Таным • 29 Қаңтар, 2021

Өшпес ерлік

1628 рет
көрсетілді
48 мин
оқу үшін

Қазақ халқының қаһарман перзенттері Ұлы Отан соғысының қан майдандарында ерліктің ғажайып үлгісін көрсетті. Сол үшін 104 қазақ Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Салыстырар болсақ: саны қазақтардан екі есе көп өзбек халқынан бұл атаққа 67 адам, ал бауырлас түрікмен, тәжік және қырғыз халқынан шыққан барлық батырлар санын қосып есептегенде Ұлы дала ерлеріне жете алған жоқ. Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ ол түрлі себептермен берілмей қалған қаһармандарымыз да болды. Ұлы Отан соғысының даңқты сұрмергені – Ыбырайым Сүлейменов осындай ерлердің бірі еді. Батырдың биік тұлғасы да, ғажайып ерлігі де туған халқымен мәңгі жасайтын болады.


Редакциядан

Өшпес ерлік

«Ежелден ер деген даңқымыз шықты ғой». Қазақ елінің ең ұлық рәмізі – Ән­ұранымызда дәл осылай жазылған. Жаз­дырған көк түрік заманында «күндіз отыр­маған, түнде ұйықтамаған, қара те­рін төк­кен, қызыл қанын жүгірткен» Күлтегіндей құдіретті қолбасшылардан бастап, Ұлы Отан соғысында халқымыздың даңқын ас­қақтатқан Бауыржандай баһадүрлер.

Қазақ тарихы – ұлт ретінде сақталып қалу жолында жан алысып, жан беріскен арасат соғыстар мен алапат майдандардан тұратын қаһармандық тарих. Ұлы Отан соғысында қашан да ар-намысты бәрінен биік ұстап, ұрпақ үшін, ел үшін қан майданға түскен қаһармандар қазақтың даңқын жер жаһанға жайды.

Орыстың әйгілі жазушысы Илья Эрен­бург 1942 жылы Кеңес Одағының бас газеті – «Правдада»: «Бір фриц маған былай деді: «Бізге қарай от-жалын да тоқтата алмайтын, қайтпас-қайсар солдаттар қарсы шапты. Кейін мен олардың қазақтар екендігін білдім. Даланың аптап ыстығы мен қақаған суығына шыныққан бұл ержүрек халық Шығыста тұрады. Олар үшін ар-намыс бәрінен жоғары», деп жазды.

Бүгінде Екінші дүниежүзілік соғысқа деген көзқарастың өзі қым-қиғаш. Бірақ бір нәрсенің басы ашық: ата-бабамыздың асыл қаны төгілген бұл соғыс біз үшін қашан да қастерлі болып қала бермек. Қанды қырғынға уыздай жас болып ат­танған Төлеген мен Нұркендей, Әлия мен Мәншүктей қазақтың көкөрім ұл-қыз­дары сұрапыл соғыстың кескілескен шайқастарында ерлік пен қаһармандықтың ғажайып үлгісін көрсетті. Дәл осы қатарда орыс ормандарында «қабағына қар қатып, кірпігіне мұз тоңып» жүріп, жалғыз өзі 289 немісті жер жастандырған, көзі тірісінде-ақ даңқы бүкіл майдан даласын шарлаған сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов те бар. Ақиқаттың қауызын аршуға арналған бүгінгі әңгіме дәл осы батырға арналады.

 

Батырлық бастауы

Қазақты қазақ мақтаса өзге жұрт «ата­ла­сының атын оздырып отыр-ау» деп кү­мән­мен қарауы мүмкін. Ал Ыбырайым мергеннің ерлігін Ұлы Отан соғысының даңқты қолбасшылары – Кеңес Одағының Батыры, армия генералы К.Галицкий, генерал-лейтенант Ф.Лисицын, генерал-майор Ф.Зуев, генерал-майор А.Литвинов т.б. мо­йындады. Мойындап қана қойған жоқ, мер­генді қатарынан бірнеше рет мәртебелі ма­рапаттарға ұсынып, соғыс аяқталғаннан кейін жариялаған әскери мемуарларында оның ерлігін зор ризашылықпен тамсана жазды.

Ыбырайым Қазақ хандығы ту тіккен киелі Отанымыздың кіндік жұрты – ежелгі Тараз топырағында, бүгінгі бөлініспен айтар болсақ – Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келді.

Батырдың өзі, отбасы жайлы аз жазыл­ған жоқ. Сүлейменовтер әулеті туралы ең толымды, егжей-тегжейлі деректерді бар ғұмырын мерген есімін ардақтауға жұм­саған жамбылдық ардагер ағамыз Жатай Жұмаділұлы қалдырды.

Ата дәстүрімен әуелі бабалар шежіресін тарқатар болсақ, Ыбырайым – Әз Тәуке ханның бас батырларының бірі – атақты Наймантай батырдың және Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай батырлармен қатар жауға найза сілтеген ер Байғозының тікелей ұрпағы.

Әкесі Сүлеймен ақсақал жас күнінде жаздың ми қайнатар аптабы мен қыстың қарлы боранында Сарысу бойында жылқы бағып, ел отырықшы тірлікке көшкенде қара жұмысқа ауысқан екен. Қосағы Тынышбала екеуі 7 ұл, 1 қыз тәрбиелепті. Нақтылап айтар болсақ, отбасының үлкені Сүйіндік ертерек еңбекке араласып, алғашқылардың бірі болып, ол кезде қазақ үшін таңсық кәсіп – тракторшылықты меңгеріпті. Бұдан кейінгі үш ұл: Смайыл, Мәдібай және Ыбырайым Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен қаза табады. Сүйіндік елдегі қол­қанат болуға жарайтын жеткіншектер мен қыз-келіншектерді тракторшылыққа баулитын тәлімгер әрі МТС бригадирі ретінде броньмен армиядан босатылған екен. Ол екі ұл, бес қыз өсіріп, 1986 жылы дүние салыпты. Ыбырайымның екі інісі – Қуандық пен Қаспақ жайлы деректер болғанымен, олардың толық ғұмырбаяны бізге беймәлім.

Ыбырайым туралы жазбаларда оның жалғыз қарындасы Аманкүл апамыздың есімі жиі аталады. Ол соғыстан кейін Баян Көшенов деген азаматқа тұрмысқа шығып, одан 9 бала сүйіпті. Бар ғұмырын батыр ағасының жоғын іздеуге арнаған апамыз бақуатты өмір сүріп, бертінде бақилық болыпты.

