нұсқасын жыл­дам жасап беретін мобильді қосым­ша ойлап тапты.

Қолжазбаны оқитын қосымша

Алар асуы асқақ Алар Павлодар қа­ла­­сын­дағы дарынды балаларға ар­нал­ған «Жас дарын» мектебінің  соң­ғы сы­ныбында оқиды. Қашықтан оқы­туға көшудің бір пайдасы, ол кейінгі уақытта компьютерде көбірек жұмыс істей­тін болды. Оны шабыттандырған – қол­жаз­баларды тануға арналған қосымшаны іске қосу туралы ерекше идеясы еді.

– Біз бірінші мәтінді фотоға түсіріп ала­мыз, қажетті сөзді таңдаймыз. Қо­сымша бізге сол сөзді оқып, электронды нұсқасын шы­ғарып береді. Жалпы мұнда тұтас мәтін­нің цифрлы нұсқасын алуға да болады. Бағдарлама қазірдің өзінде сөздерді 60-70 пайызға дейін қа­тесіз оқи алады. Ал­дағы уақытта же­тіл­діру жұмыстарын жүргізу керек. Өйт­­кені бұл – әзірге ғылыми жоба негі­зінде әзірленген прототип. Бітіру­ші тү­лек болғандықтан әлі жай үлгі күйін­де тұрған қосымшаны толық аяқтап, коммер­циялық жобаға айналдыруға уақыт тапшы. Болашақта ІТ саласына оқуға түскім келеді. Ал мобильді қо­сым­­шама қатысты жоспарыма келсем, оған бастапқы әріптерді жазған соң одан кейінгі сөзді автоматты түрде таба алатындай етіп жетілдіргім келеді. Мә­селен, сіз қазақша пернетақтаны қол­данғанда «С» әрпін терсеңіз, «сәлем» деген сөзді ұсынады ғой, сол секілді. Негізі маған осы идеяны іске асыруыма С.Торайғыров атындағы Пав­лодар мемлекеттік университетіндегі ғы­лыми жетекшім көмектесті, – дейді өнер­тап­қыш оқушы.

Шынында баспа әріптерімен жа­зыл­ған мәтіндерді емес, дәл қолмен жа­­зылған жазбаларды оқи алатын мо­биль­ді қосымша туралы идеяны Алар­дың ғылыми жетекшісі Дария Әбі­кенова ұсынған. Ол алғыр ойлы оқу­шы­ның бір­неше нұсқа ішінде осы мо­бильді қосым­шаны жанына жақын көргенін жеткізді.

– Алар біздің университетке өт­кен қыр­күйек айында келіп ІТ иннова­ция­лық жобалар байқауына қатысуды қалайтынын, ой жарысына ұсынатын бірнәрсе ойлап та­бу­ға бекінгенін айтып, соған сай ба­ғыт беруін сұрады. Бірнеше нұсқасын, ше­шіл­меген проблемаларды ұсындым. Ол осы қо­сымшаны таңдады. Негізі бұл идея бізге универ­си­тетіміздегі қажетті құжат­тар­дың электронды нұсқасын жасаймыз деп әбі­­герге түскенімізден туды. Ақиқатында мұн­­дай проблема бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан әрбір мекемеге таныс  қой. Тала­бы зор бала көбіміз кезігетін кедергіні, біра­зына таныс проблеманы шешуге бел байлады. Біз көмектестік. Көптеген ғылыми мақа­ланы, түрлі әдебиетті оқы­дық. Бағ­дарламалау мамандарымен консилиум құр­дық. Нәтижесінде Алар қолмен жазыл­ған әріпті танитын жүйені жасай алды. Жұмысымыздың басты ерек­шелігі – қазақша әріптерді тануға бағытталғанында. Әрине қиындықтар болды. Өйткені мобильді қосым­ша ней­ронды желі технологиясы бойын­ша жұмыс істейді. Ал бұл бағытты зерттеп жүр­ген ІТ мамандар өңірде мүлде жоқ, – деді Д.Әбікенова. 

Кейіпкеріміз облыстық ІТ иннова­ция­­лы жобалар байқауында осы еңбе­гімен І орын­ды жеңіп алды және респуб­ликалық бай­қауға жобасын тапсырып қойды.