Қаржы • 26 Қаңтар, 2021

Мемлекеттік қызметпен қоштасқандар декларация тапсыра ма?

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамдар кірістер мен мүлік туралы декларацияны мемлекеттік кірістер органдарына тапсыра ма?

Мемлекеттік қызметпен қоштасқандар декларация тапсыра ма?

Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Айнұр Сартаеваның айтуынша, бұрын, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңына сәйкес (11-баптың 3-тармағы) мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамдар жұмыс­тан шығарылғаннан кейін үш жыл ішінде тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыруға міндетті болатын (есеп нысаны 230.00).

Енді жалпыға бірдей деклара­ция­ның енгізілуіне байланысты 2021 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамдар үшін 230.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру тоқтатылады.

2020 жылы мүліктік табысты, Қазақ­стан Республикасынан тыс жер­лер­дегі көздерден табысты және Салық кодексінің 363-бабында көздел­ген өзге де кірістерді алған жағдай­да аталған тұлғалар орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органына жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысан) табыс ететінін ескеру қажет. Бұл декларацияны тапсыру мерзімі – 2021 жылғы 31 наурыз.

Егер жеке тұлға қателесіп, 2020 жылға арналған 230.00-нысандағы декларацияны тапсырса, онда мұндай декларация кері қайтарылып алуы тиіс.

Еске сала кетейік, ағымдағы жыл елі­мізде жалпыға бірдей декларация­лауды енгізудің бірінші кезеңінің басы болады.

Салық кодексінде жалпыға бірдей декларациялауды төрт кезеңмен жүзе­ге асыру қарастырылған. Бірінші кезең­­де (2021 жылғы 1 қаңтардан бас­тап): жауапты мемлекеттік лауазым­ды атқаратын адамдар мен олардың жұ­бай­­лары (зайыптары); мемлекеттік функ­цияларды орындауға уәкілеттік беріл­ген және оларға теңестірілген адам­­­дар, сондай-ақ олардың жұбай­лары (зайыптары); «Қазақстан Респуб­лика­­сындағы сайлау туралы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциялық заңы­на және «Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы банктер және банк қыз­меті туралы», «Сақтандыру қызметі тура­лы», «Бағалы қағаздар рыногы тура­лы» Қазақстан Республикасының заңы­на сәйкес табыс ету міндеті жүк­тел­ген адам­дар декларация тапсыруға міндетті.