Батырдың өз отбасына келер болсақ, Ыбырайым жас күнінен «әкеге тартып, оқ жонып», Арқаның бөрі көзінде жылқы бағыпты. Сонда жүріп Базарбике деген жас аруға үйленеді. Көп ұзамай, 1939 жылы Алмакүл есімді қызы дүниеге келеді. Ағасы Сүйіндіктің ықпалымен Жамбыл аудандық МТС-ына тракторшы болып орналасады. Дәл осы ұжымнан ол 1941 жылдың желтоқсанында Қызыл Армия қатарына шақырылады.

Батырдың отбасы жайлы әңгімені тү­йіндер болсақ, Сүлеймен ақсақал ел-жұрт, ағайын-туыстың құрметін молынан көріп, 1958 жылы дүние салыпты. Тыныш­бала апамыз 90-ның төріне шығып, өсіп-өн­ген ұрпағының алдында, 1963 жылы қай­тыс болған екен. Олардың Сүйіндік, Ысқақ, Ыбырайым, Аманкүл сияқты ұл-қыз­дарынан тараған жүзге жуық немере-шө­берелері бүгінде Жамбыл облысында ғұ­мыр кешуде.

Ыбырайым Сүлейменов тұп-тура орда бұзар отыз жасында майданға аттанған екен. Соған орай, «Википедияның» орыс және қазақ тіліндегі нұсқаларында және осы дереккөзге сүйеніп жазылған көптеген мақалаларда батырдың туған жылы 1908 жыл деп жаңсақ берілген. Ы.Сүлейменов­тің өз қолымен толтырған жазбалары мен біз қараған барлық әскери құжаттарда оның туған жылы 1911 жыл деп дәлме-дәл көр­сетілген. Алдағы уақытта осы мағлұматты ғана басшылыққа алған жөн деп санаймыз.

Ы.Сүлейменов әскер қатарына шақы­рылған 1941 жылдың соңында Алматыда 100-атқыштар бригадасы жасақталып жат­қан. Бұл бригада Орта Азия әскери ок­ругы қолбасшысының 1941 жылғы 26 қазандағы бұйрығы бойынша құрылды. Желтоқсанның басында Ыбырайым дәл осы бригада сапына келіп қосылғаннан кейін, дәлірек айтсақ, 20 желтоқсан күні оны жарақтау толығымен аяқталды. Әскерилер бригаданы бейресми түрде «Қазақтың жүзіншісі» («Сотая Казахская») деп атаған екен. Себебі, ұлттық құрамы бойынша бригада жауынгерлерінің 86 пайызы қазақтар, 11 пайызы орыстар, тек үш пайызға жетер-жетпесі ғана өзге ұлт өкілдері болды.

Ыбырайым осы бригада құрамында 1942 жылдың тамыз айына дейін әс­кери дайындықтан өтеді. Алғашқы жат­ты­ғуларда-ақ құралайды көзге атқан мер­ген­дігімен ерекшеленген жас батырды тәлім­герлер айрықша қамқорлыққа алып, оны «бақылаушы мергендікке» (снайпер наблюдатель) даярлай бастайды.

Бригада 1942 жылдың 9 тамызында Мәскеу әскери округы қарамағына келіп, 19 қазанда Калинин майданының құрамында соғысқа араласады. Алғашында подполковник Е.В.Воронков комбриг болса, кейін оны полковник А.А.Морецкий алмастырады. Ыбырайым дәл осы әскери құрамдағы екінші атқыштар батальоны сапында кескі­лескен шайқастарға кіреді.

1

 

Калинин майданында

Жүзінші бригада 1942 жылдың қазан айының соңында Калинин майданына қа­расты Үшінші екпінді армия құрамында қиян-кескі ұрыстарға қатысады. Бұл кезде екпінді армия тізгіні Азамат соғысына басынан аяғына дейін қатысқан тәжірибелі қолбасшы, тіпті 37-жылдың репрессиясына түсіп, тағдырдың талай өткелектерінен өткен, сол тұстағы генерал-лейтенант (ке­йін армия генералы) Кузьма Никитович Га­лицкийдің қолында тұрды. Ыбырайым батыр өзінің соғыстағы бір жылға жетер-жетпес қысқа ғұмырында осы бір тамаша қолбасшымен бірнеше мәрте жүздесіп, сұхбаттасу құрметіне ие болады.

Жүзінші бригада құрамында қазақ офи­церлері мол еді. Ыбырайымның бақы­тына қарай, батальонның әскери комиссары қыз­метін сабырлы, салмақты, жас та болса тәжірибелі капитан Райымжан Әшкеев деген азамат атқарды. Ол Ыбырайымға командир ғана емес, әскери ұстаз да болды. Мергеннің қолына 470000 номерлі снайперлік винтовка табыстаған дәл осы Р.Әшкеев еді. Салтанатты жағдай үстінде капитан: «Винтовкаңның номері 47 және төрт нөл екен. Осының алғашқы екеуінде көрсетілген немістің көзін жоюыңды ті­леймін», депті. Сонда Ыбырайым: «Ол аз, алғашқы үшеуіндей немісті жер жас­тан­дырамын», деп жігерлене жауап қай­тарыпты. Берген сертке берік азамат сөзінде тұрып, көп ұзамай сол қандыауыз винтовкасымен қаптаған қалың жауды баудай тү­сіре бастайды.

Ы.Сүлейменов өзінің қаруластарымен бірге Ұлы Отан соғысы тарихындағы үш үлкен әскери операцияға – «Марс» деп аталатын Ржев, Сычевка бағытындағы ша­буылға, Великие Луки қаласын азат ету жорығына және Невель қаласын жаудан босатуға арналған шайқастарға қатысыпты. Осының бәрінде де ғажайып мергендігімен көзге түсіп, үш рет қатарынан әскери марапатқа ұсынылады.

Кеңес Одағы құлағанға дейін Ұлы Отан соғысына қатысты барлық құжаттарға (оның ішінде марапат деректеріне де) «құ­пия» белгісі соғылып, көпшілік қолына бе­рілмеді. Бұл шектеу тек кейінгі жылдары ғана жойылды. Мерген туралы деректер нақ­ты болуы үшін біз 2019 жылдың 14 қазанында Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағатына сұрау салып, Ы.Сүлейменовке қатысты барлық кұжаттарды алдырған едік. Енді соларды сөйлетейік.

