Қоғам • 21 Қаңтар, 2021

Жалақысыз қалған жұмысшылар жұмыс берушіні сотқа беруге мәжбүр болып отыр

598 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұрғындардың әлеуметтік жағдайына кері әсерін тигізетін фактордың бірі – жалақыны уақтылы төлемеу. Облыстық мемле­кеттік еңбек инс­пек­­циясы басқармасы басшысының орынбасары Думан Әбиевтің ай­туын­ша, еңбекақыны кешіктіру мен төлемеу жағдайына жол бермеу үшін тиісті орган­дармен бірге жүйелі мониторинг жүргізіп келеді. Мә­се­лен, өткен жылы бірлесе атқарылған осындай шаралардың нәти­жесінде 11 мекемедегі 1 018 жұмысшының еңбек құқығы қор­ға­лып, 263,8 млн теңге жалақы қарызы толығымен өндірілді. «Еңбек» кодексінің та­лаптарын сақтамай, еңбекақыны мерзімінен кешік­тіргені, толық төлем жүргізбегені үшін мекеме басшыларына заң бұзу­шы­лықты жою туралы 20 нұсқама берілді. Мекемелерге қа­тыс­ты 58 әкімшілік хаттама толтырылып, 11,3 млн теңге айыппұл са­лы­ныпты.

Жалақысыз қалған жұмысшылар жұмыс берушіні сотқа беруге мәжбүр болып отыр

 

Дегенмен әлі де өткен жылдардан бері үш мекеменің 23 жұмысшыға 6,5 млн теңге еңбекақы берешегі қалыптасып отыр. Осыған байланысты заң бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым беріліп, лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал мекеме басшыларына қатысты құқық қорғау органдары Қылмыстық кодекстің 152-бабының 3-бөлігіне сай қылмыстық іс қозғаған. Алайда қылмыс құрамының бол­­мауына байланысты тоқтатылған.

Жұмысшыларға жалақыны уақ­ты­лы төлемей, зар жылатып отыр­ған компанияның бірі – «Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС. Бұл компания құрылыс саласындағы әрлеу, дәнекерлеу секілді жұмыстарды ат­қарумен айналысады. Осында жұ­мыс істейтін қызметкерлер был­тыр­­ғы қарашадан бері төленуі тиіс жалақыға қол жеткізе алмай жүр. Олар жалақының кешіктірілу себебін білу үшін компанияның кеңсесіне бірнеше мәрте жиналды. Алғаш рет 40-қа жуық қызметкер былтырғы 18 қарашада дабыл көтерді. Сол кезде бұл мәселеге облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының инспекторлары араласты. Сонда ком­панияның былтырғы қазанда 85 жұ­мыс­керге 10 млн теңге мөлшерінде жалақы берешегі бары анықталды. Бірақ жалақы қарызы 18 қарашаға дейін төленген жоқ. Сондықтан ком­па­ния қызметкерлерінің бір тобы бас­қармаға өтініш жасап, қазан айын­да жалақының уақтылы төлен­бе­­ге­нін көрсетіп берген.

– Басқарма инспекторлары компания басшыларымен кездесіп, жалақыны кешіктіру Еңбек кодексіне қайшы екенін түсіндірді. Содан соң компания тарапынан 19 қарашада 10 млн теңге мөлшеріндегі жалақы берешегі толық көлемде өтелді. Ал қызметкерлер бұрын берген өтінішін кері қайтарып алған еді, – дейді басқарма басшысының орынбасары Думан Әбиев.

Алайда «Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, «Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС-нің басшылары жұ­­мысшыларына жалақыны тағы ке­шік­­тіре бастады. Тағы да дерекке сүйенсек, былтырғы желтоқ­санда жалақы қарызы 20 млн теңге­ден асты. Сөйтіп компания мен жұ­мыс­шы­лар арасындағы жалақы дауы қайта өрбіді.

– Дауды сотқа дейін реттеу мақ­са­тында өткен жылғы 21 желтоқ­сан­да компанияның 40 қызметкері мен жұмыс беруші компания басшысы Рив Кембрино Вальтер арасында медиативтік келісім жасалды. Онда жұмыс берушінің 20 желтоқсанда қызметкерлерге қараша-желтоқсан айлары үшін жалақы бойынша берешекті, сондай-ақ 2020 жылы пайдаланылмаған еңбек демалыстары (есептелген) үшін өтемақыны төлеуге келісті. Тараптардың келі­сі­­мі­мен міндеттемелерді орын­дау мерзімі 25 желтоқсанға дейін ұзартылды, – дейді Думан Әбиев. – Медиативтік келісімнің 1-тар­ма­ғында тараптар «Gruppo RF Kazakhstan» ЖШС қызметкерлеріне жалақыны уақтылы төлемеу» дауы бойынша медиация рәсімін «Астана» халықаралық төрелік орта­лы­ғының төрелік және медиация қағидаларымен аяқтайтыны көз­делді.

Баяғының үлкендері «Уәде – Құдай аты» деуші еді. Алайда жұ­мыс беруші уәдесінде тұрмады. Оған компанияның медиативтік ке­лісім бойынша міндеттемесін орындамағаны дәлел болып отыр. Енді медиаторлар қызметкерлермен бірлесіп сотқа беру үшін талап-арыз дайындауға кірісті. Бұған қоса был­тырғы 28 және 29 желтоқсанда бас­қармаға компанияның бұрынғы 29 жұмыскерінен 2020 жылғы қараша-желтоқсан айларына жалақы төленбегені туралы өтініш түсті.

Шындығында бұл компанияда алаң­датарлық ахуал қалыптасты деу­­ге болады. Өйткені отбасын асырау үшін маңдай терін төгіп жұмыс іс­теген жұмысшыларға жалақы төлеуді сағыздай созуға бола ма? Бірақ бір басында бірнеше несиесі бар жұмысшылардың жанайқайы жұмыс берушіні ойландырмайтын секілді. Сол себептен екі және одан көп адамға еңбекақының төленбеуі қызметкерлердің конституциялық құқығын бұзатыны ескеріліп, Атырау облысы әкімінің өкімімен «Gruppo RF Kazakhstan» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне жоспардан тыс тексеру жүргізу туралы шешім қабылданды. Осыған орай облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы қыз­мет­керлердің өтінішімен аталған компанияға жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастады.

– Еңбек заңдылығына қатысты бұзу­шылықтар анықталған жағдайда ком­пания басшылығына оны жою туралы тиісті нұсқама беріледі. Ком­­пания басшылары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 87-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жа­заға тартылады, – дейді басқарма басшысының орынбасары Думан Әбиев.

 

Атырау облысы