Экспорттық бағыт үшін Украина мен Өзбекстанға - аммиак селитрасы, Ресейге - мұздатылған бекіре балығы, Швейцарияға – қара алтын, Иранға - астық, Түрікменстанға - макарон өнімдері, ал Әзірбайжанға - мұнай-химия өнімдері, атап айтқанда битум негізіндегі мазут және гидрооқшаулағыш материалдарға сертификаттар берілген. Ішкі айналым үшін «СТ-KZ» нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаттар негізінен мұнай-газ, құрылыс, тамақ, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіпке беріліпті. Бұдан бөлек 18 кәсіпорын индустриялық сертификатқа ие болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында кәсіпкерлікті дамыту саласына ерекше тоқталған болатын. Рашит Мұстапаевтың айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдауға бірқатар шаралар қабылданды. Мәселен, «Бизнестің жол картасы - 2025» бағдарламасы аясындағы барлық салалық кедергілер алынған. Өз ісін дөңгелетуді армандаған әрбір тұрғынға қаржыландырудың жолдары түсіндірілген. Ең бастысы шағын және орта бизнес 3 жылға салықтан босатылды. Осылайша еліміз бойынша 1 млн астам кәсіпкер мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. Сонымен қатар, төтенше жағдай және карантин кезінде қиындыққа тап болған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында бизнестің 20 түріне жеңілдіктер қарастырылған.
2020 жылы сыртқы сауда айналымы 2 715 млн АҚШ долларын, оның ішінде тауарлар экспорты – 2 467 млн доллар, импорт – 248 млн АҚШ долларын құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 52 мыңнан асып жығылады. Оның ішінде жеке кәсіпкерліктің үлесі 77%, заңды тұлғалар – 18%, шаруа қожалықтары - 5% құрап отыр. Карантин кезінде кәсіпкерлер палатасы форс-мажорлық жағдайда 291 өтінішті қарап үлгерген. Жиі көтерілетін мәселенің бірі - бизнес мақсаттағы бөлінетін жер учаскелеріне қатысты болып отыр.