Ыбырайым Сүлейменов алғашқы ер­лігін «Марс» операциясын жүзеге асы­ру барысында – Калинин облысы Бе­рез­ки деревнясын азат ету кезінде жасай­ды. Жүзінші атқыштар бригадасының командирі А.А.Морецкий 1943 жылдың 27 қаңтарында қол қойған марапат қағазында: «В боях с немецкими захватчиками с 25 ноября по 6 декабря 42 г. при наступлении на деревню Березки Калининской области уничтожил 15 кукушек и снайперов противника, заменил выбывшего связного командира роты, восстановил связь со взводами, оказал помощь 30 раненым бойцам, командирам и вывел их в безопасное мес­то», – деп жазылған (Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери мұрағаты – РФҚМОӘ, 33-қор, 682526-ті­зім, 162-бет. Мұрағаттық дәлдікті сақ­тау үшін бұдан кейін де дәйексөздер түпнұс­қа тілінде беріледі).

Комбриг атап көрсеткендей, алғашқы айқасында-ақ қазақтың батыр ұлы жауға қарсы жалғыз өзі майдан ашып, ерліктің ерен үлгісін танытқаны үшін осы жолы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

Ұлы Отан соғысы тарихына «Кіші Ста­линград» деген атпен енген Великие Луки (қала атауы кейбір авторлар жазған­дай, «Үлкен садақ» атауынан емес, «үлкен шалғын», яғни «жазиралы алқап» деген мағынадан шыққан) қаласын азат етуге арналған айтулы операция 1942 жылдың желтоқсаны мен 1943 жылдың қаңтары аралығында қанды шайқаспен жүргізілді.

Великие Луки ол кезде де, қазір де хал­қының саны 100 мыңнан аспайтын шағын қала болғанымен, стратегиялық маңызы өте зор еді. Оның үстіне тарихын сонау ежелгі Русь заманы – ІХ ғасырдан бастау алатын бұл қала – әрбір орыс азаматының жүрек төріндегі қастерлі мекен. Операцияны негізінен генерал-лейтенант Н.К.Галицкий басқаратын Үшінші екпінді армия жүзеге асырғанымен, оны Ставкадан маршал Жуковтың өзі қадағалап отырды. 13 дивизия, 2 атқыштар бригадасы, сондай-ақ 3 механикаландырылған бригада, 3 танк бригадасы және аса қуатты авиация бөлім­дерінің қолдауымен жүргізілген тегеу­рінді операция барысында Великие Луки қаңтардың соңына қарай неміс басқын­шыларынан біржолата азат етіледі. Осы қала үшін болған шайқаста полковник А.А.Морецкий Ыбырайымды «Қызыл Жұл­дыз» орденіне ұсынады. Комбриг қол қойған қысқа да нұсқа марапаттау қаға­зында: «Кр-ц снайпер Сулейменов в районе боев Молодой Туд Калининской области действовал отлично, за период с 25.11.1942 года по 5.12.1942 года уничтожил 42 гитлеровца. В районе города Великие Луки с 4.01.1943 года по 12.01.1943 год уничтожил своим метким огнем 160 солдат и офицеров противника», – деп жазады (РФҚМОӘ, 33-қор, 686044-тізім, 1500-бет). Осы ерлігі үшін Ы.Сүлейменов 1943 жылдың 27 ақпа­нында «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

Орыстың тамыры да, тарихы да тереңге кететін ежелгі қаласы үшін болған ұлы шайқастағы ғаламат ерлік Ыбырайымның есімін бүкіл Калинин майданына жайды. Соғысқа кіргеніне екі жарым ай ғана өткен сұрмерген бұл кезде жеке-дара өзі жайпаған дұшпандардың санын 217-ге жеткізіп үл­герген еді. Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында бірде бір снайпер мұндай қысқа мерзімде – небәрі екі жарым айда дәл осындай таңғаларлық нәтижеге қол жеткізе алған емес. Оның атақ-даңқы біртіндеп майдан даласынан асып, туған Отаны – Қазақстанға да жете бастайды. Ыбырайым ұрыс сайын шынығып, ширыға түсті.

Қырық үшінші жылдың жазында – кеңес әскерлері Великие Луки қаласы­ның түбінде тұрғанда ол алғаш рет командарм Галицкиймен жүздеседі. Даңқты қолбасшы өзінің соғыстан кейін жарық көрген «Годы суровых испытаний» атты «командарм жазбаларында» майдан дала­сындағы әскери бөлімдерді аралай жү­ріп, кезінде И.В.Панфилов басқарған 8-гвар­диялық атқыштар дивизиясы­ның пози­циясына келгенін жазады: «Бізді 19-гвар­­диялық атқыштар полкында оның командирі, Отанымыздың астанасын қор­ғау­шы қаһармандардың бірі – майор Бауыр­жан Момышұлы қарсы алды. Полктың жеке құрамымен таныстыра келіп, майор Б.Момышұлы бізге екі мергенді: «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған аға сержант Ыбырайым Сүлейменов пен Ах­мет Жұмағұловты ерекше атап өтті. Оның алғашқысы 239 фашисті, ал екіншісі 101 жау­ды жер жастандырыпты. Мен ер­жү­рек гвардияшылдарды құттықтап, олар­ға жауынгерлік табыс тіледім. Олар ма­ған да өз жауабында әскерде мергендік қозға­лыстың кеңінен өрістегенін жеткізді. «Біз сияқтылар өте көп, деді аға сержант Ы.Сү­лейменов. – Жерімізге баса көктеп кел­ген немістер енді бізден еш аяушылық күт­песін» (Галицкий К.Н., Годы суровых испы­таний. М., 1973, 150, 152-беттер, түп­нұсқадағы кісі аттарының жазылуы сақталды).

Қолбасшы мемуарынан алынған бұл қысқа үзіндіден бірнеше жайды аңғаруға болады. Біріншіден, командарм ол кезде полк басқаратын, әр қазақтың жүрегіне жақын қаһарман Бауыржан Момышұлының есімін ауызға алып, оған «Біздің Отанымыздың астанасын қорғаған батырлардың бірі», – деп әділ баға береді. Шындығында, 1943 жылдың басында әуелі «Знамя» жур­налында, ал жыл ортасында жеке кітап ретінде А.Бектің «Волоколам тас жолы» повесі жарық көріп, Бауыржанның даң­қы бүкіл Кеңес Одағын шарлап кеткен еді. Екіншіден, Галицкийдей үлкен қол­басшы арада қаншама жылдар өткенде көр­генін ұмытпай, Бауыржанмен қатар Ыбы­райымның да есімін, тіпті ол өлтірген жау­дың санын нақпа-нақ келтіріп, оны «ержү­рек гвардияшы», деп қошеметтеп отыр.

