Тарихи дерекке сүйенсек, скрипканың бүгінгі түрі XVI ғасырдың аяғында пайда болып, XVII ғасырдан бастап кең түрде қолданыла бастады деп жүрміз. Ең танымал скрипкалар XVII және XVIII ғасырларда жасалған. Бұл жағынан Италия шеберлерінің даңқына жете алған әзірге ешкім жоқ. Мысалы, тек Страдиваридің өзі 1116 аспап құрастырып шыққан дейді. Оның 540 түрі бізге етене таныс, көпшілігінің атауы онда ойнаған музыканттардың есімімен сәйкес аталады.
– Ал бізде скрипка аспабын жасаушылар бар ма?
– Скрипка жасау үшін, негізінен явор үйеңкісі пайдаланылады деп естідім. Үйеңкі басқа ағашқа қарағанда қатты ағаш, оңайлықпен күшке иліге бермейді. Шеберлер скрипканы осы үйеңкіден жонып жасайды, сосын акустикалық қасиеті жоғары шырша ағашымен беті жабылады. Мысалы, орыстар скрипкаға лайықты явор үйеңкісін Кавказдан алдырады. Одан басқа аймақтан табылуы қиын. Қазақстанда да үйеңкінің 20 шақты түрі бар деседі, алайда олар явор үйеңкісінің орнын баса алмайды. Бізде де олардың кейбір түрлерін сынап көрген шеберлердің бар екенін естідім. Соның бірі – Жолаушы Әбілғазыұлы ағамыз. Қазақстандағы шеберлердің дені домбыра, қобыз сияқты ұлттық аспаптарды жасауға маманданған. Өкінішке қарай, скрипка жасайтын шеберлер жоқтың қасы. Жыл сайын скрипка мамандығы бойынша қаншама музыканттар бітіріп жатады. Мұнымен қатар симфониялық, камералық оркестрлер мен квартеттерде скрипкада ойнайтын музыканттар қаншама?! Амал жоқ, өзімізде жасалмаған соң, сырттан сатып алуға мәжбүрміз. Қазіргі тұтынып жүргендеріміздің көбі – Ресей мен Еуропа елдерінен алдырылған аспаптар. Айтайын дегенім, Жолаушы Әбілғазыұлы ағамыз скрипканы өзімізде жасауды қолға алайық деп бастама көтерген екен. Ол үшін белгілі шебер Алексей Першинмен жолыққанын, одан кейін Мәскеудің скрипка жасау шеберлерінен тәжірибе жинақтап қайтқанын естіп едім. Бертінде Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, ұлты неміс Петр Круч есімді азамат скрипка жасаумен айналысып жүр деген хабарды құлағым шалды. Жалпы, осындай бірлі-жарым мысалдар кездеседі. Алайда бұл көрсеткіш аспап жасаушы шеберлер мәселесінде проблема жоқ деген сөз емес.
– Өзге мемлекеттердің бұл жағынан өсу-өркендеу деңгейі қалай?
– Мысалы, ақпарат құралдары Жапонияның Нара медициналық университетінің қызметкері Сигэёси Осаки өрмекші жібінің механикалық қасиеттерін көптен бері зерттеп жүргенін жазды. Ол өрмек талшықтарының табиғатына үңіліп, оның басқа материалдарға қарағанда өте берік әрі сапалы болып келетінін анықтапты. Қолда өсірілген өрмекшілерден алынған талшықтарды жетілдіру әдісін ойлап тапқан өнертапқыштың еңбегіне сенсек, келешекте бұл салада ғажайып өзгеріс болатын сияқты. Осаки Nephila maculate өрмекшісі өрмегінен талшықтар алған. Одан жасалған өрмек талшықтары нейлоннан да мықты материал екені белгілі болған. Скрипкаға тағылғанда әлгі шекпен осыған дейінгілердің ешқайсысы теңесе алмаған. Кәсіби музыканттар бұл шектердің дыбысталуы да ғажап екенін бірауыздан қолдаған. Әзірге бұлар тек ғылыми жаңалық ретінде ғана көпшілік қызығушылығын туғызғаны болмаса, жаппай қолданысқа еніп кете алған жоқ.
– Репертуарыңдағы шоқтығы биік туынды деп қай шығарманы атаған болар едің?
– «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрі құрамында әрі жеке солист ретінде Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, танымал дирижер Александр Титовтың (Санкт-Петербург) жетекшілігімен өнер көрсеткен болатынмын.
Концерттік бағдарлама Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы» сюитасынан «Қыз қуу» симфониялық скерцосымен ашылды. Бояуы ғаламат пьеса түрлі ел тыңдармандарының жүрегін заманауи стилімен, ұлттық нақышқа толы үнімен сүйсінтті. Айта кететін тағы бір жайт, 2016 жылдың ақпан айында «Астана Опера» симфониялық оркестрі атақты «Дала аңызы» туындысын Мария театрының Концерт залында жоғары деңгейде ұсынған болатын.