Осы тұста тағы бір ерекше назар аударатын жайт – Галицкий сияқты әйгілі әскербасы жазған кітаптың әрбір фактісі әскери мұрағаттар арқылы тексеріліп, әбден дәлелденгеннен кейін ғана баспа бетін көрді. Сондықтан жеті құлыптың ар жағындағы мұрағатқа қол жетпейтін заманда басылған генерал мемуарында мұндай мағлұматтардың жариялануының деректік әрі дәйектік мәні өте зор болды.

Командармның жауынгер есімін еске сақтап, оған айрықша тоқталуының тағы бір сыры бар еді. Өйткені дәл осы оқиға­дан кейін генерал Галицкий өзін сұрмер­гендігімен таңғалдырған қазақ жауынгерін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынады. Бұған сәл кейінірек кеңінен тоқталамыз.

Ыбырайымның алғашқы әскери ұста­зы, комиссар Райымжан Әшкеев қаза тап­қаннан кейін 2-дербес атқыштар батальо­нының командирі, капитан Филипп Илла­рионович Ушаков құралайды көзге атқан мергенді қанатының астына алып, ең ма­ңызды тапсырмаларды ғана беріп отырды. Ол батальонның әскери позициясын аралағанда қашанда қырағы көз, алғыр ойымен ерекшеленетін Ыбырайымды үнемі кеңесші ретінде ертіп жүрді.

Генерал Галицкийдің өзінен мақтау алған Ы.Сүлейменовтің мергендік тәжіри­бесіне арналған арнайы жауынгерлік па­рақшалар да шығарылды. Солардың бірінде ол комбат Ушаковтың көз алдында өзі­нің нысанаға алғанды мүлт жібермес мер­гендігімен қоса амал-айласы да мол сайыпқыран сарбаз ретінде суреттеледі.

Әскери бөлімді аралау кезінде Уша­ковты жау снайпері атып түсіре жаздайды. Оқ­тың да, оны атқан адамның да тегін емес екенін бірден аңдаған ысқаяқ Ыбырайым комбатты тасаға жатқызып қойып, жау позициясын аңдуға көшеді. Қыбыр еткен қимыл мен қылт еткен адамды қиыс жібер­мейтін мерген ақыры аңдысқан дұшпанын жайратып, комбат алдында мерейі үстем болады.

«Айла» дегеннен шығады. Ыбырайым бала күнінен ат құлағында ойнап, жылқы бағып өскендігінің пайдасын соғыста да көреді. Шабуыл алдында ұрыс даласын мұқият бақылау кезінде оның көзіне өз алдына бөлек, оқшау жайылған торы ат түседі. Әдетте жылқы жануары өте сақ болушы еді, мынау ызыңдаған оқты елең қылмайды. Оның үстіне қылқұйрық атау­лы басын оңды-солды тастап, шөптің шүйгінін таңдай, жүре жайылушы еді, бұл тек текіректеп қорғанады екен. Мүл­де қыбырламайтын селдір жал мен сымпыс құйрығы да күдіктілеу көрінді. Жайы­лымдағы жылқыны былай қойып, буаз биенің сырт бейнесіне қарап-ақ ішін­дегі құлынын жазбай танитын кәнігі жыл­қышы «торы аттың» бір қитұрқысы бар екенін бірден сезді. Әйтсе де, жылқы баласын бірден оққа байлауға қолы бармай, құлақтың түбін нысанаға алып, шүріп­пені басып қалады. Күзгі жапырақтай ұшып түскен құлаққа мүлде елең етпеген торының жау жасырынған қу тұлып еке­ніне көзі әбден жеткен соң «дәл кеуденің тұсы деп, өлер жерің осы деп», қатарынан екі оқты жасырынған жауға дөп тигізеді. «Торы ат» теңселе қозғалып, төңкеріле құлайды. Қулығына құрық бойламайтын немістің өзінен амалын асырған қазақтың бұл айлакерлігін ұрыс алаңын дүрбімен бақылап тұрған командирлер түгел көреді. Ыбырайымның тәжірибесі өзге мергендерге үлгі-өнеге ретінде ұсынылады. «Бақсақ бақа екен» дегендей, дәл осындай «торы аттан» жасалған сұрқия жаудың алдамшы позициялары басқа майдан далаларында да кеңінен пайдаланылған екен.

Қырық үшінші жылдың жазында Ве­ликие Луки қаласының маңында жалпы­армиялық слет шақырылып, оның аясында мергендер жарысы өткізіледі. Бұл слетке Үшінші екпінді армия Саяси бөлі­мі­нің бастығы генерал-лейтенант Ф.Лиси­цын да қатысады. Жеңісті Берлинде аяқтаған бұл қолбасшы «В те грозные годы» деген әскери мемуар жазған. Ол да өз кітабында қазақтың қос батыры Ыбы­райым мен Мәншүкті айрықша атап: «Ар­мияда қазақ халқының даңқты өкілдері Ыбы­райым Сүлейменов пен Мәншүк Мәме­тованың есімдері жиі аталатын. Ерліктері аңызға айналған бұл батырлар кім еді? Сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовпен мен Невель шабуылдаушы операциясы басталуынан көп бұрын танысқан едім. Жайдары, жасөспірімдерге тән өмірге деген құштарлығымен ерекшеленетін ол әскери табыстарының бәрі өзіне оп-оңай келгендей, тіпті әр қадам басқан с­айын оны ешқандай қауіп-қатердің күтіп тұр­ма­ғ­анындай жайбарақат әңгімелеген болатын. Ол гитлершілдерді аяусыз қырды. Невель операциясында оның есебіне екі жүзден астам фашист басқыншыларының көзі жойылғаны жазылған болатын. Отан үшін болған шайқастарда атақты мерген үш рет жараланды. Жарақаты жазыла сала ол үнемі майдан шебіне ұмтылатын. Невель үшін болған айқастарда оның өлтірген жауының саны көбейе түсті. Қарулас достарымен мергендік тәжірибесімен бөлісіп, көптеген жас сарбаздарды дәл көздеп ату өнеріне баулыды», – деп жазады (Лисицын Ф.Я., В те грозные годы. М., 1978, 136-137 беттер).

Армия Саяси бөлімінің бастығы ерекше аңғарымпаз жан екен. Біріншіден, Ыбырайыммен қатар қазақтың аяулы қызы Мәншүк Мәметованың есімін ілтипатпен еске алып, оның ерлігіне де арнайы тоқ­талып өтеді. Екіншіден, Ыбырайымға ке­лісті мінездеме береді. Үшіншіден, оның үш рет жараланса да қайтпас қайсарлықпен қан майданға оралғанын жазады. Бұл – батыр туралы естеліктерде кездеспейтін тың дерек. Әскербасы сұрмерген өлтірген немістер санының «екі жүзден астам» екенін және оны Невель үшін болған ұрыстарда одан да еселей түскені туралы құнды мағлұмат келтіреді.

Орайы келгенде айта кетейік, сұрапыл жылдардағы майдан газеттерінде мергеннің фотосуреттері де көп жарияланды. Соларға қарап-ақ біз Ыбырайымның атақты Қазтуған жырау айтқандай, «бұдырайған екі шекелі, мұздай үлкен көбелі, буыршынның бұта шайнар азуы» дейтін нағыз азамат ердің өзі болғанын аңғарамыз.

Жалпы, Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі үшін 12 777 адам Кеңес Одағы Батыры атағын алыпты. Алтын Жұлдызға жетпесе де жетеғабыл ерлік көрсетіп, омырауын орден, медальға толтырған ержүрек жауынгерлер, офицерлер мен генералдар қаншама?! Өздері де сол қан майданның өтінде болып, ер­ліктің ғаламат үлгілерін көрген, нәсілі бас­қа, ұлты бөлек екі бірдей қолбасшы Ыбы­райымның ерлігіне келгенде алалық жасамай, ақиқаттан аттамай, әділ баға береді. Әдетте, қысқа да нұсқа бұйрық беріп үйренген әскери адам, оның үстіне сұсы басым, сесі күшті генерал атаулы мақтауға сараңдау болады. Бірақ екеуі де Ыбырайымнан мадақты аямаған. Себебі, жасаған ерлігіне көздері жеткен, қаһар­мандығын қапысыз таныған.

1

 

Даңқты мерген

Қырық үшінші жылдың жазында Сү­лейменов жайратқан жауының са­нын 239-ға жеткізді. Бүгінгі заман оқыр­ман­дары ішінде: «Оны кім санап отыр екен? Мөлшермен жазылған шығар, – деп ойлайтындар да болуы мүмкін. Анықтама бере кетсек артық болмас. Соғыс кезінде әр снайпердің арнайы кітапшасы болды. Оны ұрыс аяқталған соң взвод, рота командирі тексеріп, тиісті мағлұматты түсіріп, қолын қойып, растап отырған. Әскери құжат болған соң бұған ерекше мән берілген. Оның үстіне Ыбырайым жай мерген емес, өз алдына бөлек, жеке-дара жоспармен әрекет жасайтын «бақылаушы мерген» болған. Немістер оны сыртынан «дала мергені», «жаналғыш азиат» деп атап, қатты сескенген. Тіпті Сүлейменовті атып түсірген неміс снайперіне мол сыйақы мен марапат та тағайындаған. Вермахтың ең үздік мергендерін шақырып, әлденеше рет қазақ батырына қарсы қойған. Сол жекпе-жектің бәрінде Ыбырайымның мерейі үстем болған.

Осылайша қазақ жауынгерінің даң­қы шарықтап, шырқау шыңға жеткенде – 1943 жылдың 9 шілдесінде Үшінші екпінді армияның қолбасшысы, генерал-лейтенант К.Н.Галицкий, армия Әскери кеңесінің мүшесі, генерал-майор А.И.Литвинов, армияның штаб бастығы, генерал-майор Ф.Я.Зуев қол қойып, армия кадр бөлімінің бастығы, полковник Касьянов мөрмен куәландырылған бақылаушы мерген, стар­шина Ыбырайым Сүлейменовті Кеңес Ода­­ғының Батыры атағына ұсыну тура­лы марапат құжаты белгіленген тәртіп бо­йын­ша Калинин майданының қолбасшысы генерал-полковник А.И.Еременкоға жолданады.

Ы.Сүлейменовтің талассыз марапа­ты­ның тағдырын кейін маршал, Кеңес Ода­ғының Батыры атанған, ал 1943 жыл­дың сәуірінен Калинин майданының қол­бас­шысы болған Андрей Иванович Ере­менко шешеді.

Менің соғыс тарихына қатысты көптеген әскери мұрағатты ақтара жүріп байқағаным, Кеңес Одағының Батыры сияқты мәртебелі атаққа ұсынылғанда үміткердің майданға кірген күнінен бастап, барлық ерліктері түгелдей тізбектеліп, егжей-тегжейлі баяндалады. Ал Ы.Сүлейменовтің екі беттен тұратын формулярдағы марапатының бар сипаттамасы бас-аяғы бір тұтам абзац және бір сөйлемнен ғана құралған. Аса маңызды құжат болған соң бір сөзін де қал­дырмай және орналасу ретін бұзбастан қаз-қалпында келтірейік:

«Снайпер 100 ОС Бр. – старшина Сулей­менов Ибраим рождения 1911 года, в Дей­ствующей армии с ноября 1942 года. Участник боев за Великие Луки. Унич­тожил 239 немцев. Подготовил большое число снайперов, популярен в войсках Армии. Награжден орденом «Красная Звез­да» и медалью «За боевые заслуги» (РФҚМОӘ, 33-қор, 686043-тізім, 49-бет).

Міне, бар болғаны осы. Өте асығыс әрі сауатсыздау толтырылған.

Өз басым болған оқиғаны былай шамалаймын. Командарм армияны аралап жүріп, Ы.Сүлейменовпен танысады. Қара­мағындағы жауынгерлер сапында осындай ғаламат ерлігімен даңқы шық­қан мергеннің әлі күнге дейін лайықты мара­патқа ұсынылмай жүргеніне таң-тама­ша қалған ол дереу оны Батыр атағына ұсы­нуға тапсырма береді. Командармның тап­сырмасын жылдам орындауға кіріскен әскерилер сол сәтте-ақ тиісті құжатты да­йындап, оны жедел телеграфпен майдан штабына жөнелтеді. Мұны Калинин майданы штабының қызметкері қара сиямен толтырып, марапат қағазының бірінші бетіне жазған «составлено по телеграфному представлению 3 уд. армии» деген сөйлем растайды.