«Астана Опера» симфониялық оркестрінің солисі ретінде әлемнің ең танымал скрипкашыларының репертуарынан лайықты орын алған шығармалар – М.Брухтың оркестр мен скрипкаға арналған №1 концертін орындадым. Романтикалық жауһар туынды ең танымал скрипкалық концерттердің қатарына енеді.
– Жақында халықаралық фестивальға қатысып, өнер көрсетіп қайтқаныңды естідік. Бұл жолғы сапардың ерекшелігі неде?
– «Астана Опера» симфониялық оркестрінің бірінші скрипкашысы ретінде аса көрнекті виолончелист әрі Бородин атындағы әлемге әйгілі квартеттің негізін қалаушы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Валентин Берлинскийге арналған «Валентин Берлинский FOREVER!» ІІ халықаралық музыкалық фестиваліне қатыстым.
Танымал талай музыканттарды тәрбиелеген Валентин Александрович Берлинскийді ұстаз тұтамын. Ол – Ресей ішекті аспаптар квартеті, «Каприс-квартет», «Доминант-квартет», «Вероника-квартет» (АҚШ) сынды белгілі квартеттердің негізін қалаушылардың бірі. Оның шығармашылығы көптеген марапатпен аталып өткен. Осынау әйгілі музыкантқа арналған фестивальға екінші мәрте қатысу – мен үшін зор мәртебе.
– Фестивальда кімдер өнер көрсетті?
– Жобаның бағдарламасы Дмитрий Шостаковичтің квартеттерінен тұрады. Бородин атындағы квартет ұлы композитор шығармаларын дәл әрі үздік орындауымен ерекшеленеді. Бұдан бөлек концерттерде квартет ісімен жиырма жылдан бері айналысып жүрген әртістер өнер көрсетті. Олардың қатарында Валентин Александровичтің өзі қызмет еткен ұжымдар «Романтик-квартет», «Моцарт-квартет» және т.б. бар. Сонымен бірге фестивальға маэстро Владимир Спиваковтың жетекшілігіндегі «Виртуозы Москвы» камералық оркестрі, пианист Шио Окуи (Жапония) және т.б. қатысты. Фестивальдың көркемдік жетекшісі – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, «Виртуозы Москвы» камералық оркестрінің бірінші скрипкашысы әрі солисі Алексей Лундин. Өнер кеші Мәскеудің «Зарядье» залында өтті.
– Мұндай жобалар несімен құнды?
– Эстрада болсын, концерттік алаң немесе опера театры болсын, кез келген өнер кеші – музыкант үшін даму сатысы болып саналады, себебі біз аспапта ойнауда әлемдегі барлық әріптестерімізбен ынтымақтастықта әрекет етуге тиіспіз, бұл біздің шығармашылық көкжиегімізді кеңейтеді, тұлғалық дамуымызға мүмкіндік береді, жеке жобаларымызды жүзеге асыруға шабыттандырады.
Меніңше, музыканттың басты мақсаты – орындайтын шығармаларының репертуарын кеңейтіп, көбірек әрі сапалы ойнау. Өмірлік тәжірибемнен көп нәрсені түсіндім, бірақ бәрін орындауға мүмкіндік бола қоймады. Сондай-ақ маған XX ғасырдың ұлы скрипкашысы Яша Хейфецтің: «Егер мен бүгін дайындалмасам, оны өзім ғана білемін, егер мен екі күн дайындалмасам, ол жайлы көршілерім біледі, ал егер үш күн дайындалмасам, ол жайлы бүкіл әлем біледі» деген сөздері ойыма оралады. Сондықтан өз кәсібіңнің қыр-сырын терең меңгеру жолында тоқтап қалмау өте маңызды. Кімде-кім күн сайын оқып-үйренсе, онысы кейінгілер үшін таусылмас азыққа айналады, себебі өмірдегі мақсатыңа тек солай ғана қол жеткізуге болады.
– Алға қойған жоспарларың бар ма?
– Мақсатым – Людвиг ван Бетховеннің барлық сонаталарын орындау, сондай-ақ биыл 265 жылдығы аталып өтетін Вольфганг Амадей Моцарттың шығармашылығына терең бойлай түсу. Моцарттың шығармаларын зерттеп жүрген мамандар оны сынақ тапсырар алдында, шығармашылық шабыт талап еткен кезде, жауабы жоқ шешімдерді ойлаған кезде тыңдау керек деп кеңес береді. Моцарттың классикалық ноталары мидың жұмысын жақсартады дейді. Тіпті До-мажор сонатасы миды тыныштандырып қана қоймай, тың серпін берсе, Ре-мажор сонатасы қазіргі емі жоқ кей ауруды емдеуге көмектеседі дейді. Қалай десек те музыканың адам өміріне жақсы жағынан әсер ететіні сөзсіз. Өнер сонысымен ғажап!
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Еgemen Qazaqstan»