Марапат құжатының екінші бетінде екі адамның қолы бар: біріншісі А.И.Еременко болса, екіншісі – әскери кеңес мүшесі, генерал-лейтенант Д.С.Леонов (1944 жылы Жоғарғы Бас қолбасшы Сталиннің Бас шта­бы бастығының орынбасары деңгейіне дейін жоғарылатылған). Екі генералдың шиыра қойған қолдарының үстінде: «Дос­тоин награждения орденом Ленина» деген жалқы сөйлемнен тұратын келте шешім жазылған. Командарм ұсынысы мен май­дан штабының қорытындылары бір күн­де, яғни 1943 жылдың 9 шілдесінде жа­салған. Бұл құжаттың тым шұғыл, асығыс толтырылғанын дәлелдей түседі.

Марапат тарихын толық қамтып, тәп­тіштеп келтіруіміздің себебі қатынас қағазы Үшінші екпінді армиядан майдан штабына жөнелтілісімен «сүйіншілеткен» қуанышты хабар Қазақстанға да жетеді. Аңқылдаған ағайын Ыбырайымды Батыр ретінде құр­меттеп, өлең-жырға қосады. Қазақтың ұлы ақы­ны Жамбыл атамыздың өзі батыр ұлына жыр арнайды. Тіпті майдан газеттері мен кейбір листовкаларда Ы.Сүлейменовті Кеңес Одағының Батыры деп көрсеткен.

Ы.Сүлейменовтің құжаты Батыр ата­ғына ұсынылған кезде жауынгерлер мұн­дай биік марапатты өте сирек иеле­не­тін. Өйткені соғыстың алғашқы ке­зін­де тұтқиылдан тиген жаудан ойсырай же­ңіліп, енді ғана есін жиып, қарымта ша­буылға көшкен кеңес әскерлерінің жаппай жеңіске жеткен операциялары сирек еді. Жаудың беті қайтқанмен, олардың қалың тобыры Мәскеудің іргесінде тұрды. Тіпті Ыбырайым азат етуге қатысқан Ве­ли­кие Луки қаласы Мәскеуден небәрі 470 шақырымда орналасқан. Сондықтан жауынгерлердің ерлік рухын көтеру үшін батырлығы даусыз, сайыпқыран сарбаздар ғана ең мәртебелі марапатқа ұсынылды. Оның үстіне Ыбырайымды атағы алысқа кеткен қолбасшы Галицкий бастаған үш бірдей генерал қолдады. Сондықтан әс­кер­дегі азаматтар да, тылдағы ағайын да мәселені «біржолата шешілдіге» санап, құрмет-қошеметті бастап кеткенде, Ы.Сүлейменовті Ленин орденімен наградтау туралы жарлықтың өзіне де әлі қол қо­йылған жоқ еді.

Командарм марапатқа ұсынған құжат майдан штабына кеткенде армияның Сая­си бөлімі Ыбырайымның жерлестеріне қуа­нышты жеделхат жолдайды. Облыс бас­шылары қазақи дәстүрмен батырдың ата-анасын құттықтап, көптеген елді мекендерде әскери-патриоттық сипаттағы түрлі митингілер өткізіліп, жерлестері батырға ризашылық пен мақтанышқа толы хаттар жібереді. Ол хаттардың бірсыпырасына Ыбырайым мен оның әскери бөліміндегілер жауап жібереді.

Реті келгенде айта кетуіміз керек, Ыбы­райым мектеп табалдырығын аттамаған жан, бірақ өз бетінше сауат ашып, сол кездегі қолданыстағы латын әліпбиімен хат-хабар жазатындай дәрежеге жеткен. Жамбыл облыстық мұрағатында оның ата-анасына жазған бірнеше хаттары сақталған.

1

 

Қос қаһарман

Қырық үшінші жылдың күзіне қарай Үшінші екпінді армия Невель бағытындағы шабуылды үдетті. Бұл кезде мерген нысанасына ілінген жаудың ұзын саны да арта түсті. Сол тұстағы майдан газеттерінде Сүлейменов жайлы көптеген мақалалар жарияланды. Барлық жауынгерлер мен мергендерді Ыбырайым Сүлейменовтен үлгі-өнеге алуға шақырған арнайы жауын­герлік парақшалар шығарылды.

Қырық үшінші жылдың қазан айында Үшінші және Төртінші екпінді армия әскери-әуе күштерінің қолдауымен Невельді біржолата жаудан азат ету опе­рациясына кіріседі. Тыңғылықты дайын­дық­пен, тұтқиылдан басталған қуатты соқ­қының нәтижесінде немістердің жанталаса қорғанғанына қарамастан кеңес әскерлері 6-7 қазанда қаланы жаудан босатады. Ыбы­райым Сүлейменов бұл шайқаста да алғы шептен табылды.

Немістер Невельді тастап шыққанмен ірі темір жол торабы орналасқан қаланың батыс жағындағы Изоча стансасының тү­біне топтасып, тас-түйін қорғанысқа кө­шеді. Дәл осы стансаны босатуға арналған кескілескен ұрыстар темір жол бойындағы Ступенчатая высота деп аталатын жотада 1943 жылдың 15 қазанында болады.

Жотаның сол қапталындағы окопқа «Мак­сим» пулеметімен қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметова, ал оң қанатындағы снай­перлік атуға лайықталып қазылған үш окопқа Ыбырайым Сүлейменов жайғасады. Көп ұза­май, «Сілкінтіп зең­біректер жердің жүзін, оқ борап, снарядтар қаққанда ызың», – деп ақын жырлағандай, алапат айқас басталады. Анталаған жауға кезектесе оқ жау­дырған қос қаһарман ақырғы демі біткенше ерліктің мәңгі өшпес үлгісін көрсетеді. Қаумалаған дұшпанға қырғын майдан ашып, қайта-қайта шабуылға шыққан неміс­терді баудай түсірген Мәншүк пулеметінің дауы­сы өшкенде, Ыбырайым бар ыза-кегін бо­йына жинап, соңғы патроны қалғанша ан­дыздаған жау­мен арыстанша арпалысады. Осы шайқаста ағалы-қарындасты батырлар ерлікпен қаза табады.

Қарулас достары қазақтың қос батырын Невельдің қақ ортасындағы паркке арулап қойып, қалалық атқару комитетінің 1943 жылғы 1 қарашадағы №1 шешімімен екі көшеге М.Мәметова мен Ы.Сүлейменовтің есімдерін береді және бұл көшелер күні бүгінге дейін осы батырлардың атында.

Ы.Сүлейменов ерлігіне қатысты мағ­лұ­мат толық болуы үшін айтар болсақ: Изоча стансасы үшін шайқаста мерген жай­­ратқан жауының санын 289-ға дейін жет­­кізсе де ешқандай марапатқа ұсы­нылмайды.

Осыған қарап, Үшінші екпінді армия басшылығы өз ұсыныстарының толық қол­­дау таппағаны, марапат деңгейі бір дә­­ре­жеге төмендетіліп, Ленин орденімен шек­­телгендігі жөнінде хабардар болмаған сияқты деген болжам жасауға болады. Олар өздері ұсынған жауынгердің ер­лігі тай­­ға таңба басқандай анық көрсетіл­ге­н­­­діктен, КСРО Жоғарғы Кеңесі бәрібір әуел­­­гі ұсынысты қуаттап, әділетті ше­шім қа­­былдайды деп сенген. Әйтеуір, Ыбы­ра­йым Изоча үшін шайқаста ерлікпен қаза тап­­­қан­да әскери командование мүлде үнсіз қалған.

Осы тұста бәріміз бала күннен есімін жырға қосқан аяулы Мәншүк апамыз туралы кейбір мұрағаттық деректер жөнінде ой бөлісе кеткенді жөн санадық.

Армия басшылығы қазақтың батыр қызын Невель түбіндегі ерлігі үшін әуелде 1-дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынумен шектелген. Бұл кезде оның даңқы өз елінің аспанында асқақтап тұрған болатын. Батыр қыздың ерлігін көпе-көрнеу төмендету рес­публика басшылығын алаңдатады. Оның үстіне халық Мәншүкті әлдеқашан батырлар қатарына қосып қойған. Сол кезде – 1944 жылдың 29 қаңтарында КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы М.И.Калининнің атына Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Н.Скворцов, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі президиумының төрағасы Ә.Қазақбаев, Қазақ ССР Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Н.Оңдасынов қол қойған Мәншүк Мәметованы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну жөнінде құжат жіберіледі. Құжатта батыр қыздың майдандағы барлық ерлігі егжей-тегжейлі баяндала келіп: «Өзі­нің жауынгерлік ерлігі үшін қаһарман пулеметші қайтыс болғаннан кейін командование тарапынан 1-дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылды», – деп жазылған (РФҚМ, 33-қор, 793756-тізім, 29-бет).

Қолында үлкен билігі бар Калинин ақсақалдың бұл ұсынысты соғыс жылдарында Қорғаныс халық комиссары қызметін атқарған Сталиннің орынбасарына немесе Бас штаб бастығына жолдауына әбден болатын еді. Бірақ соның өзіне жүрегі дауаламаған дәрменсіз төраға хатты 1944 жылы 7 ақпанда Қорғаныс халық комиссариатының Кадр басқармасының бастығы Ф.Н.Голиковке жолдайды. Арада бір күн өткенде Знаменский есімді подполковник қол қойған, М.Мәметованың ерлігін растайтын анықтама КСРО Жоғарғы Кеңесіне жөнелтіледі (мемлекеттегі екінші адамның беделінің сиқы осы анықтамаға қол қойған кісіден-ақ айқын көрініп тұр).

Халқымыздың тілегіне сай республика басшылығының барынша қозғау салуының арқасында қазақтың ержүрек қызына КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылдың 1 наурыздағы жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Бұл кезде Ыбырайымды Ленин орденіне ұсынған құжат Калинин ақсақал тарапынан әлі қарал­маған да еді.

Сұрмергенді дәріптеуді Мәскеу кеше­уілдеткенмен жерлестері ұмытқан жоқ. Жамбыл облыстық атқару комитетінің 1944 жылғы 21 қаңтардағы қаулысымен Жамбыл қаласындағы орталық көшелердің біріне, Жамбыл ауданындағы ұжымшар мен ауыл­дық кеңеске Ыбырайым Сүлейменов есімі беріліп, мергеннің ата-анасына арнап ұлының атындағы көшеден жаңа үй тұр­ғызылды. Бұл нағыз батырға лайық құрмет еді.

Мәншүк мәртебелі атаққа жеткен соң жерлестері «ендігі кезек Ыбырайымға да келді-ау» деп Мәскеудің шешімін тағат­сыздана күтті. Ақыр соңында оның ма­ра­патқа ұсынылғанына тура бір жылға жуық уақыт өткенде КСРО Жоғарғы Ке­ңесі Президиумының 1944 жылғы 4 мау­сым­да­ғы жарлығымен старшина Ыбы­ра­йым Сү­лей­меновке Ленин ордені берілді. Әри­не, бұл да үлкен награда, бірақ бүкіл ел күт­кен Алтын Жұлдыз емес еді.

 

Ел есіндегі ерлік

Жарлық жария етілгенде соғыс қимыл­дары КСРО шекарасынан асып, Еуропа төріне қарай ауысқан болатын. Жаңа жеңістермен жігерленген кеңес әскерлері қашқан жауды тықсыра қуып, ерліктің ерен үлгілерін көрсетеді. Жаңа батырлар, кеудесіне Алтын жұлдызды қос-қостап қадаған қаһарман ерлер шықты. Жеңіс күні жақындаған сайын Отан қорғаушылардың омыраулары орден, медальдарға толып, соғыстың алғашқы кезеңінде есімдері жар­қырап шыққандардың ерлігі көмескі тарта бастады. Бірақ небәрі бір жылға жетпейтін уақыт ішінде 289 жауды жалғыз өзі жер жастандырған Ыбырайымның таңғажайып ерлігін жерлестері де, қаруластары да, тіпті даңқты қолбасшылар да ұмытқан жоқ.

Соғыстан кейін атақ-даңқы күллі әлем­ге жайылған Жеңіс маршалдары – Г.Жу­ков, И.Конев, С.Тимошенко, К.Рокоссов­ский, В.Соколовскийлердің естеліктері­нен құралып, кейін жиырма шақты рет қайта басылған «Битва за Москву» атты беделі зор, берері мол, абыройлы жи­нақ жарыққа шықты. Даңқты қолбас­шы­лар жазған осы кітаптағы естелігінде генерал-лейтенант Ф.Лисицын: «Менің қойын дәптерімде мына бір оқиға туралы жазбалар сақталыпты. Великие Лукидің маңында жаз айында өткен мергендердің армиялық жиынында даңқты мерген Сүлейменов сөз сөйледі. Ол: «Мен неге Москваны қорғадым? Мен қазақпын, ме­нің Қазақстаным Москвадан алыста. Москва – барлық кеңес адамдарының астанасы. Ол менің де астанам. Міне, менің Москваны қорғауым осыдан шығады. Мен егер жауды тоқтатпаса, құртпаса, олар менің Қазақстаныма да жетуі мүмкін деп ойладым. Мен біздің топырағымызды тап­­таған соңғы гитлершілді жер жастан­дыр­майынша тыным таппайтын бола­мын. Қазір 239 фашистің көзін жойдым. Бар­шаларыңызды басқыншы жауды аяусыз қырып-жоюға шақырамын», – деді. Міне, жеңіс туын Москвадан Берлинге дейін жеткізген дәл осындай ерлер болатын», – деп жазды («Битва за Москву, М., 1958, с. 290-бет).

Қолбасшы естелігінен біз жүрегі «мен қазақпын», «менің Қазақстаным» деп соқ­қан аңқылдаған ақжүрек батырдың, жаумен қасық қаны қалғанша шайқасқан қаһар­манның бейнесін көреміз. Ол Берлинге жете алмады, бірақ өшпес ерлігімен Жеңіс туын желбіреткендерге жарқын жол ашты.

Кеңес Одағы сияқты ортақ Отан мен оның астанасы Мәскеуді орыстармен қатар, ерлік пен жанқиярлықтың ерен үлгісін көрсеткен Бауыржан Момышұлы, Ыбырайым Сүлейменовтей Ұлы дала ұландарының қорғағанын қазақ жеріне көз алартушылар ұмытпауы керек.

«Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» дейді халық даналығы. Ыбырайым елінің үмітін молынан ақтады. Туған халқы да оның ер атағын есінде сақтаумен келді. Оған ұлы жырау Жамбыл атамыз бастаған ақын­дар жыр арнап, Балтабай Адамбаев дас­тан жазды. Белгілі журналист, соғыс жыл­дарының өзінде Ыбырайым туралы май­дандық газетке алғаш мақала жазған Қасым Шәріпов ағамыз «Ыбырайым Сү­лейменов» атты кітапша шығарды. Мергенді талай көріп, сыз окопта сырласқан, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыз өзінің көптеген майдан жазбаларында Ыбырайым досының ерлігін тамылжыта тарқатты.

Қазақ – өткен тарихта есесі көп кеткен халық. Алтын Жұлдыз Ыбырайымға ғана емес, есімі аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлына, Рейхстагқа Жеңіс туын қадаған Рақымжан Қошқарбаевқа, даңқты партизан Қасым Қайсеновке де бұйырмады. Мұндай әділетсіздікке әр қазақтың іші қазандай қайнағанымен, ол заманда ақырып теңдік сұрайтын мүмкіндігі болмады.

Әділдік Қазақстан басшылығына Н.Ә.На­­зарбаевтай елін сүйген, елі сүйген қай­раткер келген соң ғана орныға бастады. Ол өзінің зор беделін сала жүріп, 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының Батыры атағын әперді.

Көп ұзамай қолымыз тәуелсіздікке жет­ті. Елінің екі тізгін, бір шылбырын еркін ұстаған Елбасы әуелі Рейхстагқа Жеңіс туын бірінші болып тіккен Рахымжан Қош­қарбаевқа «Халық қаһарманы» ата­­ғын беріп, кейін партизан жазушы Қасым Қайсеновтің кең кеудесіне Батыр Жұл­дызын өз қолымен тағып, бар қазақтың рухын асқақтатты.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Ұлым дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қай­дан ­туады», – деген екен. Ыбырайым Сүлей­менов соңғы демі біткенше «қазағым, елім» деп өтті. Енді сол жүрегі «елім» деп соққан есіл ердің жоғын іздеу дәстүрі біздің буынға да келіп жетті.

Екінші жаһан соғысында құралайды көзге атқан мергендер аз болмаған. Солар­дың қатарында Қиыр Шығыстың қарлы-боранды ну ормандарын мекендейтін, барлық саны қазақтың бір ауылынан аспай­тын нанай деген өжет халықтың Мак­сим Пассар деген мерген ұлы бар екен. Көз­дегенін мүлт жібермейтін атақты Дерсу Уза­ланың інісі бір өзі 237 немісті атып түсі­ріп, 1943 жылы Сталинград шайқасы кезінде ерлікпен қаза табады. Осы ерлігі үшін ол «Қызыл Ту» орденімен марапатталыпты.

Нанайлар намысқой халық болып шық­­ты. Ерлігімен өзгеден озып тұрған батыр ұлын ұмытпаған. Үздіксіз сұрау салған. Әділдік іздеп, КСРО-ның, Ресейдің кешегі-бүгінгі басшыларына бастырмалата, тоқтаусыз өтініш жолдаумен болған. Ақыр соңында, іздеген мұратына жетіп, Ресей Президенті В.Путиннің 2010 жылғы 16 ақпандағы Жарлығымен М.Пассарға «Ре­сей батыры» атағын әперген.

Осыдан екі жылдай уақыт бұрын елі­міздегі жоғарғы билік ауысты. Елба­сының сенімді серігі, әлем таныған қайраткер азамат Қ.К.Тоқаев бүкілхалықтық сайлауда ел Президенті болып сайланды. Қасым-Жомарт Кемелұлы «Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» деген әр қазақтың жүрегіне жақын ұрандармен Қазақ елін жаңа биіктерге бас­тады.

Өзі де жеңімпаз әке, майдангер жазу­шының ұлы қолындағы биліктің пәрмені­мен есімдері әрдайым ел жүрегінің төрінен орын алған жоғарыдағы қаһармандар қатарына өшпес ерлік жасап, өлмес даңққа бөленген Ыбырайым Сүлейменовті қосар болса, ата дәстүрінің тамаша Сабақтастығы жарасымды жалғасын тауып, ел аңсаған Әділдік салтанат құрар еді. Бұл тәуелсіздігімізді көзінің қарашығындай қорғауға ұмтылған жас ұрпақты жаңаша Өрлеуге бастар еді.

«Ежелден ер деген даңқы шыққан» еліміздің жасампаз рухы әрдайым биік болып, бабалар ерлігімен өрнектелген көк туымыз тек ашық аспан астында ғана жел­біресін, ағайын!

 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД

 

СУРЕТТЕРДЕ: «Бұдырайған екі шекелі, мұздай үлкен көбелі» мерген Ыбырайым Сүлейменов; Ы.Сүлейменовті «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынған марапат құжаты; Ыбырайым Сүлейменовтің майдан даласын шарлап кеткен фотосуреті; Ы.Сүлейменовті «Қызыл Жұлдыз» орденіне ұсынған марапат парақшасы.